Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
22:44, 06 декабря 2015

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕРДІҢ РӨЛІ

Барлық заманда рухани құндылықтар адам қоғамы мен мемлекеттің дамуын негіздеуші күш болып табылады. Қоғамдар мен мемлекеттерде орын алатын саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер рухани құндылықтардың тікелей ықпалымен жүзеге асады.

Қазіргі таңда жаһандық қауіптер мен қатерлер, елдердің өзара бір-біріне тәуелділігінің артуы рухани құндылықтардың жасампаздық сипатын жаңа деңгейде қажет етіп отыр. Осы ретте жақсылық пен әділеттілілік, төзімділік пен сенім, сүйіспеншілік пен патриотизм, өзге этностар мен дәстүрлерге құрметпен қарау сияқты мәңгі өшпейтін рухани-адамгершілік құндылықтар әлемнің барлық елдерінің күн тәртібіне шығып, ел басшылары тарапынан нақты қадамдар жасауды талап етуде.

Бұл жаһандық үрдістен еліміз де қалыс қалған жоқ. Турасын айтсақ, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевел тәуелсіздігінің бастапқы күндерінен-ақ рухани құндылықтарды мемлекеттілігіміздің тірегіне айналдырды. Тағдыр тәлкегімен сан алуанэтнос өкілдерінің Ұлы далада бейбітшілік пен қонақжайлылықты, төзімділік пен құрметті ту еткен қазақ халқының төңірегінде ұйысуы арқасында этносаралық және конфессияаралық келісімнің «қазақстандық үлгісі» дүниеге келді. Сан алуан түсініктері мен сенімдері бар Қазақстан халқының келісімі мен бейбіт әріптестігімемлекетіміздің саяси тұрақтылығының сақталуы мен нығаюына, экономикасының қаулап дамуы мен әлеуметтік өрлеуіне жағдай жасады.

Діни мүддесі ортақ 18 конфессия өкілдері бейбіт қатар өмір сүріп отырған Қазақстанның тәжірибесіне жаһандық деңгейде де қажеттілік туындады. Қазақстанның әлемнің діни лидерлерінің кездесу мен келіссөз алаңы болуы заңды. Осыдан 12 жыл бұрын Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасыменЕуразия құрлығының төрінде Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I Cъезі өткен болатын. Дәстүрге айналған бұл алқалы жиын биыл елімізде бесінші мәрте өткізіліп, дінаралық сұхбат пен келісімдіқолдайтын әлемнің мәртебелі діни қайраткерлері мен саяси лидерлерін бір үстелдің басында жинады.

2010 жылы Қазақстанхалықаралық беделді ұйым - Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етіп, үшінші себет адами өлшемдер мәселелерін басты назарға алғандығы барлығымызға аян. Ал 2011-2012 жылдары Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалығыәлем қауымдастығына еліміздің ең жоғары дәрежедегі жаһандық сұхбат алаңына айналғандығын қайтара паш етті.

Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің қалыптасуында еліміздің дәстүрлі діндерінің алатын орны ерекше.Қазақстанда ислам мен православие дәстүрлі діндер болып табылады. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның преамбуласында Қазақстан Республикасы «ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін» «негізге алады» делінген.

Қазақстанның тәуелсіздік алуымен ел тұрғындары тарапынан дінге деген қызығушылық арта түсті. Әсіресе ислам дінінің қайта өрлеуі қоғамның барлық салаларынан көрініс тапты. Құлшылық етуге, діни білім мен ұйымдарға тыйым салатын заңдардың күші жойылып, конституция дін еркіндігіне кепілдік берді. Сонымен қоса, ислам діні бұрын басымдыққа ие болған Кеңес ұлты идеологиясына маңызды балама болып табылатын жаңа біріктіруші идеологияның басты құрамдас бөлігі ретінде қабылданды. Қазақстандағы ислам діні қазақ халқының ұлттық дәстүрлерімен тығыз қабысып жатыр.

Қазақстанның дәстүрлі діндері ханафи бағытындағы ислам мен православиелік христиандық арасындағы қатынас бастапқыдан құрмет пен сенім негізінде қалыптасты. Екі діннің де дінбасылары халық пен мемлекет тарапынан өткізіліп жатқан іс-шараларға белсенді түрде бірлесе қатысып, бір-біріне деген жақсы қатынас үлгісі арқылы халықты бейбітшілікке, өзара құрмет пен келісімге шақыруда. Жастардың рухани тәрбиесіне ерекше назар аударып, мерекелер мен мәдени іс-шараларды бірлесе өткізіп отыр. Мысалы, Ораза айт пен Құрбан айтта, Пасха мен Рождествода дәстүрлі діндердің діни қызметкерлерімен қатар қарапайым мұсылман мен православие өкілі салтанатты киімдерін киіп, гүл және кәдесыйларымен бір-бірін мерекемен құттықтайды. Салтанатты дастарқан басында өмірдің ең өзекті деген тақырыптары жайлы ашық та еркін түрде пікір алмасады.

Адам үшін рухани құндылықтардың қажеттілігі әрдайым өзгеріссіз қала бермек. Өмір бағдарының бірі ретінде рухани құндылықтар адам баласына қоршаған ортаны тануға, өз тіршілігінің мән-мағынасын табуға, өзіндік даму мен жетілуге жәрдемдеседі. Дәстүрлі діндер рухани ағарту, тәрбие мен салт-дәстүрлерді сақтау мен жеткізу жолындағы маңызды факторлардың бірі әрі бірегейі болып табылады.

 

ҚР МСМ ДІК Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы

Халықаралық ынтымақтастық бөлімі басшысының м.а.

Ахметқұл Серғазы

0
12373
0