Аллаһ Тағалаға қарай бір қадам аттаған болсаң...

Асхат Еркімбай 2010 M08 19
848
2
0
0

Армандауға қорқатындарды жек көремін. «Өз алдыңа кішкентай мақсат қойма!» дегенді қаншама рет естідім. Адамдар бізге осыны айтқанда: «Шынымен де, көтере алмайтын шоқпарды беліме байлағалы жүргенім...

Армандауға қорқатындарды жек көремін. «Өз алдыңа кішкентай мақсат қойма!» дегенді қаншама рет естідім. Адамдар бізге осыны айтқанда: «Шынымен де, көтере алмайтын шоқпарды беліме байлағалы жүргенім жоқ па? Әлде бұл айтылып жүргені жай сөз бе? Асылында солай болар…» деген ойдың жетегінде қаламыз.

Мен де ұзақ уақыт бойы солай ойлап жүрдім. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) хадисін оқығаннан кейін барып, көзқарасым түбегейлі өзгерді. Пайғамбарымыз өз хадисінде дұға қылып, Аллаһтан жәннатты сұрағанда, абзалы жәннатың ең жоғарғысы – әл Фирдаус, әл А'ләны сұрау керектігін айтады. Яғни, Аллаһтың елшісі бұл жерде: «жеңіл мақсатқа ұмтылмаңыздар» дегенді меңзеп тұр.

Университетте емтихан тапсырғанда қаншама рет өз-өзімізге «Тапсырсақ болды» дегенді армандап, нәтижесінде «жақсы» немесе «қанағаттанарлық» деген баға алатынбыз. Аллаһтың елшісі бізге мақсатты биігірек қою керетігін үйретеді. Себебі, ең төменгісіне ұмтылатын болсақ, өкінішке қарай, бағындырғанымыз аласа қырат болмақ.

Сонымен, біз өз алдымызға мүмкіндігінше биік мақсаттар қою керектігімізді түсіндік. Алайда нақты мақсаттарымыз болмаса, не істемекпіз? Егер осы уақытқа дейін өмір сүрудегі мақсатымызды түсіне алмай жүрсек ше? Барлық мақсаттарымызды орындайтындай ұзақ өмір сүреді деп кім айтты?

Алайда егер біз болашақ туралы ойлағанда кейбір маңызды жайттарды қаперде ұстайтын болсақ, қалғанын Аллаһтың өзі береді:

  1. Барлығы да өмірлік мақсаттарға сәйкес болуы керек. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Мен жындар мен адамдарды өзіме құлшылық қылу үшін жараттым» (Құран, 51:56) деп айтады. Біздің осы өмірдегі мақсатымыз Аллаһқа құлшылық қылу екен. Сондықтан да алдымызға мақсат қойғанда оның Аллаһтың қалауына сәйкес екеніне көз жеткізу керек. Егер де мақсатыңыз тыйым салынған істердің бірінен болса, онда ең үлкен мақсат – жәннатқа жетелейтін жолдан адасып қаласыз.
  2. Барлық амалдар ниетке қарай бағаланады. Ниет – екі дүниеде де бақытқа жетелейтін алтын кілт. Мысалы, сабаққа тек амалдың жоқтығынан бару керек болғандықтан қатысатын студент пен Аллаһ ризалығы үшін баратын студенттің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Біріншісі екінші студент ниетіне сай алатын берекеден мақұрым қалмақ.
  3. Кез-келген амалды Аллаһ ризалығы үшін атқаруға болады. Сіздің дәрігер, физик немесе журналист т.б. мамандық иесі болғыңыз келетіні маңызды емес. Ислам діні мен күллі адамзатқа пайда әкелу үшін сізге өз мамандығыңызды жақсылап меңгеріп алу қажет. Егер дәрігер болсаңыз, өлім аузында жатқандарға көмектесесіз. Аллаһ Тағала бұл туралы Құранда: «…Ал осы жанды сақтау барлық адамды өлімнен құтқарғанмен бірдей» деп айтты (Құран, 5:32).
  4. Не істесеңіз де, ақша үшін ғана емес, өз еркіңізбен шын беріліп істеңіз. Өзіңіздің жаныңыз қалайтын, қызығып, құмартып істейтін іс тауып алыңыз. Әдетте ата-аналарымыз бізге болашақ мамандықты таңдағанда оның болашақтағы маңызы, атағы мен артықшылықтары жайлы көп айтып, өз пікірлерін мақұлдатқызғысы келеді. Әрине, біздер ата-аналарымызды ренжітпей, көңілдері толатындай кейіпте істі атқаруымыз керек. Десе де, өмірде өзіміз жақсы көретін іспен шұғылдануды қалайтынымызды дәлелдеуіміз керек. Өзіміздің қызығушылығымызды тудырған істі атқарған кезде, оны Аллаһ Тағала сыртымыздан қарап тұрғандай шын беріліп істейміз. Шындығында, бұл солай.
  5. Сыналасыз. Сонымен, ниетіңіз түзу жолда болға кезде, алдыңыздан қауіп-қатерлер шығатынына дайын болыңыз. Берілмеңіз! Өмірлік мақсат жолында сізге «құр сағым қуып жүрсің, арманыңа қол жеткізуің мүмкін емес» дегенді айтатын жандар да табылады. Сөйтіп, олар сенің өзіңе деген сеніміңді мұқалтқысы келеді. Егер мұндай қысымға шыдамайтын болсаң, Аллаһ Тағалаға сенбей, сынақтан өте алмай қалдым деп есептей бер. Егер Аллаһ Тағалаға қарай бір қадам аттаған болсаң, Ол бірнеше қадам жасайтынын қаперіңде ұста. Бізге бақытты да беретін, онымен адамды сынау үшін алып қоятын да бір Өзі.   Әрбір адамның ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді мақсаттары болатынын ұмытпауымыз керек. Алайда біздің ең үлкен мақсатымыз – Жәннаттың шыңы мен тозақ азабынан құтылу. Осы өмірде мәңгі өмір сүретіндей жұмыс істеңіз, бірақ о дүниеге ертең аттанып кететіндей дайындықта жүріңіз. Ертең не болмақ? Ертеңгі күннің таңы сіз үшін атпауы мүмкін екенін де ұмытпаңыз. Жалған өмірге бүгін, ертең дайындалыңыз, алайда мәңгілік өмірге бүгін және әрдайым дайын болыңыз.

______________________
Ширен Эламави (Shirien Elamawy) — АҚШ-тың Луизиана Штатындағы Мемлекеттік университеттің бұқарамен байланыс бөлімінің белсенді студенттерінің бірі. www.islamonline.net сайтынан 

Оцените пост

0

Комментарии

0
МашАллаһ!!! Өте мағыналы да,мазмұнды мақала екен. Көп-көп рахмет !
Показать комментарии
Дальше