Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
10:50, 16 июля 2010

Латынға оралу (ҚАЗАҚ ТІЛІ ЛАТЫН ӘЛІПБИІМЕН)

"Социалды Қазақстан" газеті, 1934 жыл (№ 261)1917 жылғы болған төңкерістің желі Ресей жерін ғана емес оның айналасындағы көрші жатқан елдердің барлығын шарлап, біздің еліміздің де тарихы мен тілінде өшпес із қалдырды. 1920 жылдардың басында сол кездегі биліктің бастамасымен араб әрпімен жазып келген түркі тілдес халықтардың барлығын жаппай басқа әліпбиге көшіру саясаты қолға алынды. Сонымен бірге бұл саясаттың астарында әліпбиін жоғалту арқылы ислам дінінің ықпалын жою да көзделгені анық. 1925 жылы латын әрпіне көшіру туралы конференцияда сөз алған А.Микоян: «Бұл әліпбиге көшу арқылы еуропалық және мұсылмандық өркениеттің арасына қабырға қойылып, Батыс пен Шығыстың арасында жаңа қарым-қатынас орнайды» деп болжам жасады. Басында араб әліпбиінің негізінде жаңа заманға лайықты әліпби дайындау туралы ұсыныстарды талқыға салғанымен де, осы жиыннан кейін латын әліпбиіне көшуді жақтаушылар белсенді әрекет ете бастады. Араб әрпімен жазылған рухани мұраны жойып алу қаупі ол кездегі билік иелерін мүлде толғандырған жоқ, араб әліпбиімен жазылған кітаптар мен ондай дүниелерді сақтағандарды аяусыз жазалау шаралары жүргізілді. Осындай жазалаудың мысалдарының бірі ретінде Әндижан қаласындағы бір партия қызметкерінің үйінен табылған кітап үшін, НКВД оны ату жазасына кесті. Кейін ол кітаптың ең алғаш араб әліпбиімен жазылған «Коммунистік партияның манифесті» атты кітап екені анықталса да, ол кезде кітаптың иесі атылып кеткен еді. Осы қатал саясаттың күшімен Кеңестер Одағының құрамындағы түркітілдес елдердің барлығын латын әліпбиіне көшіру науқаны бас­талды. Ең бірінші қадам Кавказ және Әзірбайжан елінде жасалды.

(Фото "Социалды Қазақстан" газеті, 1934 жыл (№ 261)

1926 жылы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Баку қаласында тұңғыш рет Бүкілкеңестік Түркологияның съезі өтті.

Әзірбайжан еліндегі реформа

Латын әліпбиіне көшіру тәжірибесі Әзірбайжан елінде жүргізілді. Осы тәжірибе негізінде бүкіл Кеңес елдерінде латын әліпбиіне көшіру жүйесі пайда болды. 1926 жылы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Баку қаласында тұңғыш рет Бүкілкеңестік Түркологияның съезі өтті. Бұл жиынға шешім шығару мақсатында 131 делегат жиылды. Қазақтар, қырғыздар, татарлар мен өзбектер, чуваштар, Солтүстік Кавказ және Саха елінің азаматтары қатысты. Бұл съезде олармен бірге орыстың академиктері мен профессорлары, шетелдік ғалымдар, соның ішінде Түркияның екі ғалымы, неміс, парсы, венгр ғалымдары да болды. Бұл жиында негізгі үш мәселе қаралды. Терминология, орфография және әліпби. Ол кездегі барлық түркітілдес елдерді қызықтырған ортақ бір ғана мәселе – ол әліпбидің тағдыры еді. Себебі әліпбидің тек жазу ретінде ғана емес, мәдени және қоғамдық маңызы бар екенін қатысушылар жақсы түсінді. Түбі бір түркі халқының келешек тағдыры осы қадамға байланысты екенін түсінген жанашырлардың бір бөлігі араб әліпбиін сақтап қалудың жолдарын ұсынды. Бірақ Кеңес үкіметінің көздегені ол емес еді. Ислам дінінің негізін жоюдың басты көздерінің бірі жазуды алмастыру арқылы араб тілі мен әліпбиін жетік меңгерген молдалардың сабақ беруін тоқтату яғни сол арқылы дін насихатын әлсірету және Құранды оқу мүмкіндігінен ажырату болатын. Мұсылман емес елдердің көпшілігі латынға оңай ауысып жатты.
Ал Әзірбайжан елінің латын әріпіне көшудегі бірінші болуы ол елдегі ұлттық жазудың кең тарамауымен және басқа түркі елдерімен салыстырғанда қала мәдениетінің жоғарылығымен байланыстырылды.
Тәуелсіздік алған жылдары Әзірбайжан мемлекеті қайтадан латын әліпбиіне көшуді қолға алды. Бұқаралық ақпарат құралдарының бір бөлігі латын әліпбиімен жаза бастады.

Түркиядағы реформа

Осман империясы құлағаннан кейін Түркия елінің мемлекет ретінде жаңа дәуірі басталды. Ел басына келген Мұстафа Кемал (Ататүрік) 1928 жылы парламент арқылы елді жаңа жазба жүйесіне ауыстыру туралы шешімді талқыға салғызып, арнайы заң қабылданды. Бұл жердегі мақсат: Осман империясынан кейін жаңашылдық енгізу болса, сонымен қатар КСРО-ның құрамындағы түгелдей латын әрпіне көше бастаған түркітілдес халықтармен байланысты жоғалтпау да көзделген еді. 1929 жылы Түркия тегістей латын әрпіне көшірілді. Күнделікті тұрмыстарында араб-парсы тілдерінде қолданылатын сөздерді түгелдей дерлік түрік тіліне ауыстыру науқаны басталды. Сол кезеңде түрік тілінде көптеген жаңа сөздер пайда болып, сол сөздердің кейбіреулері бүгін біздің елімізде де қолданылады. Мысалы: «тайаре»- ұшақ сөзіне ауыстырылды. Сол кезеңдегі реформаның арқасында түркітілдес елдердің Түркия түрікшесімен түсінісу мүмкіндігі артты.

Кеңестік Ресейдің латын әліпбиіне көзқарасы

Кеңес үкіметінің бастапқы жылдарында тек қана түркі халықтарын ғана емес, сонымен бірге орыс тілін де латын әліпбиіне көшіру мәселесі де көтерілген болатын. 1919 жылы ағарту ісі жөніндегі халық комиссары А.В. Луначарский: «... барлық осы елді мекендеп отырған халықты жаппай латын әліпбиіне көшіру қажет» дегенді айтқан болатын. Осы пікірге орыс сөзін қолдаушылар қоғамы бірден қарсылық көрсетті. Олар бірден комиссия құрып, сол арқылы «латын әлібиіне көшіру шетелдіктерге орыс тілін үйретуді қиындатып жібереді» деген мәлімдеме жасады. Солай орыс әліпбиін латынға ауыстыру бастамасы көтерілмей жатып, бірден өшірілді.

Қазақстан тарихындағы латын әліпбиі

Кеңес одағының құрамына кірген өзге түркі тілдес елдер тәрізді 1929 жылдары Қазақстанды да ескі жазудан жаңа әліпбиге көшіру қарқынды жүргізіле басталды. Басылымдардың барлығы дерлік латын әліпбиіне көшірілді. Ауылдарда жаппай сауаттандыру мақсатында қызыл отаулар тігіліп, ол жерде латын әліпбиі насихаттала басталды. 1940 жылдары латын әліпбиі кириллицаға ауыстырылды.
Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап қазақ лингвистері мен зиялы қауымының арасында латын әліпбиіне көшудің пайдасы мен зияны туралы пікірталастар жүргізіле басталды. 2006 жылдың 24 қазанында өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек» - деген болатын. Латын әліпбиіне көшірілген көршілес мемлекеттердің тәжірибесін назардан тыс қалдырмауды да осы жиында тапсырған еді.
Кезінде түркі мәдениеті және өнерін зерттеу, оны әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында құрылған ТҮРКСОЙ-дың жиынында түркітілдес елдер латын әліпбиіне көшуді бір ауыздан қолдаған болатын. Түркі халықтары тілі ұқсас болса да осы кезге дейін әр түрлі әліпбимен жазып жүр, латын әліпбиін пайдаланатың түркі тілдес мемлекеттердің жазуы да бір ізге түсірілген емес.
Бүгінгі таңда елімізде латын әліпбиіне көшу әлі де екі жақты тартыс пен талас тудырып отырған мәселе болып табылады. Латын әліпбиіне көшуді жақтаушылар бұл мемлекеттік тілдің өзінің күшіне енуіне оң әсерін тигізеді десе, латынға қарсылық білдірушілер халық арасында сауатсыздық бел алады деп шошуда. Кейбіреулер Ахмет Байтұрсынов бастаған қазақтың ардақтылары латын әліпбиіне қарсы болған деген пікірлерін де алға тартады.
Тағы бір дау туғызатын мәселе латыншаға көшкен жағдайда орыс тілін қай әліпбимен жазамыз деген пікір. Орыс тілін кириллица әліпбиімен қалдыратын болсақ, мемлекетке де, халыққа да қиыншылық туғызуы мүмкін әрі тиімсіз. Бұл тұрғыдан алғанда латын әліпбиіне өту процессі әлі де баяу қозғалары анық.

(жалғасы бар.....)

"ТІЛ" ЖУРНАЛЫ № 4 (сәуір) - 2010

0
8598
5