Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
04:49, 11 марта 2016

АТАДАН – ӨСИЕТ, АНАДАН – ҚАСИЕТ

Енді ғана өмір есігін ашып, жарық дүниенің өзіне беймәлім сырларына қызыға қарайтын сәбидің көргені мен естігендері тасқа жазылған хаттай санасына сақтала береді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бабаларымыз текке айтпаған, ананың сүтімен, әкенің қанымен бойға сіңген қасиет – жеткіншек өмірінің бағдаршамы. Әке – отбасының тірегі болса, ана – берекесі. Бақытын баладан іздейтін ата-ана  «не ексе; соны оратынын» біліп, өзінің әрбір сөзі мен әрекетіне мән беру ләзім. Отбасылық, ағайындық, туыстық қарым-қатынастарды үйрететін, қазақ шаңырағына ғана тән, жазылмаған қағидалар – әдептілікке тәрбиелеудің үлкен мектебі.

«Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген сөзде батпандай салмақ жатқаны анық. Қызымыз – үйде, қылығы түзде екені тағы мәлім...«Қыз өссе, елдің көркі» деп алақанға салып аялаған арда халықтың қыздары ерке өскен еркіндігінің арқасында бұрымын бөркінің ішіне тығып, ел басына күн туған шақта ерлерше киініп, атқа да қонған. Еркіндік деген есерлік емес, ол – адамның тұлға болып қалыптасуына қажетті шарттардың бірі. «Алып анадан екенін» ұмытпайық, Домалақ ана, Ұлпан ана секілді ұлттың аналары қазақ қыздарына қашан да үлгі болары сөзсіз. Жастайынан қанға сіңген жақсы қасиет – жақсылықтарға бастайтын ізгілік баспалдақтары.

Мейірім мен махаббаттың шырақшысы – ата-ана. Мейірімге қанбаған, сүйіспеншілікпен суарылмаған баладан қандай мейірім күтуге болады?.. Мейірім көрсетсең, мейірім көретінің – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Алла өмір берсе, қарттық ешкім қашып құтыла алмайтын – өмір заңдылығы. Қартайған шақта қадірлі болуды, құрмет көруді ойласақ, бүгінгі бала, ертеңгі қамқоршың ұрпақ тәрбиесіне салғырт қарауға болмайтынын бір сәт те естен шығармау керек.

Жастарға айта алатын кемел ойы, терең ақылы, парасатты пікірі болмаса, Абайша айтқанда, «сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» болмай ма?.. Жүріс-тұрысы, көзқарасы, киім киісі, сөз мәнерімен-ақ көп нәрсені ұқтыратын үлкендердің әрбір әрекеті – балаларға өнеге. Көрген-білгенін өрнекті оймен жеткізе алатын, өзіндік пікірі бар, сөйлер сөзін, жүрер жөнін білетін салдарлы адамнан салмақты ой шығатыны белгілі. Аузы дуалы, сөзі уәлі ата-әжелеріміз балалары мен немерелерінің ар-ұяттан аттамай, иманды болып өсуін қадағалаған.

Бүкіл ізгілік пен жақсылықтың имандылықтан бастау алатынын білген қарттар ұлының ұятты, қызының ибалы болып өсуіне күш салған. Поэзия падишасы  М.Мақатаевтың:

«Ақ бұлт бар, қара бұлт бар,

Қарап тұрсаң, аспанда да алалық бар.

Қарттар бар, ішінде шалалық бар,

Жастар бар, ішінде даналық бар», – деген сөзінен пайымды ой түйіндеуге болады.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлағатты ойдың түптамыры отбасына келіп тірелетіні аян. Өйткені, адамның тұлға болып қалыптасатын кезі – балалық шақ. Рухы мықты, танымы терең бала – кемел келешегіміздің кепілі. Сондықтан адамгершілік, ізгілік, мейірімділік секілді ізгі қасиеттерді баланың бойына сіңіріп, балғын шағында қалыптастыру керек.

Қазіргі ұрпақты ақпараттар ағыны сел болып жатқан қоғамда отбасы тәрбиесімен ғана қалыптастыру мүмкін емес екені белгілі.Кейбір ересектердің ата-ана алдындағы парызға, перзент алдындағы борышқа, отбасы алдындағы міндетке салғырт қарауы, мейірім-шапағаттың кемуі, рухани жұтаңдық – қазіргі қоғамдағы ащы шындық. Ұлттық үрдісті бұрынғыдан да жандандырып, бағасын кемітпей, қадірін қашырмай ғасырлар көшіне ілестіру – аға ұрпақ алдындағы қасиетті борыш. Ұрпағының ұсақталмауын қадағалап, ар тазалығы мен жан тазалығын алдыңғы орынға қойған бабалар үрдісін жалғастыру – баласынан рахат көргісі келетін әрбір ата-ананың міндеті.

Жүрегінде иманы бар, намысты, арлы, заманына лайық ұрпақ тәрбиелеу – қазір қашандағыдан да зәру, күн тәртібінен түсіруге болмайтын өзекті мәселе. Балаларын тәрбиелеуге, мойын бұруға уақыт таппай жүрген ата-аналарға «жәрдемдесіп», әлеуметтік желілер арқылы қаптаған «оқытушылар» қаумалап, өз «тәрбиелерін» беруде.

Діни сауатының төмендігі мен тәрбиенің олқылығынан ұрпағы адасып жатса, бұл – алдымен ата-анаға сын. Ата-ана ғаламтордың шексіз мүмкіндігін игі мақсатқа пайдалану мәдениетін үйретсе, енді қалыптасып келе жатқан жас адасып, қателіктерге ұрынбас еді. Тәрбиесіз берілген білімнің қаншалықты қауіпті екенін Әл-Фараби бабамыз бұдан қанша ғасыр бұрын кемел оймен келешекке аманаттаған. Сондықтан ұрпағымыздың ұлағатты болуын ойласақ, алдымен, оның тұлға болып қалыптасуының басты тетігі – тәрбиеге баса назар аударуымыз керек.

Ұлттық ұлы бастамаларды іске асырудың алғашқы баспалдағы –берекелі отбасы, сондықтан «Біз бір-бірімізді иықтан қағып, өтірік алдап жүргенде, бірнеше буын алмасып үлгерді. ... Самарқаулық пен өтіріктен құтылмаса болмайды. «бармақ басты, көз қыстылық» – Отанға жасалған опасыздық»,– деп қазақтың арда азаматы, танымал әнші, өмірі де, өнері де өнеге Н.Нүсіпжанов айтпақшы, еліміздің ертеңіне жауапты ұрпақ тәрбиелеу – кешеуілдетуге болмайтын ең жауапты да өткір мәселе.

«Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын?..»,– деп Абай кемеңгер айтқандай, өзі үшін жайылатын мал емес, атымыз – адам екенін, түбіміз – Еуразияны билеп-төстеген түркі екенін, түркілердің тарихтағы орнын танытып, елге қызмет етудің өлмес үлгілерін, жасампаздығын насихаттау керек.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын жолым түсіп, Пекинге бардым. Әлемнің жеті кереметінің бірі – Қытай қорғанына арнайы соқтым. Қорған салынған таулар атты адам жүре алмайтындай қиын, ұшы-қиыры жоқ созылып жатыр. Біздің ата-бабаларымыздың тегеурінінен қорыққан қытайлар сондай қиянға қорған соққан. Сол қорғанның ең биігінен жан-жаққа қарап тұрып, айбарымен жауын жасқандырған ата-бабамыздың көзсіз ерлігіне деген мақтаныш сезімі жанымды тебірентті. Сол қытайлар бүгінде еңбекқорлығымен әлемді мойындатып, өздерін танытуда. Біз неге самарқаумыз?..

Әлемдік үрдістен тыс өмір сүре алмайтынымыз анық. Өзгеріп жатқан дүниеге орай, жан-жақты болу – уақыт талабы. Самарқаулық заман ағымынан қалдырады, сондықтан «заманың түлкі болса, тазы болып шалу» қажет. Бірақ ол қалай болса да баю керек, қандай жолмен болса да көтерілу керек дегенді білдірмейді. Қазақ деген қасиетті халыққа ғана тән ұлттық үрдісті жоғалтпай, дәстүрлі құндылықтардан алыстатпай, жүрегіне имандылықтың нәрін беріп, ұрпақтарымызды өркениетке ілестіру – тәрбиедегі адастырмайтын бағдаршам болу керек.

Ұрпақ тәрбиесі сөз болғанда, отбасының ықпалы туралы айтпай кету мүмкін емес. Өйткені, отбасы – бала үшін барлық көрсеткіштердің «алғашқы үлгісі». «Бармасаң-келмесең жат боласың,...» – деп қазақ текке айтпайды. Қаладағы қазақ отбасыларының басым көпшілігінде бір-екі бала ғана өсіп жатқаны белгілі. Осының өзі – баланың өзімшіл болып өсуінің басты себебі. Оған қаланың томаға-тұйық тіршілігін, ғаламтор мен ұялы телефондардың ықпалын қосып, балаңыздың қалай қалыптасып жатқанын ойша елестетіп көріңізші. Бала-шағаны асыраудың қамы, уақыт тапшылығы деп жүріп, балаға көңіл бөле алмасаңыз, ертеңгі күні оның өтеуі ауыр болуы мүмкін...

Сондықтан баланың «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін» ұмытпай, отбасында ізгі қарым-қатынас, ағайын арасында шуақты барыс-келіс пен алыс-беріс орнатса, баланың жадында бауыр мен ағайын-туғанның байланысы ізгіліктің үлгісі ретінде сақталады. Бұл – ағайындық, туыстық қарым-қатынастарды ұмыттырмайтын, қазақ шаңырағына тән қағидаларды санаға сіңірудің төте жолы.

Ортаймайтын қазына – иманды, көргенді ұрпақ. Дәстүрге адал, парыз бен қарыздың салмағын білетін, құндылықтарды жалғастыратын ұрпақ тәрбиелеу – халқымыздың келешегіне қызмет ету деген сөз.

Жастарға айта алатын кемел ойы, терең ақылы, парасатты пікірі болмаса, Абайша айтқанда, «сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» болмай ма?.. Тіпті жүріс-тұрысы, көзқарасы, киім киісі, сөз мәнерімен-ақ көп нәрсені ұқтыратын аяулы ақсақалдардың тұрған бойы өнеге емес пе?..

Адамның абырой-беделі парасат-пайымымен өлшенетіні анық. Олай болса, жастарға өкпе артпай тұра, өзімізге де бір үңілгеніміз жөн болар.«Ұлым дейтін елі болмаса, елім дейтін ұл» қайдан болады?.. Келешегіміздің кемел болуын ойласақ, артымызға қарайлап әрекет еткеніміз жөн. Қазіргі заманда ұлттық құндылықтарды  ұрандатпай-ақ ұлықтау – үлкендердің қасиетті борышы, тіпті міндеті. Қарттықтың қадірін қашырмай, «сөзімді кім тыңдайды» деген бойкүйездікке салынбай, «айтарым бар ма» деп ойланайықшы...

Өзіміз куә болған осы бір келеңсіз жағдай есімнен кетпейді. Бір ауылға үлкен жиынға барғанбыз, әдеттегідей, жиын соңында сол ауылдың   сыйлы ақсақалынан бата беруді өтінген үй иесін көпшілік  тыйып тастады: «Өзінің немересін жөндеп тәрбиелей алмай жүріп, ол қалай бата береді?»

Бәрі бірін-бірі танитын ауылда немересі ұрлықпен ұсталып масқара болған екен. Ол кісіні көптен білуші едім, өмір бойы педагогика саласында істеп, мектеп директорлығына дейін көтерілген, шындығында, сыйлы, салмақты, ойлы адам болатын. Қолын көтерген бойы, не істерін білмей, абдырап қалған аянышты халі есіме түскен сайын жаныма маза бермейді. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай әлгі кісі инсульт алып, ұзақ жылдар төсекте жатып, ардың да, аурудың да азабын тартып қайтыс болыпты. Жаман бала ата-анасының  «төрдегі басын есікке сүйреді» деген осы ғой...

Үлкен-кіші бас қосқан жиындарда жастар үлкендердің аузына қарайды. Ал осы мүмкіндікті пайдаланып, ересектер дұрыс әңгіме айтып, ойлы сұрақтар қойып отырса,  қандай жарасымды болар еді. «Қазіргі жастар ақыл айтқанды ұнатпайды, өздері шетінен ақылды» деген сарындағы реніштерді жиі естиміз. «Сөз түзелсе, тыңдаушы да түзеледі».  Жастық шағында ішкен арағын, жүрген  жүрісін, сүреңсіз қылықтарын айтып, өзі мәз болып отырған «қарттан» жастар не үйренбек?..

Жаһанданудың  алып тегершігінде ұсақталып кетпеу үшін қазақпен бірге жасап келе жатқан жарасымды дәстүрлердің, ұлттық құндылықтардың құнын түсірмей, халқымыздың асыл қасиеттерін ардақтап, жастарға аманаттау – үлкен жауапкершілік, қасиетті парыз.

Ешқандай заңды қажет етпей-ақ, елішілік үлкен мәселелерді шешіп, ұрпағының ұсақталмауын қадағалап, ар тазалығы мен жан тазалығын алдыңғы орынға қойған абыз ақсақалдарымыз қандай қадірлі еді !

ҚР МСМ ДІК Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы

Конфессияаралық ынтымақтастық бөлімінің бас сарапшысы, ф.ғ.к.,С.Дуанаева

0
32589
0