Қалалықтар үшін домбыра ұлттық аспап па әлде ұлттық сувенир ме?

TIЛ ЖУРНАЛЫ 2010 M07 16
4635
2
2
0

Қазақтың қадірлі әрі көнеден келе жатқан аспабы домбыраны «мен қазақпын» дегендердің барлығы біледі. Домбырамен айтылған ән, шертілген күй кең даланы көз алдымызға елестетіп, самал желдің...


Қазақтың қадірлі әрі көнеден келе жатқан аспабы домбыраны «мен қазақпын» дегендердің барлығы біледі. Домбырамен айтылған ән, шертілген күй кең даланы көз алдымызға елестетіп, самал желдің өпкеніндей, жусанның исін сезінгендей, жаздыкүні жауған жаңбырдан соң аңқыған жұпар ауадай толғана да ойлана тыңдарымыз анық. Қазақ даласында болған талай қырғын, аштық, шапқыншылықтар дәуірі де қасиетті домбыраның үнін өшіре алмағанын тарихтан жақсы білеміз. Адамның тілімен жеткізе алмағанын домбыраның үнімен, төгілген күйімен жеткізу де қазақ даласында болған үрдіс.
Кеше ғана Қытайдағы бауырларымыздың ұлт байлығымен әлемді мойындатып, Гиннес кітабына кіру үшін он мың адам жиылып домбыра тартқанын естігенімізде таңданғанымыз да, қуанғанымыз да рас. Шыңжаң өңіріндегі Толы ауданынының 10 мың домбырашысы халқымыздың «Кеңес» күйімен қазақтың рухын көтеріп, ұлтымыздың қолында бар байлығын әлемге тағы бір паш етті. Оның алдында «Қаражорға» биін билеген олардың осы қадамынан кейін қазақ елінде «Қаражорға» биі әр мерекеде, әр түрлі шараларда билене бастап, ұлттық құндылықтардың қайта жаңғыру дәуірі басталғандай еді. Кейбіреулер: «оның несіне қуанамыз, бұл жаңалық Қытайдың атынан Гиннеске тіркеліп жатыр ғой» десе де, Қытайдағы қандастарымыздың бұл қадамы бізге үлгі әрі жаңа серпіліс берері анық. Бұл он мың адамның барлығы бірдей кәсіби күйші емес, дегенмен осы ұлы бастама үшін әр шаңырақтың мүшесі домбыраға қызығып, үйренуге тырысқаны айдан анық. Аудандық телеарнада арнайы «Домбыра үйренейік» деген 5 минуттық бағдарламаның күнделікті эфирден беріліп отырғаны да құптарлық әрі қайталауға тұрарлық іс. Тура сондай бағдарлама біздің телеарналардан беріліп тұрса, талайымыз шертіп болса да үйренер едік-ау. Қазақтың ұлттық киімдерін киіп алған осыншама домбырашылардың бір алаңға жиылуы да адамды керемет толқытып әрі толғандыратын көрініс. Біздің елімізде 10 мың ғана емес, 20‑30 мың домбырашының басын қосып, осындай шара өткізілсе, оны барша қазақстандықтар теледидар арқылы тамашалай алса, қалай болар еді? Сол күні қазақ даласы бейне ұйқысынан оянған алыптай дүр сілкінер ме еді? Сондай көріністі көрген көзіміз жасқа толып, көкірегіміз осындай байлықтың иелері екенімізді сезініп шаттана мақтанар ма едік? Әрине, дағдарыс кезінде адам материалдық құндылықтан да, рухани жанына жақын болар бар ұлттық байлығын түгендей бастайды ғой. Мүмкін біздің шетелдегі бауырларымыз да осы бастамаларымен бізді оятуды қалап тұрған шығар? Не болса да бір тамаша жаңалықты, біздің ұлт ретінде тағдырымыз бен тамырымыздың бір екендігін сезіндірген бастаманы естіп, риза боларымыз хақ.
Десек те сол ғасырдың күйін шертіп келе жатқан домбырамыз қаладағы әр қазақтың үйінен табыла ма? «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, көпшілігімізге домбыраны бір себеппен сыйлап қалмаса, оны құнттап сатып алып жатпағанымыз белгілі. Тіпті сахнаға шыққан әртістеріміз де домбыраны бір-екі шертіп ырымын жасап қана қоя салуы сәнге айналып кеткендей. Ал енді қалада туған, қаланың қайнаған тіршілігінен әке-шешесінің бұрылуға уақыты жоқ бүлдіршіндері домбыраны қолға ұстап, тартып көрмек түгел, не екенін де білмейтінін де көріп жүрміз. Әрине, бәріміздің бірдей домбырада құлақтың құрышын қандырар күйші, әуелетіп шырқайтын әнші болмасақ та балаларымыздың өз ұлтының төл аспабын біліп, танып, онымен мақтана білгеніне не жетсін. Домбырамыз сөрелерде сақталатын сувенир емес, әр қазақтың қолында жүретін аспабына айналсын…

 

ТІЛ  ЖУРНАЛЫ  №4 - 2010

Оцените пост

2

Комментарии

0
Қандай керемет айтылған! Күте тұр қазағым... әлі саған күйдің әуенін жақсылатып таныстырамын!
0
Қазір халықтың көкірегі оянып келе жатыр, өздері ойнау білмесе де қонақ келгенде тартады немесе балам уйренеди, керек болады деп төріне алып іліп қоятын ағайындарымызды да ұмытпайық. Және тағы бір ауыз қазақ тілінде сөйлей алмай күніне 1 күй тартпаса басы ауыратын жастарымыз да жетерлік, бұл жақсы ма әлде жаман ба? Өзге ел қызығып жатқан мәденитімізді қолда барда қадірлеп, көкке көтерейік ағайын!
Показать комментарии