Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
22:35, 10 марта 2016

Өзіміздің өнім өзгеден артық

Елімізде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін іргедегі Қытайға сатудың қандай қиындығы бар?

Соңғы кездері дәл осы тақырып қозғалғалы бері қисынды-қисынсыз әңгіме де көбейіп кетті. Онсыз да қазақтың еті мен қауын-қарбызы берісі Ресейде, арысы Еуропада саудаланып жатыр емес пе? Мыңдаған шақырымға шаршамай жеткізген қандастарға дәл иектің астында тұрған көршіге тасымалдау әлдеқайда жеңіл ғой. Оның үстіне, кәрі құрлықтағы барша елді қосып санасаң да 1,3 млрдтан асқан қытайыңның жартысына да жетпейді. Осыншама алып нарық жанымызда жатқанда біз «ол жаққа сату керек пе, өзімізге де жетпей қалмай ма, қытайың ала ма?» деген  сыңаржақ сөзді қарша боратып жатырмыз. Тоқтаңыз, алдымен дәл сол көршіміздің өзі қоймай сұрап жатқанын білесіз  бе?

«Қазақтың өнімдерін сату  менің жұмысым»

– Қазақтардың ауыл шаруашылығын-да дайындайтын қайбір өнімі де эко­ло­гиялық тұрғыдан өте жоғары сапаға ие, – дейді өт­кен аптада журналистермен ар­найы бас­қосу ұйымдастырған Қы­тай­дың Қа­зақ­стандағы елшісі Чжан Ха­ньхуэй. – Не­гізгі міндетімнің аясында сіз­дер­дің осы са­ладағы тауарларыңызды бі­здің үлкен на­рыққа шығаруға барынша талпынып жа­тырмын. Ең әуелі қазақ өнімдерінің эко­логиялық таза өнім екен­дігі туралы ақ­парат құралдарында молы­нан мақа­ла­лар шықты. Содан кейін ал­ғаш­қы тауар­лар дүкен сөрелеріне қойыл­ғанда, халық таласа сатып алды. Себебі Қытайда құ­рамында ГМО-сы бар тауарлардан тұ­тыну­шылар зәрезап болған. Миллиардан астам адамды асырау үшін бізге Еуро­па­дан, АҚШ-тан да азық-түліктер жет­кі­зі­леді. Олардың басым бөлігі ГМО қос­па­сымен дайындалған. Әрине, бұларды тұтынушылардың ара­сын­да ағзасында түрлі ауытқушылық­тар­дың пайда бола­тынын медицина ғылымы дәлелдеп отыр. Ал Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласында ГМО  қолдан­байды, өйткені оны қосудың мүлде қа­жет­тілігі жоқ. Бұл жайында естіген қы­тай­лық инвесторлар қазір Астанаға ар­найы келіп, Үкіметпен келіссөздер жүргізіп жатыр. Біз, әрине, ортақ шешім тапқан соң мол қаржыны қазақтың ауыл шаруашылығын дамытуға саламыз. Бү­гінде әлемдегі технологияның 50 пайызы Қытайда дайындалады. Егер жаңарған технологиялар қазақ жерінде қолданылса, өнім түсімі де бірнеше есеге артатындығы сөзсіз. Ал алынған өнімді ше­карадан өт­кізіп сатуға алаңдамаңыздар. Ол тікелей менің жұмысым. 

Осылайша, екі елдің экономикалық тұрғ­ыдағы байланысын жаңа деңгейге көтеруді көздеген елші саладағы тың жо­ба­ларын бөлісті. Мәселен, биыл Бейжің Астанаға қазақтардың 500 мың қойын тірідей сатып алуға ұсыныс білдіріп отыр. Ал келесі жылы 1 млн қой сатып алмақшы. Чжан Ханьхуэй мырза мұның себебін Қы­тайда тұратын мұсылмандар мен  ГМО-сыз өнімді тұтынушылардың кө­бейетіндігімен байланыстырып отыр. Қой етін, негізінен, Австралиядан алды­ра­тын мемлекет мұхиттың арғы жағына қа­рағанда көрші қазақтардан жеткізетін жануардың шығыны әлдеқайда төмен деп есептейді. Демек, енді «мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп мақалда­татын жаңа кезең келгелі тұр.

Қытай бағыты қалай таңдалды?

Таяуда Ауыл шаруашылығының алқа мә­жілісінде министр Асылжан Ма­мыт­беков қарамағындағыларға жылдың қорытынды жиналысының кеңестік үл­гіде ұйымдастырылғанына реніш білдірді. Негізінен, кілең мақтаныш үшін айты­латын сандар мен сөз жүзінде жоспар­лар­ды асыра орындаушылықтың зардабы неге соқтыратындығын шынында да сол дәуір дәлелдеп берген еді. Бесжылдық жос­парларды құжат жүзінде ғана жалау­латып орындаушылықтың соңы эко­но­микалық тоқырауға ұшыратқанын ел ұмы­та қойған жоқ. Демек, дәл осы ауыл шаруашылығында жалпылама шаруа емес, алда атқарылатын ауқымды жобалар мен оған кедергі келтіретін келең­сіз­дік­терді жою туралы мәселе қабырғасынан қойылуы керек. Ойды осылай өрбіткен ми­нистр Мамытбеков өзі басқарып тұр­ған сала үшін дамудың басты тетігі ре­тінде Қытай тарапына экспортты арттыру міндетін қойып отыр. Әрине, бүгінге дейін сауда нарығын Кедендік одақ ая­сын­дағы екі елден іздеп келген Қазақстан Үкіметінің бұл қадамын қалай түсінуге бо­лады?

Негізінен, Қытай еліміздің эколо­гия­лық таза әрі сапалы тауарын алуға дайын. Бұған Қытай үкіметінің жаңашыл  сая­саты себеп болып отыр. Мәселен, бұры­ны­рақ Қытай өзінің өте үлкен халқын қан­дай да болмасын азық-түлікпен қам­тамасыз ету міндетін алға қоя отырып, тұ­тынылатын тауардың сапасы мен эко­логиялық мәселелерін ескермей келген болатын. Сапасы төмен әрі ГМО қосыл­ған тауарларды тұтынып әбден тойынған Қытай 2015 жылдың қараша айында өткен Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің пленумында Қытай үкіметі өз халқын экологиялық таза, яғни ГМО-сыз азық-түлікпен қамтамасыз ету­ге бел буды. Дәл осы шешім  Қазақ­стан­ның «Органикалық өнім өндіру туралы» заңымен тұспа-тұс келді. Сонда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде көріп­кер­лік қасиет бар ма? Әлде бұл кездейсоқтық па, я болмаса жоспарлы жұмыс па? Десек те, заң жобасын мақұлдау ұзақ та қарқын­ды жұмысты талап ететіні баршамызға мәлім. Біріншіден, оны салааралық бір­лес­т­іктермен, мүдделі мемлекеттік ор­ган­дармен, мәжіліс, Сенат тағы бар деген­дей, осы үрдістің өзі бір жылдай уақытты қам­­титыны анық. Ал қазақстандық  тауар­­­лардың, әсіресе, экологиялық таза­лы­ғы, сапасы, құнары және басқа да та­лап­тарға сай келетіні сөзсіз, әрине. Се­бебі біздегі өнім химиялық қоспасыз, тек био­технологиялар көмегімен өсіріледі. Сон­дықтан мұндай таза табиғи өнімге нарықтағы сұраныс әрдайым жоғары. Яғни осы бағыттағы атқарылған ауқымды жұмысты ҚР Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің әлемдегі тенденцияларды алдын ала анықтай ала, дұрыс страте­гия­лық жоспарлаудың нәтижесі деп санауға болады. Енді жаңа құжат мақұлданғаннан кейін Қытай тарапы біздің өнімдерге шекараны ашып, тіптен инвесторлары да ағылып келе бастағанына куә болып отыр­мыз. 

Енді «миллиардтаған Қытай нарығын Қазақстан экологиялық таза, сапалы өнім­­дермен қамтамасыз ете ала ма?» де­ген сауал туындап отыр? Осы тұста да ми­нистрлік бір қадам алда жүрді. Шаруа­лардың ұсақтығы, өткізу нарығына қол­жетімділіктің төмендігі, тұрақты шикізат қорын құру, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және т.б мәселелерді шешу үшін тың құжаттың әзірленуіне итер­меледі. 2015 жылдың 29 қазанында Мемлекет басшысы «Ауыл шаруашылығы кооперациялары» туралы жаңа заңға қол қойды. Бұл құжатта да кооперативтердің статустары, жыл сайынғы табыстарды бөлу, ревизиялық тексерістер ұйымдас­тыру, өз мүшелеріне тауарды өзіндік құн есебімен сату және арнайы салық режимін қолдану мен ішкі аудит құнын 50 пайызға дейін субсидиялау жайы түбегейлі ше­шілген. Ең бастысы, өз алдына ұсақ-түйек шаруашылықтардың басын кооперация қосып, экономикалық ірілендіруге жол ашады. Осы қадам арқылы саладағы ең­бек өнімділігінің тұрақтылығы мен жо­ғарылауына қол жеткізу көзделуде. Ал кооперацияны дамыту үшін министрлік субсидиялау ісін барынша оңтайлан­дыру­ға көшуде. 

Осы бағытта жүзеге асырылған оң өз­ге­рістер мен жаңалықтардың бірі – Қа­зақ­станның Халықаралық эпизоотиялық бюроның қолдауымен 9 облыс бойынша (Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Пав­лодар, Қостанай, Қарағанды, Сол­түс­тік Қазақстан және Батыс Қазақстан) вакцинасыз аусылдан таза аймақ статусын алуы. Бұл статус өз кезегінде отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне еш кедергісіз мал шаруашылығы өнім­дерін Қазақстаннан тыс жерлерге шы­ғаруға мүмкіндік бере отырып, біздің бәсекелік артықшылығымызды нығай­тады. Бір айта кетерлігі, бүгінде бұл мәр­тебеге тек Қазақстан ғана қол жеткізген екен. Мәселен, Қытайға көршілес Ресей мен Қырғызстан мемлекеттерінде мұндай мәртебе әзірше жоқ.

Субсидия қайтарымсыз қаржы емес

Субсидия Дүниежүзілік сауда ұйымы­на кірерде Қазақстан тарапының алдын­дағы ең үлкен мәселенің біріне айналды. Өйткені ДСҰ-ға таяуда кірген Ресей, Ук­­раина, Қырғызстан, Молдова, Хорва­тия, Грузияда ауыл шаруашылығын суб­си­диялау мөлшері 5 пайыздан аспайды деп бекітілген. Ал бізге түрлі дауласулар мен талқылаулардан соң 8,5 пайыз көле­мінде субсидиялауға құқық берілді. Бұл атал­ған саладағы үлкен жетістік деп са­на­лады. 

Жалпы, елімізде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі кейінгі жеті жыл­да 3,5 есеге өсіп, 2014 жылы 146,6 млр­д теңгеге жетті. Алайда қазынадан қар­жы-қаражат молынан бөлінсе де өнім көлемінің өсуі баяу жүруде. Мамандар оны субсидиялардың ынталандыру те­тігінің төмен болуымен байланыс­ты­рады. Соның кесірінен кейбір өңірлерде тұқым­ды шашып, соның құжаттарын өткізіп-ақ қажетті қолдау қаржыны алып келеді. Ал өнім сол күйі жиналмай қалады. Ми­нистр­ліктің өзгерісіне орай енді кейбір субсидиялар жиналған өнімнің көлеміне қарай беріледі. Мұнымен бірге, өзгеріске сәйкес инвестициялық субсидия түрі енгізілді. Тіптен жайылымдық жерлерде құдық қазу, вагон қою, күн электр энер­гиясын шығаратын құрылғыларды орнату кезінде жұмсалған жалпы шығынның 80  пайызына дейін мемлекет төлеп жатыр. Егер кәсіпкер ауыл шаруашылығы өнімін өңдейтін зауыт салса, соған кеткен шы­ғынның 50 пайызы субсидия ретінде бюджеттен қайтарылып беріледі. Әрине, кәсіпорынның толықтай іске кіріскені басты талап ретінде қарыстырылып, тек содан соң ғана жарты шығыны өтеледі. Мемлекеттің осындай қолдаулары өнім­нің сапасы мен көлемін арттырып, экс­портқа тауар шығаруға мүмкіндік туғы­за­тындығы сөзсіз.

Қытай қапты қойып, вагонға көшті

Ауыл шаруашылығын дамытуды ерек­ше назарда ұстайтын Елбасы өткен жылы Қытайға сапарында төраға Си Цзинь­пинмен өте маңызды келісімдерге қол қой­ды. Мәселен, аты әлемде астық ал­пауыт­тарының қатарында аталатын Қа­зақстан тәуелсіздік алғаннан бері көрші Қы­тайға бидай сата алмай келді. Жа­ны­мызда алып нарықтың тұрғанына қара­мастан, амал жоқ, вагондарды Иран мен Ауғанстанға қарай жөнелтіп жататын. Себебі Қытай Қазақстаннан бидайды тек қапшықпен сатып алуды ғана міндет­тейтін. Миллиондаған тоннаны қанша қапқа салу керектігін және оған кететін шығындар мен қаржыны есептей беріңіз. Өткен жылғы сапарда сол талап жойылып, Бейжіңге алғаш рет бізден 500 мың тонна астық экспортталды. Алдағы жылдары 

1 млн тонна бидай көрші елге жөнелтіледі. Мұндай келісім егінмен айналысатын шаруашылықтарға айтарлықтай қолдау болғаны анық. 

Бүгінде қытайлармен біріккен 19 ин­вестициялық жоба қолға алынып жатыр. Ал 2015 жылы 167 млрд теңге инвестиция салаға құйылыпты. Мәселен, қытайлық инвесторлар, негізінен, ет, май, томат, би­дай өсіріп, өңдеуге қызығып отыр. ­Атап айт­қанда, министрлік осы салаларда бірлесіп жұмыс істеу үшін «Rifa Holding Group», «Айцзюй», «CITIC» и «COFCO» сынды қытайдың ірі компанияларымен мә­міле жасасып жатыр. Соның ішінде  «Rifa Holding Group» компаниясы ет өңдеу кластерін құру жөнінде мемо­ран­думға қол қойылды. Аталған инвестор Шығыс Қазақстан облысында 7,9 млрд теңге болатын қой мен сиыр етін өңдейтін кешенді салуға кірісті. Бұл компанияның кәсіпорындағы үлесі 49 пайызды құрайды. Ал дайындалған өнімнің 80 пайызы Қытайға экспортталады. Сонымен бірге компания өкілдері қазір Ақтөбе, Қос­танай, Алматы облыстарындағы шаруа­шылықтың жайын зерттеп жатыр. 

Сол сияқты Солтүстік Қазақстан об­лы­сында қытайлық «AIJIU» компаниясы   «Total Impex» ЖШС мен бірге 58 млн долларлық кешен тұрғызуда. Мұнда жылына 80 мың тонна өсімдік майы, 200 мың тонна ұн және 200 мың тонна жем дайындалады. Ал келесі  «COFCO» ком­паниясы Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарынан жылына 120 мың тонна томат өндіретін зауытты 80 млн долларға салмақшы. Гон­конгтық атақты  «Oriental Patron» қар­жы­лық тобы отандық «Казэкспор­тас­тык» компаниясымен бірігіп, ауыл шаруашы­лығы саласындағы терең өңдеу ісіне 500 млн доллар инвестиция жұмсауды жос­парлап жатыр.

Басты артықшылықты байлыққа айналдырайық

Бұл ауқымды жобалардың барлығы  ауыл шаруашылығын дамытуды көздейтін Елбасының «100 қадамына» толықтай сай келеді. Өйткені жарты әлемді техникамен қамтамасыз ететін қытайлық мамандар елге де жаңа технологияны енгізеді. Бұл тұста әлдекімдер арандататын «қытайлық қауіптен» қорқу қажетсіз. Барлығы келі­сім­дер аясында жүзеге асатындықтан техниканы орнатып, іске қосатын маман­дардан бөлек ол жақтан ешкім де кел­мейді. Барлық жұмысшылар мен бас­қарушылар толықтай жергілікті азаматтар болуы тиіс. Қазақстан тарапының басты талабының бірі де осы. Ал заманауи техника мен технологиясыз шаруашылық­ты дамыту мүлде мүмкін еместігін айдан анық нәрсе. Далада жүргеніне отыз жыл­дан асқан тракторлар мен шығыны көп цехтардан экспортқа лайықты өнім алу мүмкін бе?

– Бұл мақсатқа жету  үшiн ғылымды кө­теру керек, – дейді академик Ғани Қалиев. – Бiзде 100 миллион гектардан астам жайылымдық жер пайдаланылмай жатыр. Ғалымдардың санауы бойынша, ол жерде 40 миллион бас қой ұстауға мүм­кiндiк бар. Ол бiр миллион тонна ет. 100 миллион гектар жердiң астында су бар, бе­тiнде жоқ. Демек, жерастынан су шы­ғару үшiн электр қуаты керек. Екi облыста жел мен күннен электр қуатын алуға тә­жiрбие жасап жатырмыз. Осындай iстердi жүзеге асырған жөн. Жалпы, ғалымдардың есебi бойынша, Қазақстан ауыл шаруа­шылығы бар мүмкiндiктi ұтымды пай­даланса, 50 миллион халықты асырауға шамасы бар. Үкімет алдымен барлығын жоспарлап, нақтылау керек. Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне экспорт пен импортты қадағалайтын құзыр берілсе артық емес. Сонымен бірге  жер иелену­шілердің арасында екі тап қалыптасқан сияқты. Ірі алпауыттар мен шағын фер­мерлер. Енді екінші топтың басын қо­сатын «Ауыл шаруашылығы коопе­рация­лары» туралы жаңадан қабылданған заң­ды толығымен қолдаймыз. Дегенмен, мұн­да ортақ зауыттар салумен ғана шек­теліп қалмауы қажет. Біріккен түрде жаңа техника мен тың технологияға қол жеткіз­генде ғана күшейе алады. Сонда ғана экс­портқа қажетті өнімді дайындай ала­мыз. 

Еліміздің қалыпты экономикадағы ті­регі мұнай да, газ да емес – ауыл шаруа­шылығы екендігі қашаннан бері белгілі дүние. Оған Қазақ жерінің табиғаты мен климаты, ең бастысы, орасан кеңдігі мол мүмкіндік беріп тұр. Оның үстіне адамзат­тың қатары артып, қарасы молайған заманда қанша тұстан дағдарыс туса да тір­шілікті нәрі –  азық-түлікке деген сұра­ныс төмендеген емес. Ал осынау байтақ далада тумысынан шаруашылық еңбегіне епті қазекем өз артықшылығын бағалап, істің көзін таба білсе, нағыз байлыққа ке­нелетіндігі күмәнсіз.

Бейсенбай ТӘЖІБАЙ

 
0
432
0