Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
00:59, 13 июля 2017

ЛЕ БУРЖЕ ТӨРІНДЕГІ МАРАПАТ

Маусымның май шыжғыртар ыстығына қарамастан, Париж түбінде дәстүрлі «Ле Бурже – 2017» аэроғарыштық көрмесі немесе жалпақ тілмен айтқанда авиашоу ұйымдастырылды. Аталған шараға әлемнің ең үздік ұшақ не тікұшақ құрастыратын кәсіпорындары, әскери техника, ғарыш кемелері, әуекомпаниялар қатысып өздерінің озық технологиялары мен жаңалықтарын паш етті. Шараны әлемнің 4 мыңға жуық журналисі насихаттады. Арасында қазақ журналистикасының өкілі ретінде осы жолдардың авторы да жүрді.

Blog post image

Paris Air Show деп аталатын көрме осымен 52 мәрте мамандардың назарына, тілші қауымның жазарына ұсынылды. Бас-аяғы 7 күн ішінде өтетін шараны 350 мыңнан астам халық көріп үлгерген. Бұл өткен жылғы көрсеткіш деңгейін қайталады десек те болады.

Blog post image

Француздар көрме өткізудің хас шебері екеніне дау жоқ. Оған куә 1889 жылғы Бастилия қамалының алынуына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған әйгілі көрмені атасақ болады. Онда алғаш рет электр қуатының пайдасы, Даймлер мен Бенцтің автомобильдері, тіпті бүгінгі күндегі фотокабина да сол уақытта ойлап табылған дүние болатын. Басты жаңалығы – Гюстав Эйфелдің туындысы Эйфель мұнарасы екені баршаға аян.

Blog post image

Парижге жеткен алғашқы күні қаланың көрікті орындарын аралаумен бастадық. Тарихи орындардың көптігінде сан жоқ. Әр кірпішіне дейін бағзы заманның бейнесін көз алдыңа алып келетін Еуропаның көне астаналарының бірі туристердің шоғырланатын ордасына айналған.

Blog post image

Жұмыс күндері Париж төңірегінде жүріп тұру оңайға соқпайды. Алматы мен Астанадағы кептелектер дәл мына қаладағыдай қорқынышты емес.

Blog post image

Парижді кесіп ағатын Сена өзені.

Blog post image

Александр ІІІ құрметіне тұрғызылған Париждегі ең сұлу көпірдің қақпасындағы алтын жалатылған мүсіндер.

Blog post image

Blog post image

Қалада да, суда да сақтық шаралары жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған.

Blog post image

Париж жастары.

Blog post image

Католиктердің әйгілі шіркеуі – Нотр-Дам де Пари.

Blog post image

Қаланың ең биік нүктесі Монмартрдан Парижді алақандағыдай көруге болады.

Blog post image

Монмартрдағы Тертр алаңы.

Blog post image

Бұл күндері Париж 2024 жылғы жазғы олимпиада астанасы атануға таласып жатыр. Дауыс жинаудағы басты қарсыласы – АҚШ-тың Лос-Анджелесі.

Blog post image

Ұйымдастыруы өте қиын авиациялық шоуды да француздар екі жыл сайын жоғары деңгейде өткізіп келеді. Бұл жолы да көрме көптеген тың жаңалықтармен талайды тамсандырды. 40 футбол алаңына тең келетін әуежай аумағында 130-ға жуық түрлі авиатехника жұрт назарына ұсынылды.

Blog post image

Ашылу салтанатына Францияның президенті Эммануэль Макрон Airbus A400M әскери тікұшағымен арнайы келді. Алғашқы екі күнде көрмеге тек ресми өкілдер мен журналистер ғана кірді. Шетелдік меймандар мен тілші қауым кіретін қақпа алдындағы үлкен алаңқайда көрмеге қатысы бар барлық елдің жалауы желбіреп тұрды. Арасынан аспан түстес көк туымыз да көзге оттай басылды. Әлбетте, авиашоуда көрсетер отандық ұшағымыз да, тікұшағымыз да жоқ екенін білеміз. Алайда үздік әуекомпанияларының қатарынан табылуға бізде мүмкіндік көп.

Blog post image

«Ле Бурже» авиашоуының аясында әлемнің үздік әуекомпанияларына ең беделді Skytrax сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Үкілеп үміт артқан жалғыз әуекомпаниямыз – Эйр Астана, екі бірдей жүлде үшін бақ сынады. Нәтижесінде, отандық әуетасымалдаушы Эйр Астана компаниясы алтыншы мәрте «Орталық Азия мен Үндістанның ең үздік әуекомпаниясы» деген марапатқа ие болды. Жекелеген салалар бойынша да, дәлірек айтқанда «борттағы ең сапалы қызмет» жүлдесін де біздің компания бесінші мәрте қанжығасына байлады. Енді Skytrax-тың төрт жұлдызы тағы да біраз уақыт Эйр Астана ұшақтарының маңдайында жарқырайтын болады.

Blog post image

Blog post image

Blog post image

Skytrax компаниясының беделді жүлдесін тағайындау жолаушылардан алынған сауалнама нәтижесінде анықталады. Одан бөлек тіркеу жылдамдығы, салонның жайлылығы мен тазалығы, сайттың ыңғайлылығы, борттағы тағам түрлерінің алуандығы, ойын-сауық қызмет көрсету деңгейін бағалау тұрғысынан 10 ай бойы зерттеулер жүргізіледі. Аталған бәсекеге әлемнің 200 әуекомпаниясы таласқа түседі. Жүлдені арнайы алуға келген компания басшысы Питер Фостер қуанышын жасырмады.

Blog post image

– Біздің қызметкерлеріміз өз жұмысын жоғарғы деңгейде орындауды мақсат тұтады. Қазақтың дархан мінезі мен қонақжайлығын Эйр Астана бортына енген әрбір жолаушы сезінуі тиіс. Біз әлем елдері үшін Қазақстанның алғашқы табалдырығымыз. Сондықтан қонақтар мен өз қандастарымызға мінсіз қызмет көрсету арқылы Қазақ елінің өркендеуін көрсеткіміз келеді. Skytrax сауалнамасына қатысып, бізге қолдау көрсеткен жолаушыларымызға алғысымыз шексіз, – деді ол.

Blog post image

Мәртебелі марапатты алып – мыңдаған көрермен алдында, жүздеген әуекомпания өкілдері жанында Қазақстанның қағаз жүзінде емес, іс жүзінде де мықты екенін мақтана білдірген күйі «Ле Бурженің» басқа да павилиондарын аралауға шықтық. Әуежай аумағында орналасқан авиация музейі біздің келесі аралаған кешеніміз болды. Сонау ағайынды Райттар ойлап тапқан ұшаққа ұқсас көне модель түрінен бастап ғарыштық аппараттарға дейін осында шоғырланған. Француз ғарыш бағдарламасының да түрлі техникалары, адамның ойына кірмейтін конструкторлық шешімдер, ұшу аппараттарының сан қатпарлы түрлері – барлығы да осы музейдің жәдігер қорының бай екенін паш етіп тұр.

Blog post image

Салқын павильондар сені өзінен босатқысы келмейді, алайда ауа райы +36 болса да біз тыстағы әуе мен ғарыш кемелерін көруге асықтық. Сонымен, авиашоудың ең басты ойыншылары – француздың Airbus компаниясы мен АҚШ-тың Boeing мекемесі. Әлбетте, бұған дейінгі көрмелерде Ресейдің де шоқтығы биік болатын. Бірақ бұл жолы, әлемнің біршама елдерінің Ресей тарапына қойған санкциясы салдарынан олардың ұшақ өндірісінің үздік техникаларын алып келуіне мүмкіндік бермеді. Дегенмен ғарыш саласында әлем орыстарсыз алысқа бармайтынын жақсы білгендіктен, оларға көрме павильонынан атшаптырым жерді макеттері мен жарнамаларын қоюға деп арнайы беріпті.

Blog post image

Сонымен, Paris Air Show-дың басты жаңалықтарының бірі – Airbus А380 plus ұшағы. Ең алғашқы моделі 2005 жылы пайда болған. Жыл сайын оған түрлі өзгерістер енгізіп, кем-кетіктері толықтырылып отырған. Биылғы жылдағы ерекшелігі – оның қанатының өзгеше жасақталуында. Бұдан былай алып ұшақ 4% отынды үнемдей алады. Бұл «темір құстың» көп қоректенетінін ескерсек, 4 пайыздың өзі едәуір қаржыны үнемдеп қалуға мүмкіндік. Әрі әуеде бұрылыс қиылыстарға келгенде ұшқыш оны оңай басқара алады.

Blog post image

Boeing көрмеге жаңа ғана емес, әбден тексерілген, сенімді модельдерін алып келді. Қысқафюзеляжды Boeing 737MAX-10 ұшағы – бүгінгі таңда сұранысқа ие әуетехникасының бірі. Нарықтағы оның негізгі қарсыласы – Airbus A321neo. Аталған модельдерге алғашқы күні-ақ сатып алу келісімшарттары жасақталды.

Blog post image

Одан бөлек көрмеге Boeing 787 Dreamliner ұшағы қойылды. Аталған модельмен Qatar airways әуекомпаниясы да өзінің қызметін, 1 санаттағы жолаушыларға арналған бизнес класс салонын көрсетті. 15000 шақырымды тоқтамай ұша алатын әрі экономикалық тұрғыдан шығыны аз ұшақты алдағы жылдары Эйр Астана әуекомпаниясы сатып алуды жоспарлауда.

Blog post image

«Ле Буржеде көптеген әскери техникаларды да байқадық. Соның ең танымалы – француздық Dassault Rafale жойғыш ұшағын айтсақ болады. Ұшу бағдарламасында әлгі шағын ғана, бірақ қаһары қатты, түсі сұсты ұшақ түрлі пилотажды өнерін көрсетті. Дыбысы құлақ жарса да ұшқанынан ләззат алғандар көп болды. Eurofighter Typhoon жойғыш ұшағы француз әскери техникасына негізгі бақталас болды. Италияның әуе әскери күштерінің құрамындағы Eurofighter Typhoon-те ел сүйсінерлік тәсілдермен ұшып, бар айбынын көрсете алды. АҚШ-тың Lockheed Martin F-35A әскери ұшағының да айла-тәсілін байқап көрдік.

Blog post image

Авиашоудағы санаулы жаңа модельдердің бірі – украиндық Ан-132D ұшағы. Ұшақты көрсетуге Украинаның Қорғаныс министрі арнайы келіпті.

Blog post image

Жалпы, көрмеде тұрғаны бар, ұшып қонғаны бар, ұшақ атаулысының көптігінде сан жоқ. Фотоаппаратты мойынға іліп, кеш батқанға дейін небір кадрлар жинадық. Париж сапарынан көргеніміз де, түйгеніміз де көп.

Blog post image

1
527
1