Yvision.kzYvision.kz
kk
0
00:26, 09 мая 2015

История об участнике ВОВ — Шаяхметове Н.Ш.

Blog post image1941 – 1945 жж Ұлы Отан соғысы сол кезде КСРО құрамындағы Қазақ Советтік Социалдық Республикасының әрбір отбасын қанды жалынымен шарпып өткені айқын. Оған дәлел өзімнің «Кіші атам» (әкемнің әкесі) Шаяхметов Нұғыман және «Үлкен атам» (атамның ағайы) Аяпбергенов Қазмағанбет аталардың өмірі.

Атам, Шаяхметов Нұғыман Шаяхметұлы, 1922 жылы Ақмола облысы, Еркіншілік ауданы, Сілеті №5 ауылында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Уалиханов ауданы, Қулыкөл ауылы) дүниеге келген. 1930 – 1933 жж аштық жылдары ауыл-ағайынмен бірге теріскейге, Омбы облысына қарай көшкен.Омбы обл. № 234 совхозында әкесі Шаяхметпен бірге қара мал бағып, шешесі Бәтимә сауыншы болып жұмыс істеген. Әкесі Аяпбергенов Шаяхмет 1934 жылы Омбы облысы «Көп қанжығалы» деген жерде қайтыс болған,сол жерде жерленген. Ел бойын түзеп, колхоздар ұйымдастырыла бастаған уақытта атамыз туған елге қайта оралып, мектепте білім алған. Толық 9 сыныптық білімі бар, яғни, өз заманындағы көзіашық, сауатты азаматтардың бірі болған. Мектеп бітірісімен колхоз өмірінеараласа бастаған, колхозда есепші болып жұмыс істеген.

1942 жылы мамыр айында әскер қатарына алынып Москва түбіндегі қанды шайқастарға, кейін госпитальдан келгесін атақты К.К.Рокоссовскийдің басқаруындағы Орталық фронттың 667 атқыштар полкының құрамында  Курск бағытындағы шешуші шайқастарға қатысқан. Бірнеше рет жарақаттанса да, бірақ госпитальден кейін сапқа қайта оралып отырған. Әр кезде қатардағы жауынгер, атқыш, пулемет ротасының комсоргі сияқты қызметтерін атқарған. Ауылдағы ағайын-туысқа жазған хатының бірінде былай жазған екен:

Келеміз Украин жерінде адым басып,

Жауға деген ыза-кек асып-тасып.

Оралармын туған ел өлкесіне

Сұм жаудың сағын үзіп,мысын басып.

1943жылдың тамыз айында Курск доғалындағы қанды шайқастың бірінде,шабуылға шыққанда,жанынан снаряд жарылып,ауыр жарақат(контузия),сол жақ аяғында,денеде осколоктар қалған.Үш тәулік бойы далада ес-түссіз,қансырап жатып қалған.Ақыры, жерлеу командасының бірі, жауынгердің тірі екенін сезіп санитарға тапсырған.№1585 госпитальінде, кейін Самарканд қаласындағы№1267 госпитальде емделген. Жарақаттың ушығуынан 1 жылға жуық госпитальде емделіп, 4 айдан кейін есту, 6 айдан кейін сөйлеу қабілеттері қайта қалыптасып, 10 ай дегенде аяғынан тік тұрады.Медкомиссияның шешуімен III-ші топтық инвалидтік беріліп, әскерге жарамсыз деп табылып, 1 жылдан кейін туған жеріне, Көкшетау облысы Қызылту ауданы Сарыкөл ауыл советі Большевик колхозына 1944 жылы мамыр айында оралды.

Қанды майданда көрсеткен ерліктері үшін, жауынгерлер арасында аса құрметтелетін «За отвагу», «За боевые заслуги» медальдарімен,«Отечественная война»I және II степендік ордендерімен наградталған. Туған елге оралғасын да отты майданда шыңдалған жас жігіт колхоз өміріне белсене араласты.  Шаяхметова (Искакова)Кенже атты азаматшамен отау тігіп, үйлі-жайлы болып алты баланың әкесі атанады.

Әр жылдары Сарыкөл ауыл советінің хатшысы,ауыл советінің председателі, Қызылту аудандық сауда бөлімінің меңгерушісі, кейін «Большевик» колхозы «Чапаевский» совхозына айналғасын жұмысшылар комитетінің басшысы, жоспарлау бөлімінің басшысы, есептеу бөлімінің бухгалтері, бас бухгалтер, экономист сияқты жауапты лауазымдарында қызмет атқарды.

Бейбітшілік өміріндегі ерең еңбегі үшін де марапаттары жеткілікті. Әр жылдары «За доблестный труд в ВОВ 1941–1945 гг.», «За победу над Германией в ВОВ 1941–1945», «За освоение целинных земель» және  мерейтойлық «25 лет Победы в ВОВ», «30 лет Победы в ВОВ », «50 лет вооруженных сил СССР», «60 лет вооруженных сил СССР», «Ветеран труда» сияқты т.б. медальдармен және көптегенграмоталарменмарапатталған. Әр жылдары аудандық және облыстық конференциялардың делегаты болып сайланған.

Құрметті зейнеткерлікке шықсадағыүйде қол қусырып отырмай,бухгалтерлік қызметін жалғастыра берді.

Алты баланың бәрін оқытып, жеткізді. Үшеуі мұғалім, екеуі жеке кәсіпкер, біреуі ТЖМ қызметшісі. Бәрі де үйлі-жайлы, балалы-шағалы.Он немересі және бір  жиен-немересі, Манап Мергүл,бар.

Атам Шаяхметов Нұғыман Шаяхметұлы 1986 жылы 7 мамыр күні 64 жасында дүниеден өтті.

Ал Үлкен атам Аяпбергенов Қазмағанбет 1941 жылы Қызылту аудандық әскери комитетінің шақыруымен әскер қатарына алынған. Атты әскер құрамында соғысқа қатысқан, 1942 жылдың аяғында елге «хабарсыз кетті» деген «қара қағаз» келген.Тікелей ұрпақ қалмаған.Мәриям-тәте соғыстан кейін де іздестіру салғаныменен нақты қай жерде, қашан қаза тапқанын білу мүмкін болмады.

Міне,біздің  әулетте сұрапыл соғыстың қалдырған ізі осындай.Осы әңгімені әкемнің туған әпкесі Нұғыманова Мариям-тәтемнен бала күнімде естігендерімнен  жазғаным.

0
504
0