Yvision.kzYvision.kz
kk
Qaz
Qaz
492 постов4 подписчика
4
04:36, 14 октября 2015

Мен оны #ЖАТырқамаймын

Себебі, жат қылығы жоқ. Барлығы өзіме - қазаққа тән. Тарихы да, сюжеті де. Себебі - бастан кешкенім. Тәнім сол тағдыр тезін тірнектеп жүріп өткермесе де, жаным сол қиын-қыстаудан қазір өткендей қансырайды. Қансырайды, өйткені жара жазылған жоқ. Көп сұраққа жауап алынған жоқ... Қансырайды, себебі тоқшылықта, күннің аманында қарным ашады алақаным тастай суып, қаным басыма шабады сол кезді елестетсем...

Blog post image

Тарихи маңызы бар туындының дүниеге келгеніне көңілім толып, Ермек ағаны құттықтауға асықтым. Қуанды, әрине, хабарласқаныма. Әйтсе де, көңіл-күйі түсіңкі. Күллі Елордада "Жат" фильмі бір-ақ кинотеатрда, бір-ақ мезгіл жүргеніне мен де таң қалдым!

Не өзің түсірмейсің, не түсіргенге мүмкіндік бермейсің... Себебі ақшада, басқада десең де, ұсақ-түйектен асып кете алмадық, биік мақсатты көздей алмадық...

Иә, фильм басынан аяғына дейін жылатып, жедел жәрдем шақыртып, қыспайды жүректі. Соңында ғана ҮЛКЕН ? қояды. Бүкіл қазақты қыра жаздаған "аштықты" әсерлі ету керек еді. Жейтін бір жапырақ наны қалмай, төрт түлігі арам ауыздарды тойдырып, шегі бұратылды қазақтың. Баласы ботадай боздап ауқат сұрағанда, амалы таусылып, ақыры бас сауғалап, тарыдай шашылған ұлттың азабын арқаны бойлап шеге қаққандай қансыратып жеткізу керек еді. Неге десеңіз, беттерін секпілдеп боясаң да, жаны азап шеккен адамның жүзі басқа...

Дегенмен, бұл фильм - ЖОҚТАУШЫ! Ұлттың қасіретін, жазықсыз қырылған жандардың, желмен ұшты ма, құмға көмілді ме, әйтеуір тарих парақтарына да әділ түспей қалған "таза қасиетімізді" жоғалтқан қазақтың жоқтаушысы бұл. Бұл, бүгінде көптің  санасына сіңіп, "парақорлықты", "жалқаулықты", "сауатсыздықты", "тойшылдықты", "кешігушілікті", "мақтаншақтықты", "еліктегіштікті" ұлтқа тән қасиет етіп жағып қоятын "космополит" туынды емес. Әсерлілігін былай қойғанда, қалайша "оп-оңай жойылатынымызды", өзіңе өзіңді сырттан қаратып қоятын ЕҢБЕК. Өзіңе сұрақ қоюға мәжбүрлейтін фильм.

Blog post image

Сюжеттің желісін шарбаққа көрпе жайғандай тізбей-ақ қояйын. "Ізденісте" жүрген адам, өзі-ақ тауып алар, тамашалар қызықтырған "тұлғасының" туындысын. Иә, тырнақша көп. Неге десеңіз - "тұлғалар" көп емес. Ой салатын, күллі халықтың атынан ұлтын жоқтайтын, іздейтін азамат көп емес.

Сүттің бетіндегі қаймақ қанша жерден дәмді болса да, сүт жоқта ол қайдан болсын? Сол себепті, біреуге баға беруге қаншалықты асықсаң, соншалықты бағаң "қою" – жан-жақты болсын, өз қаймағы өзімен араласқан қою сүттей. Сонда қарның ашпас «маңыз» болар.

 

4
517
0