Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
07:31, 31 марта 2016

БЕЙЖІҢДЕГІ БӘТУА

Pekin-stolitsa-Kitaya

Биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында Аспан елінің астанасы – Бейжің қаласына жол түсті. Бұған себепкер болған еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің Қытай еліне сапары еді.

Министр бастаған делегация құрамында бірқатар мамандармен қатар отандық БАҚ-тың өкілдері де болды. Олар – «Қазақ газеттері» ЖШС-нің, «Түркістан», «Айқын», «Жас қазақ», «Капитал» газеттерінің, «Қазақстан», «Хабар» телеарналарының қызметкерлері.

Біз мінген ұшақ Бейжің әуежайына жергілікті уақытпен түнгі сағат 4.30 шамасында қонды. Көлікпен қалаға беттегенде төңіректі тұман басып тұрғандай көрінген. Ертеңіне білдік, тұманымыз қою түтін болып шықты.

Сөз басы

Бұған дейін де ақпараттар арқылы Бейжіңнің ауасы ластанып жатқанынан хабардар болатынбыз. Тіпті канадалықтар астана тұрғындарына таза ауа сатқандығы жөніндегі хабарды да көзіміз шалған. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Осының бәрі рас екен. Қаланы көк түтін басып тұрды. Көшеден аузы-мұрнын тұмшалап алған адамдарды жиі кездестірдік. Тек түстен кейін ғана түтін сейіліп, аспан шайдай ашылды.

Бейжің – әлемге мәшһүр қала. Елдің саяси, мәдени орталығы. Төбесіне қарасаң қалпағың түсіп кететін зәулім ғимараттар көп. Адамдар көлікпен де, велосипедпен де жүреді. Соңғы жылдары велосипедпен жүретіндер азайған. Есесіне көлік көбейген. Сірә, бұл елде тұрғындардың жағдайы жақсарып келе жатқанның белгісі болса керек.

Қытайдың Ауыл шаруашылығы министрі Хань Чанфумен кездесу

Қытайдың Ауыл шаруашылығы министрі Хань Чанфумен кездесу

Қала халқы жыл сайын өсіп келеді. Жиырма екі миллионға жуық тұрғыны бар екен. Бір қала тұрғындарының саны біздің елдің халқынан әлдеқайда асып тұр ғой. Бірақ соған қарамастан сеңдей соғылған жұртты көрмедік. Жұмыс күні болмағаннан кейін бе екен?..

Сапарымыз екі күндік ғана. Министрдің жанынан қалмауымыз керек. Кімдермен кездеседі, қандай келісімдер жүргізеді – сол жерде болу міндет. Уақыттың осылай тығыздығынан қаланы емін-еркін аралауға мүмкіндік болмады.

Дегенмен де, қаншама жерден ат арылтып келіп тұрып, әйгілі шаһардың ең болмағанда бір-екі тарихи, көрікті жерлерін тамашаламай кету үлкен өкініш қой. Осы тілегімізді жолбасшы болып жүрген осы елдегі біздің елшіліктің қызметкері Жұлдыз Мамытбековаға айтып көріп едік. Мың болғыр жан екен. Өтінішімізді түсіне қойды. Ақылдаса келе әлемге танымал Тэньаньмэнь алаңына баратын болдық.

Біз барғанда алаңда көп адам кездеспеді. Төңірек тып-тыныш. Ары-бері жүрген адамдардың сөзі де қатты естілмейді.

Алаңның шет жақтарында Тэньаньмэнь қақпасы, Халық жиналысының үйі, Ұлттық музей, Халық батырларына қойылған ескерткіш, Мао Цзэдунның мавзолейі… Жалпы алаң 440 мың шаршы метр жерді алып жатыр.

Алаң – көп оқиғаға куә. Бұл жер қытай халқының «жүрегі» саналады.

Тэньаньмэньнның солтүстік жағында атақты Жабық қаланың ғимараттары көрініп тұрды. Бұл үлкен сарайлар кешені. 1406-1420 жылдары салынған. Қытай императорларының сарайы. Осында Мин және Цин әулеттерінің 24 императоры елді басқарған. Жабық қала адамзаттың әлемдік мұрасы ретінде ЮНЕСКО-ға тіркелген. Берілген уақыттың аздығынан атақты қаланы аралап шығудың сәті түспеді.

Жұлдыздың бізге жасаған тағы бір жақсылығы – «Юаоян» саябағындағы «Цзиньтай» аталатын музейді, саябақтағы ұлы ақынымыз Абай ескерткішін көрсетуі еді. Музейге шет елдердің құрметті қонақтары жиі келеді екен. Осында 2011 жылы біздің Елбасы да ат басын тіреген. Мемлекет басшысына ескерткіш ретінде тұлпардың мүсіні сыйға тартылыпты.

Саябақта орын тепкен Абай ескерткі­шін көріп, мәз-мейрам болдық. Ескерткіш 2014 жылы 21 наурызда тұрғызылған. Осындағы Қазақстан елшілігінің қызмет­керлері өз қаржыларына салғызыпты.

Елшілік дегеннен шығады, бізді өз елшілігіміздің атқарып жатқан жұмыстары сүйсіндірді. Елімізді танытуда, жақсылығын жария етуде қолдан келгеннің бәрін жасауда. Соңғы өткізілген «Белгісіз Қазақстан» фотокөрмесіне, «Абай оқуларына» жергілікті халық қызығушылық танытқан.

Ескерте кетейік, Қазақстанның Қытаймен дипломатиялық қатынасы 1992 жылдың 3 қаңтарынан орнатылған. Ел аумағында Бейжіңдегі елшілігімізден басқа Гонконгта, Шанхайда бас консулдықтар бар. Үрімжіде Төлқұжаттық – визалық қызмет жұмыс істейді.

Қытай елінде бір миллионнан астам қандастарымыз тұрып жатқаны белгілі. Бұған қоса, бүгінде он бір мың қазақстандық осында білім алуда.

Елдің негізгі тұрғыны – қытайлар. Олар халықтың 93 пайызын құрайды. Сондықтан тілге қатысты бұл елде ұшынып тұрған мәселе жоқ. Тіпті елдің Ата Заңында тілге байланысты бір де сөз жоқ екен. Статистикалық мәлімет бойынша Қытайда елу алты ұлттың өкілі өмір сүріп жатыр.

Кездесулер.

Келісімдер

Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің аспан асты еліне сапарының мақсаты – Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына шығару. Осыған орай тиісті келісімдерге қол жеткізу болатын.

Сонымен сапар қорытындысы қалай болды? Мақсат жүзеге асты ма? Осыған байланысты министр жауабына назар аударалық.

– Іссапардың қорытындысына көңіліміз толып отыр, – деді баспасөз өкілдеріне сұхбат берген А.Мамытбеков мырза. – Сапардың мақсаты Қытай нарығына қазақстандық азық-түлік тауарларын экспорттауда бірқатар шектеулерді азайту, кейбір компаниялармен кездесіп, инвестиция тарту, Қытайдың Ауыл шаруашылығы министрлігімен өзара іс-қимыл жоспарларына қол қою еді. Осы бағыттар бойынша бірқатар нәтижелерге қол жеткіздік. Қытай елінің мемлекеттік карантин және ветеринария инспекциясымен кездесіп, олармен жүзеге асырылар нақты іс-шараларды келістік.

Жақын арада Қытай инспекторлары біздің елімізде шектеулерді алып тастауға байланысты өздерінің делегациясын жіберетін болды. Тек мал өнімдеріне не болмаса егін шаруашылығына қатысты ғана емес, басқа да тауарлар бойынша келісімдерге қол жеткіздік. Қытайдың сала министрімен осындай жоспарларға қол қойдық. Қытайдың «COFCO», «CITIC Croup» және басқа да компанияларымен кездесіп, олармен нақты келісімдерге келдік. Мәселен, «COFCO» тек бидай сатып алып қоймай, ет, қант қызылшасын, қызанақ, өсімдік майын… өндіруге де мүдделі. «COFCO» – ірі компания. Оның «COFCO-томат», «COFCO-ет» дегендей салалық бірнеше компаниялары бар. Әр компаниямен келіссөз жүргізіп, келісімге келіп отырмыз.

Қытай етті көбірек сатып алғысы келеді. Қазірдің өзінде бір миллион тонна тек қана сиыр етін сатып алуда. Бұл бізге өте қолайлы. Әрине, қазір миллион тонна ет сата алмаймыз. Алайда осындай нақты, тұрақты түрдегі сұраныс біздің өндірісімізді көтере алады. Біздің нарығымызға қарағанда олардың бағасы жоғары. Бұл тауар өндірушілерімізге пайдалы.

Етті сатып алушылар ең алдымен сапаға көңіл бөлетіні белгілі. Министр бұл ретте ветеринарлық жүйенің маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етті.

– Біріншіден, олар біздің ветеринарлық жүйені тексереді. Бұл жүйе қалай жұмыс істейді? Бақылау, индификация, вакцинация қалай жүргізіледі? Қандай заңдар қабылданған? Қандай стандарттар енгізілген? Қандай зертханалық тексерістер болады? Олар өзара қалай жұмыс істейді? Міне, осының бәріне мән береді. Бұл өзі әлемдік тәжірибе. Алдымен елдің жүйесі тексеріледі. Елбасының тапсырмасына сәйкес біз осыдан бес жыл бұрын ветеринарлық комитетті бөлек шығардық. Экспорттау мәселесі туындаған кезде алдымен жүйеге көңіл бөлінеді. Кәсіпорынның немесе фермерлердің эпизоотикалық жағдайы жақсы болғанмен, жүйе халықаралық тәжірибеге не стандарттарға сәйкес болмаса онда өнімді экспорттау мүмкін болмай қалады. Біз ветеринарлық салаға баса көңіл бөліп отырмыз. Біздің елімізде, тіпті әлемде деуге болады, тұңғыш рет ветеринарлық саясатты дамыту жөніндегі ұзақ мерзімге арналған жоспар халықаралық эпизоотикалық бюроның келісімімен қабылданды. «Ветеринарлық қызметті дамыту стратегиясы» деп аталатын құжат басқа елде жоқ. Аталған бюроның жетекшісі біздің стратегияға қол қойған кезде «Мен бірінші рет мұндай құжатқа қол қойып тұрмын» деген болатын. Бұл құжат байынша көп жұмыс істелді. Заңдар қабылданды. Жауапкершілік артты. Ветеринарлық жүйенің әдістемесі қалыптасты. Вакцинацияға өзгерістер енді. Диагностиканың әдістемесі өзгертілді.

«Ұсақ фермерлер экспортқа шыға ала ма екен?» Министр мұндай фермерлердің экспортқа шығуы міндетті емес екенін айтты.

– Бұл оларға қымбатқа түседі. Ең болмағанда аудармашы, заңгер ұстауларына тура келеді емес пе? Шетелдік кәсіпкер аз өнім өндірушімен жұмыс істегісі келмейді. Аз өнімге бола ауық-ауық сапарға шыға бермейтіні анық. Сол себепті бұл жерде қажеті фермерлердің кооперациясы яки ірі трейдерлер немесе басқа ұйымдық құрылымдар.

Ұсақ фермерлердің мақсаты экспортқа шығу емес. Басқа. Фермер ірі трейдерлер немесе ірі өнім өндірушілер арқылы жұмыс істей алады. Бұл үшін жағдай жасалуы керек. Сол үшін де фермерлердің кооперациясы туралы заң қабылдадық. Бұл фермерлердің бірігуіне, салыққа қатысты жеңілдіктерді, басқа да артықшылықтарды пайдалануға, субсидия алуға мүмкіндік береді.

Журналистердің бірін екі елдің министрліктері қандай келісім-шартқа қол қойғандары қызықтырған еді. Бұған сұхбат беруші төмендегідей жауап берді:

– Министрлік коммерциялық келісім-шарт жасамайды. Министрлік сол келісім-шарттың жүзеге асуына жағдай жасайды. Мәселен, «COFCO» компаниясы біздің ұлттық компаниялармен белсенді ынтымақтастық орнататын болды. Осы жөнінде келістік. Нақтырақ айтар болсақ, «Казагроға» қарасты «Казагроөніммен» келісе жұмыс істей алады. «COFCO» әлемдегі ең ірі бес жүз компанияның қатарына кіреді. Осының өзі көп жайтты аңғартса керек. Егер біз Қытай нарығына шыққымыз келсе, аталған компаниямен ынтымақтаса жұмыс істеудің пайдасы зор.

«Айцзюй» деген Қытай компаниясы бар. Біздің бұл компаниямен бірлесе жұмыс істегенімізге бір жылдай уақыт болып қалды. Ол Солтүстік Қазақстан облысында өсімдік майын өндіретін зауыт құрлысын бастап үлгерді. Зауыт іске қосылса жылына 300 мың тонна май өндіруге болады. Кәсіпорын пайдалануға берілгенше өсімдік майын біздің өндірушілерден сатып алады. Алғашқы өнім Сиань қаласына жөнелтіледі. Екі мың тонна майдың бір мың тоннасы рабс майы, қалғаны күнбағыс майы. Олар бұл майдан азық-түліктің көптеген түрлерін өндіреді. Мәселен, бір ғана соядан төрт жүзге жуық өнім түрін шығарады. Сүт, ірімшік, тоқашты… айтпағанда ет те өндіреді екен.

Мен өткен жылдың күзінде Сианьда бүкілқытайлық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткен кезде осы кәсіпорында болдым. Қалада порт бар. Ол Қорғас пен Достықтан жүк қабылдауға бағытталған. Кәсіпорын темір жолдың бойында орын тепкен.

Аталған кәсіпорын Қазақстаннан келетін шикізаттан өнім өндіруге маманданған. Шикізат болғанда мәселен, астық күйінде емес, дайын өнімдерді – ұнды, өсімдік майын… алғысы келеді. Кәсіпорын сондай-ақ біздің елде өнім өндіретін зауыт салуға да ынталы. Бұл фермерлерімізге тиімді болатыны анық. Өйткені кепілді әрі қалыпты сұраныс болады. Мұның өзі бәсекелестіктің артуына да ықпал етері сөзсіз.

Шэньси провинциясындағы екі компаниямен келісімге келдік. Бұлар ауыл шаруашылығы саласындағы ірі компаниялар саналады. Олар ұн сатып алғысы келеді. Сәуір айының бас кезінде бізге сегіз адамнан тұратын делегация келетін болды. Олар елімізде бірлескен кәсіпорын құруға дайын.

Қазақстанға инвестиция құйғысы келетіндер көп. Бұған Қытайда сұраныс бар. Импорт көлемі өсуде. Экологиялық таза органикалық өнімге деген сұраныс бар. Оның үстіне аумақтық жағынан да Қазақстан бұл елге жақын орналасқан. Олардың айтуынша, өзге елдерден, Аргентинадан, Америкадан, Австралиядан… соя немесе жүгері сатып алады. Алайда, оларда генетикалық түрлендірілген ағзалар (ГМО) бар. Сондықтан да экологиялық таза өнімдер алуға ықыласты.

Сапар барысында Қазақстан мен Қы­тайдың Ауыл шаруашылығы министрлері кездесіп, бірқатар құжаттарға қол қойды. Журналистерді осы келісімдер де қы­зықтырды.

– Біз ең алдымен ақпараттар алмасуда тығыз байланыс орнату жөнінде уағдаластық. Сонымен қатар ғылыми зерттеулерге қатысты нақты бағдарлама жасау жөнінде келістік. Оларда асылдандыру, суландыру технологиясы саласында, басқа да бірқатар бағыттарда жақсы тәжірибе бар. Осыларды үйренуге болады. Олар бізбен жұмыс істеуге дайын. Мәселен, бізде соя тек қана Алматы облысында өндіріледі. Бұл өнімді Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыс­тарында да өндіруге болар еді. Сондықтан да жаңа сорттар қажет.

Қытай жылына қырық-елу миллион тонна көлемінде соя сатып алады. Біз болсақ жылына бар болғаны екі жүз мың тонна ғана соя өндіреміз.

Май дақылдарын өндіруге кешегі кеңес уақытының өзінде онша мән берілмеді. Егерде дақылдық егіс көлемі үш жүз млн. гектарға жуық жерді алып жататын болса, осының бір миллион гектарға толар-толмас көлеміне ғана май дақылдары егілді. Бүгінде Қазақстандағы май дақылдары егілетін жер көлемі екі миллион гектарға жуық аймақты алып жатыр.

Егер біз селекционерлердің көмегімен жаңа сорттарды өмірге келтіретін болсақ егіс көлемін бұдан әрі де кеңейтуге мүмкіндік бар. Май дақылдары астық өнімдеріне қарағанда едәуір табысты. Астықтың әр тоннасы қырық мың-елу мың теңге көлемінде болса, сояның әр тоннасы 126 мың теңгемен сатылады. Бұл өнімнің астық дақылдарына қарағанда өнімділігі де жоғары. Майы алынған сояны мал азығы ретінде де пайдалануға болады.

Әріптестеріміздің бірі мына жайтты көлденең тартты. «Қытай нарығына шығу мәселесі соңғы уақытта ғана көтеріліп отыр. Бұған дейін неге мұндай қадам жасалмаған?». Орынды сауал. Осыған байланысты министр қайтарған жауапқа көңіл бөліп көрелік.

– Бірнеше себеп бар. Біріншіден, Қытай соңғы жылдары ауыл шаруашы­лығын қарқынды дамытты. Бұдан жиырма-отыз жыл бұрын жағдай басқаша еді. Жиырма-отыз жылда көп мәселені шешті. Өзінің өндірісі өзінің қажеттілігіне жарап отырды. Барлық жерді игерді. Алайда өнімділікті арттырамыз деп жерін тоздырып алды. Химиялық заттарды көп пайдаланды. Жер «демалу» дегенді білмеді.

Қытайда халықтың саны жылдан-жылға өсіп келеді. Бұрын бір баламен шектелсе, енді екі баланы дүниеге келтіруге ұлықсат беріп отыр.

Импортқа ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта көп елмен жұмыс істеп те жатыр.

Қытайдың батысында – Қазақстанмен көршілес аумақта халық өсіп жатыр. Содан да біздің елден тауар алу тиімді.

Екінші себеп, жағдайын дұрыстаған халық денсаулығына көңіл бөле бастады. ГМО қоспасымен дайындалған өнімнің денсаулыққа зиян екенін сезініп отыр. Ауқатты, бай адамдардың қатары көбейді. Олар таза органикалық өнімді тұтынғысы келеді. Осындай себептермен біздің нарыққа келіп отыр.

Баспасөз мәслихаты барысында елімізде құрылатын фермерлердің коопертиві жөнінде сөз болды. Бұл жаңа құрылымды құруда күштеу, үгіттеу деген болмайды.

Тэньаньмэнь қақпасы жанында

Тэньаньмэнь қақпасы жанында

Фермерлердің қалауымен, еркімен атқарылады. Негізі мұндай кооператив­тердің тиімділігі зор екенін айта кеткен жөн. Өйткені технологияны бірлесіп сатып алады, өнім өндіруге қажет зауытты яки кәсіпорынды бірлесіп сала алады. Кейбір қажет мамандарды (мал дәрігері, заңгер…) бірлесіп пайдалануларына болады. Бұл мүмкіндіктер айналып келгенде өнім өндіруге кететін шығынды азайтуға ықпал етеді.

Әрине, жаңа іске кім-кімнің де үрке қарайтыны заңдылық. Міне, сондықтан да министрлік еліміздің әр аймақтарында кооператив құрып, оның артықшылығын көрсетуді мойынға алмақшы. Алғашқыда олардың саны 14-ке жеткізіледі. Кейін көбеюі мүмкін. Осы кооперативтердің аясында семинарлар, басқосулар өтіп, жаңа құрылымның ерекшеліктері фермерлерге, шаруа қожалықтарына түсіндірілмек.

Тек журналистер қауымының ғана емес, жалпы жұртшылық көкейінде мына сауалдардың тұратындығы заңдылық секілді. «Қытай кәсіпкерлеріне жер сатыла ма?», «Олар елге келгенде жұмысшыларын да бірге ертіп келмей ме?»

Министр бұл сауалдарға мысалдар келтіре отырып, нақты жауап қайтарды. Оның айтуынша, жер сатылмайды, тек жалға беріледі. Біздің заңымыздың талабы осындай. Жұмысшылар мәселесіне келетін болсақ, оның да ретті жері бар. Жұмыс орнына өте қажет, зәру мамандық иелері ғана шақырылады. Олардың саны көп емес. Жаңа технология келгеннен кейін бұл көп адамды да қажет етпейді.

– Австралияда 30 мың мал басы бағылатын мал бордақылау кешені бар. Осында бар болғаны 12 адам ғана жұмыс істейді. Кеңес уақыты кезінде осынша малды күтіп-баптауға 400-дей адам қатыстырылатын. Біздің елден де бүгінгі таңда жарқын мысалдардың бірін келтіруге болады. «Арқарлымайбүйрек» компаниясында 10 мың бас мал бар. Олар аналық мал. Осы малға қарайтын жиырма бес адам ғана.

А.Мамытбеков аспан асты елінің Даму және реформа жөніндегі мемлекеттік комитетінде де болып, кездесу өткізген-ді. Осы комитеттің ерекшелігі және бұл ведомствомен алдағы байланыс қалай болатындығы да әңгіме өзегіне айналды.

– Аталған комитеттің елдегі мемлекеттік органдар арасында рөлі зор. Бұл комитетті кеңес уақытындағы «Госпланмен» салыстыруға болар еді. Комитет өзге министрліктерге стратегиялық бағыт, нұсқау беріп отырады. Оның қарамағында әр сала бойынша департаменттер жұмыс істейді. Солардың бірі – ауыл шаруашылығы департаменті. Бізбен жүздескен кісі аталған комитеттің орынбасары. Ол ауыл шаруашылығы саласын қадағалайды. Ауыл шаруашылығы департаментімен қарым-қатынасты ұлғайту жөнінде келісімге келдік. Алдағы уақытта екі жақтан да байланыс жасап отыратын нақты адамдарды белгілейміз. Мақсат – саладағы стратегиялық бағыттарды біліп отыру. Ауыл шаруашылығына қатысты ақпаратты алмасып отыратын болдық.

Екі елдің ауыл шаруашылығы бойынша даму бағыттары әртүрлі. Олар жеке кәсіпорындардың жұмысына көбірек араласады. Ал бізде, керісінше. Жеке кәсіпорындарға барынша еркіндік берілген. Үлгі алатын тұстар бар. Мәселен, ішкі нарықты қорғау мәселесінде көршімізден үйренеріміз көп. Түйіндеп айтар болсақ, ұқсастықтарымыз бар болғанымен, даму жолдарымыз әртүрлі.

Министрдің сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Әр елдің өз мүддесі бар екені белгілі. Біздің еліміздің де ауыл шаруашылығы саласында тиісті мақсат-бағдары бар. Қытай елінде болған бұл сапар да сол мақсат үдесінен туындағаны анық.

Түйін

…Бейжің сапарынан елге жайдары оралдық. Бұған ел министрінің «Келген шаруамызды ойдағыдай орындадық» деген сөзі әсер етіп еді.

Қазір – нарық заманы. Нарықтағы үлкен мәселе – өндірген өніміңді алатын тұтынушы табу. Бұл сапар да осындай ниетте ұйымдастырылған болатын.

Ауылдың шаруасы маңдай тер төгіп өндірген өнімін дер шағында, қиналыссыз сататын болса бұл үлкен пайда. Осы жағынан іркіліс болмаса жыл сайын табыс көлемі ұлғая берері анық. Мұның өзі ұлтымыздың кіндігі саналған – ауылдың өсіп-өркендеуіне ықпал етері күмәнсіз.

Қытай елінің біздің өнімге қызығуының басты себебі не? Ол – өнімнің тазалығы, улы заттарды сіңірмегендігі.

Осыдан кейін көкейде Жер-Анамызды қадірлеп, табиғатымызды аялай білейік деген тілек тұрады.

Нұрперзент ДОМБАЙ

Алматы – Бейжің – Алматы

 
0
357
0