Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
22:55, 28 июня 2010

Өзбекстан

Өкіреш Шалға құлпытас орнатылды

Сіздермен жүздеспегеніме он шақты күн болыпты. Сағынып қалғандаймын. Жол үстінде жүрдім де, өздеріңізбен хабарласудың ретін келтіре алмадым. Естеріңізде шығар, өткен жүздесулерімізде Өзбекстанда, Самарқан маңында найманның Ұлы Атасы Өкіреш Шалдың моласы бар дегенбіз. Қаладан отыз шақырымдай жерде Өкірач ауылы, сол ауылда Өкірач атаның моласы сақталған. 1988 жылы қойылған белгісінің суретін көргенсіздер. Ол өткен жылы біз ақпан айында осы ауылда болғанымызда түсірілген.

Blog post image

Биылғы көктемде Самарқанға тағы барып, Өкірач ауылындағы наймандармен (өзбек наймандары) мынадай келісім жасағанбыз.

  1. Атаның басындағы темір белгіні ауыстырамыз;
  2. Орнына күмбез орнатамыз.

Осы тұста өзбек наймандары ыңғай танытпады.

- Оған ақшаны қайдан тапқанымызды тиісті органдар тергеп-тексеріп мазамызды алады. Алдымен көрнекі құлпытасын қояйық. Сонан соң ар жағын ойластырармыз.

Өзбекстанда тәртіп қатты. Машина алсаң, үй салсаң оған жеткен ақшаны қайдан алғаныңды дәлелдеуің қажет. Дәлелің жоқ па, үкіметке өткіз. Ұрлық-қарлықпен күрес аяусыз жүреді. Жуырда 1 миллион доллардан астам қаржысы-мүлкі бар адамдар түгел тізімделіп, дәлел талап етіліпті. Үкіметтің көзін жеткізсең –қанша миллион болса да жүре бер. Әйтпесе орның – абақты. Самарқанда құлаққа тигені – дәлелдей алмай дүниесі мен қаржысы тәркіленгендер бар көрінеді. Самарқан, Жизақ, Гүлстан тіпті Ташкент қалаларында қымбат маркалы машиналар жоқтың қасы. Өзбектер өздері шығарып жатқан көліктеріне мінеді. Жоғарыда айтылған дүрбелеңнен соң, «Аш бәледен қаш бәле» деген біраз кәсіпкерлер қымбат машиналарын сатып, өз елінде шығарылатын «Шевролет», «Нексиа» сияқты машиналарға ауысып мініпті. Қазір олар «Тойота» көлігінің әр түрлі маркаларын жасау үстінде екен.

Көзімізге алақанжайып жүрген қайыршы түспеді. Жол бойы, үйлердің арасы түгел базар, кішігірім асханалар. Осыларда қаптаған халық. Бірінің асын бірі ішіп жатқандай көрінеді.

Өкірач ауылында халық бір қалыпты тұрады. Тасып жатқан байы, сіңірі шыққан кедейі жоқ. Ортан қол жұрт. Анадай сөзден соң өзбек наймандарының жағдайымен санасудан басқа амал қалмады. Өздері есепшіл ғой, «Біз де қаржы шығарайық» деп ешкім ошаң етпеді. Асылында, Ақмола-Астана, Талдықорған – Семей жігіттерін Өкіреш Шалға белгі қою жөнінде жинағанымызда осылай боларын топшылап, бар қаржыны мойнымызға алғанбыз. Бұл жағынан қиналыс жоқ.

Сөйтіп, мамырда Өкірач махалласының (ауылдық округінің) бес мыңға жуық найманын басқарып отырған Абдусаит Абдурасуловты ертіп Самарқаннан тас іздедік. Қызығы, Өзбекстанда қызыл гранит, сапалы габра (қара тас) шықпайды екен. Бар габрасы ұнамады. Ал Житомирден әкелінген габраның сапасы керемет. Алайда, бізге керегі қашалып, өңделгені емес, ең кемі 2,5-3 метр сынық тас еді. Ондағы ой – өзбек жерінде қазақ халқы тарихының бір үзігі, жұртымыздың бір сынығы қалғандай белгі тұруы тиіс. Одан Ташкент түстік... Мұнда да табылмады. Осы жағдайлар жайлы Талдықорғандағы жігіттерге құлақ қағыс етіп едім:

- Бірге келіңіз. Текеліде Қордайдың қызыл тасы бар. Таңдап алармыз,-десті.

Келдік, жігіттерге рахмет, Текеліге тарттық. Осындағы тас өңдеу кәсіпорнынан іздегеніміз табылды. Биіктігі -2,5 метр, табаны -1,3 метр, үстіңгі жағы - 95 сантиметр, қалыңдығы - 60 сантиметр, Қордайдың қызыл тасын таңдадық. Алғашқы бағасы жұмысымен қосқанда тым шарықтап кетті. Жеті жүз елу мың теңге. Адам сөйлескенше ғой. Басшысы кәріс жігіті екен. Құлпытастың қай жаққа жеткізілетінін, кімге қойылатынын түсінген соң, тең жартысынан аса арзандатты.

Талдықорғандық азаматтар және бас қостық. Жол ақысы бар ғой. Біз әзірлеген көлік жарамады. Салмағы 2 тоннадан асатын тасты Талдықорғаннан Шымкенттің Жетісайына, одан шекара асып, Самарқанға жеткізу қажет. Жол 1700 шақырымнан асады. Тас сынбайтындай жұмсақ, әрі сенімді машина қажет. Ақылдаса келе Мерседес жүк машинасына тоқтадық. Бұл да қыруар қаржы. Сөйтіп, мамырдың ортасында осы тасты Самарқанға жеткіздік. Өзбекстандағы жігіттер де ерледі. Автоинспекторлар тоқтата бермесін деп, шекарада құлпытасты өзбек көлігіне тиеді. Жүргізушінің жанына Республикалық автоинспекцияның майорын отырғызып, еш кедергісіз жүрді. Тиеп, түсіргенде, трос тартқанда аздаған кінәраттар түскен екен. Соны қалпына келтіру, өзбекше жазу үшін ұсталарға тапсырдық.

Құлпытас өзбек наймандарға керемет ұнады. Сипалап, айналып, әлек.

Өкіреш Шалдың құлпытасы

- Мынау не белгілер?-дейді, тас бетіндегі суреттерге қарап.

Түсіндірдім.

- Ең үстіңгі – шеңбер ішінде түркілердің мәңгілік символы бейнеленген. Өткен ата-баба, қазіргі біздер, болашақ ұрпақ бір атаға түйіскен. Осы үшеуі –мәңгілік. Одан төмен – «Бисмиллахи рахмани рахим» оны түсіндіру қажет емес. Одан төмен тұрған Өкіреш Шалдың – тоғыз таңбалы, «Қаптағай» ұранды жалпы найманның «бақан» таңбасы. Одан төмен –латын ғарпімен өзбекше жазылған ата есімі, өмір сүрген мерзімі. (Сөз реті келгенде айта кетейік, «қабирстони» деген сөз тас бетінде жоқ еді. Өзбектер қосқызыпты). Одан төмен жалпы түркі халқы пайдаланатын таңбалардың бір тобы. Найман таңбалары. Ең астында түркі бәйтерегі.

Құлпытас жанында Өкіреш Шалдың Қазақстаннан барған бір топ ұрпақтары. Солдан оңға қарай: Арайлым Рахым, Камал, Әбдірахман, оның қолындағы Асыл—Ғали Камалұлы, Қарлыға Әбдірахманова, Мақсұт Қалажанов, Толыбек Сүлейменов

Өзбек наймандары барлығын жазып алды. Құлпытас былай орналастырылатын болды. Алдымен биіктігі бір метр, ені 9 метр, көктөбе шымнан қаланады. Ортасында көк төбеден 50 сантиметр биік тұғыр. Оның іргетасы көктөбеден төмен қарай 1 метр жер қазылып, бетондалады. Тұғыр қаптамалы. Құлпытастың алды-артында, оң-сол жағында 50 сантиметр кеңістік қалады. Осы шаруа түгел біткен соң Өкірач ауылында бірінші күні мал сойылып, еті таратылады. Екінші-үшінші күні көрші ауылдардағы Шанышқылы, Жағалбайлы, Шапырашты, Тарақты, Қаракесек, Қаңлы өзбектері шақырылып, ас беріледі. Маңайдағы найман ауылдары қонаққа келеді. Үлкендеріне біздер – қазақтар шапан жабамыз. Осының барлығының қаржысы бізден. Өзбектерден қаржы бөлгізбеген бір себеп болды. Ол – өзбектер ата моласын бес-алты ғасыр ұмытпай сақтап келді. Соған да мың рахмет. Онша көп қаржы шықпаса да ғасырдан – ғасырға қалатын осы істі - құлпытас қоюды өзіміз тындырғанды жөн санадық. Кім қойғанын, қаржы кімнен шықты оны да дабыратпайық. Құдай көріп тұр. Сауапты іс бәрімізге тиесілі болсын деген ортақ пікір түйдік.

Елге келген соң ақылдасып, құлпытасты маусымның 12-сінде ашуға келістік. Өзбектерге солай хабарладық. Астанадан, Талдықорғаннан, Алматыдан ата ұрпақтары жолға шығады. Бәріміз 10-шы маусым күні кешкісін Ташкентте жиналып, жалданған автобустармен Самарқанға бет аламыз. Бұйыртса, 11-ші маусымда Самарқанның қасиетті орындарын аралаймыз. Әл Бухаридің, Ақсақ Темірдің кесенесіне тәу етеміз, Регистанды тамашалаймыз. Осылайша жоспар құрдық.

Бір тобымыз 9-ы күні Алматыдан жайлы, жұмсақ микроавтобуспен жөнелдік. Ерте шыққандағы жоспарымыз:

  1. Сыр бойындағы Төлегетай бабамыздың кесенесіне соғып, құран оқу.
  2. Қайтар жолда Арыстан баб әулиеге, Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи әулиеге тоқтап зиярат ету.
  3. Түркістандағы мұражайдағы Қаракерей Қабанбай батырдың мүйіз сапты сапысын жұртқа көрсету.

Сыр бойындағы Жаңақорған өңіріндегі Төлегетай баба (ХV-XVI ғасыр) кесенесі. Төлегетай баба шежіре бойынша Өкіреш Шалдың үшінші ұрпағы. Алдыңғы қатарда, солдан оңға қарай: Анар Ертісбаева, Асыл Ертісбаева, Қарлыға Әбдірахманова; Артқы қатарда: Камал Әбдірахман ұлы Асыл-Ғалимен, Арайлым Рахым, Ғабиден Әбдірахман

Бұл жоспарлар көкейдегідей жүзеге асты. Енді Жетісай арқылы шекарадан өтпекпіз. Нақ осы кезде аяқ тұсалды. Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңесі өтпек екен. Тұп-тура 12- маусымда. Шекараны өзбек жағы тас-түйін жауып тастапты. Бір автобус адам дағдардық та қалдық. Оныншы маусымда жеткенбіз. Енді не істейміз? Абырой болғанда ұшақпен Ташкентке ұшып келгендерді тоқтатпапты. Оған да тәубә. Әйтеуір, асқа, құлпытастың ашылуына қазақ азаматтары қатысады. Жетісайда Серікбаев Қапан (Әбдіғапар) Бердіқұлұлы деген азамат ұзақ жылдар жауапты қызметтерде істеген еді. Жаны жайсаң, үлкенге іні, кішіге аға, жұртқа жаққан жан болатын. Амал не, өмірден ерте озды. Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесінде танысқанбыз. Біздің елге күйеу екен. Абдырап, не істерге амал таппай қалғанда сол Әбдіғапардың - Қапаштың келіншегі, қарындасымыз Айнаш телефон шалды.

- Аға, қай тұстасыздар? Еш алаңдамаңыздар. Қайта жақсы болды, шақырып келтіре алмайтын қонақтарды ертіп жүр екенсіз, біз күтіп аламыз. Қапаш бауырыңыз салып кеткен санаторий бар. Суы керемет шипа. Қымыран ішіп, ваннаға түсіп, демала тұрыңыздар. Бір шарасын табармыз.

Айналайын қарындасымыз бәйек болып, Жетісайда күтіп алды да, шипажайға бастап барды. Жан рахаты жер екен. Таза қазақ ауылы. Тып-тыныш. Тек, күн ысып кетті. Әтпесе, жайлы-ақ. Ертесіне Айнаш тағы телефон соқты.

-Ертең ерте шекарадан өтетін болдыңыздар. Бұйыртса, асқа да, құлпытастың ашылуына да, дөп барасыздар.

Осылай болды. Шіркін, қазақтай дана, айтқыш халық бар ма екен?! «Қыз - өрісің», «Қыздың жаманы бір шәугім шай береді» дегенді қалай айтқан. Бәрінің амалын, тіпті өзбек шекарашыларының да амалын тауыпты. Ертесіне Самарқанға тартып кеттік. Сағат 12-ден аса Өкірач ауылына жеттік. Қарақұрым халық. Сұр шапан, ала тақия киген қариялар. Ала тақия киген жастар. Бетпе-бет келмесе киіміне қарап кісі айыру қиын. Талдықорғандық азаматтар да жетті. Біз жұрттың азайған сәтінде келіппіз. Соның өзінде ел қарасы мол. Негізінен ер азаматтар. Қыз-келіншектер көзге түспеді. От басында ғана бес-алтауы жүргендей.

- Мына ауылдағы қазақ наймандары бата жасап, дәм ауыз тиіп, қайтып кетті. Ауылда жаназа бар екен. Сіздерге сәлем деді. Сәті түссе барарсыздар. Ауыл аты - Қызыләскер. Шанышқылы, Жағалбайлылар да бата жасап кетті. Егістіктегі жұмыстар қауырт кез ғой. Өзіміз ғана қалдық. Осы махалланың наймандары мына жүргендер. Ал, төрлетіңіздер! –деген Абдусаит бізді елге таныстырды.

Ауданның бас имамы, аудан әкімінің өкілі осында екен. Самарқан, Ташкент, Сырдариядан өзбек наймандары жиналыпты. Өздері жердегі дастарханға жайғасып, бізді биік столдарға отырғызды. Құран оқылып, ас ішілді.

Өзбек дастарханы мол болды. Палауы, кәуабы, чакасы, қауын-қарбызы, бәрі-бәрі тіл үйіреді

Сонан соң ғана мола басына жүрдік. Бұл елде «астан үлкен ештеңе жоқ» деген қағида қатаң сақталады екен. Құлпытас бәрінің көңілінен шықты. Астындағы төбеге шөп өсіп үлгермепті. Енді қылтиып келеді. Көпшілік оны да таптап тастады. Біз осыған назар аударып едік, Өкірачтіктер тыныштандырды.

-Бір жетіде өсіп кетеді. Алаңдамаңыздар. Шым ғой, су міне жатыр.

Құлпытас жанында. Астана, Алматы, Талдықорғандық меймандар суретке түсті

Құлпытас басындағы абыр-сабыр аяқталған соң, Әбдусаит бізді Өкіреш Шалдың өзбек шежіресіндегі ғұмырымен таныстырды. Өкіреш бабаның сүйегі жатыр деген жерге алып келді. Иә, таңданбаңыз. Темірден қойылған белгі 1988 жылы кіре беріске орнатылған екен. Бұл жолы да құлпытас тұп-тура мола үстіне қойылған жоқ. Оған өзбектер рұқсат етпеді. Себебі, құлаған кесенемен іргелес, іркес-тіркес көне молалар бар. «Құлпытасты осында қойсақ, Өкірач атаның, оның жанындағылардың бейітіне аяғымыз тиеді. Бұл өте үлкен күнә. Бұл молаларда Өкірач атаның әке-шешесі, балалары, аға-бауыр, сіңлілері (өзбектер қызды осылай атайды) жатыр дейтін үлкендер. Аруақтарды мазаламаймыз» деген өзбектер құлпытасты мола жоқ кіреберісіне қойғызған-ды. Өкіреш Шалдың өз моласына, ең болмаса шет жағына бір белгі орнатуға да пейіл танытпады.

- Обалын көтере алмаймыз. Аяғымыз тиіп кетсе күнә арқалаймыз. - Өзбек наймандарының сөзі осылай. Дұрыс та шығар бір ойдан. Көндік.

Құрметті блогшылар, мен сіздерге тек фотосуреттерді ғана емес іссапардан алып келген видеосюжеттерімді көрсетуді жөн деп шештім


- Ал, енді, қазақ бауырлар сіздерді Самарқанға асқа шақырамыз. Кең отырып әңгімелесейік.

Бұл да дұрыс болды. Іште жатқан бір ой бар еді. Соны ортаға салдық.

- Сіздер ауыл-ауылға «Құлпытастың үстіне бұйыртса күмбез орнатамыз. Соған қаржылай көмектесеміз дегендер сумдарын, малын реттей берсін» деген өтініш таратсаңыздар. Біз де бір жақтарыңызға шығамыз, қаржыдан тарықтырмаймыз. Сөйтіп, молаға кіретін үлкен қақпаны қайта салғызсақ, қоршауларды ретке келтірсек, құлпытасты жауып қалмайтын күмбез тұрғызсақ. Бұл шаруа асығыс емес қой. Не күзде, не келесі жылы атқарсақ. Ауданнан (оларда-туман) рұқсат сұраңдар. Келісіп қалар.

Өзбек наймандары бұған қуана келісті. Рұқсат алуға уәде етті. Сәтін салса, Өкіреш Шал атаның жатқан жерін әрі қарай абаттандыру мәселесін қазақ азаматтар тағы да ақылдасармыз. Елдеміз ғой. Біз Самарқанда қоштасарда өзбек бауырлар мынадай сұрақ қойды.

-Расында да Премьер-Министрлеріңіз найман ба? Басқа министрлер, депутаттар көп пе? Үш миллион қазақ найман бары шын ба?

Дастарханға қайта отырдық.

-Рас. Мәсімов Кәрім Қажымханұлы Талдықорғанның Ақсуында ата-бабасы жерленген қазақ жігіті. Руы, найман-матай. Шешесі Керекудің уағы. Келіншегі де бөтен емес. Өз түркіміз - ұйғырдың қызы. Аса текті жерден. Елге белгілі Азат Машуровтың қызы. Министріміз – екеу. Олар ауысып жатады. Сондықтан қазір барын айтып отырмыз. Қазақ жерінің Өскемен, Семей, Талдықорған, Жезқазған. Шымкент, Қызылорда, Кереку (Павлодар), Ақмола өңірлерінде наймандар қоныс тепкен. Қытайда аса мол,-деп жауап қаттық.

Сол күні Әл Бухари данышпанның моласына түсіп, құран оқыдық та, түнделетіп, Ташкентке бет алдық.

Әл-Бухари кесенесі жанында

Ондағы ойымыз – іргесіне келіп тұрып, аруағыңнан айналайын, үйсін Төле би әулие атамызға сәлем жасамай, құран оқымай қалай кетеміз? Жолда түнедік. Екі адамдық, кондиционер қойылған, душ-ваннасы бар бөлме бар-жоғы екі орын үшін 2200 теңге мөлшерінде. Су тегін.

Ертесіне жуынып, шайынып, Төле би бабамыздың басына келдік. Ислам университетінің арт жағына орналасқан кесенені біздің айтуымызбен таксистер тез тапты. Маңайы мұнтаздай. Кесенеге еніп, шырақшыға құран оқыттық, өзіміз де құран –қатым түсірдік. Бабамыз Төле би әулиенің аруағы разы болғай! Сіздермен он шақты күн хабарласа алмау себебім осы еді.

Самарқан, Ташкент маңындағы топонимика – жер, су атаулары таң қалдырды: Керей, Қаранайман, Тоқман, Қанжығалы, Бағаналы, Балталы, Қарабалғалы, Жанғұлы, Қатаған, Шапырашты, Қаңлы, Қарақұрсақ, Қаракесек, Шанышқылы, Жағалбайлы, Тарақты, Садырсай, Өкіреш найман, Қызыл найман, Дүрмен найман, Наймансарай. Осы атаудың кейбірі екі-үш реттен қайталанады. Қалай ойлайсыз? Осы атаулардың айтары бар ма?

(1105 Kb, 2808x2316)

Blog post image

Өкіреш Шал мұрасын, бұйыртса, әлі де зерттерміз. Ташкенде, Самарқанда тарих ғылымының басы-қасында жүрген өзбектің найман, қыпшақ, қоңыраттары бар екен. Солармен кездесіп, ой бөлісу тұр алдыда. Осылай етсек, қазақ тарихының бір беті анықтала түсері даусыз.

1