место в рейтинге
  • 213881
  • 181
  • 42
Нравится блог?
Подписывайтесь!

Қаракерей Қабанбай батырдың Ақмоласы

Көпшілік арасында, Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесінде жұртшылық әдетінше алғашқы сауалдарын:

- Батыр бұл жаққа қалай жерленген? Талдықорған, Семей өңірінде емес пе сүйегі? -деп бастайды.

- Қайсібірі:

- Түркістанға неге алдырылмаған?-деген астарлы сұрақ та қояды.

- Осы екі сауалдың екіншісіне алдымен жауап берген оңды секілді. Түркістанға Ұлыларымызды апару міндет болмағаны белгілі. Әйтпесе, Түркістанның түбінде жерленген Төле би, Бәйдібек баба, Домалақ ана, Төлегетай бабалар да Түркістанға апарылмай, өсиет еткен жерінде жамбастары тиген ғой. Сондықтан да, Түркістанда жерленуден аса зор мемлекеттік маңыз күтудің қажеті жоқ сияқты. Ал, Абылай ханның сол Түркістанда туғаны, сонда өлгені шындық. Сол себептен де өзінің «от орнына» қойылған.

Енді, бірінші сауалға келейік. Бұған кеңірек тоқталамыз және Сіздің алып-қосқыңыз болса ризашылықпен қабылдаймыз.

Кесененің жалпы көрінісі

 

***

Қаракерей Қабанбай батырдың қайда туып, қайда өлгені жөнінде әркім өз білгенінше пікір айтып қалуға әуес. Мұның да себебі бар. Алдыңғысы – Ұлы бабамыз тұрғысында кім де болса бірдеңе айтқысы келеді. «Аталарымыздан естігенбіз, кітаптан оқығанбыз» дейді. Қай атасы, қай кітап екенін ойына түсіре алмайды. Ұзақ әңгімелесіп, нақтылы дәлелдермен Қаракерей Қабанбай батырдың Арқада Сарыбелге жерленгеніне көздерін жеткізгенде ғана көпшілігі «Солай екен-ау» деседі.

Келесі топтың сөзінен «шу» дегеннен-ақ жершілдік иісі аңқып тұрады. Олар өздері тұратын Жетісудың шығысы, Семей, Өскемен мен Қытай шекарасынан ата моласын көргісі келеді. Бұлар, негізінен наймандар. Олардың ойынша, Қаракерей Қабанбай батыр наймандардың топ ортасында жатуы тиіс. Ал өздерінің ол жаққа қашан көшіп барғандарында ісі де, шаруасы да жоқ. Тәптіштеп түсіндірген соң бұлар да илігеді.

Үшіншілердің пиғылы жаман. Дау шыққан жерде айтаққа айтақ қосатындар. Сөздері мынадай:

– Қабдеш Жұмалідов көнбей жатыр ғой...

– Советхан Ғаббасов деген кісі «Мен 1990 жылы «Қаракерей Қабанбай батырдың тойын жасау керек» дегенмін. Осы сөзімді Талдықорған облысы қолдап, оған Семей, Шығыс Қазақстан қосылды. Талдықорған мені тойға шақырмады» дейді.

– Сендер бір пікірге келесіңдер ме, жоқ па?

Осы пыш-пышқа, сүйретілген сүреңге бірнеше рет жауап бердік. Әлдекімдер көнбесе, оған тарихтың қанша қатысы бар екенін білмеймін. Ал С.Ғаббасовтың не деп жүргенін Талдықорған естіген де емес. Семей мен Шығыс Қазақстан өздері білер. Әдетте, бірмойындылық ұятқа қалдырады. Осыны ойлаған жөн-ау.

Десек те, «Қаракерей Қабанбай батыр қайда жерленді?» деген сұраққа тағы да дәлелді жауап беруге тырысайық. Бұған қоса «Сол тұста найман қайда қоныстанды?» дегенге жауап бере кетейік.

1991 жылғы мамырда Талдықорғанда өткен конференцияда Болатжан Абылқасымов баяндамасында Қаракерей Қабанбай батырдың өмірін зерттеудің үш қайнар көзін атады. Олар:

1. Ауызша жеткен көркем сөз үлгілері (ақын-жыраулардың толғаулары, аңыз-әңгімелер, өлең-жырлар);

2. Шежірелер (генеологиялық аңыздар);

3. Тарихи құжаттар.

Ғалымның пікіріне қосыла отырып, бұларға тағы да екі нәрсе қоссақ, дұрыс болатындай. Олар:

4.Топономика (жер-су атаулары);

5. Қаракерей Қабанбай батырдың өз ұрпақтарының айтқандары;

2001 жылы «Хан Батыр – Қаракерей Қабанбай» атты шағын дүниеміз жарық көргенін сөз алдында айтқанбыз. Ол кітапшаға сол жылға дейін қолымызға түскен деректерді арқау еткенбіз. Одан соң 2004 жылғы 5-11 наурыздағы «Алтын орда» газетінде «Дарабоздың Ақмоласы» атты мақала жарияладық. Мұнда соңғы үш жылда жинақтаған ақпараттарымызды, жалпы жұртқа ұсындық. Осы екі дүниенің басын қосып, қайта жазуға ниет еткенбіз. Алайда, ойластыра келе, кезең-кезеңімен табылған олжаларымызды сол күйінде ұсынған оңды деген пікірлер басым түсті. Алғашқысы «Хан Батыр – Қаракерей Қабанбай» атты кітапшадан.

Кітаптың өсы бөлімі барлық зерттеушілердің, ғалымдардың пікірлерін тоғыстыра отырып жазылды. Сондықтан да «Мынау пәленшенің мақаласынан екен» деген таңданыс немесе мұқату болмағаны жөн.

***

Алдымен аңыз-жырларға, қисса-дастандарға иек артамыз. Солардың барлығында дерлік өлер шағы жақындағанын сезген Хан Батыр:

«Арқаға арнап зират соғып, От орныма қойыңдар», – дейді. Сөйтіп, сүйегі Арқаға – Сарыбелге, Есіл-Нұраға қойылады. Бұл қай Сарыбел?

Әзірше «Қабанбай батырдікі» аталатын бес мола белгілі. Сөзді осының үшеуі қатар жатқан Жаркент өңірінен бастайық. Жазушы Б.Нұржекеевтің «Өзендер өрнектеген өлке» атты кітабында Орбұлақтың жанындағы Жалаулы төбесіндегі Қаракерей Қабанбай батыр зираты айтылады. Бірақ кейінгі кезде бұл ағамыз ол зират «Салхам Жәңгірдікі» деп жүр. Ендеше, сөзді осы моладан бастасақ.

– Жеті жасқа келгенде, екі аяғым тартылып, жүруден қалдым. Әкем бақсы-балгер атаулысына түгел көрсетті. Солардың бірі Құсмұрындағы, Жалаулы-Үйгентастағы «Қаракерей Қабанбай батыр зиратына түнеңдер» депті. Мал жайлауға енді шыға бастаған кез. Алдымен Құсмұрындағы бабамның моласына түнедік. Еш белгі болмады. Ертесіне Үйгентасқа (Белжайлаудағы) келіп, мен жатып қалдым. Тұра алмаймын. Әкем көтеріп жүр. Қабанбай бабамызға арнап құран оқыдық.

Түс ауа әкем от жағуға шырпы іздеп кетті де, мені ұйқы жеңді. Қанша ұйықтағанымды білмеймін, түсіме аса денелі, қарасұр адам кірді де: «Тұр балам, жатпа» деді. Ояна кетсем, бір аяғымның башпайлары жыбырлап қалыпты. Әкемді шақырдым, түсімді айттым. Содан оншақты күнде кереге жағалап жүре бастадым. Бұл кеңес үкіметі келмеген кез. Патшамыз Меколай.

Ер жете Қытай астық. Геологтарға жалданып, Алтай, Шәуешек, Бұратола, Құлжаны жаяу аралап шықтым.

Елге келдік. Әйелім бала көтермеді. Содан Қабанбай зиратына түнедік. Екі ұл көрдік.

Бүгін 85-ке келіп отырған Жапсарбай ақсақалмен бұл әңгіме 1991 жылы Жалаулы-Үйгентастағы батыр моласы жанында өткен еді. Біз осы арада отырғанда жүргіншілер де «Қабанбай зираты» дегенді тап басып, жаңылмай айтып жатты.

Мұнан батысқа қарай Дарабоздың тағы бір белгісі бар. Үйгентас-Жалаулыда мола жалғыз тұрса, бұл – аумақты қорым. Нақ ортасындағы үлкен төбе – Батыр жамбасы тиген орын аталады.

Бұдан батысқа қарай Аралтөбеге шығар жолдағы зират тым елеусіз.

Осылар туралы не айтуға болады?

Дарабоздың Белжайлауға келуі туралы ел аузында мынадай аңыздар сақталыпты:

Осы жерде Қабанбай батырды 18-19 жастағы Ханкелді батыр немересі Райымбек іздеп келіп, бата алған екен. Бұл етек-жеңі бар ұзақ әңгіме. Тоқ етерін ғана айттық. Екінші, Хан Батыр қартая бастағанда, Шағалақ:

–Сардар, Ақ Туыңызды ұстауға жас батырлардың ішінен қайсысы лайық? – деген сауал қояды. Сонда Қабекең Жалаулыға туын қадап тұрып:

–Бар қазақ қара басымды Ханға теңеп отырғанда, Үш Жүздің еш батырын алаламаймын. Айдының асқаның ал. – депті.

Талай батыр туға беттесе, ту дүрілдеп маңайлатпапты. Керей Жәнібек батыр ұмтылғанда ғана ту тынымдапты. Сөйтіп, Қаракерей Қабанбай батырдың мүйіз таңбалы Ақ Туы Керей Жәнібекке бұйырған екен дейді.

Бірақ, мұны осыдан 130 жылдай бұрын өткен Қытайдағы көтеріліс кезінде дүнгеннің Бор батырының Әділбектен Қабанбай Туын сұрап алып, Қытай шерігіне шабуы жоққа шығарғандай. Әлде Жәнібек батыр Туды қайтып берді ме екен?

Әңгіме түгел болсын, Жәнібектен қалған Ту сақтаулы дегенді естіп, Мұңғыл жеріндегі Баянөлгейге де барған едік. Амал не, ырымшыл қазақ Ту кебежеден шықса, бір зауал болады деп маңайлатпады. Өкіне кері қайттық.

Сонымен, Белжайлауда Қабанбай батыр туралы осындай екі дерек бар. Мұнан да бір түйін шығатын секілді. Егер Райымбек 18-19-да болса, ол 1748-1750 жылдар шамасы. Ендеше, осы кезде қазақ-қалмақ тарихында қандай оқиғалар өтті?

1750 жылы Жоңғар қақпасындағы қазақтың ірі жеңісінен кейін Абылай өз ордасын Іле өңіріндегі Күркілдеуік деген жерге тігіпті. Ондай болса, Хан Батырдың бұл жерден бой көрсетуі әбден мүмкін. Хан жүрген жерде әскербасы болуы – табиғи нәрсе.

Екінші, 1749 жылы Қалден Серен өлген соң Лама Дөржі таққа дүмін тигізді. Ал қай елде хан өзгерсе, саясат та өзгереді ғой. Осындай аласапыран кезде Қаракерей Қабанбай батыр шекарада «Қалай, қалай емес» деп сарбаздарын сақадай сайлап отырды ма екен?

Бірақ Дарабоздың 1770 жылы қайтыс боларында Белжайлауда отырғаны жөнінде дерек жоқ.

Құсмұрындағы зиратты «Кіші Қабанбайдікі» деген пайым да бар. Ол Қызай Есенгелді батырдың ұлы. Бұл да аты шыққан, айтулы батыр болған. Бірақ Кіші Қабанбайдың Белжайлауға қойылуы да көптеген сауал туғызады. Ең алдымен Қызайлар бұл жақты мекендемеген. Арқадан қазіргі орындарына көшкенде өтті-ау деуге еш негіз жоқ. Жол, бұрыс. «Тауарих Хамсада» Құрбанғали Халид қазақ пен қытай арасындағы Аягөздегі келісімді айта келіп, мынаны атап көрсетеді: «Қызайдан бұрын Аягөз маңына қонған ел жоқ».

Бұл тарихи фактіні Шоқан Уәлиханов та айтады: «Жоңғар халқын 1755 жылы Қытайлар жаулап алған. Ол халықтың иелігіндегі Балқашқа дейінгі жерлерді Қытай империясы өз құрамына енгізіп алған». (Таңдамалы. Алматы: Жазушы, 1985). Осы тұста Ш.Уәлиханов бір ғана дәлсіздік жіберген. Айтып отырғаны 1757 жыл болуы керек. Себебі, осы жылы орыстың Кияхта бекінісінде қалмақтың соңғы бас көтерері Әмірсана Тайшы өлді.

Ал Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болған жылдары оның елі қай жерді мекендеді дегенге Н.Бекмаханова мынадай дәлел ұсынады: «В 40-60 годы 18-го века ... происходит закрепление общинных земель... так батыры Кулсара и Кабанбай кочевали по реке Ишиму». (Н.Бекмаханова. «Легенда о невидимке». Алматы, 1968).

Ш.Уәлиханов пен Н.Бекмаханованың деректерін одан әрі нақтылай түсетін құжаттарға алда қайтып ораламыз. Әзірше айтарымыз – Белжайлаудағы зираттар Қаракерей Қабанбайдікі екені сенімсіздеу. Табан тірер дәлел жоқ.

Мұхамеджан Тынышбаев: «Наймандардың Қарқаралы уезі мен Шыңғыстауды тастап, оңтүстікке ығысқаны 1810 жылдар шамасында». Бұл Н.Бекмаханованың дәлелін тікелей құптайды. Найман көші әлі жолда. Арқа – Сарыбелден енді қозғалды.

Ғылым докторы Б.Әбілқасымов: «19 ғасырдың орта тұсында Алакөлдің шығыс жағын Қызайлар мекендеген. Қабанбайдан тараған ұрпақтардың Еміл өзенінен оңтүстікке өтуі 19-ғасырдың екінші жартысында қызайлар Жоңғар даласына ауысқаннан кейін ғана болған...». Жоғарыдағы екі ғалымды, Қаракерей Қабанбайдың тікелей ұрпағы, жас ғалым да қолдады. Көш – әлі жолда келеді.

Қаракерей Қабанбай батыр жөнінде өзге ұрпақтары не дейді екен? Дарабоздың кенжесі Әлінің бір ұлы – Садырбай. Одан 1969 жылы қытай тозағы «Тарым» түрмесінен қашып шыққан Оспанұлы Қапшырбай тарайды. Қапекең айтады:

– Қабанбай бабамның сүйегі Қытайда жоқ. Мен Байжігіт-Мәмбет-Қожақұл әулеттерінің қайсысы қайда жерленгенін түгендей аламын. Күндіз-түні жортпаған жерім, естімеген аңыз-әңгімем жоқ. Есептеуімізше, біз бабам өлгенде, Қытай жері тұрсын, Алакөлге де жетпегенбіз. Қабанбайдың ұлы Әлі мен немересі Садырбайдың Аягөз, Жарбұлақ маңында жерленуі осының дәлелі емес пе? Абылай «Көкірек әулие» атаған Қабанбай бабам Қытайға қойылса, мен білмей не көрініпті?

Атам Бүжік былай дейтін: «Қабанбай бабамыз қатты науқас» деп хабар жеткенде, Дәулетбай батыр Есіл-Нұра маңында отырыпты.

Қапшырбай ақсақалдың бұл дерегі Б.Әбілқасымовтың «Қабанбай елінің 1728-1762 жылдардағы құтты қонысы болған жер – Есіл мен Нұраның арасы» дегенімен қабысып тұр-ау. Қасымхан Әубәкіров:

– Аталарымның айтуына қарағанда, біздің ел патшаның қара жұмысына солдат бермейміз деп 1916 жылы Қытай асыпты. Мен Дәуіктен тараймын. Ол жаққа бізден он шақты жыл бұрын аталасымыз Жақанбай өтіпті. Одан бұрын Қожақұлдар Қытайда бірен-саран ғана болса керек. Әсілі, Қаракерей Қабанбай өсиетіне бас иген Қожақұл әулеті жұп жазбаған.

Зират мәселесіне келсек, мен ол жақты бір кісідей білемін. Облыс, аудан көлемінде ірі-ірі қызмет атқардым. Қытайда бабамның сүйегі жоқ.

Қабанбай атамыз қақаған қыста қайтыс болыпты. Содан алыста отырған, мынау, оңтүстік,  батыста отырған Ұлы Жүз бен Кіші Жүздің біраз игі жақсылары келе алмай қалыпты. Олар келесі жылы мола тұрғызылып, бабамыздың асы берілгенде бірақ келіпті. Бәйгеге қосатын аттарын, палуандарып, асқа тігетін үйлерін, сойыс малын, ішім-жемін, күтімшілерімен жетіпті дейтін.

Сонда Назым қыз ұзақ жоқтау айтыпты. Әжелеріміз, ауылдағы апаларымыздан естігеніміз бар. Сол жоқтауда:

Жиылып тегіс, ас беріп,

Қайтқан жерін айтайын –

Есіл – Нұра арасы.

Ақ атанын шөгеріп,

Жатқан жерін айтайын –

Сарыбелдің сағасы. – деген екен деп отырушы еді.

Жөндеп құлақ қоймаппыз. Кейіннен Қазақстанға өткен соң, Үржарға барған бір тойымызда бұл жоқтауды Назымға Мырзагелді жазып бергенін білдік. Тегі Мырзагелді атамыз хат-хабарға жүйрік болса керек. Кезінде осы атамыз Байжігіттің шежіресін де жазған дейді. Бірақ соны өзім көрмедім. Мақаншыда Мұстақым тұрады. Сол біледі жөнін.

Қасымхан ақсақалдың осы әңгімесінен соң «Қаракерей Қабанбай Арқаға жерленбеген» деп жүрген бауырларымыз не дер екен. Мұнымен де дауласа ма?

Жыршы Қыдырмолданың «Қаракерей Қабанбай бабамыздың зираты – Ақмола түбінде» дегені құлағымда.

Нақ осы сөзді Қыдырмолда жыраумен көп араласқан Дәуітәлі Нұртазиннен де естіген едік. Ол айтатын: «Қыдырмолда Қабанбай батырдың тікелей ұрпағы. 1931 жылы айдаудан қашып шығып, Ақмоладағы Қабанбай батыр зиратына түнеп, бата жасап, Қытайға өтіпті».

– Қабанбай аттас біреу шығар?

– Жоқ. Қыдырмолда «Қаракерей Қабанбай батырдікі» – деп айырып айтатын.

– Біреуден естіген де.

– Жоқ. Қыдырмолда бұл зиратты аталарынан естіген.

Сөз реті келгенде, Батырдың ұрпағы Базархан атты кейуананың әңгімесін де алға тартқан жөн. Ол кісі:

– Қытайға өтуге пейілденген соң, Қожақұл ұрпағынан он шақты мықты жігіт қос-қостан жетек ат алып, Арқадағы Қаракерей Қабанбай Батырдың Ақ моласына құран оқып қайтыпты. Содан біраз уақыттан кейін үдере көшіппіз. Аталарым айтатын.

Өкітай Ахметов: 1998 жылы 97 жасында Қаракерей Қабанбай батырдың ұрпағы Орынбай ата Сағымов қайтыс болды. Ол кісі айтатын: «Қабанбайдың сауытын екі палуан көтеріп әкелді. Етігі белімнен асты, дулығасы кішігірім қазан дерсің. Мен де екі метрге тақаумын ғой. Сонда атам қандай болды екен? Бабам туралы үш жырды жатқа айтамын. Мола жөніндегі білетінім – Есіл-Нұра маңында. Он бестемін. Біз Қытай жеріне кетпес бұрын он шақты жігіт Арқаға барып, атамызға құран оқып қайтты. Мені баласынып алмады. Соған әлі өкпелімін».

Алдыда аталған Базархан кейуана Алакөлдің түстігін мекендеген Байжігіттен де, Орынбай ата терістігін мекендеген туысы. Осыған қарағанда, алыс-жақын отырған ағайындар ақылдаса келе, сапарға бір мезетте шыққанға ұқсайды. Және екі қарияның сөздері егіз тамшыдай. Міне, осы дәлелдерден соң Қаракерей Қабанбай батыр ол кезде Қытайға өтпегеніне көз жеткен секілді. Тіпті, 1769 жылы Аягөз маңында да орналасып үлгермеген. Ендеше, Қытайдан зират іздеу нәтиже бермес шаруа.

Сөз басында барлық жырларда батыр Арқада жерленетінін айтқанбыз. Мұнда да екі зират бар. Біріншісі, Жезқазған өңіріндегі Таңбалы тас жанында. Ол жөнінде белгілі жазушы, ғалым Тарақты Ақселеу аға былай дейді: «... Кіші Жүз Қабанбай батырдың сүйегі жерленген соң, «Қабанбай қорымы» аталып кеткен. Зират Сарысу маңында, Қызылжар ауылына таяу.

Ақселеу аға жоғарыдағы тоқтамын әбден зерттеп барып, қағазға түсірсе керек. Ендеше, Ахаңа сенеріміз кәміл.

Енді Ақмола түбіндегі Қызылжар ауылы жанындағы Қабанбай батыр моласы жайлы айтудың реті келген сияқты.

Еліміздің жаңа Астанасы жанында Қаракерей Қабанбай батырдың зираты болуынан астар іздеушілер де шығып қалуы мүмкін. Бірақ Астананың Қабанбайға қатысы болмаса керек. Дарабоз жерленген өңірге астананың ауысуынан Қаракерей Қабанбай іріленбейді. Хан Батыр онсыз да алып тұлға. Өз атағы өзіне жетеді. Іздеп отырғанымыз ақиқат.

Мұнда талдықорғандық азаматтар 1991 келіп, дерек жинап, бейнетаспаға түсірген едік. Мола дөң үстінде, құлаған. Айнала алақандағыдай көрінеді. Сол кездегі Ақмола көз алдымда жатыр.

1998 жыл. Қаракерей Қабанбай батырдың құлаған моласы

Зират шикі кірпіштен салыныпты. Көлемі 14х14 шаршы метр. Күмбезі құлаған соң, жанашырлар үстіңгі топыраққа адам аяғы тимесін десе керек, тікенек сым темірмен қоршапты. Қорғанның аяқ жағы мен ту сыртына жиырма шақты адам қойылған. Бас жағы бос. Бұл тегін адам жатпағанының айқын айғағы.

Құран оқыған соң Қызылжарға оралып, ауыл адамдарының басын қостық. Сонда түйгеніміз, мола 1950 жылдардың аяғына дейін тұрған. Күмбезді, төртқұлақты салынған.

Қаракерей Қабанбай батырдың алғаш салынған кесенесі

Тың игеру басталғанда, қазақтың қадір-қасиетіне жауша тиген келімсектер біртіндеп кірпішін алыпты. Оған не Алла, не Аруақтан қорықпаған бір-жар қазақ та қосылыпты. Сөйтіп, бас-аяғы екі-үш жылда төбесі құлап, қабірдің үстіне түскен. Бірақ, аруақ аттағандар да оңбапты. Тұқым қалмаған сыңайлы.

Кезінде құлпытас тұрыпты. Ауыл адамдары зираттың Қаракерей Қабанбай батырдікі екеніне имандай сенеді.

Мұнан соң құлағы түрік журналист ағайындарға жолықтық. Облыстық газет пен телерадиокомитетте естігеніміз:

– Несіне күдіктенесіңдер! Әлде Қаракерей Қабанбай бізге жат па? – деген сөгіс болды.

Үшінші рет 1994 жылы Ақмолаға тағы арнайы барып, соны деректер іздестірдік.

Міне, қызық! Зиратқа біреулер ағаш егіп, гүл қойып кетіпті. Амал не, су тапшылығынан екеуі де қурап қалған. Қызылжар, Рождественка, Майбалық, Мичурин ауылдарынан сұрастырып, бұл кімдердің қамқорлығы екенін анықтай алмадық. Бірақ, қызылжарлық зейнеткер Саят Қожашев деген ағамыздың аузынан мынадай әңгіме естіп, үнтаспаға жаздық:

–Мен кеңшар кезінде 30 жылдан астам мал қыстауларының меңгерушісі болдым. Осы маңайдың өткен-кеткеніне жетікпін. Ауылда арғы-бергіні құлағымызға құйып отыратын Дүйсенбай, Танаш, Қабдікеш, Жүніс, Әлкей аталар болды. 70-ші жылдардың басында 80-нен аса қайтты, марқұмдар. Міне, осы аталарымыз «Мынау найман Қаракерей Қабанбай батырдың зираты. Жанынан жаяу өтіңдер. Өте қасиетті адам», деп қорып жүретін. Үстіндегі темір қоршауды әскерлерден сатып алып, солар қойды. Әсіресе, Дүйсенбай ата пірадар еді. Соңғы 30 жылда Батыр моласын күзетіп жүрді. Ақмоладан жаяу шыққанымызда, ауылды түнде болса да, адаспай табатынбыз. Там үстінде түні бойы алау жанып тұратын. Аппақ мола еді.

Сәкеңнің айтуына қарағанда, зират маңында бір ауыл найман отырыпты. Шаруашылықтарды ірілендіру басталғанда, көшіріп әкеткен екен.

Қаракерей Қабанбай зираты туралы 1991 жылы алғаш телехабар берген журналист Ескермес Иманбаевпен тілдестік.

– Атам Төлеубай моланы Қаракерей Қабанбай батырдікі деп ашып айтатын. Бұған шек келтірмеңіздер. Күдіктеріңізді ұқсам бұйырмасын?

Қайтар жолда Қызылжарға қайта соғып, 88 жастағы Сағынтай атаның үйінен түстендік. Қария тың.

– Тәуба, әлі күнге Ақмолаға мотоцикл мініп, өзім барамын. Аллар жар болса, 2000 жылыңа да мотоциклмен жетсем деймін, – деген қария әзілден соң, мола жайына оралды. – Сол жарықтықтың тамы ғой. Ары-бері сабыла бергенше, ел болып, Батырдың үйін көтерейік те. Жабылып ақша жинайық, жол салайық.

Қайран қариялар-ай!

Сонымен ақмолалықтар бірауызды. Семейлік азаматтар да осы пікірді түбегейлі ұстанып, баспасөзге жариялады.

Ақмолаға сан барып жүріп, семейлік тарихшы Мұхтарбек Кәрімовтен 1991 жылы келген мына хатты естен шығарып алыппыз. Ғылым кандидаты былай депті: «Аты әйгілі профессор Нәби Дауылбаев дәріс берді.  Қаракерей Қабанбай зиратының Ақмола түбінде екенін сол кісіден естідік. Сіздер батыр баба моласын өзге жерден бекер іздейсіздер. Нәби ағаның айтуына қарағанда, Қабанбай батыр қайтыс болған жылдары ол осы жерді мекендеген. Наймандар кейін қоныс аударған».

Профессор Нәби Дауылбаевтың архиві сақталуы да ғажап емес-ау. Осы материалды оқыған азаматтар да үн қосса, нұр үстіне нұр.

Сонымен, Қаракерей Қабанбайдың қайтыс болар шағындағы құтты қонысы Арқа екені дәлелденіп те қалған сияқты. Қ.Халид, Ш.Уәлиханов, Н.Бекмаханова, Б.Әбілқасымов, Н.Дауылбаев, М.Кәрімов сынды ғалымдарымыздың бірі мұны тікелей дәлелдеп отырса, екіншілері сол кездегі тарихи фактілермен қуаттай түседі. Ұрпағы да тап осындай пікірде. Дегенмен, бұлар да жетімсіз десек, мына құжаттарға жүгінейік.

Қытай құжаттарымен жете таныс ғалым Нәбижан Мұхаметжанұлы былай дейді: «1762 жылы Іледе Іле жияңжүн әкімшілігі орнатылып, Ертістің Тора деген жерінен тартып, Аягөзден өтіп, Балқаш көлінен әрі Қарабура шыңына дейінгі алқапты биледі». (Тарихи зерттеулер. Алматы, 1994). Билеушісі – Қытай империясы.

Осы кітапта қазақ рулары қазіргі қонысына қашан өтті дегенге де жауап беріледі: «1817 жылы көптеген қазақ рулары Чин патшалығының батыс-солтүстік шекара қарауылының төңірегіне келіп қоныстанған еді. Бұл негізгі ру-тайпалар Зайсанның батысындағы Мұрын руы, Зайсанның солтүстігіндегі Қаракерей руы, Тарбағатайға таяу жердегі Байжігіт руы, Қызай руы».

Аталып отырған Байжігіт – Қабанбай елі. Демек, олар әлі қазіргі Қытай еліне аспаған. Ары қарай мынаны оқимыз: «1830 жылдары қазақ малшылары шығысқа қарай ілгерілей көшіп, Барлық тауына келген». Барлық қазіргі шекараның үсті.

Тіпті, 1833 жылы Қытай императоры қазақ елшісі Қара-Тоқаны қабылдағанда, мынадай әңгіме хатталыпты: «Байқасақ, қазақтар тегі мұсылман жұрты екен. Әдет-ғұрпы мұсылман халықтарына ұқсайды. Алайда құлшылық етіп, намаз оқып, немесе құран оқып жатқан ешкім жоқ. Қыз-келіншектері әдемі киініп, шаштарына шолпы тағып жүреді. Ал Іле, Тарбағатай отарларында мал бағып жүрген қазақтың жігіттері со маңдағы қарауыл әскери бекіністеріне әлсін-әлсін келіп, өкімет аттарын айдап әкетіп жатыр».

Мұнда екі нәрсе анық байқалады. Бірінші, қазақтар Тарбағатайдан ары аспаған. Әрине, бірен-саран үйлердің көзге түспей өтіп кетуі мүмкін. Ол тұтас шекара жоқ кез.

Екінші, ұсақ-түйекке шейін жіпке тізіп отыратын Қытай қазақты әлі жетік білмейді. Себебі, аралас енді басталған. Ал айтып отырғанымыз – 1833 жыл.

Қаракерей Қабанбай батыр Арқада жерленді дегенге көп күдік келтіріп, сенбегендердің ішінде біз де бар едік. Бірақ соңғы жылдары табылған деректер қателескенімізді мойындатып отыр. Өз басым 1995 жылдан бастап бүгінгі пікірдемін. Сол жылы жаздым да. Нақтылы фактілерге қарсы шығу – ақиқатқа қиянат болады.

Енді ұрпақ ауысу мәселесі тұрғысына зер салайық. Дарабоз Арқада – Сарыбелге 1770 жылы жерленді. Кенжесі Әлі (Құдайәлі – жеті айлық, шала туыпты. Содан «Құдай әлі-ақ жетілдіреді» деп осылай ат қойған.)Аягөз маңында тынымдаған. Әлі – Сардардың 47 жасында туған делінеді. Демек, тіпті мөлшермен алсақ та, 1735-1740 жылдарғы. Дүниеден сексенге таянған шағында озған. Ендеше, 1810 жылдардың бергі жағы. Бұл өте көп нәрсені хабарлайды. Әлінің Аягөзде қайтыс болуы М.Тынышбаевтың, Қ.Халидтың қаракерейлер Аягөзге 1810 жылдардан кейін қоныстанған дегенімен үндес. Осы шамада Дарабоз елі Аягөзге жете қонған.

Әлінің ұлы Садырбайдың моласы Ұржар маңында. Оның немересі Бүжік Жарбұлақта өлген. Байқаған шығарсыз, Қабанбай ұрпағы біртіндеп, жылжи көшіп келеді. Қабанбайдың төртінші ұрқы ғана қытаймен шекараға жақындады. Ал төрт ұрпақ – арада 100 жылдай мерзім өтті деген сөз. Мөлшері – 1860-1870 жылдардан аса Жарбұлаққа жеткен.

Ендеше, Қаракерей Қабанбай шөпшегінен кейін Қытай жеріне жерленуі мүмкін емес. Атасы балаларынан 100 жылдан соң өлуі ақылға сыймайды.

Қаракерей Қабанбайдың тікелей ұрпағы, баба ғұмырын өмір бойы зерттеп келе жатқан Зейнолла аға Сәнікке мынадай сұрақ қойғаным бар.

– Аға, қазіргі қытай жерінде неше атаңыздың моласы бар?

– Әкем мен атам ғана. Қалғаны Қазақстанда. – деген жауап алдым.

Бұл да Қабанбай ұрпағының қазіргі қытай жеріне жүз жылдың ар жақ, бер жағында өткеніне бір айғақ. Зекең де Хан Батырдың зираты Арқада – Сарыбелде деген сенімді пікірде.

Дарабоз өлген кезде Байжігіттердің Арқадан көшпегеніне әлі талай дәлелдерді келтіруге болады. Ол қолымыздыа бар. Бірақ, әзірше осы жетіп қалар. Енді дастан-жырларға тағы бір оралайық. Оның басын Қыдырмолда жыраудың аузынан:

«Ежелден мекен етіп жүреді екен, Ащысу, Есіл, Нұра, Сарыбелді», – деп естисіз. Енді Бұқар жыраудың мына сөзін қараңыз:

«Кеше түсте естідім, Қабанбай ауру дегенді».

Ал ойланайық. Хан Батыр Талдықорған, Семейге ортақ Алакөлдің ар жағында төсек тартып жатса, Қарағанды маңындағы Бұқар жырау бір жарым күнде қалай жетеді? Екі ара төтелей тартсаң да 1200 шақырымдай. Астана – Алматы жүрдек пойызы осынша жолды 21 сағатта өтеді. Демек, Көмекей әулие Бұқар жырау аса алыс емес. Ендеше, Дарабоз Арқада отыр. Мұны дастандар одан сайын растай түседі.

«Әркімнің өз тілеуі өзіне деп, Қабекең көшіп кетті Сарыбелге» деген жолдардағы «Сарыбел» атауы біраз адамды шатастырғаны анық. Алғашында біз де қателескенбіз. Осы тауды Алакөл маңынан іздегенбіз. Сөйтсек, бұл Иманжүсіп айтатын «Абылай аспас Сарыбел» екен. Мұны жырды тереңдей түсе оқығанда ғана ұқтық.

«Айнала жел соғады Алакөлге, Алакөл сусын болған талай елге» деген екі жол көп нәрсенің басын ашып береді. «Сусын» дегеніміз «тұщы» деген мағынада тұрғаны анық. Ал Талдықорған өңіріндегі Алакөлдің суы ащы, тұзды. Ол содан да Итішпес аталады. Сонда бұл қай Алакөл?

Жауабы мынадай. Бұл 1989 жылы Алматыдан шыққан «Орталық Қазақстанның жер-су аттары» атты кітаптағы Ақмола облысындағы Алакөл. Суы тұщы. Адам да, мал да ауыз суға жаратады.

Қабекеңнің ауру екенін Дәулетбай Ащысуда естиді. Бұл өзен де Арқада – осы өлкеде, ұзындығы 88 шақырым. Нұраға барып құяды. Дәулетбайдың Дарабоз науқас деген хабардан соң:

«Батпан да батпан шабады»,

Таң атқанша шабады.

Сарыбел көшіп кетсін бе

Таң сарғая таянды»  –

деген жолдар да көп нәрсені айтпай ма?! Демек, Дәулетбай Қабекеңнің ауылынан бір мың шақырым жерде емес, жақын маңда. Әйтпесе, Ащысудан Дәулетбай Тоқтаға дейін ең кемі 20 күн жүруі керек. Демек, Сарыбел Тоқта маңында емес.

Дәулетбайдың осы шабысы Бұқар жыраудың бір жарым күндік жерден келуімен ұштасып жатыр.

Дастандардың біршамасында «Сарыторғай», «Қараторғай», «Бектау ата» атаулары кезедседі. Бұлар да Арқада екені жалпы жұртқа белгілі. Ең шығысқа қарай жатқаны – «Бектау ата» Балқаш қаласының жанында. Бұл жерге кейіннен Шашубай ақын қойылған. Басына барып, түнегенмін. Ол өлкеге Дарабоз туралы жырлардағы атауларды аралай жүріп, жеткен едім. Шашубайдың «Аққайыңын» шырқағанбыз.

Осылайша фактілердің, аңыздардың, жыр-дастандардың, ғалымдар мен зерттеушілер пікірлерінің, жер-су аттарының бір арнаға құйылуы, бір ғана жайтты – Қаракерей Қабанбай батырдың Ақмолаға жерленгенін дәлелдейді. Мұны мойындамауды қалай атасаңыз да, өзіңіз біліңіз. Қиқарлық дейсіз бе, іштарлық дейсіз бе, тоңмойын-дойырлық дейсіз бе – өз еркіңізде.

Жоғарыда әлі де талай тарихи жұмбақтар шешілер деген үміт артқан едім. Осының анық куәсі жақында ғана Қаракерей Қабанбай батыр туған қаңтар айында болды.

Қызылжар ауылындағы көпшілік бас қосқан Қожашев Саят ағаның үйінде Батырдың өлген жерін, құлпытасын іздестірсек деген жоспарымды айттым. Себебі, Дарабоз жерленген қырда, Қабекең қайтыс болған күзің аяғы, қыстың басында ел отыруы аса қиын. Ат құлағы көрінбес қыстың, Арқаның ақ бораны тым жиі, малға жайылым жоқ. Астанадан ең кемі 7-10 градус суық. Суырма жел күндіз-түні, ертелі-кеш бір тоқтамайды.

– Е, оның несін іздейсің. Ол жерді осы маңай жұрты түгел біледі. Қабанбайдың Үш терегінде қайтқан атамыз, – деп Саят аға іле сөз қосты. – Кесененің ойында, тиіп тұр.

Басқа басқа, дәл осылайша шешілер деп күтпеп едім.

– Табылды-ау. – деп қалдым.

– Сендер қызықсыңдар. Табылғаны несі? Зират та, Үш терек те ежелден бар. Орны белгілі. Білмей жүрген өздеріңсіңдер.

Орынды сөзге не дейсің? Расында да, жоғалған да, табылған да ештеңе жоқ. Көш-қонмен жүріп ұмытыппыз. Әйтпесе 1820 жылы туып, 1858 жылы қайтыс болған Күдеріқожа Көжекұлы «Найманда жұрттың ағасы, кіреуке тонның жағасы» деп басталатын жырында «Қайран Есіл, Нұрамыз, қайда барып сиямыз» дегенін, осы өңірді қимай көшкенін оқып жүрміз ғой. Найман қайда мекендегенін айтып тұрған жоқ па? Өзгенің емес, өз көшін айтады.

Саят аға сөзін әрі сабақтады.

– Атамыз дәм-тұзының таусылып бара жатқанын біліп, аттан түсіп, өзі дәрет алады. Сонан соң «Жүзімді Қыбылаға беріңдер» деп жантая жатып, жан-тәсілім етіпті. Келер жылы сол жерде бұлақ пайда болып, кейін терек өседі. Ұмытпасам, 1943 жылы молотилканың ағашы сынып, қара Смағұл деген механизатор сол ағаштан бұтақ шауып алып, молотилканы жүргізбек болады. Бірақ бір қолын сол молотилка жұлып әкетеді. Әулиенің ағашы кесілгенін естіген жұрт ертесіне құрбандық шалып, бұтақты ағашқа апарып, байлап қояды.

Тегінде, әулие ата өзіне залалын тигізгендерді жазасыз жібермейді. Алғаш тамын бұзып, кірпішін алған Біләл еді. Соңында ұрпақ қалмады. Өзі жын қуып өлді.

Осы әңгімені Рождественка ауылында 45 жыл тұрып келе жатқан Рызағұл Байкеұлы да айтады.

– Өздерің көп еске алатын Дүйсенбай ақсақал аса діндар, тақуа, шежіре еді. Осы ауылда Жұмағұл, Намазбай, Намазшам деген қариялар өтті. Солар Дүйсекеңмен жиі әңгімелесетін. Олар арғын, қырғыз, мен жағалыбайлы. Сөздеріне құлақ саламын ғой. Жарықтықтар бірауызды «зират Қаракерей Қабанбайдікі» деп отыратын. Ал Дүйсенбай атаның қалай қайтыс болғаны өз алдына хикая. Ол кісі Жұмағұлдан кейін өтті. Дүйсекең Қабанбай әулиенің моласына барып, намаз оқиды. Қабанбайдың Үш терегінде шөп шабады. Содан келіп, келініне «төсек сал» дейді. Дәрет алады да, төсекке жатып «Ал, сау болыңдар» – деп ауырмай-сырқамай көз жұмады. Жарықтыққа Қабанбай әулие аян берді ме екен? Үш терек бертінге дейін тұрды. Жерді тоздырып жібердік қой. Кейін құлады.

Ұлы Қолбасының кесенесі көтерілді. Бұйыртса, жаз шыға Қаракерей Қабанбай батырдың көз жұмған жері – Қабанбайдың Үш терегіне де белгі қою жоспарланды. Бұлақтарының көзін тазалау да ойдағы шаруа. Шөп басып, қайыздана бастаған екен. Өзіме мынадай ой келді. Дүйсенбай шежіре, Дүйсенбай ата осы Үш теректе шөп шауып қана қоймай, бұлағын да күткен шығар. Ал қазір көркі азайған. Соған қарағанда, қараусыз қалған сияқты. Әйтпесе, Дүйсекең тұсында суы мөлдір, теректері қурамапты.

Сонымен Қаракерей Қабанбай Сардардың басына биіктігі 21 метр, маңайы сәулетті кесене орнатылды. Көз жұмған жері белгілі. Ендеше, тағы екі-үш сауал туады. Алдыңғысы: «Сонда бабамыздың қыстауы нақты қай жерде?».

Хан батырдың кесенесінен жағасы, маңайы ну орман, желден ық Нұра өзеніне дейін үш шақырым. Үш терек пен өзен арасы да осындай. Өзен бойы қыстауға аса ыңғайлы. Тоғай арасында шөп басы мол. Қолда қалған сойыс малына жетіп артылады. Ал негізгі мал шығысқа қарай он-он бес шақырымдағы бұйрат ішінде. Қазір де осылай.

Батырдың жамбасының қыратқа тиюінің де себептері бар. Кезінде көктем шыға Нұра тасып, маңайын басып кетеді екен. Ендеше, ондай жерге мола салынбайды. Екінші, қыраттан көз жетер көкжиек түгел көрінеді. Көздегенге оңды. Үшінші, кесенеден солтүстік шығысқа қарай жатқан «Найман қорымға» дейін үш шақырымдай. Осы маңда 1950 жылдардың аяғына дейін Байжігіттер отырыпты. Кейін шаруашылықтар іріленгенде шашырап кеткен.

Демек, Қаракерей Қабанбай батыр моласы сол кезде осы өлкені мекендеген наймандар қонысының тап ортасында, кез келгенінен көрініп тұрған. Көш жолдарының түйісер жері. Уағында «Ақ патшаның қара жолы» аталып, Ақмола мен Қорғалжынды, Қарағандыны байланыстырыпты. Патша заманындағы почта жолы да бабаның дәл іргесінен өткен. Орыстар да қазекемнің көне сүрлеуін пайдаланыпты.

Қаракерей Қабанбай батырдың ғұмырнамасындағы қайсыбір ұмытыла бастаған жағдайлар, осылайша, қайта жаңғырып, орнына келіп жатыр. Бірақ бір «әттеген-айдың» ізі көрінер емес. Ол моланың ішіндегі құлпытастың жоғалуы – бүгінгі талай дүдамалдың бастауы. Оны 1942-1943 жылдары қол диірмен жасау үшін жер аударылып келгендер алған дейді жұртшылық. Олай болса, құлпытас бөлшектелініп тасталған. Әрі Қап тауынан құр сүлдесі жеткендер соңыра қоңданып, Арқаны жерсінбей, көшіп кетіпті. Кейін қоныстанғандары ештеңе білмейді, үш-төртеуін жинап едік беті теп-тегіс. Жазу байқалмайды. Тіпті, осыларда жазу болған күнде де бүгінгі күнге жетпес еді. Алпыс жылдай бір-біріне үйкелген екі тастан не қалсын? «Үмітсіз – шайтан» деген. Әлі де іздестіреміз.

Жоғарыда «Найман қорым» аталатын зиярат орнын тілге тиек еттім. Қызылсуат ауылы мен Қаракерей Қабанбай кесенесінің ортасындағы қорым аса аумақты, тым көнеден келе жатыр. Мұнда арғын балаларының ішінен алғаш қойылған Нұрбай есімді атамыз екен. Қазір жарықтықтың сегізінші ұрпағы бар. Ұрпағы моласын дәл көрсетеді. Оның жанында – наймандар. Бір-біріне өте ұқсас қызыл тастан белгі қойылған. Молалардың топырағы шөгіп, тегістеліп кеткен. Қорымды осы қызыл құлпытастар шартты түрде екіге бөледі. Батыс және терістік жағы наймандардың, шығыс және түстік жағы арғындардың Жер-Ана бесігі. Кішкене ауыл күні бүгінге дейін мұнда кісі жерлейді.

Қаракерей Қабанбай батырдың Ақмоласының сырт және аяқ жағында да тап осындай тегістеліп кеткен, зер сала қарамаса, аңғарыла бермейтін жиырма шақты мола бар. Манағы қорымдағы молалардың шөгіп кетуімен тым ұқсас.

Айтпақшы, қызылсуаттықтар осы зиярат орнын «Нұрбай қорымы»  деп жалпылай атайды да, батысы мен терістігін «Найман қорым» дейді.

Жылқыбай, Жылқыбек деген қажылық парызын өтеп қайтқан екі найманның құлпытастары Нұрбайдікімен қатар тұр. Тастары да, шөгуі де бірдей. Соған қарағанда, қатар жасасқандар сияқты. Нұрбай атаның ұрқы да осылай дейді. Бірақ, Жылқыбай мен Жылқыбектің неше жасында көз жұмғанын есте сақтамапты. Өз аталары сексенге таянған. Екі найман да осы мөлшерде шығар деген пікір қорытады. Олай болса, бір туған Жылқыбай, Жылқыбек, Нұрбай аталар, қалай десек те, 1860 жылдан кейін жерленген. Ендеше, 1810 жылдар мөлшерінде наймандар Аягөзге түп-түгел көшіп кетпегені, Хан Батырдың жанында бір-жар ауылдың қалғаны тағы да шындық.

Бұл мана айтып кеткен Күдеріқожа Көмекұлының 1850 жылдары Есіл-Нұрадан көшерінде «қайда барып сиямыз» дегенінің растығын қуаттайды. Найман бір жылда қопарыла қозғалмаған. Біртіндеп көш қамдаған.

***

Жалпы, Қаракерей Қабанбай батырдың ұлы қолбасшылығына шек келтірген пікір әлі естілген жоқ. Күллі әлеумет осы орныққан пікірді қолдап отыр.

Алайда «Хан Батыр қайда жерленген?» деген сауал төңірегінде небір қисынсыз, көпе-көрнеу жалған пікірлерді естіп те, оқып та жүрміз. Ешбір нақтылы тарихи құжатсыз, дәлелсіз жұртшылық санасына күдік-күмән орнатуға тырысу бұл.

Сондықтан, соңғы жылдары қолымызға түскен тарихи деректерді оқырманға ұсынғалы отырмыз.

Ең алдымен «Қаракерей Қабанбай батыр көз жұмған 1770 жылы бабамыз қай жерді мекендеп отыр еді?» дегенге жауап іздеу қажет. Бұл – алдағы кезектегі мәселе. Ендеше, әңгімені нақ осы сұрақтан бастаған жөн.

Айтпақшы, біз Хан Батыр 1691 жылы туып, 1769 жылы дүниеден өтті деп келгенбіз. Қазіргі зерттеу, зерделеу бабамыздың 1692 жылғы қаңтарда (бүгінгі жыл санаумен) туғанын көрсетеді. Біз «Қаңтарда туған екен шешесінен» деген дерекке сүйеніп, 1691 жылды алғанбыз. Бірақ, 1770 жылғы Жайыл соғысында Дарабоз тірі, сол жылы, күздің аяғы, қыстың басында, қарашаның жуан ортасында ғұмыры үзіледі. Жетпіс сегіз жасқа келгені анық. Салыстыра отырып, ата жасын шығарған 1991 жылдың күзінде бүгінгі жыл-ай санаумен, қазақы жыл-ай санаудың арасындағы айырманы ескермегенімізді ұқтық. Қазақша жыл басы – Наурыз, орысша – қаңтар. Екі ай, жиырма екі күн айырма бар. Сонда қазақша қаңтарымыз жылдың он бірінші айы. Демек, қазақы жыл санауды бүгінше есептесек, 1692 жылғы қаңтар екен.

1770 жылы Қабанбай елі қай жерді мекендегеніне жауап ізделік. Бүгін ата ұрпақтары, негізінен, Талдықорған өңіріндегі Үйгентас, Алакөлде, Семей өңіріндегі Үржар, Мақаншы, Аягөз, Ақсуат, Тарбағатайда отыр. Бірақ, осы маңайдағы көнекөз шежіре қариялардың бірде біреуі алты-жеті атасынан асырып, арғы бабаларының молаларын көрсете алмайды. Оның үстіне, аталған өңірлерде Қаракерей Қабанбаймен тұстас адамдардың атына қойылған бірде-бір жер, су атаулары жоқ. Ондай атаулар Аягөздің  оң жағы мен солтүстігінде немесе батысында ғана кездеседі. Неге?

Рашид-ад-Динге сенер болсақ, Шыңғыс қағаннан іргесін аулақтаған наймандар бұл жаққа 1205-1208 жылдары орналаса бастаған. Демек, Қаракерей Қабанбай елінің түпкі атамекені. Жоғарыда айтқан сәйкессіздікке бір себепті осы жерден іздеген жөн.

1723 жылғы жоңғар шапқыншылығы шығыс шепте отырған наймандардың Ұлытаудан Есілге дейін өріс кеңіткен наймандарға келіп қосылғаны дау тудыра қоймас. Себебі, Керей хан мен Жәнібек хан қазақ мемлекетінің туын көтерген 1455-1456 жылдардан кейін екі ханның шешімімен Ұлытаудан Есілген дейін найманның жері болып белгіленгенін сол тұстағы тарихтан хабары бар кісі біледі.

Міне, осы 1723 жылдары үдере көшкен қалың найман Аягөз, Алакөл, Тарбағатайдағы атамекенге тоқсан жыл бойы жете алмаған.

Бұл – үш-төрт ұрпақ ауысарлық уақыт. Ш.Уәлихановтың деректеріне сенер болсақ, (әзірше күдік келтірген ешкім шыға қойған жоқ), 1755-1756 жылдардан кейін Ертістің Тора саласынан бастап, Аягөз өзенінің сол жағалауы, Балқаштың оңтүстігі қазақ рулары қоныстана алмайтын аймаққа айналып, бұл шек Іле өзенінің оң жағалауымен аяқталады. Ендеше, Қаракерей Қабанбай елі осы жылдары Аягөзден өте алмағаны анық.

1785 жылы орыс әскерінің капитаны И.Г.Андреев сол тұстағы қазақ шекарасымен жүріп өтіп, Ұлы Жүз бен Орта Жүз руларының қоныстарының тізімін жазып алдырған. Осы жазбада Аягөзге келіп тіреліп, ары өте алмай отырған найманның қызай, бұлды, торғай, ақбарақ, ақболат, болатшы, матай руларын атайды. Бұл – Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болғанына тұп-тура 15 жыл толған кез. Жаңағы аталған рулардың ішінде Дарабоз елі – Байжігіт-Мәмбет жоқ. Ендеше, «Қаракерей Қабанбай батыр Аягөз өзенінен 300-350 шақырым шығысқа қарай жатқан Тоқта – Барлық, Алакөлден де ары жерленді» деген пікірде қандай негіз болуы мүмкін?

Әдетте, қазақта кез келген адамды жерлеудің мынадай себептері бар: бірінші – марқұмның өсиет еткен орны; екінші – ата-бабасының қорымы; үшінші – ұрпағының ортасы; төртінші – қасиетті Түркістанға жеткізу.

Қаракерей Қабанбай батыр көз жұмған тұста, атамыздың, наймандар әлі жетпей тұрған маңға жерленуі мүмкін емес.

Оның үстіне, 1758, 1762 жылғы бітімдерге орай 1762 жылы Үржар өзенінің жағасындағы Тамды деген жерге (қазір Ақжар аталады) Қытайдың жияң-жүйі (генералы) келіп қоныстанғаны шындық. Ол Дарабоз сүйегін жерлемек болған қазақты шығысқа қарай жібермес те еді.

1853 жылы В.В.Вельяминов-Зернов 1762 жылы белгіленген шекара тұрғысында былай деп жазыпты: «Первоначальная граница на северо-западе была назначена по р.Аягуз». Бұл – Қытайдан, шығыс жақтан қарағандағы жағдайда айтқаны.

Кей ағаларымыздың «Қаракерей Қабанбай батыр 1750 жылдар ортасында Тоқта-Барлыққа жетіп, сонда қоныстанды» дегенді қандай дерекке сүйеніп айтатынын түсінбейміз. Өтірік айтып, өзін де өзгені де алдап отырғанын шынымен білмей ме, әлде тарихи құжаттар табылмайды деп ойлай ма? Немесе, әу баста айтып қалып, содан қайтуға жалған намыс жібермей жүр ме екен?

Айтпақшы, капитан Андреев 1785 жылы өзі көрген найман рулардың санын да айтады: «6. Волость акбарак, акбулат дертаул (?), в которого прежде был старшина Карабаш Иметюбыт, (Итемген) а по смерти его Жошана Оий, подвластных оного кибиток до 600... 7.Волось кайглы (канглы?) (әлде қайшылы ма – авт.) в коей старшина Садык, подвластных оного кибиток 120...; 8. Волость булатчинская (?) старшина сей волости Янбай бий, подвластных оного кибиток до 450; 9. Волость Матай имении кайнерская (қайнар – авт.) в коей старшина Тайлак батыр, подвластных оного кибиток до 600; лошадьми и скотом весьма достаточны».

М.Тынышбаев пен Қ.Халиди: «... Наймандардың Аягөзден өтуі 1810 жылдан кейін» деген дерек қалдырған. Бұл тарихшыларға да бүгінге дейін күдік келтірген ешкім болған жоқ.

Жақында аталған екі ғалымды тікелей қуаттайтын, тағы бір нақты архив дерегі жолықты. Путинцев деген орыс аудармашысы 1841 жылы туралы... «в окрестностях Алакуля кочевали волости кара-кирей, қызай, байджигит, найман и дюртугул» – деп жазыпты.

Міне, Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болғанына аттай 71 жыл толған соң ғана Дарабоз елі – Байжігіттер Алакөлден төбе көрсетті. Онда да батыс жағынан. Бүгінгі Үржар, Мақаншыда ол тұста, негізінен, қызайлар тұрғаны мәлім. Тарихшы ғалым, осы өлкенің түлегі М.Кәрімов өз еңбектерінде былай деп жазады: «ХVІІІ ғасырдың екінші жартысының 80 жылдарынан бастап қызайлар осы күнгі Аягөз, Үржар, Мақаншы өңірлерін жайлап жүрген. Ал ХІХ ғасырдың 70 жылдарының ішінде олар ел басшысы Тазабек болыстың бастауымен үдере көшіп, Қытай жеріндегі Күнес, Текес, Қас өңірлеріне өткен». Осы жайды қариялар да, біз де жақсы білеміз. Қызайдың қалың найманнан бөліне жылжуы ағайын арасындағы өкпеден еді.

1847 жылғы 17 сәуірде граф К.Нессельроде император Николай І-ге мынадай хат жолдапты: «...Ал қызайлар мен байжігіттерге келсек, оларға сақтықпен қарау қажеттігін түсінеміз... қызайлар мен байжігіттер Қытай мемлекеті тарапынан арыз-шағымға мұрындық болар қылық танытпасын».

Аңғардыңыз ба, патша үкіметі қызай мен байжігіттен сескенеді әрі оларға бұйыра сөйлей алмайды. Себебі, біріншіден, жан саны мол, екіншіден, әлі бодандық қамытын кимеген. Мұнда да қызайлар әлі Қытай жеріне өтпегені тайға таңба басқандай жазылған. Алакөл маңында отыр.

Қызайлар көшпей тұрғанда бұл өңірге қаракерей – байжігіттердің орналаспағаны және шындық. Егер бұл маңда Дарабоз жерленсе, қаракерейлер «Атамыздың сүйегі жатыр. Жер біздікі» деп, алдымен жетіп, орналасар еді. Бұл – қазақтың жызылмаған заңы.

Алакөл, Тоқта-Барлыққа байжігіттер, ең ары дегенде Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болған соң, 80-100 жылдан кейін жеткен. Ендеше, ұрпағынан 80-100 жыл бұрын Дарабоз бұл жаққа қалай жерленеді? Еш пайымға сыймас нәрсе.

1852 жылы Сібір қазақтарының шекара басқармасы Петербургке есеп жолдапты. Онда былай делінеді: «Аягөз және Көкпекті округтеріндегі біздің қырғыздар мен байжігіттердің татуласуын қамтамасыз ету, ... байжігіттердің тұрмыс-тіршілігін, ой-санасын, шаруа-жайын, біздің үкіметке қалай қарайтынын білу керек».

Осы жолдар біраз ақпарат береді. Алдымен, байжігіттер Аягөз, Көкпектімен көрші. Демек, Таскескен мен Үржардың арасы болуы ықтимал. Екінші – әлі бодандыққа түспеген. Себебі, орыс оларды «өз қырғыздарына» қоспай отыр.

Бұл сөзге дәлел де бар. 1846 жылғы 22 наурызда генерал-майор Н.Вишневский Ұлы Жүздің сұлтаны Ғали Әділұлының мынадай хатын жоғарыға жолдапты: «Аягөз округіне қарасты Садыр, Матай, Қаракерейлер Үйсіндердің Россияға бодан болғанына қарсы бірігіп, малдарын тартып алып, тонауда, тұтқынға кісі әкетуде».

Ендеше, наймандар әлі Ресейді паналай қоймаған, әрі үйсіндерге тақау отыр.

Жоғарыда аты аталған орыс жазбаларына, Ш.Уәлиханов, М.Тынышбаев, Қ.Халид, В.В.Вильяминов-Зерновтың барлығына да сенбейтін адам табылауы да мүмкін. Сондықтан, 1810 жылдан кейін қазақ-қытай шекарасы қалай өткені жөнінде бүкіл әлем мойындайтын Н.А.Аристовтың жазғанын келтіре келсек те артық болмас. Бұл ғалым «Граница была перенесена к востоку после перемещения резиденции Управления Тарбагатайского округа с р.Уржар в Чуганак (Шәуешек – авт.)... границы китайских земель опеределны по южному подножию цзунгарского Алатау и от его оконченности к Тарбагатаю, между горами Барлык и озером Алакуль» дейді. Демек, М.Тынышбаев та, Қ.Халид та, Вильяминов-Зернов та дәл айтқанына сенеміз.

Жоғарыдағы деректерден шығатын қорытынды мынау:

1. 1755-1756 жылдары Қаракерей Қабанбай батыр, найман – байжігіттер Тоқта-Барлық, Алакөлге келіп қоныстанбағаны анық.

2. 1810 жылдарға дейін наймандар Аягөзден аса алмаған  Демек, 1770 жылы Қаракерей Қабанбай батырдың Тоқта-Барлық, Алакөл маңына жерленуі, тіпті де мүмкін емес. Бұлай деу – тарихты бұрмалау. 1770 жылы ол маңда найман жоқ.

3. Оның үстіне, М.Тынышбаев 1917 жылғы санақта 590 мыңдай найман барлығын жазады. Осыған қарағанда, 1770 жылы, Қаракерей Қабанбай дүниеден өткенде, кем дегенде, 300 мыңдай найман болса керек. Бұлардың 50-60 мыңы қаракерей десек, осынша жұрт Тоқта-Барлық, Алакөлде отырса, Дарабозды сонда жерлесе, бабаларының зиратын қалай ұмытып қалады? Қалай десек те, бұл – болмас іс. Ол жақта Қаракерей Қабанбай батырдың сүйегі жоқ. «Мынау – соның зираты» дейтін ешкімнің болмауы содан. Бұл – ақиқат.

Сол кездегі шекара мәселесі жөнінде Қытай құжаттары не дейді екен, соған келейік. 1998 жылы Қойшығара Салғарин құрастырып шығарған «100 құжат» кітабында Қаракерей Қабанбай елінің батыр өлгенге дейін де, көз жұмған соң да Аягөзден өте алмай отырғанына ондаған дәлел бар. Соның екеуін ғана келтіре кетейік.

Қытай императоры 1757 жылғы хатында Абылай ханға былай дейді: «Елшілеріңіздің ежелгі өрісіміз еді деп сұраған Тарбағатайға келсек... оны сыйға беру мемлекет заңына үйлеспейді».

Осы хатта бірнеше дәйек байқалады. Бірінші, Қытай Тарбағатай қазақтың ежелгі қонысы екенін мойындап отыр. Бірақ, «күштінің дүмі диірмен тартқан» заманда императордың сөз астары «бұл жаққа иегің қышымасын» дегенді анық аңғартады. Расында, қазақта ол тұстарда қытаймен мүйіз айқастырар күш жоқ-тын. Екінші, 1755-1756 жылдары Қытай иеленіп отырған жерге Қаракерей Қабанбай қоныстана алмас еді. Сондықтан, осы жылдары Дарабоз бұл жаққа орналасып алды деу – өрескел қателік.

Енді Қабанбай батыр қайтыс болғаннан кейінгі бір құжат-хатты алдыға тартайық. 1773 жылғы 4 қаңтарда император Абылайға Тарбағатай, Аягөзге жақындамауды ескертіп, қытай амбандарына қазақ жағы келісімді бұзса: «Абылайдың өзі болса да, ұстап алып, жазалаңдар», – дейді.

Осы хат жазылардан үш жыл бұрын Дарабоз қайтыс болған-ды.

Сайып келгенде қазақ, орыс, қытай құжаттарынан 1810 жылға дейін Қаракерей Қабанбай батыр дүниеден өткеніне 40 жыл толғанша – наймандар Аягөз маңынан аса алмағаны анықталып отыр. Жоғарыда, бүгінде Хан Батыр елі отырған өңірдің ең шежіре қарттары да алты атасынан асып, бабаларының зиратын көрсете алмайтынын тілге тиек еткенбіз. Оның себебі – ол маңда олардың ата-бабаларының зираты болмаған.

Қаракерей Қабанбай батыр 1755-1756 жылдары Алакөлге жете қонды деушілер ең басты дәлел ретінде «1758 жылғы 19 қыркүйекте Үрімшіге 300 жылқы айдап барып, сауда жасады. Арқада отырса, ит арқасы қияннан қалай жетер еді?» дегенді көлденеңдетеді.

Әзірше қазақстандық зерттеушілер Қытай архивін қопарып жатқан жоқ. Осыған орай, бұл дерек Н.Мыңжанның «Қазақтың қысқаша тарихы», қытай ғалымы Су Би Хайдың «Қазақтың мәдениет тарихы» З.Сәнік пен Б.Садыханның «Қаракерей Қабанбай» атты кітаптарынан алынуы мүмкін.

Соңғы аталған кітапты 1991 жылы араб әрпінен кириллицаға түсіргізіп басқызған Талдықорған облыстық «Қазақ тілі қоғамы» еді. Демек, жазушы ағаларымыз, әсіресе, Н.Мыңжанның және З.Сәнік пен Б.Садыханның кітаптарына сүйенген болса керек. Өйткені, қытай ғалымының еңбегі соңғы жылдары аударыла бастады.

Ал, әлгі сауда көшінің тарихи шындығы тіпті басқа. Қазақ батыры саудагерлікке дейін төмендемесе керек-ті.

Бізге жазған соңғы хатында З.Сәнік былай депті: «Мен дерегімді Нығмет Мыңжан ағадан естідім, ол кісі «жапондардан алғанмын» деген. Ақиқаты 1991 жылы Бейжіңде (Пекинде) басылған «Мәншин хандығы кезіндегі батыс-солтүстік ұлттардың сауда тарихы» атты кітаптың «Үрімжі – қазақ саудасы» деген бөлімінде» деп, осы бөлімді жолдапты. Зекеңмен бетпе-бет жолығып, пікір де алыстық.

Бұл бөлімнен мынаны оқимыз. Сол кездегі Үрімжінің бас амбаны Нусан Қытай императорына мынадай жайды хабарлайды: «Біз Чиян Лоңның 22 жылы (1757 жыл) 7 айдың 22 күні Аягөзде Абылайханмен кездескен кезімізде, Абылай да, Әбілпейіз де, Қабанбай да сауда жасауға аса ынталы екендіктерін білдірді.

...Өткен жылғы келісім бойынша қазақтар биылғы 7 айда (1758 жылғы) сауда жасауға келмек еді. Бірақ, әлі келмеді. Біз адам жіберіп тілдескенімізде,  ол кісі (Абылай) өзінің келе алмайтынын, бас батырын жіберетінін айтыпты.

9-айдың 17-күні Қарауыл батыр Қабанбайдың баласы Едіге мен інісі Туматай бастаған алғашқы қазақ сауда тоғанағы Үрімжіге келді. 57 адам. Олар 380 жылқы әкелді».

Көріп отырғанымыздай, Үрімжіге Дарабоз ат саудалай келмеген. Орнына Едіге барған. Мұның саяси және қазақы екі себебі бар. Ол өз алдына бір әңгіме.

Нусанның ақпаратында келіссөз 3 күнге созылғаны айтылады. Әңгіме үстінде Едіге: «Үрімжіге суыт жүре отырып, отыз күнде жеттік деді» – деген ақпарат түсіреді. Осы жолдардан көп нәрсені аңғарамыз. Біріншіден, Қаракерей Қабанбай Үрімжіде 1758 жылғы 19 қыркүйекте болмаған. Екіншіден, 1758 жылғы 17 қыркүйекте Едіге келген. Үшіншіден, Едіге салт атпен суыт жүріп, отыз күнде жетсе, Үрімжіден тым алыста отыр. Олай дейтініміз, Тоқта-Барлық пен Үрімжінің арасы машина жолымен 520 шақырым. Онымен сан жүргенбіз. Ал Едіге аталарымыз төте тартқан шығар. Ендеше, екі ара 400-500 шақырымнан аспаса керек. Салт атты адам осынша жерді суыт неше күн жүрер еді?

Екі томдық «Дарабоз» романында Қабдеш аға Жұмаділов: «Арқадағы Қызыларай тауларынан бастау алып, аяғы Телікөлге барып құятын Сарысу өзенінің ұзына бойы жеті жүз шақырым, яғни, мықты атқа жеті-сегіз күндік жол», – десе (І том, 212-бет), Ұлттық Ат спорты Федерациясындағы ат бапкерлері: «Жүріскер жылқы күніне 80-100 шақырымды шаппай-ақ алады», – дейді.

Ендеше, Едіге бастаған топ отыз күн бойы қайда жүр? Жоғарыдағы екі мысал да жылқы жануарының күніне ең кемі 80-90 шақырымды бұйым көрмесін дәлелдейді. Тіпті, жолда төрт-бес күн еру жасаған шығар. Сонда да, Тоқта-Барлықтан Үрімжіге дейін ең ары дегенде 8-9 күн жүруі тиіс. Сонда қалған жиырма шақты күн қайда?

Бұл сауалдың жауабы біреу-ақ. Ол отыз күн – Есіл-Нұра бойынан Үрімжіге дейінгі жол. Мұны түсінбеу, мойындамау – көпе-көрнеу бұра тарту болары анық.

Нусан одан әрі: «Қазақтар бұдан бұрын да екі рет жолға шығыпты. Бірақ, Едігенің айтуына қарағанда, Үрімжінің қай жерде екенін біле алмай, кейін қайтыпты» деп жазыпты императорына. Бұл жолдардың да айтары көп. Бірінші, Едіге Қытаймен шекарадан, Үржар, Алакөл, Тоқты-Барлықтан шықса, адасуы мүмкін емес. Қытайлар өздері-ақ бастап барады. Екіншіден, Едіге адасса, шекарадан тым алыста отыр. Осыған орай жолдан жаңылуы ғажап емес. Қытай түсірген хаттамада үш күнгі келіссөзде қазақ жағының сөзін Едіге ұстайды. Қабанбай батыр отырса Едіге сөз ала ма? Баба Үрімжіге келмеген.

Сонымен «Қаракерей Қабанбай батыр 1758 жылы бүгінгі қытай-қазақ маңайын мекендеген. Үрімжіге сауда жасай барған.» деген дерек түбірімен жалған болып шығады.

Жуырда Қ.Салғарин «137 құжат» деген кітап әзірлеп болғанын, сол кітапта Үрімжі саудасы келтірілгенін айтты. Ол да Үрімжіге Қабанбай батыр емес, баласы Едіге барған деп отыр.

Дәл осы тұста ол жерлерді кім мекендеп отырғанын да айта кетсек, бізді ешкім сөге қоймас. 1772 жылы (Қаракерей Қабанбай бабамыз бұдан екі жыл бұрын дүниеден озады) қазіргі Алматы–Күнгей Алатауда 5 мың шаңырақ қалмақ (цаган, харачин, карцин) рулары; Шарында 5 мың шаңырақ; Шелекте 4 мың шаңырақ; Ұлыңғыр көлінде 3 мың шаңырақ; Бош-Шагансуда (Лепсі өзенінен солтүстікке) қарай, 3700 шаңырақ; Көксу, Қаратал өзендерінің бойында Сайын-Бөлек батыр бастаған 4 мың шаңырақ хойт; Сарқан мен Ақсу өзендерінің бойында, одан әрі Энгаде бастаған хойттар – 10 мың шаңырақ; Алакөл, Үржар маңында, одан солтүстікке Еміл өзеніне қарай, Тарбағатай, Шәуешекте Габзуы Зайсанның 3500 шаңырағы, кумирендер мен дінбасыларының 10600 шаңырақ қалмақтары; сондай-ақ 1500 шаңырақ шоталақ, аладой, букунут, тугут, орат, ардацинь, жахацинь, боацин тайпалары Бұратола бетте отыр. Осы деректер Қаракерей Қабанбайдың Үржар, Алакөл, Тарбағатай, Бұратола, Шәуешек маңына жерленуі мүмкін емес екенін көрсетеді. Қазақ әлі бұл маңға аяғын аттап баспаған. Қабдеш Жұмаділов ағамыз көздеген тұста тек қана қалмақтар отыр. Барлығы 65000-70000 шаңырақ. Бұл мөлшері 300000-350000 адам. Қытай жағы осы қалмақтардан: дүрбендерден 22 дивизия, чоростардан – 8 дивизия, хошаттордан – 8 дивизия, хойттардан – 2 дивизия құрыпты.

Енді 1785 жылы қалмақтарға қарсы бетте Аягөздің оң жағалауында отырған қазақ руларына тағы бір рет тоқталайық: 1. Жаңаби бастаған байсуандар; 2. Далы Дәулет бастаған қоңырбөрік – 400 шаңырақ; 3. Әжібай Алтай бастаған қызылбөрік – 300 шаңырақ; 4. Куисимас (орысша осылай жазылыпты) Қараша бастаған шапырашты – 1500 шаңырақ; 5. Атанбай бастаған қызай – 700 шаңырақ; 6. Итемген би (ол өлген соң Жошан би) бастаған ақбарақ, ақболат – 600 шаңырақ; 7. Садық бастаған қаиглы (қаңлы ма, қайшылы ма?) – 120 үй; 8. Атақты Бердіқожа бастаған шанышқылар – 300 шаңырақ; 9. Юлдыбай Чимирбай бастаған жалайыр – 60 шаңырақ; 10. Игілік бастаған кошкарау – 500 шаңырақ (матайдың қошқары ма, дулаттың қашқары ма); 11. Жанбай би бастаған болатшы – 450 шаңырақ; 12. Сүйіндік бастаған кырмыштар (орысшасы) – 100 шаңырақ. 13. Байғабыл Отеп бастаған жаныс – 100 шаңырақ; 14. Тайлақ батыр бастаған матайдың қайнары – 600 шаңырақ;

А.Аристов, (Усуни и киргизы или кара-киргизы. Бишкек 2001. 419-420 стр.) өстіп, ешкім дау шығармайтындай етіп, қазақ пен қалмақ 1772-1785 жылдары қайда және қалай қоныстанғанын жазып кеткен. Бұған шанышқылы Бердіқожа батырдың 1785 жылғы 13 шілдеде Семей қамалының комендантына мына айтқанын да қосайық: «Жабайы қырғыздармен бірге Аягөз және Қарақол өзендерінің арасында көшіп жүр едік. Қытай бізді қуып тастады». Бердіқожа батыр одан әрі амал жоқ, Аягөздің оң жағалауына, Шыңғыстауға қарай ығысқанын айтады.

Мұның да мәнісі бар еді. 1758-62 жылдардағы келісімнен кейін, қытай шекара белгіленді деп жайбарақат еліне жөнелді. Келісімді жүргізген Зо Зың Тан деген мырза қазақты білмейді ғой. «Аягөзден өтпеңдер» дейді де, шекараны тас бекіттік десе керек. Ал Шанышқылы Бердіқожа сияқты аталарымыз малын жайып, «аяқты малға не кейіс» деп ілгерілей береді. Сөйтіп, үш жыл өтеді. Осы кезде қазақта құлдықта жүрген бір қалмақ қашып, қытайға барады. Бар жағдайды жеткізіп айтады. Сонан соң қытай қайта әскер шығарып, келісімді жерді қазақтардан босатады.

Осындай жағдайда Қаракерей Қабанбай батыр Үржар, Тарбағатай, Алтай, Шәуешек, Бұратола маңында қалай жерленеді? Ақылға сыймайтын нәрсе. Әрі, ең бастысы, жоғарыда аталған 14 рудың ішінде қаракерейден Жанбай би бастаған бар-жоғы 450 шаңырақ болатшы ғана отыр. Басқа бірде-бір қаракерей руы жоқ. Қайталап айтамыз, бұл 1785 жыл. Қаракерей Қабанбай атамыздың қайтыс болғанына 15 жыл өткен. Қаракерей әлі Арқадан қозғалған жоқ.

Ендеше: «Қаракерей Қабанбай батыр көз жұмғанда қай жерді мекендеп отырды?» – деген басты сауалға жауап беретін кез де жеткен сияқты.

Осы тұста Хан батырдан қандай өсиет қалғанын еске түсірелік. Дәм-тұзы таусылуға жақындағанын білген Ұлы Батыр ұрпағына мынадай аманат артады:

«Арқаға арнап, бейіт соғып,

от орныма қойыңдар...»

Демек, Қаракерей Қабанбай батырдың өсиет еткен жері – Арқа.

Өзі отырған – от орны. Тоқта-Барлық, Алакөл, Тарбағатай, Сарышоқы аталмайды.

Қанжығалы Бөгенбай қайтыс болғанда Бұқар мен Үмбетей жыраулар Абылайға ұзақ толғап естіртеді ғой. Ал Дарабоздың қазасын неге естіртпейді? Бұған жауапты Бұқар жыраудың аузынан естисіз. Тоқсанға жасы таянған дала данышпаны Дарабоздың жанында отырып:

«Кеше түсте естідім,

Қабанбай ауру дегенді» –

дейді.

Демек, Үш Жүздің бас сардарын науқас меңдегені, әл үстінде жатқаны жөнінде төрт тарапқа хабар жіберілгені ғой. Ол жылдары Бұқар жырау Қарағандыдан терістікке қарай, Асақарлының (қазіргі Осакаровка – авт.) маңында отырған сыңайлы. Зерттеушілер осылай дейді. Бүгінгі Қаракерей Қабанбай кесенесінен 70-80 шақырым жер. Бір күндік жол.

Ұлы жырауға жеткен хабар Абылай ханға, Қанжығалы Бөгенбайға, қазақтың игі жақсыларына түгелдей жетпеуі мүмкін бе? Әрине, жоқ. Міне, осындай алқалы топтың алдында, өңкей «сен тұр, мен атайын» жеті ұлының, Майсара – Гауһардай батыр қосағының алдында айтылған Қаракерей Қабанбай батырдың өсиеті аяқ асты қалады деп ойлаудың өзі күнә.

Намысқой қазақ, жеті ұл Дарабоздың өсиетін сөз жоқ, орындайды. Арқаға, от орнына бейіт соғады. Орындамаса – сол күні тірідей өлгендері. Мұны түсінбейтін қазақ жоқ. «Өлі разы болмай, тірі байымайды».

Суыт хабар үйсін, дулат, албанға да жеткені анық. Бұған үйсін Сарышуаш шешеннің мына толғауы дәлел.

«Ау, Қабанбай, көзелім,

Қайғы шеккен еліңнің

Жылағанын жұбатып

Қисайған көшін түзедің,

Үш күн, үш түн ұйықтамай,

Өртенді күйіп өзегім.

Дулатқа салдым бір хабар,

Албанға жетті бір шабар,

Үйсіннің жиып кісісін,

Арызданып қалсам деп

Өзіңе тарттым бір сапар».

Демек, Хан Батырдың төсек тартқаны қазақ даласына түгел жеткен.

Бұқар жырау мен Сарышуаш шешенге қарсы дау айтқысы келер жан шыға қалмаса, Дарабозды Үш Жүздің игі-жақсылары өз қолдарымен жерлегені айдан анық.

Хан батырдың өсиетін Абылай хан өз құлағымен естігеніне еш күмәнданбаймыз. Себебі, мынадай. Бүгінгі баба кесенесі Нұраның жағасында. 1770 жылдары Абылай ханның мекені де Қаракерей Қабанбай батырмен іргелес болған. Оған бір ғана мысал келтірейік. Орыс патшасы 1778 жылы Абылай ханды хан етіп бекіту үшін және қағаз бен шен-шекпенін алу үшін шақыртады. Бұл шаруа Гаврил Лилингрейн деген капитанға жүктеледі. Осы Лилингрейн Абылайды Петропавловск қамалынан 500 шақырым жерде, Нұра өзенінің бойындағы ордасынан тапқанын жазады. Ары қарай: «Абылай сұлтан егер сұраған әскерін берсе, Петропавловск бекінісіне ғана емес, Орынборға да баруға келісер еді. Мұнсыз ол ант бермек тұрсын, грамотаны да алғысы келмейді» дегенді оқимыз.

Таңданарлығы – Петропавловскіден бүгінгі Қаракерей Қабанбай батыр кесенесіне дейін 500 шақырымдай. Ендеше, Абылай мен Қабанбай қатар көшіп жүр. Мұның себебін түсіну аса қиын емес. Сондықтан, сақалынан жасы тарамдап Бұқар дана жеткен Қабанбай ордасында Абылай ханның отыруы заңды.

Жергілікті жұрт мына бір, бұрын-соңды болмаған, керемет жағдайды естерінде сақтап қалыпты. Қарашаның ортасында Арқада қыс бел алады. Осыған байланысты Дарабоздың кесенесі тұрғызылмайды. Мола үстіне Қаракерей Қабанбайдың өз үйі тігіліп, жанына және үш үй көтеріліпті. Келесі жылы көктемде, оңтүстіктен ұсталар келгенше, Дарабоздың зиратынан ел үзілмей, түнеп жатыпты. Күн жылына, кесене көтерілерде, жиылған жұрт ұсталарға шарт қояды. Кірпішті, оны ұстатын лайды мал аяғымен айдайды. Ол лай батырдың топырағымен араспас үшін кесене киіз үйдің сыртынан салынуы керек.

Осыған орай Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесі киіз үй формалы болып салыныпты. Ал бұл маңдағы молалар – шошақ. Сөйтіп, Дарабоздың кесенесі де нақ өзіндей ерекше болып шығыпты.

Күзде Қаракерей Қабанбайдың кесенесі бітіп, асы бірге беріліпті. Іштегі киіз үй кесененің қыбылаға қараған есігінен шығарылмақ болыпты. Бірақ, түндігін жиылған жұрт тәбәрік етіп, үлесіп әкетіпті. Тұтас киіз үй асқа келген әлеуметтің қойнында кеткен!

Не деген ғажап! Қандай құрмет, қаншалықты алқау десеңші! Бұрындары жазған мақалаларымда профессор Н.Дауылбаевтың, тарих ғылымының докторы Н.Бекмаханованың, тарих ғылымының кандидаты М.Кәрімовтың, филология ғылымының докторы Б.Әбілқасымовтың, 1760-1770 жылдары Қаракерей Қабанбай батырдың Есіл-Нұра бойынша көшіп жүргенін дәлелдеген еңбектерін атап өткен едік. Оларға қайта соғудың қажеті болмас. Тек соңғы кездері көзімізге түскен үш деректі айта кетпекпіз.

1760 жылдары Дарабоздың нақ Есіл мен Нұра бойында көшіп жүргенін Н.Апполованың «Қазақстанның ХVІІ-ХІХ ғасырдағы Россиямен экономикалық және саяси байланыстары» атты еңбегінен де кезіктірдік. Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университеті қазақ тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты Ғалия Алпысбаева 1824 жылы Ақмола маңында отырған наймандардың орыс патшасына жазған хатын жария етті. Бұл тарихи құжат «бес найманның хаты» деген атпен белгілі екен. Зер салған адамға бұл жай ғана хат емес, орыс патшасына қойылған нақтылы жеті талап екені анық көрінеді. Онда жер қойнауындағы, үстіндегі байлық түгелдей наймандардікі екенін мойындау, солдатқа кісі алмау, салық төлемеу, кісі өлімінен өзге қылмыстарға араласпау, арақ-шарап саудасына тыйым салу, өздерінің тек генерал-губернаторға ғана бағынатыны, әр екі-үш жылда ақ патшаның өзі наймандарды қабылдауы сияқты мәселелер көтеріледі.

Хаттың жазылуы себебін, осындай хаттың жазылғанын марқұм Бейсенғали Садыхан сақтап келіп, Зейнолла Сәнікке өткізгенін Зекеңнен білетінбіз. 1724 жылы осы жазба деректердің айтуы бойынша, Ақмолада найман руларының түселі (съезд) өткен екен. Сол түселде тоғыз табалы найман түгел бас қосады. Атқарылған көп мәселелердің бірі – жаңағы хат. Б.Садыханның дерегін жария етпей келген едік. Оны қуаттайтын қосымша айғақ жоқ-тын. Осы себептен де тоса тұруды жөн көргенбіз. Ал Ғ.Алпысбаеваның мақаласынан соң, Қытайдан шыққан айғаққа күдік қалмады.

Мына кереметті қараңыз! Шежірелік жазба дерек пен тарихи құжат айна-қатесіз, егіз тамшыдай бірін-бірі қайталайды. Ең ғажабы, екі мәлімет те көп сұрақтарға жауап береді.

Мысалы, әдетте кел келген съезд, конференция орталықта – не Алматыда, не Астанада өтеді бүгіндері. Ендеше, найман түселі де найманның қалың ортасында өтпей ме? Бөтен ру отырған жерді жалға алып, салмағын салу ол тұста болмағаны анық. Бұл сол рудың атына сын. Демек, 1824 жылдары қабырғалы қалың найманның мол ортасы Ақмола болып шығады. Бұл Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болғанына 54 жыл толған мерзім. Осы тұста найман, қаракерей-байжігіттердің атақонысы – Ақмоласынан толық көше қоймағаны осы мысалдан да анық аңғарылады.

1830 жылғы 3 мамырда генерал И.А.Вельяминов Ақмола ішкі округін ашуды қасиетті Петр қамалының (қазіргі Петропавловск-авт.) коменданты подполковник Ф.И.Шубинге тапсырады. Орыстар келе сала осы жерде отырған елдің тізімін алады. Соның бір парағын оқиық.

«Подпись Шубина: число кибиток Алтай-Карпыковских волостей – 7085. Сверх того султаны: Губайдулла Валиханов, Кунур-Кулджа Худамендин и Саржан Касымов со всей фамилией. Подпись Костюрина; Найман кара-киреевских волостей – 8151-7146. Он их же волостей разных родов – 1910. Найман-матаевских волостей-300. Всего – 17507. Сверх того султаны Сарт Ючин, Салтабай Бопин и многие другие».

Мұның сыртында төртуылдар мен түркімендердің 3700 үйі бар. Оның ең кемі үш мыңы төртуыл шығар. Сонда жаңағы «и многие другиені» қоссақ, ең азы 20 мыңнан асып жығылар найман шаңырағы отыр. Бұл 100 мыңның маңындағы айбатты, ірі жұрт деген сөз. Қаракерейлері – Қабанбай тайпасы ғана 75 мыңнан астам.

Міне, Хан Батыр дүниеден өткеніне 60 жыл толған кезде де Ақмолада осынша найман отыр. Қаракерейлердің түп негізі де осында. Бұлай деуге мынадай себеп бар. Кейбір есептерге қарағанда, 1917 жылғы 590 мыңдай найманның көбірек өскені қаракерей мен матай көрінеді. 1830 жылы қанша қаракерей болған, санап көрейікші. 1770 жылы 35-40 мыңдай қаракерей  болуы мүмкін дегенді М.Тынышбаевтың дерегіне сүйене отырып айтқанбыз. Онда 1830 жылы бұл көрсеткіш ең ары дегенде бір жарым есе өсер, 90 мыңдай болар, бұдан арта қоймас. Демек, қаракерейдің 80 пайызынан астамы Қаракерей Қабанбай қайтыс болғаннан кейін 80 жыл өткенде де Ақмолада, бабаларының кесенесі маңында отырғанына күмән тумайды.

Ары қарай мынаны қараңыз: Ақмола облысын көп аралап, зерттеген Н.Н.Балкашин (Е.Сәлімбай. Ата-баба тарихынан. Алматы, 93-бет) Ақмола маңын мекендеп отырған наймандар туралы былай дейді: «Наймандарда мынадай рулар бар – сарыжомарт, көкжарлы, бағаналы, балталы және бура, осылар «ергенекті» деген ортақ атаумен біріккен; бес және терістаңбалы; төртуыл, садыр, матай, мұрын, суан, семіз найман, ақ найман, байжігіт және қожамбет». Дереккөзде кейбір дәлсіздіктер бар. Соған қарамастан тіпті, 1870 жылдары да Арқада Қаракерей Қабанбай батырдың руы – Байжігіттер отыр. Олар түгел көшіп кетпеген.

Ақмола өңірінің тарихын аса жетік білетіндердің бірі – марқұм Клара Әмірқызы. Сол кісі бұл жақта екі Ақмола барын айтқан-ды.

– Бірі – Қаракерей Қабанбай батырдікі. Сырты ақ топырақпен сыланып, жылтыр ақ түс берілген соң, ел «Қаракерей Қабанбай батырдың Ақмоласы» атап кеткен. Маңайдағы ешбір молаға ұқсамайды екен. Мұны ел арасында «Үлкен Ақмола» деп атайтын. Екіншісі, Тайтөбедегі – Ақмола. Қариялар «Қыпшақ Нияздікі» деп отыратын. Бұл да жота үстінде. Қаракерей Қабанбай батырдікіне қарағанда, әлдеқайда кішірек болыпты.

Клара апайдың сілтеуімен Тайтөбедегі Нияз би атамыздың Ақмоласын барып көріп, тәу еттік. Расында да, кішірек екен. Ені мен ұзындығы 7-8 адымнан аспайды. Оның үстіне жалғыз емес. Құлаған және бір мола жатыр.

Ал Қаракерей Қабанбай батырдың құлаған үйінді моласының ені мен ұзындығы 14х14 адым еді.

– Бүгінгі Астананың осы Ақмолалардан ат алып, күні кешеге дейін «Ақмола бекінісі», онан соң «Ақмола қаласы» аталып келгені рас. – деген Клара Әмірқызы.

Айтпақшы, ХІХ ғасырдың аяғында наймандар екінші түселін өткізгені  белгілі жайт. Ол бүгінгі Талдықорғанның шығысындағы Алакөл көлінің жағасындағы Көктұмадағы маслихат. ХІХ ғасырдың аяғынан бастап бүгінгі күнге дейін Қаракерей Қабанбай батырдың ұрпақтары көлді айнала түтін түтетіп отыр. 1824 жылы – Ақмола найман-қаракерейлердің кіндік ортасы болса, кейін Ақмоладан наймандар қотарылып көшкен соң Алакөл топ ортасына айналған. Қазір де осылай. Демек ХІХ ғасырдың соңғы жылдары найман түселінің Көктұма – Алакөлде өтуі заңды жағдай. Елдің негізі қай жерде отырса, басқосу да сонда өтуі – міндетті іс. Сондықтан осы екі түселдің өтуі, өткен орны сол кезде наймандардың қай жерде топтасқанынан да нақтылы хабар беретін дерек.

Әдетте, жер-су, мекен аттары аса көп мәлімет берді. Бұл жалпы жұртқа белгілі. Ендеше, топономикаға да аса зер сала қарау қажет.

Қазір Талдықорған өңірінің Үйгентас, Алакөл, Семейдің Аягөз, Үржар, Мақашны, Ақсуат, Тарбағатай, Шар, Көкпектісін, Өскеменнің біршама аудандарын Қабанбай батыр тарайтын найманның қаракерейлері, оның ішінде Байыс бұтағы байжігіттер мекен етеді. Алайда, 1991 жылы қазақ елі егемендік алғанша осынша аумақты жерде Қаракерей Қабанбай батырдың өзінің немесе тұстастарының атымен аталатын жер-су, мекен аттары жоқтың қасы еді. Сайқан, Зайсан, Тарбағатай, Қарақол, Шаған секілді жат атаулар мол. Себебі, қалмақ осы жерлерді алды сексен, арты жүз жылдай мекендегенде қалған бұл, оның алдындағы қазақы атаулардың барлығы дерлік ұмытылған.

Мұның тағы бір себебі, араға төрт-бес ұрпақ салып, қайтып келген қазақтарға бұрынғы атауды дәлдеп айтып бере алатындардың болмауы. Егер әлдекімдер айтқандай, қаракерей, матайы, төртуылы бар, сұңғыла шежірешілер 1723 жылдары Арқаға ауып, одан 1755-1756 жылдары қайтып оралса, арадағы 30-35 жылда 20-25-тегі ересектер алпыстарында атамекенге қайтады екен. Бұлай десек, олар еншәрсені ұмыта қоймауы тиіс. Қалмаққа дейінгі атаулар зердеден шықпауы керек. Немесе жер-суға ат қойғыш қазақ «Алқакөл сұлама болар, қалмақ келер, сонан соң Тарбағатай, Зайсан, Қарақол, Шорға, Шаған деп ат қойып берер» деп бірнеше ғасыр өзенге, көлге, тауға ат қоймай жүруі шарт. Ал бұлай болуы мүмкін емес. Ендеше, ежелгі атауларды ұмытатындай уақыт өтуі қажет. Жоғарыдағы дәлелдерден бұған көз жеткізсек керек. Осынша ұрпақ, шынында да ауысып үлгерген.

Керісінше, Қаракерей Қабанбай батыр кесенесі тұрған Ақмола маңында найман шежіресінен, Дарабоз ғұмырнамасынан хабардар адамдарға жылыұшырай кететін атаулар мол. Олар: Байжігіт–Жанжігіт батырдың үшінші атасы. Жангөбек-Сыбанның салымды бұтағы. Дарабозбен замандас. Кешудің Қараөткелі – Мұрынның сыбағалы ұрқы, найман Еспенбет батырдың моласы, Садырбай – Қаракерей Қабанбайдың кіндік ұрқы, Оразақ – Қаракерейдің бір атасы, Қабанбай атамыздың замандасы, Шахаман, Шүңет – Дарабоздың немере інілері, Ағанас – Матайдан тарайды. Шүңеттің туған жиені, Кеттенің моласы – қасиетті ана болған деседі, сүйегі қаракерей-найман, Дәулетбайдың қыстауы – Қабанбай батырдың немере інісі, Қабанбайдың үш терегі, үш бұлағы, қыстауы... Өстіп кете береді.

Міне, Қаракерей Қабанбай бабамыздың:

«Арқаға арнап бейіт соғып,

От орныма қойыңдар», –

деуінің негізгі себебі осында.

Қазір Қорғалжын маңында өздерін «Қожақұлдан тарайтын Әлі, Мырзагелдіміз» дейтін рулар отыр. Қожақұлдан тарайтын осы Әлі, Мырзагелді «Қабанбай ұрпақтарымыз» деп, бүгіндері Қорғалжыннан 1500 шақырым шығыста да отыр. Нақ осы Қорғалжынның терістігінде Байжігіт, Жанжігіт деген екі көл және бар.

Осынша жер-су атаулары жай ғана сәйкестік пе? Әлде нақтылы бір тарихи жағдайға дәлел бола ма? Бұған жауап беру аса қиын емес. Бұл маң Қаракерей Қабанбай батырдың жамбасы жерге тиген киелі орын ғана емес, наймандардың ұзақ жылдарғы, арысы 1455-1456 жылдардан бері, жуығы 17 ғасырларда отау тігіп, ошақ қазған қасиетті мекені.

Мұншалықты мол деректер мен дәлелдерді қазақ, орыс ғұламаларын, патша шенеуніктерінің есептерін, нақтылы тарихи құжаттарды Қытай жазбаларын, шежірешілерді, барлық дастандардағы Қаракерей Қабанбай батыр өсиетін, Дарабоз ұрпақтарының алдыңғы мақалаларымыздағы естеліктерін мойындамау тіпті де мүмкін емес. Кімді де болса, амалсыз, ақиқатпен келісетін дәлелдер айтылды.

Қаракерей Қабанбай кесенесі ашылғанда, Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев мырза былай деген-ді:

«Қанды оқиғалардан кейін дүние салған Қабанбай батырдың арттағыларына әлгіндей өсиет («Арқаға арнап, бейіт соғып, От орныма қойыңдар» – дегені, авт.) қалдыруы қай жағынан да қисынды-тұғын. Сардардың өз сүйегін шығыстағы да, күнгейдегі де өштестерінің құрығы жетпейтін Сарыарқадағы ескі қонысына жерлеуді аманат етуі әбден ақылға сыйымды».

Әбекеңнің бұл сөздері батырдың сүйегі Түркістанға неге апарылмағанына да нақтылы жауап береді. Түстік әлі тыныш емес. Оның үстіне, Түркістанның іргесінде көз жұмған Төле би, Алматыдағы Райымбек батыр, Арқадағы Бұқар жырау да от орындарына жерленген ғой.

«Қаракерей Қабанбай жоңғар қақпасының маңындағы Сарышоқыда жерленді» деген лақап таратушылардың сол уақыттағы тарихи жағдайлардан, шекара бөлісінен бір мысқал хабары жоқтығы қынжылтады. Сарышоқы ол тұста да, бүгін де жоңғарды жалмап, жоңғар атының тұяғы тиген, уақытша басып алған жерлер түгелдей «менікі» деп отырған Қытай сынды алпауыттың территориясы болатын.

«Дарабоз Сарышоқыда» деу – баба аруағына жасалған қиянат, себебі, 1718 жылы Қаракерей қолын бастап жауға түскен жас Қабанбай, кейін Үш Жүздің бар қолына бас Қабанбай ғұмырын «ешкімге бодан болмаймын» деген арпалыспен өткізгені таза ақиқат. Ендеше, 1770 жылы Хан Батырды Қытай жеріне қою, оның азат басына темір бұғау салумен пара-пар. Ұрпағын, қалың елін Қытайдың тақымына түсірді деген сөз. Мұндай іске қазақ бостандығына опасыздық жасаған сатқын ғана барар еді. Ондай адам сол тұста шыға қалса, оның басы Қаракерей Қабанбайдың алдаспанынан допша домалап түсер еді.

Бабамыз «Арым үшін – жаным садаға» деп, өмір бойы ешкімге дес бермеген, кеудесіне шығармаған, қазағына адал қаһарман екеніне кім күмән туғызады?! Қабанбайдың бодан болғаны қазақтың азаттықтан айырылғаны емес пе?

Осындай еш бұлтартпасы жоқ нақтылы дәлелдермен мақаламызды аяқтасақ болар еді. Бірақ, «Ойбай, Ақмола Қабанбайдікі емес екен! Арғынның қарпығынан Қабанбаевтар дегендер болыпты. Әй, сонікі-ау!» деген, не бір дәлелі, не бір айғағы жоқ қауесет бой көрсетті. Бұған күліп қана қоя салуға болар еді. Бірақ, біз олай етпедік.

Аталған Қотыраш Қабанбаев туралы ежелден білетінбіз. Ұрпағы бүгіндері, негізінен, Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінен жүз шақырым мөлшерінде, Қорғалжынға қарай отыр.

Бұл Қотыраш Қабанбаев орыс жазба дерегіне 1830 жылғы маусымда кіреді. Осы кезде сөз басындағы подполковник Шубин Қ.Қабанбаев пен М.Тоқтамышевті Саржан Қасымовқа жұмсайды. Себебі, Саржан сұлтан қыр көрсетіп жатқан-ды. Қоңырқұлжа сұлтан 1830 жылғы 18 маусымда ақ патшаға адалдығы жөнінде ант береді.  Ертесіне 7 сұлтан, 15 би және аса беделді ел адамдары да бодандықты қабылдайды. Бұл тізімде Қотыраш Қабанбаев жоқ.

Келесі ретте Қотыраш Қабанбаев Ақмола адуаны ашылған 1832 жылғы 22 тамызда қағазға түседі. Ол – қарпық руынан, Матақбай Бектаев – Алтай болысынан заседатель болып сайланады. Аға сұлтан – Қоңырқұлжа Құдаймендин.

Ары қарай және бір Қабанбай кезігеді (тегі ол тұстарда Қабанбай, Бөгенбай деген аттар бүгінгі Бауыржан, Талғат, Олжас секілді көп қойылған секілді). Болыс болып Жағалбайлы – Алшын руынан Қабанбай Байғұлов сайланады. Таңданбаңыз, тізімде Кіші Жүзден Тама да жүр.

Әлде кешірек келіп қоныстанды ма екен, әлде аз болған соң есепке алынбаған ба, әйтеуір, осы тізімдерде Ұлы Жүздің Жалайыры кезікпеді. Қазір болса, Жалайырдың Балғалы бұтағы Астананың дәл түбінде, өз алдына тұтас ауыл дерліктей, бір қауым жұрт.

Жаратқан ием көне Ақмоланың түбі бар қазақтың бас қосар орталығы болатынын сол тұста-ақ белгілеп, Үш Жүздің басын 160 жыл бұрын осы аймаққа біріктіріп қойғандай әсер аласың.

Әсілінде, жоңғар жойылған ХVІІІ ғасырдың ортасынан бері қарайғы уақыттарда қазақ рулары дәл бүгінгі қоныстарына түгел жетіп үлгермеген және аралас-құралас көше бергенге ұқсайды. Мысалы, 1762 жылғы желтоқсанның 21-і күні Аягөз маңында Ұлы Жүздің суаны отыр. Оларды қуып, қытай әскері жүр.

Бұларды сөз реті келген соң айтып жатырмыз. Ақмола дуаны қашан, қалай құрылғанынан, бүгінгі астананың тарихынан аз да болса мағлұмат ала жүрейік деген ой ғой. Сол 1830 жылдары патша офицерлері тағы да бір тізім жасапты. Ол осы жақтағы ортадан жоғары байлардың мүкамалы жөнінде. Мысалы, Қоңырқұлжада 400 жылқы, 250 түйе, 3000 қой, 1110 мүйізді ірі қара, одан кейінгі А.Ишимхановта 500 жылқы, 40 түйе, 1000 қой, 12 сиыр бар екен. Бұл тізімде де Қотыраш Қабанбаев кезікпейді.

Соған қарағанда, дәулетті адам болмаса керек. Ал еті тірілігіне, ширақтығына дау жоқ. Жаңа келіп жатқан орыстың көзіне түсіп, екі жылда сеніміне кіру – екінің бірінің қолынан келмесі анық.

Жазушы Қ.Жұмаділов Сағынайдың асы 1870 жылдардың ортасында өткенін жазады. «Онда Батыраш – жас ұлғайған қарт» – дейді де, Батыраш пен Қотыраш «Сірә, ағайынды кісілер болуы бек мүмкін» деп түйеді.

Батыраш пен Қотыраштың ағайындылығын Алла білер. Ал Қотыраштың  1870 жылдардың ортасында 70-терде екені рас. Ендеше, ол 1800 жылдары туған дегенге Қ.Жұмаділовтың пікірі негіз бола алады. Егер әке мен баланың арасына 25 жыл салсақ, Қотыраштың әкесі Қабанбай шамамен 1775 жылдары туған болуы мүмкін. Яғни, Қаракерей Қабанбай дүниеден өткенде жарық дүние есігін ашады. (Әкесі ырымдап ат қойды ма екен?) Осы есепке жүгінсек, Қотыраштың әкесі Қабанбай дуан ашылған 1832 жылы 55-пен 60-тың арасындағы кісі. Демек, көзі тірі болуы да әбден мүмкін. Ал бұл Қабанбай Қотыраштың атасы да, бабасы да емес, нақтылы әкесі. Себебі, сол жылдардағы тізімге алынғандар түгелдей әкесіне жазылыпты. Оның үстіне атасына жазылса, орыс оның әкесіне қаратылар «овичін» міндетті түрде қосады.

Демек, тірі Қабанбайға мола соғылмайды және тірі адамның бейіті «ежелгі Ақмола» делінбейді. Біреу Қаракерей Қабанбайдың зиратын Қотыраштың әкесіне тартып әпергісі келгеніне бола Дарабоздың жамбасы тиген қасиетті топырақ атын да, затын да өзгертпейді. Қайта солардың сауатсыздығын, тарихи саяздығын танытады.

Қабдеш ағамыздың мақаласын оқыған соң, Ақан сері туралы роман жазған Сәкен Жүнісов ағамды іздедім. Ақмоладағы С.Сейфуллин мұражайының директоры, белгілі ақын Серік Тұрғынбековтың кабинетінде кездестік. Жағдайды айта бастап едім, Сәкен сері іліп әкетті:

– Айта береді солар! Ол Қотыраштың құлагерді жазым қылған Қотырашқа еш қатысы жоқ. Айта береді, білмеген соң. Алдымен есебін түгендеп, зерттеп алмай ма, өйтпейді. Соға салады. Ал сенің Қабанбай батыр туралы айтқаның бойға сіңімді. Ақан серіге дерек жинап жүргенімде, мың естігенмін. Сенікі дұрыс. Қайтпа! – деп шегелей сөйледі. – Қабдешті де оқығанмын. Тек, енді, үлкен ғой, сыйлай сал. Одан кем болмайсың. Кездессем, Қабдешке айтамын.

Лақап таратпас бұрын Омбының коллегия хатшысы Уфимцевтің мына дерегін оқыған жөн болар еді: «Акмолинск при основании своем 1832 году назван по белому памятнику находящемуся над киргизской могилой от города в 25 верстах, на сопке, лежащей вдоль реки Нуры. Слова «Акмола» выражает буквально «белую могилу». Между туземцами есть предание о могиле большого размера (улькун) вовсе непохожый на формы туземных памятников, сложенный из квадратного кирпича, покрытый белою глянцовитого масти и что он поставлен в давние времена...»

«В давние времена» – «көнеден келе жатыр» дей үшін ең болмаса 50-70 жыл өтуі тиіс қой. Тіпті, Қотыраштың әкесі ұлы туа сала, сол күні өліп қалса да, Уфимцев «в давние времена» деп жазбас еді. Оның үстіне арадағы 20 жылды сіз бен біз де «көне» деп сөйлемейміз. Қотыраш ол тұста елге танылып үлгерген белгілі адам. Ендеше, Уфимцев оны білмеуі мүмкін емес. Білуі тиіс. Онда «Бейіт – Қотыраштың әкесінікі» деп жазса керек-ті. Бірақ, олай демейді. Себебі, зират кімдікі екенінен хабарсыз.

«Ақмола» атауы қайдан шыққанынан мағлұмат алған оқырман Қаракерей Қабанбайдың зиратына келіңкірейтінін шамалап қалды-ау дейміз. Нияздың Ақмоласы да қаладан мөлшермен 25 шақырымдай жерде. Ол да дөң үстінде, Нұраның жағасында. Бұл жағынан екі молада өте ұқсастық бар. Бірақ, Уфимцев «улькун» дегенді ашып көрсетеді. Әрі бір ғана мола туралы жазады, ешбір молаға ұқсамайды екен деп. Бұл, әрине, сол тұстарда биіктігі 10 метрдей, ішкі кеңдігі 10 жарым метр, маңайдағы ешбір молаға ұқсатылмай, ерекше салынған Қаракерей Қабанбайдың кесенесі болса керек. Сырты балшықпен сыланған. Себебі, кесене маңындағы топырақ аппақ.

Ең тамашасы – қарпықтың көнекөз қариялары бұл қасиетті орынды бірауыздан «Қаракерей Қабанбай батырдікі» деп бүгінгі күні тәу етіп келеді.

Әңгіме Астана төңірегіндегі қасиетті орындар жайлы болған соң Тайтөбедегі ұзын қыпшақ Нияз би моласы жайлы да бірер ауыз айта кеткен орынды болар. Қыпшақ шежірешілері Нияз би 1740 жылдары туып, 1790 жылдары қайтыс болған дегенге тоқтап жүр. Жарықтықтан төрт ұл туады – Айдарлы, Байдалы, Байғазы, Айдарбек. Бабаның бүгінгі ұрпақтары, негізінен, Төрғай өңірінде тұрады.

Ерекше атап айтарымыз: тұңғыш ұлы Айдарлыдан – Жабай, одан – Жаманқожа, одан Жалмағанбет, одан Жанбосын туады. Ал Жанбосыннан қазақ даласының қаһарманы, хан сайланғаны үшін кеңес үкіметі тұсында аты аталмай қалған, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Әбдіғапар дүниеге келеді. Заманы солай болып, Әбдіғапар ханның бар еңбегі түгелдей Амангелдіге телінеді.

Ел сөзіне қарағанда, Абылай хан Нияз биге сыйласымды қарапты. Осындай бабадан Әбдіғапардың тууы заңды да.

Енді, Ақмола осы екі кесенесінің бірінен шаққаны ақиқат екенін мойындау қажет. Қайсысынан шықты? Бұны әлі зерттеу керек. Ал «Ақмола» орыс жазба деректеріне 1825 жылғы қарашада түсіпті. Демидов деген кеңесші орыс патшасы Александр біріншіге мынадай ақпар жолдайды: «По р.Нуре... у горы Ак-Мула кочует известный в степях хан Вали».

Әзірше, ертерек көзге түскені осы. Бұдан бұрынғысы табылса, оны да оқырманға хабарлармыз. Осы жолдар да ой салады. Нияз би бабамыздың моласы тұрған жерді жалпы жұрт «Тайтөбе» атайды. Ал, Қабанбай кесенесі тұрған жерді «Қабанбай тауы», «Ақмола» дейді.

Жоғарыдағы Демидовтың хатында осы өңірдің ежелгі бейнесі, мәдениеті де айтылыпты. Мысалы, Қорғалжын көлі туралы былай дейді: «Видны обширные поля древних пашен.., развалины древнего города, как остатки древнего храма весьма порядочной архитектуры, доказывают, что страна сия населена была не блуждающими номадами, но народом образованным, просвященным».

Міне, Ақмола өңірінің өткенінің бір сынығы. Орысты, амал жоқ, мойындатып отыр. Ал біздің санамызға бұл маңды қу дала деп сіңіріп келді. Ізденсек, Ақмола маңының тарихы ең кемі 2-3 мың жыл әріге кетеріне дау жоқ. Себебі, Қаракерей Қабанбай кесенесінің маңында көне сақтар мен скифтердің обалары өте көп. Бәрі дерлік тоналған. Бірақ, соның өзінде обалар – осы маңда сол дәуірде ата-бабаларымыздың тұрғанының куәсі.

Бұл тағдыр тәлкегі дегенді қойсаңшы. Жуырда Ислам Жапаров деген қарпық ақсақал келді. Қотыраш Қабанбаев туралы дақпыртты оқыпты.

– Бұл маңда үш найман қорымы бар. Соның бірі осы Қабанбай атаның тамы тұрған тау. Қай заманда қарпық пен қаракерей қорымын бірге ашқан? Біздің аталарымызды түгендеп қайтесіңдер. Тірісінде жау маза бермеген Қабанбай батырға өлісінде тиісіп, о несі-ей! – деп сөгіп кетті.

Сөйтіп, кесуатты біреу айтты, сөзін біз естідік.

2000 жылдың мамыр айының ортасынан аса мені Астана қаласының әкімі шақырды. Себебі: Қаракерей Қабанбай батырдың моласы екеніне кейбір қариялардың көзі жетпей жатыр екен. Оларға өзім танитын, 1991 жылдары «Қаракерей Қабанбай батырдың бейіті» деген аралас-құралас азаматтар да қосылыпты. Алдымен көзтаныс, сәлемдеріміз дұрыс қой деп жігіттерге жолықтым.

Міне, ғажап, нілдей бұзылып қалыпты.

– Ақсақалдарымыз «Бейіт Қанжығалы Қабанбай бидікі» деп отыр. Шыны сол. – дейді.

Бұл деректі де қолма-қол зерттелік. Арғын қанжығалының шежіресінде не Қабанбай би, не оның әкесі, не баласы болмай шықты. Тіпті тырнақ іліндірер із табылмады. Кейінірек, қанжығалылар топтасқан Ерейментауға әдейілеп барып, сұрастырдық. Ондай адамды ешкім атай алмады. Қабанбай атты би болуы, әрине, мүмкін. Ұрпақ қалмауы да ғажап емес. Бірақ бала туған соң оның ең құрығанда, әкесі шежіреде қалуы тиіс қой. Бірі де жоқ болып шықты. Өз басым сезіктене бастадым. Әңгіме Қаракерей Қабанбайдың моласы емес, саясатқа айналып бара жатқанын ұқтым.

Мұнан соң қала ақсақалдарымен бейіт басына жиналдық. Дәлелдерімізді сұрады. Қысқаша баяндадым. Бірақ бір қария:

– Сен білмейді екенсің. Бұл Ұзын қыпшақ Нияз бидің зираты. – деп «жаңалық» ашты.

Мен бір жыл бұрын Тайтөбедегі Нияз атаның бейітінде болғанымды, ол қайда екенін ежіктеп түсіндіріп жатырмын. Тіпті, Тайтөбедегі қыпшақтар қазір біз Нияз бидікі деп жүрген моланы ол кісінікі емес дейді. «Нияз атанікі ауылдың терістік жағындағы қалың қорым ішінде жатыр» деп отыр. Сөйтіп, алдымен сол екі зираттың қайсы нақтылы екенін саралау керектігіне дейін сөз еттім. Қариям бәрібір қайтар түр көрсетпеді. Манадан бері Рыскелді қажы Жақсыбеков үндемей отырған. Рысекең ұзақ жылдар Ақмола облысының кино жүйесін басқарған, аса байыпты, сол кездегі Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтей ұл тәрбиелеген әке, немере сүйген ата.

– Дұрыс айтып тұрсың, Нияз атанікі Тайтөбеде, – деп баппен тіл қатты. – Мына бейіт Қабанбай батырдікі екені де ежелден белгілі. Бір түйткіл бар еді. Камал, сен сергіттің. Бата жасайық.

Манағы ағамыз неғып Нияз атаны ауызға алып, табандап отырып алғанын кейін түсіндім. Шіркін, пендешілік деген бәлекет басыңды қайда соққызбайды. Ол бұл кітапта қозғалатын әңгіме емес.

Ең кереметі, 1991, 1994, 1997 жылдары Қаракерей Қабанбай батырдың зиратына түнеп, дерек жинағанымда жігіттердің осы мола Қабанбайдікі дегенін үнтаспаға да, бейне таспаға да жазып алғанбыз. Сақтаулы тұр. Осы жігіттер сол кездерде «Ақмола» атауы бір бейіттен шықты» деген-ді. Кейінірек, дәлірекке көшіп, Нияз атаның зиратына тіреді. Одан соң Уфимцевтің 1851 жылы жазғанын, Клара апай Әмірқызының деректеріне сүйеніп, «Ақмола» Қаракерей Қабанбайдың моласынан шыққанын нақтылы дәлелдегенімізде, тағы бір «жаңалық» тауып алды. Осыдан тағы да рулық саясат бас қылтитады. Өздері білсін. Тек замандастарымның қазақтың емес, бір ғана рудың деңгейіне дейін төмендеп, кішірейіп кететіні батады жаныма.

Бүгіндері Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесі осы өңірдегі ең биік жотада асқақтап тұр, көне Ақмола – жаңа Астана ашық күндері алақандағыдай көрінеді. Хан Батыр – Қаракерей Қабанбай әулие қазағының мейірман да қаһарман, кемеңгер де аңғал елінің, Ақ Ордасының мәңгі сақшысындай, піріндей күзетіп, Астанаға айбын беріп жатқандай.

Өз басым Қаракерей Қабанбай батыр кесенесін қазақ, қазақ болғалы Отаны, Елі, Жері үшін Ту алып, майданға түскен барлық халық қаһармандарына – хандарымызға, билерімізге, жырауларымызға, батырларымызға, сарбаздар мен аламандарымызға, сол Ұлы бабаларымыздың ұрпағын өсіріп, жолын тосқан, соңына біз секілді ата дәстүр, салт-санаға адал ұлдары мен қыздарын қалдырған барша аналарымызға қойылған ескерткіш деп білемін.

... Алыс-туыс демеймін.

Мұсылман-кәпір демеймін,

Атымды кім атаса,

Соны қолдап жебеймін... –

деп Хан Батырдың өзі айтқандай, біздің барлығымыздың бабаларымыз да ортақ, бақ-дәулетіміз бен арман-мүддеміз де ортақ, тегіміз бен жеріміз де, түріп тастап, түйінер білегіміз де ортақ.

Қаракерей Қабанбайды науқас меңдегені жөнінде даламыздың төрт тарабына хабар жөнелтілгенін мана айтқанбыз. Дарабоздың қазақ халқының алдындағы парызын өтеу жолындағы жанқиярлығына бас иген жұртымыздың бар жақсысы Ұлы Сардар бақиға аттанарда жанынан табылғанына, өсиетін алып, адалдыққа ант еткеніне кәміл сенемін. Бұқар жыраудың келуі қазақ елінің түгел келуі емей немене! Іргелес отырған хан Абылай, Қаз дауысты Қазыбек, Қанжығалы Бөгенбай, Керей Жәнібек, Сарышуаш жырауға жұбату айтқызған Ұлы Жүздің сөзұстарлары, Кіш Жүздің жайсаңдары Бас Сардар – Қаракерей Қабанбайды өз қолдарымен топырақ салып, Жер Ананың құшағына тапсырғанына күмәнім жоқ. Бұл кесене маңына қалмақ деген ата жаумен алысқан ХVІІІ ғасырдағы барлық ұлыларымыздың, әулиелеріміздің табаны тиген, көз жастары тамған. Топырағында алақандарының табы қалған. Бәрінің иісі сіңген. Міне, нақ осы себептен де бұл бар киелі бабаларымызға құрмет көрсетіп, Елімізге, Отанымызға Жаратқан иемнен жақсылық тілейтін жер, қасиет дарыған орын.

Қаракерей Қабанбай батыр көз жұмған соң заманы бір әулиелеріміз шау тарта бастағаны рас. Содан кейін жарықтықтар осылайша қосылды ма екен. «Алаштап», «Аруақтап» жүріп Дарабоз 1724 жылы Түркістанда ыдыраған қазақтың басын бір қосып, Ақ Тудың астына ұйыстырып еді. Өлер шағында сол жұрт өздері келіп құрышты. Ғажап! Неткен ғажап! Берекенің бастауы, бірліктің ұйытқысы екенін өлерінде де көрсетіп кетті. Міне, нақ осы себептен де Қаракерей Қабанбай батырдың жамбасы тиген жерге бақ даруы, бақыт қонуы заңды!

Келісті келешекке ұмтылған қазағымды бар бабаларымыз жебей жүргей!

13 августа 2010, 15:58
20590

Загрузка...
Loading...

Комментарии

Камал аға!
Ұлы батырдың есімін ардақтау жолында атқарып отырған қажырлы еңбегіңізге шексіз ризамын. Нақты деректермен, бұлтартпас тарихи фактімен ғылыми түрде келтірген негіздемеңіз көңілге қонады. Батыр баба аруғы жар болсын!
Қай кітаптан алынған? Қолданылған мәліметтері қайда?
Тексті тағы бір қарап шығыңыз!
Жеті атасын білген ұл,
Жеті жұрттың қамын жер,
Өзін ғана білген ұл,
Құлағы мен жағын жер,
Камал аға! бәрін зерттеп жақсы жазыбсыз,сізге інілеріңіздің атынан ұлкен рахмет!
Подтверждаю. Я присоединяюсь ко всему выше сказанному. Можем пообщаться на эту тему.
Counter strike 1.6 2010 Pack 2 на русском
Проф. Совет-Хан Габбас
Мынау Камалға не айтуға болады ? Қысқартып айтсақ ұятты сақтаған жөн. Мен туралы өтірік жазуы ұятсыздық! Менің «Ұлттық академияның» кітапханасындағы «сирек фондысынан» алғаш рет «Қаракерей Қабанбай» деп жазылған үлкен папкаға кезігуімнен басталды. Оншақты күндей Нарман екеуміз қарап шықтық. Ол арапша мен төте жазуға да жүйрік еді. Қабекеңнің 1691 жылы туғанын содан білдік. Келесі 1991 жылы «300 жылдығы» екен. Үш жылдықты атап өтудің идеясы сонда келген болатын. Ақылдаса келе, Жазушылар Одағының Фальклор кеңесі арқылы, сол кездегі Совминнің бастығы Нұрекеңе (Назарбаевқа) хат жазғанымыздың куәсә - проф. Р. Бердібаев, жазушы С. Досановтың көздері тірі. Осы 1990 жылы Совминнен рухсат алған соң, бір сағат он минуттан "Алатау" телеарнасында 3-рет (сәуір,маусым,тамыз) жасалған телехабардың касетасы қолымда. Үш хабардан кейін, Қараша айында сол кездегі Талдықорған облысының әкімі Тұрсынов Сағымбек мырзаның телефон арқылы сөйлесіп, Желтоқсанда болатын "Қаракерей Қабанбай батырға арналар ғылыми конф.-ға" көмектесуімді сұрады. Қазір көзі тірі Сағымбек мырзада мұның рас екенін айта алады. Сол конференцияның шешімі бойынша, келесі жылы Май айында "Үйгентастың" бауырында өткен Қабекеңнің асына "Шақыру билетін" осы Камал маған жібермегенін де, сол әкімшіліктің жауапты адамы айтқан. Сондықтан Камал Абдрахмановтың мынау сауатсыз мақаласында маған айтылған ұятсыз сөзі мәдениетсіздік. Менің істеген істерімнің дерегі де, куәгер адамдарда аман-есен жүр. Құрметті оқушым, бұл сөздерімді ақиқат үшін жазып отырмын. Тіпті, осы Камал күзетші болып отырған "Қабекеңнің мовзалейінеде" ат салысып, Президенттің атына "ДАТ" деп хат жазғанымда рас. Ол хатыма президент аппаратынан жауап жазған А.Бижановтың хатыда қолымда, ал "Датты" менің «Асау арна» аты кітаптан оқуларыңызға болады. Осының бәрін ақиқат пен адалдық үшін жазып отырмын. Халыққа керегі шындық !...
Құрметпен : Жазушы, Медицина және Педагогика ғылымдарының докторы, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, Махамбет сыйлығының лауреаты, Халықаралық Нострадамус атындағы академияның академигі, профессор СОВЕТ-ХАН ҒАББАСҰЛЫ. 15.01.2012 жыл.
Проф. Совет-Хан Габбас
Мынау Камалға не айтуға болады ? Қысқартып айтсақ ұятты сақтаған жөн. Мен туралы өтірік жазуы ұятсыздық! Менің «Ұлттық академияның» кітапханасындағы «сирек фондысынан» алғаш рет «Қаракерей Қабанбай» деп жазылған үлкен папкаға кезігуімнен басталды. Оншақты күндей Нарман екеуміз қарап шықтық. Ол арапша мен төте жазуға да жүйрік еді. Қабекеңнің 1691 жылы туғанын содан білдік. Келесі 1991 жылы «300 жылдығы» екен. Үш жылдықты атап өтудің идеясы сонда келген болатын. Ақылдаса келе, Жазушылар Одағының Фальклор кеңесі арқылы, сол кездегі Совминнің бастығы Нұрекеңе (Назарбаевқа) хат жазғанымыздың куәсә - проф. Р. Бердібаев, жазушы С. Досановтың көздері тірі. Осы 1990 жылы Совминнен рухсат алған соң, бір сағат он минуттан "Алатау" телеарнасында 3-рет (сәуір,маусым,тамыз) жасалған телехабардың касетасы қолымда. Үш хабардан кейін, Қараша айында сол кездегі Талдықорған облысының әкімі Тұрсынов Сағымбек мырзаның телефон арқылы сөйлесіп, Желтоқсанда болатын "Қаракерей Қабанбай батырға арналар ғылыми конф.-ға" көмектесуімді сұрады. Қазір көзі тірі Сағымбек мырзада мұның рас екенін айта алады. Сол конференцияның шешімі бойынша, келесі жылы Май айында "Үйгентастың" бауырында өткен Қабекеңнің асына "Шақыру билетін" осы Камал маған жібермегенін де, сол әкімшіліктің жауапты адамы айтқан. Сондықтан Камал Абдрахмановтың мынау сауатсыз мақаласында маған айтылған ұятсыз сөзі мәдениетсіздік. Менің істеген істерімнің дерегі де, куәгер адамдарда аман-есен жүр. Құрметті оқушым, бұл сөздерімді ақиқат үшін жазып отырмын. Тіпті, осы Камал күзетші болып отырған "Қабекеңнің мовзалейінеде" ат салысып, Президенттің атына "ДАТ" деп хат жазғанымда рас. Ол хатыма президент аппаратынан жауап жазған А.Бижановтың хатыда қолымда, ал "Датты" менің «Асау арна» аты кітаптан оқуларыңызға болады. Осының бәрін ақиқат пен адалдық үшін жазып отырмын. Халыққа керегі шындық !...
Құрметпен : Жазушы, Медицина және Педагогика ғылымдарының докторы, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, Махамбет сыйлығының лауреаты, Халықаралық Нострадамус атындағы академияның академигі, профессор СОВЕТ-ХАН ҒАББАСҰЛЫ. 15.01.2012 жыл.
Шөмішбай Сариев.
Тәңірім өзі сүйіп жаратқандай...
(Ғұлама жазушы педагог Совет Хан Ғаббасқа)

Өлеңнің өрге тартқан – таңы атқандай
Тәңірім өзі сүйіп жаратқандай,
Сұңқардың ауылында туған –Тұлпар,
Жан ағам бар – Ғаббасов Совет Хандай.

Дария толқын қуып жосты легі,
Қашанда қабыл болар – Дос тілегі.
Зайсанның жайсаң ұлы – бұл Совет Хан,
Дәрігер, Жазушылық – қос жүрегі.

Өзі ескерткіш табиғат құя салған
Алатаудың шыңындай – қиясы арман,
Бір шыңы көтерілген «Қыран қия»,
«Ананың жүрегінде» ұя салған.

Балалық кең жайлауы Өртең де өткен
Бүгін шыққан Жолаушы – ертең жеткен,
«Серпермен» Құрманғазы сезімге енсе,
Совет Хан жүрегімен –«Серперлеткен».

Қараса кең әлемге жазып көзін,
Байлық та өзің, Парасат –азық та өзің
Хирург – салқын қанды Совет Ханның
Жүрегін баурап алған – «Нәзік сезім».

Қадамын сал серідей салып кеңге
Өнер ғой танытатын адамды –Елге.
Қан жүрісін зерттесе жүрегімен,
Сол жүрекпен атанған Қаламгер де !

Бір тәңір біледі өзі жазарымның
Содан да шалқитыны – саз әнімнің,
Өмірдің қайталанбас – бір Тұлғасы
Совет Хан Ғаббасұлы – Қазағымның !

Құрметпен: 20 ақпан 2006 жыл – 14 ақпан 2009 жыл
Алматы шаһары




ЖАРЫЛҚАСЫН АМАНҰЛЫ
ақын, сазгер, күйші.

Совет Хан Ғаббасовқа.

Қаз дауысты Совет Хан !
Қаз дауысты Қазыбектей – үндісің ?!
Байтұрсынов Ахметпен – ойың бір,
Ахметтей білімдісің.., тілдісің.
Ұрпақ үшін...
Түн ұйқыңды – төрт бөліп,
Көкірегің өрт болып,
Қайран Ерім – жүрмісің ?..

«Жаның таза, тәнің таза болмаса,
Жойылады Рухың» деп,
«Егер Рухың болмаса,
Жойылады тілің,дінің, ғұрпың» деп,
Шыбын жаның шырқырап жүр Ерім ай,
«Бірте бірте жойылып,
Кетер ме екен – Ұлтым» деп !

«Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте»- ...
Деген ақын кім екен ?
Кезі кеп бір тілдессе.
Өз тілімді білемін,
Ұмытпаймын өлгенше.
Жалау ету – жат тілін,
Дерем – саған міндет пе ?
Сақта Алла тағы да,
«Үш тұғырлы тіл» деген,
Ұшырадық – індетке ?!

Саналы да санаулы,
Сөз астарын – түсінер.
Тілін білмей өзінің
«Өзге тілді – білем» деп,
Қандай адам – күпінер.
Біз секілді – Ұрпақ та,
Мәңгүрттеніп кетпесе,
«Сатқындар» деп, бәрі де,
Бетімізге – түкірер…


Қайран – Сәкем,
Тіл мен Діннің, Діл мен Тіннің,
Тазалығы қамы үшін,
Қайнап жатыр көкірегің де,
Болат, құрыш – намысың.
Ұртындағы қан мен майды,
Айырмайтын топастар,
Ұстап берген жауыздарға,
Алаштың
Әлихан мен Ахметтей арысын.


“Заман солай болды ғой, деп,
Айтатында бар шығар.
Қиянатты көріп тұрып,
Оған қалай жан шыдар.
Қаз дауысты Совет Ханым,
Ауыр жүк бар мойның да
Ердің Ері – нар шыдар.
Байтұрсынов Ахметтей бір тумам,
Сөйлеп кетсең – тіліңнен бал тамшылар.
Құтты болсын – Жетпіс жасқа келгенің,
Әлі талай ақыл кенің,
Бұлақ көзің аршылар.


24. 01. 2009ж.


Мына Савет ағама не болды сонша күйініп жел соқпаса шөпиің басы қимылдамайдығой бекерге! ақшолақтың Ерболы
Зейнолла Тілеужанов
Өмірі..,өзі – ертегі...
( Жазушы дәрігер, педагог психолог,
ғұлама Совет Хан Ғаббасовқа )

Шығысқа поезд ағады,
Сардала жатыр керіліп,
Бірінен бірі аспандап,
Арқаның шыңы көрініп,
«Аякөз» өзен, «Қаратал»,
Бұрымдай болып өріліп...
Түседі еске өткен күн,
Әлдилеп бір күй санамды.
Жазушы, әрі дәрігер,
Совет Хан ағам аяаулы.
Аялы көзбен алысты,
Айнала шолып жер төсін.
Еске алып Қозы Баянды,
Махабат жырын шертетін.
Жүйткиді поезд шығысқа,
Қанатын қомдап қырандай.
Сәкеңмен өткен сол сапар,
Өткеннен қалған тұмардай !
Қанатын қомдап қырандай,
Қабанбай бабам алдымнан,
«Қубасын» мініп шығардай !
«Аякөз» барсам, Шынқожа ,
«Ақшәулінің» басында,
Ақ тұлпары астында,
Жарқ етіп алда тұрғандай.
Зайсан барсам, Сауырдан,
Көк семсерін қолға алып,
Көкжал Барақ бейне бір
Өр Алтайдың басына,
Өрлеп өскен шынардай.
Барақ атын естісе,
Батыры түгіл қалмақтың,
Бесіктегі сәбиі,
«Жылайды» деп уанбай
Аталарым айтатын :
«Тарих сырын ұқпаған,
Шежірені білмеген,
Білгендердің сөздерін
Қаперіне ілмеген,
Жолдас болма тексізбен,
Жолдас болма құлменен»!...
Іркілмей Сәкең – сөз бастар,
Төселген әбден көсемдей,
Қалданды сөзбен тоқтатқан,
Қазыбек би шешендей.
Әр сөзі мірдің оғындай,
Ақынның жанын ерітетін.
Біркезек ұшқыр қиялмен,
«Кәусардың» сырын шертетін !
Алматы жым жырт...түн ұзақ,
Сәкеңнің шамы жанады.
«Қандауыр» атты роман,
Дәрігер боп бір сәт жазады.
Бір кезек фантаст жазушы,
Арманға арман жалғайды.
Қыс пенен жаздар, көктемдер,
Сағым боп көзден аунайды.
Кездеспей өткен жылдарда,
Жапырақ қанша сарғайды !..
Бүгін Сәкең – ұстаз боп,
Ұрпақтың қамын ойлайды :
Ілімі асыл тектінің
Әр залалдан қорғайды
Қайсыбірін айтайын ?
Сол залалдың ішінде:
«Арақ деген әзәзіл
Жатырда жатқан балаға,
Тигізіп зиян – санаға
Ұрпақты У лап бара ма?
Ақын да түнде жыр жазып,
Қаламға сырын шертеді.
Жазушы Сәкең – Қазақтың
Бүгіні менен ертеңі.
Өмірі.., Өзі – ертегі...


Алматы, 7. 07. 2008ж.

Осы Советхан деген кісінің саусағын тықпайтын тесігі жоқ,тырнағы қалмайтын не пәле! Айтқаны шудадай жалған. Мұқым Жетісу Советхан деген "данышпанның" аузына қарап отырыпты дегенге кім сенеді. Уақап аға Үрімжіде шыққан кітапты орыс жазуына түсірген. Советхан соны оқуға сұрап алып, телевидениеге шаба жөнелгенін, өзімен келіспегенін Уақап аға ренішпен айтады. Даяр асқа тік қасыққа үйренген осындай пысықайларға жыным келеді. Уақап аға өзі жария етемін деген бар еңбегін пайдаланып кеткенін неге айтпайды мына профессор. Уақап аға тірі ғой,нанбасаңыздар сұраңыздар. Құранды қазақшаға аударған адам ғой, өтірік айтпас.

Оставьте свой комментарий

Спасибо за открытие блога в Yvision.kz! Чтобы убедиться в отсутствии спама, все комментарии новых пользователей проходят премодерацию. Соблюдение правил нашей блог-платформы ускорит ваш переход в категорию надежных пользователей, не нуждающихся в премодерации. Обязательно прочтите наши правила по указанной ссылке: Правила

Также можно нажать Ctrl+Enter

Популярные посты

Инструкция для аллергиков. Как бороться с аллергией в период обострения

Инструкция для аллергиков. Как бороться с аллергией в период обострения

Я аллергик с детства. Имею аллергию на пыльцу березы, липы, полыни (выяснил это благодаря кожным пробам), а также пищевую аллергию на горчицу. Свои проблемы знаю, однако это меня не спасло.
Romeo_17
15 авг. 2017 / 17:21
  • 38274
  • 63
СМИ – ассистент провокаторов? Как гости из соседних стран сеют раздор в Казахстане

СМИ – ассистент провокаторов? Как гости из соседних стран сеют раздор в Казахстане

Инцидент с пьяным киргизским гостем на борту Air Astana, наверное, остался бы только во внутренних сводках авиакомпании, если бы г-н Доган, не поднял громкий крик о государственном языке.
openqazaqstan
сегодня / 14:43
  • 5250
  • 14
Алматы предложили сделать центром секс-туризма

Алматы предложили сделать центром секс-туризма

Известный политолог России Андрей Карпов предложил сделать Алматы центром секс-туризма. Но для этого сперва нужно легализовать проституцию в стране.
tala03
13 авг. 2017 / 14:48
Казахский национализм раньше выглядел несовременно. Теперь он другой

Казахский национализм раньше выглядел несовременно. Теперь он другой

Националисты стали совсем другими. По-английски хорошо говорят, русскую классику цитируют. Очень современные, образованные, адекватные. А после Крыма в националисты уже чуть ли не любой казах готов был записаться.
Aidan_Karibzhanov
вчера / 16:52
«Доехать до Алтын Орды» – как мошенники обманывают алматинцев

«Доехать до Алтын Орды» – как мошенники обманывают алматинцев

Из множества грустных откровений постепенно сложился перечень самых распространённых уловок охотников за нашими деньгами. В нём ожидаемо лидировали профессиональные попрошайки.
caravan_kz
вчера / 15:05
  • 1475
  • 2
Недоразумение с грантами в ВУЗы: «медалисты» до сих пор имеют преимущество

Недоразумение с грантами в ВУЗы: «медалисты» до сих пор имеют преимущество

Многие способные выпускники без Алтын Белги готовились к тестированию, чтобы в честной борьбе попытать счастья на гранты без ущемления со стороны якобы "золотых" выпускников.
DanaJarlygapova
14 авг. 2017 / 14:35
Приложение казахстанских школьниц признали лучшим на конкурсе в Сан-Франциско

Приложение казахстанских школьниц признали лучшим на конкурсе в Сан-Франциско

Команда алматинских школьниц выиграла главный приз международного конкурса Technovation Challenge 2017 по разработке мобильных приложений.
yviNews
11 авг. 2017 / 16:38
  • 2323
  • 5
Сколько дней казахстанцы отдохнут на День Конституции и Курбан айт

Сколько дней казахстанцы отдохнут на День Конституции и Курбан айт

Многие уже сейчас планируют отпуска и праздничные выходные. Сколько дней отдыха будет в этом году в честь Дня Конституции и мусульманского праздника Курбан айт?
yviNews
11 авг. 2017 / 15:08
  • 1317
  • 0
На EXPO через Балхаш и Боровое своим ходом

На EXPO через Балхаш и Боровое своим ходом

Мы объехали по кругу озеро Иссык-Куль, о чем повествует предыдущий пост, и вернувшись из поездки подумали, а почему бы нам не рвануть на наше озеро, не менее прекрасное?
yelenasergiyenko
13 авг. 2017 / 13:13
  • 1278
  • 6