Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
22:45, 21 августа 2017

Тегімізді қазақшалаудан қорықпайық

Кеңес  заманында Коммунистік партияның көсемдерінің бірі Анастас Микоян қазақ  халқының қаһарманы Бауыржан Момышұлын қабылдайды. Әңгіме барысында Микоян Бауыржанға сұрақ  қойыпты: «Осы сенің фамилияң неге «Момышев» емес? « Момышұлын» қайдан тапқансың?» Бауыржан атамыз тайсалмастан: «Сіздің фамилияңыз  неге «Микоев» емес? Сондықтан менің фамилиям « Момышұлы»,– деп жауап қайтарыпты. Мүмкін  бұл  аңыз шығар. Бірақ  әр  аңыздың  негізінде  ақиқат  жатыр.

1996 жылы Президент Н. Назарбаевтың  Жарлығы  шықты. Бұл  Жарлық  бойынша  қазаққа тегін(фамилиясын) ұлттық  дәстүрге  сай  алуға  болады  делінген. Мен осы сұрақ бойынша Екібастұз  ауданының  паспорт  үстелінің  бастығы  М. Абжаров  мырзаға  бардым, аты-жөнімді  қазақ әріптерімен  «Елтін  Амангелді  Қайырбайұлы» деп өзгерткім  келетінін айттым. Мақсұт  мырза  мені  үгіттеуге   кірісті: « Аға, өзіңізге  қажетсіз  проблема тудырып  қайтесіз? Дипломда, еңбек  кітапшасында, жұмыста, бәрінде «Ельтинов Амангельды  Каирбаевичсіз». Сіздің  бала- шағаңыз  бар, баспана  өзгертуіңіз  мүмкін, зейнеткерлікке  шығар  күніңіз  де  алыс  емес. Бір  әріп  үшін  басыңызды  қатырып  жүресіз  бе? Ауыстырудың  керегі  қанша? »,– деді. Мен  көнбегеннен  кейін, ақыры айтты: «Жарайды, болмадыңыз ғой. Мен мектепті орысша  бітіргенмін, бланкілерді өзіңіз толтырасыз». Сөйтіп, өзім, әйелім, ер жеткен балаларым, келіндерім, күйеу балам – бәріміз «-ов» пен «-евті», «-евич» пен «-овна» жұрнақтарын алып тастадық. Содан бері 20 жыл өтті. Әйелім екеуміз зейнеткер  атандық, қоныс  аудардық. Он үш немерем, бір шөберем бар, алды орыс жұрнақтарысыз  магистратура, университет  тәмамдап еңбек етіп жүр. Паспорт  үстелінің  бастығы айтқан қиындықтар кездеспеді. Тек, жаңа құжат алғанымыз туралы паспорт  үстелінен  анықтама алдық. Бауыржан атамыздың тар заманда істегенін, тәуелсіз ел  болғанда бізге неге  істемеске?

Нәзір  Төреқұлұлы– мемлекет  және  қоғам  қайраткері,  публицист.                                          «Темірқазық» журналы 1923 ж. №2.

Біздің  қазақ  хат  жазып  қол  қойса, кісі  атын жазса  орысшалап  кетеді: « Жаманбай  Аманбайов» деп  жазады. Жаманбай  хат  жазып,  қол  қойса, өзіде  « Аманбайов» деп  қол  қояды. «-Ов», «-ев»  деп  жазып  отырған  жігіттердің  өздері  сөйлегенде  Жаманбайдың  өзін  ғана  атайды. Біздің  түркі  тілінің  салты, заңы  осы:  бұрынғы  атақты  билер  бізге  белгілі  өздерінің  ғана  аттарымен Төле  би, Қаз  дауысты  Қазыбек,  Едіге,  Мамай, Ноғай, Жәнібек,  Әйтеке... бұлардың  кімнің  баласы  екенін  өз  елі  ғана  біледі. Бұрынғы  батырлар  да  өз   аттарымен  аталған– не  пәленнің  ұлы  деп  аталған:  Шора  батыр, Алпамыс  батыр,  Орақ   батыр, Қарақыпшақ  Қобланды, Ақ  балтыр  ұлы Уақ, Мәнжүр  ұлы  Шуақ,  Кеңес  ұлы  Кенжебай. Бізбен  жақын  түрік– Стамбұлдағы  түрік. Тарих  бұларды  біздің  қаңлы  дейді. Қазақ  ішінде  қаңлы  руының  көбі  Жетісуда.  Түріктің  тіл  салты  дәл  біздікі  сияқты:  бұлардың  атақты  азаматтары  өз  аттарымен  ғана  аталады...

Біздің  қазақтың  шала  оқығаны  «-ов»-қа  жерік. «-Ов»-пен  атын  жазса,  білгіш  бола  қалады: Иванға  бір  табан  жақын, төреде  бола  қалады. Төрелік, білгіштік «-ов»-та  емес  екенін  мещанин  қайдан  білсін?!Газет,  журнал,  жаңа  кітап  жазған  көсем  азаматтар,  кеңселер  қазақ  тілінің  салтына,  заңына  түссе,  «-ов»-ты  ақы  иесіне  қайырып,  Тіленші  ұлы  Алшынбай, Өскенбай  ұлы  Құнанбай,  Құнанбай  ұлы  Абай  деген  жолға  түссе,  жұртымызбен  ойласуға  оң  болады.

Елбасының  «Егемен  Қазақстан» газетінде  26.04.2017 ж  басылған  « Болашаққа  бағдар:  рухани  жаңғыру»  мақаласында  көтерген  мәселеселелері  өте  өзекті. Өміріміздің әр  саласында,  қазаққа  жат,  отаршылдық  заманның  белгілері  толып  жатыр. Тәуелсіздігімізді нығайту  үшін рухани  жаңғыруымыз  керек-ақ. Рухани  жаңғыру  үшін  санамызға  терең  кіріп  кеткен отаршылдық   сарқыншақтардан  арылуымыз  керек.

Амангелді  Елтін, зейнеткер. Павлодар қаласы.

   
0
610
0