Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:32, 19 февраля 2015

Отандық өндіруші: Сапалы құс етін шығару – басты мақсатымыз (ФОТО)

Қазақстанда қарқынды түрде іске асырылып жатқан Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында Ақмола облысы, Целиноград ауданының Ақмол ауылында құс етін өндіретін фабрика ашылған. Жылына 20 мың құс етін өндіру қуаты бар нысанды BNews.kz тілшілері аралап қайтты.

Индустрияландыру бағдарламасы аясында ашылған жобаның құны – 12 млрд 700 мың теңге. Фабрикада бүгінде 300-ге жуық адам еңбек етеді. Жұмысшылардың дені жергілікті тұрғындар. Сонымен қатар, көршілес жатқан ауылдардың тұрғындары да құс еті өндірісіне тартылып отыр.

Blog post image

«Жобаға бағытталған қаржының 3 млрд теңгесі «ҚазАгро» компаниясы арқылы мемлекет тарапынан бөлінген. 7 млрд теңгесі Цесна банктен алынған, содан соң өзіміздің қаражатымызды қостық», - дейді «Capital Projects LTD» бройлер фабрикасының бас директоры Гүлнара Қасымбекова.

Жобаны іске асыру 2012 жылы қолға алынған. Бүгінгі күні фабрика жобаны іске асырудың екінші кезеңіне аяқ басқан. Өндіріс жақында қосылғанымен өз өнімімен Қазақстан аумағын толығымен қамтып отыр деуге болады. Зауыт Астана қаласына тәулігіне орташа есеппен алғанда 400 келіден 1 тоннаға дейін тоңазытылған тауық етін жеткізеді.

Blog post image

«Өнімді Астанаға жеткіземіз, Павлодардан да тапсырыстар бар. Біз өндірісімізді жақында ғана аштық. Ең алдымен өндірісті сынақтан өткіздік. Осы жылы нақты жұмысқа кірістік. Басында шағын көлемде өнімдерді дүкендерге жеткізетінбіз. Ал мұздатылған тауық етін Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстары, Астанаға, Шығыс Қазақстанға жеткізіп тұрамыз», - дейді фабрика басшысы.

Жаңа технологиялар жетістіктерін қолдана отырып салынғандықтан зауыт заманауи талаптарға сай. Тоңазытылған өнімді шығаруды басты бағыт ретінде ұстанғанымен, фабрика өндірісінде мұздатылған ет көлемі басым. Бұған оның сақталу мерзімі ұзақ болуы себеп болып отыр.

«Тоңазытылған құс еті өте балғын. Оның сақталу мерзімі – 5 күн. Сондықтан, ет өзіндегі дәрумендерді жоғалтпайды. Ал, мұздатылған етті 18 айға дейін сақтауға болады. Тек ондағы дәрумендер көлемі тоңазытылған етке қарағанда аз болады», - деп түсіндірді жоба жетекшісі.

Тауықты өндіруші арнайы бройлер алаңында өсіреді. Фабрика ет өндірісінен 9 шақырым қашықтықта орналасқан. Құсты өсіру бағытында 33 адам жұмыс істейді.

Blog post image

«Бізде бүгінгі күні барлық бөлімдеріміз жұмыс істеп жатыр. Инкубаторда аталықтар мен аналық бас тауықты өсіріп жатырмыз. Одан жұмыртқа аламыз. Олар инкубациялық болып табылады, яғни жұмыртқаны балапан шығару мақсатында қолданамыз. Оларды өсіру мерзімі 40 күнге дейін. Содан соң тауықты қайта өңдеу учаскесіне әкелеміз», - дейді Г.Қасымбеков.

Оның айтуынша, тауық етін тоңазыту барысында су қолданылмайды. Бұл өнімнің жоғары сапалылығын қамтамасыз етеді.

«Біз тоңазытылған құс еті өндірісін 80%-ға дейін жеткізу міндетін алдымызға қойып отырмыз. Себебі, біз тұтынушыларымыздың сапалы құс етін сатып алғанын қалаймыз. Мұндай еттің сапасы да жоғары болады», - деген пікірімен бөлісті ол.

Blog post image

Фабрика бас директорының айтуынша, қазақстандықтар тауық етін көп тұтына бермейді. «Соңғы үш жылда ғана бұл саладағы көрсеткіш артып жатыр. Десек те, біздің елімізде Еуропадағыдай құс етін тұтыну мәдениеті толығымен қалыптасып үлгермеген. Сондықтан, Қазақстанда тауық етін өндірушілер тұтынушылар мүддесіне жақсы көңіл бөледі. Өйткені, біздің тұтынушыларымыз құс етіне үлкен талаптар қойып отыр. Нарықтың ерекшелігін ескере отырып, сапаның нашар болуына жол бермейміз», - дейді Г.Қасымбекова.

Фабрика құс етін терең қайта өңдеумен де айналысады.

«Біз өз шикізатымызды терең қайта өңдеуден өткізіп, колбаса өнімдерін де жасаймыз. Бізде шығатын колбаса өндірісіне 1, 2-санатқа жатпайтын құс етін жібереміз», - дейді фабрика жетекшісі.

Blog post image

Мұнда бүгінде 20 шақты өнім түрі шығарылады. Фабрика басшылығының айтуынша, мұндай жобаларды мемлекет қолдауымен ғана жүргізуге болады.

«Біздің жобаның мақсаты – қазақстандықтарды отандық өндірістің сапалы өнімімен қамтамасыз ету, елдегі тауық еті импорты көлемін төмендету, сонымен қатар, Астана қаласының азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуге үлес қосу», - деп өз мақсаттарын айтып берді ол.

2015 жылы фабрика 12 мың тонна тауық етін өндіруді алдына мақсат етіп қойған.

 

Диана ҚҰЛМАҒАНБЕТОВА

0
1291
0