Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
21:34, 12 февраля 2015

Марокко мен Испаниядағы жәдігерліктеріміз (І бөлім)

Марокко мен Испаниядағы жәдігерліктеріміз (І бөлім)

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі Марокко мен Испания кітапханаларынан еліміздің тарихына қатысты құнды құжаттарға қол жеткізді.

2013 жылдың жазында Астанада Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи-мәдени дамуын тиянақты зерделеу, тамыры мыңдаған жылдарға кеткен тарихи мұраларымызды түйсіну, XXI ғасыр талаптары жағдайындағы тарих ғылымы мен білімін реформалау жолдарын айқындау мақсатында ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі Жалпыұлттық кеңес өтті. Одан соң Мемлекет тарихы институтында Жалпыұлттық кеңесі аясында «Қазақстанның тарих ғылымы мен білімін реформалау: жолдары, мәселелері, даму бағыттары» атты ашық сұхбат алаңы ұйымдастырылды. Аталған шараға мемлекеттік билік өкілдері: ҚР Президентінің Әкімшілігі, ҚР БҒМ, ҚР МАМ, қоғамдық институттардан: Қазақстан халқы Ассамблеясы, қоғамдық қорлар мен ұйым өкілдері, Республиканың жетекші тарихшы-ғалымдары, ғылыми-педагогикалық сала мамандары қатысты.

Онда еліміздің толымды да шынайы тарихын жазу мәселесі көтеріліп, осы сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді. Осы алқалы жиында біз-де өз ойларымызбен бөлістік. Соңыра бір топ ғалымдарымызды қажетті материалдар жинау үшін Үндістан, Моңғолия, Қытай, Иран, Араб елдеріне жібердік. Мен өзім сол жылы Түркияда болып отыз мың беттен астам қолжазбалар алып қайттым. Ал 2014 жылы сапарым енді Марокко мен Испанияға жоспарланды.

Сонымен 2014 жылдың 1–11 қыркүйегі аралығында Солтүстік Африканың Марокко Корольдігіндегі әл-Қарауиин университеті мен ел астанасы Рабат және Касабланка қалаларының қолжазба қорлары мен кітапханаларында жұмыс істедім. Әуелі Рабаттағы Мәдениет министрлігінде, оның бас хатшысы Лүтфи әл-Марини мырзаның қабылдауында болып, іссапардың мақсаты жайын баяндадым. Ол жылы қарсы алып, көлік бөліп, жолбашылыққа осы саланың бір маманын қосып берді.

Рабаттағы Ұлттық кітапханада Орта Азия мен Қазақстанның тарихы мен руханияты, мәдениетіне қатысты қолжазбалар және өзге-де еңбектермен таныстым. Олардан керекті мәліметтерді жазып алған соң, кітап болып басылғандарын іздеп, табылғандарын мүмкіндігінше сатып алуға да тырыстым.

Сонан соң ежелгі Фес қаласына зиярат еттім. Оның іргетасын ертеректе Марокко сұлтандарының бірі Маулай Идрис (IXғ.) қалаған. Ол қазір Африкадағы көрнекті тарихи, мәдени, ғылыми шаһарлардың бірі. Онда бір миллионнан астам халық тұрады. 800-ден астам мешіттері, сондай-ақ IX ғасырда ашылған университет бар. Ал бас мешіті әл-Қарауиинде бір мезгілде 20 мыңнан астам ғибадат жасай алады. Сөйтіп ол ұзақ ғасырлардан бері мешіт қана емес, университет және үлкен кітапхана да қызметін атқарумен келеді.

Иә, Фес Солтүстік Африканың батысындағы ислам мәдениеті мен ғылым, білімінің ірі орталығы. Қала араб дүниесіндегі ежелгі тарихи, мәдени шаһар болғандықтан ЮНЕСКО-ның тізіміне кіргізілген.

Әл-Қарауиин 859 жылы Тунистен Мароккоға қоныс аударған ауқатты әулеттің қаражатына салынған. Уақыт өте ол Батыс Африкадағы рухани орталықтардың біріне айналды. Марокко сұлтандарының қамқорлығының арқасында ол бірте-бірте кеңейе берді. Мұнда діни дәрістерден басқа грамматика, логика, медицина, математика, астрономия, химия, тарих, география мен медицина бойынша да пәндер оқытылатын.

Орта ғасырларда әл-Қарауиин христиандық Еуропа мен мұсылман шығысы арасындағы мәдени байланыстың дамуында үлкен рөл атқарды.

Оның қабырғасынан мұсылман және әлем мәдениетіне ықпал еткен бірқатар аса көрнекті философтар мен дінтанушы ғалымдар шыққан.

Әл-Қарауиин мен барған күннің ертеңіне реставрацияға жабылып жатыр екен. Дей тұрғанмен Мәдениет министрлігінің нұсқауымен демалысқа кеткен қолжазба қорының меңгерушісі (Абд әл-Фаттах Букшуф) қызметіне оралып, қолжазбалармен таныстырды.

Әл-Қарауиин кітапханасынан орта ғасырлық атақты тарихшы Әбу Зайд Абд ар-Рахман ибн Мұхаммед ибн Халдунның (1332–1406) әлемге әйгілі «Мұқаддима» атты еңбегінің қолжазбасын кездестірдім. Өзімде оның араб тіліндегі нұсқасы болғандықтан, француз тіліндегі аудармасын алдым. Ибн Халдун, Ақсақ Темірдің (1336–1405) тұстасы, онымен Дамаскіде кездескен, Орта Азия тарихына еңбек арнаған ғұлама. Сондай-ақ сол жерден Марокконың ортағасырлық саяхатшысы Ибн Баттутаның «Рихла Ибн Баттута» («Тухфат ан-нуззар фи гараиб әл-амсар уа аджаиб әл-асфар») атты еңбегін-де көрдім. Оның араб тіліндегі нұсқасын алдым.

Ибн Баттута [Әбу Абдалла Мұхаммед ибн Абдаллах әл-Лауатиат-Танджи) — 1304–1377] қазіргі қазақ жерінің Атырау облысындағы Сарайшық қаласында болып, ол жайлы мағлұмат қалдырған. Кейінірек Хорезмге-де барған. Онан соң Насаф шаһарында (қазіргі Өзбекстандағы Қаршы қаласы) Отырарлық Хұсам ад-дин Отырари атты ғалыммен танысып, ол жайлы дерек қалдырған.

Әл-Қарауиин қолжазба қорынан сондай-ақ философтар Ибн Туфайл, (?-1185), Ибн Рушд (1126–1198), ақын Ибн Зайдун (1003–1071) және т.б. еңбектерін және қазақ елінің ғалым перзенттері жайлы жазған Ибн Әби Йағлудың «Тарих Әби Йағлу» атты еңбегін ұшыраттым. Абд әл-Фаттах мырза оның бір нұсқасын жіберуге уәде етті.

Рабатқа оралған соң ондағы «Әл-Алфия» және «Әл-Аман» атты үлкен кітапханалар қорымен танысып, бірқатар кітаптарға қолым жетті.

Касабланка қаласында да бірнеше кітап қорларында болып, бірқатар жазба дүниелерді алдым. Нәтижеде Марокодан Қазақстанның тарихы, әдебиеті мен мәдениетіне қатысты мағлұматтар бар (Әмір Катиб бин Әмір Умар Әмір Ғазы әл-Фараби әл-Итқани (Иқани) әл-Әмид, Қауам ад-дин, Әбу Ханифа (1286–1357), һибатулла ат-Тарази (1272–1333) және т.б. жайлы айтылатын) төмендегідей дүниелерді алып қайттым:

1. Тақи ад-дин бин Абд әл-Қадир ат-Тамимиад-дари әл-Ғаззи әл-Мисри әл-Ханафи. Ат-Табақат ас-санийа фи тараджим әл-ханафийа. ар-Рияд 1983, 4 том

2. Ибн Баттута. (Рихла ибн Баттута). Тухфат ан-наззар фи ғараиб әл-асар уа ғаджайб әл-асфар. Бейрут 2003

3. Аш-Шейх әл-имам Әби-л Уалид Ибраһим әл-Мағруф ибн Шихна. Муғину хуккам. Бейрут [жылы көрсетілмеген].

4. Абд ар-Рахман Хусейн әл-Азауи. Ат-Табари. Ас-Сирауа-т тарих. Бағдад 1989

5. Наджм ад-дин Умар ан-Насафи. Әл-Қанд фи зикри улама Самарқанд, Теһран 1999

6. Әл-Бируни. Әл-Джамаһир фи мағрифат әл-джауаһир. Бейрут 1960

7. Әбу-л Қасым Убайдалла Хордазбеһ. Әл-Масаликуа-л мамалик, Брил 1889

Сонан соң (12–21 қыркүйекте) Испания Корольдігінде болдым. Осы елдегі атақты Эскуриал қаласына зиярат еттім. Ол Мадридтің батыс жағында 60 шақырым жердегі Сьерра де Гвадаррама тауының етегінде. Шаһардың негізі 1557 жылы қаланған деседі. Ондағы XVI ғасырдан бері дін және білім ордасы һәм кітапхана да қызметін атқарып келе жатқан даңқты кітапхананың бай қорымен таныстым. Ол Ватикан кітапханасынан кейінгі екінші орында екен. Мұнда әлемдегі ең көп араб қолжазбалары сақтаулы. Папа Григорий XIII Эскуриал кітапханасынан кітап ұрлаған жан діннен шығады деген. Сол себепті ондағы дүниелер жақсы сақталумен келеді.

Директоры «Қазақстан елшілігінің хатын алғанбыз. Көмектесеміз. Бізде ескі қолжазбалар өте көп. Бірақ Орта Азияға байланыстылары аздау-ау деймін. Испанияның Андалусия өлкесін 711 жылдан бастап 1492 жылға дейін арабтар биледі. Олар ғылым мен мәдениет бойынша үлкен із қалдырды. Испан елінде Кордова халифаты болған. Кордовада 830 жылдары салынған зәулім мешіт қазір-де тұр. Севильядан да қамал, мешіт пен олардың биік мұнараларын көресіз. Гренада ше? Ол туралы ұзақ әңгімелеу керек. Осындай қалалардан көптеген Гарнати-Гранадалық, Ишбили-Севилиялық, Куртуби-Кордовалық, Тулайтили-Толедолық секілді т.б. ғалымдар шыққан. Олар қалдырған сандаған жазба мұраларды әлем ғалымдары әлі зерттеуде. Біздің қолжазба қорында Орта Азиялық ғұламалардан гөрі Мағрибтық (Тунис, Алжир, Марокко) және Андалусиялық ғалымдардың дүниелері көп. Мен араб тілі мен әдебиеті және исламтанудың маманы емеспін. Ол жайлы Қазақстандық қонақ менен жақсы білетін болар. Іске сәт. Бізден еш кедергі болмайды» деді.

Эскуриал кітапханасы

Кітапхана күніге таңертеңгі сағат 10-нан14-ке дейін, яғни күніне, тек 4-ақ сағат жұмыс істейді екен. Мен Эскуриалда болған кез Испанияның мереке күндеріне тұс келіп, бірнеше күн кітапхана жабық болды.

Марокко мен Испаниядағы жәдігерліктеріміз (І бөлім)

Эскуриал кітапханасы

Эскуриалдан әуелі ислам мәдениеті мен біліміне қатысты қолжазбалар каталогын парақтап шықтым. Нәтижесінде ортағасырлардағы Қазақстан мен Орта Азияның кемеңгерлері: Әбу Насыр әл-Фараби (870–950), Әбу Йакуб Сирадж ад-дин Йусуф бин Әбу Бакр бин Мухаммед бин Әли әл-Хорезмиас-Саккаки (1160–1299), Сағад-дин Масуд бин Умар ат-Тафтазани (1322–1390), Әбу-л Қасым Махмуд бин Умар бин Ахмед аз-Замахшари әл-Хорезми (1075–1144) секілді т.б. ойшылдардың еңбектерін көрдім. Мені қуантқан Әбу Насыр әл-Фараби (870–950) бабамыздың теріге жазылған 10 трактатының табылуы еді.

Әбу Насырдың жинағы 612 санмен беріліпті. Қолжазбаның бастапқы беттері ескіріп сарғайған. Жыртылған тұстары да бар. Санмен басталған беттегі шығарма атауынан кейін 16 жол тіпті көрінбеуге айналыпты. Оқылуы қиын болды. Одан кейінгі беттердегі жазуларды айқынырақ деуге болады. 5-беттен әрі қарай көптеген сөздердің асты қызыл-қоңыр сиямен сызылып отырған. Оны трактаттарды көшірген хаттат сызды ма, жоқ па білмедім.

5-бет басмаламен басталған. Одан соң пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауат айтылған. Одан кейін «Тағлиқ ли-Әби Бакр Мұхаммед бин Йахия бин ас-Саииғ рахимаһу Алла ала китабиһи Әби Наср бин Мұхаммед әл-Фараби радиа Аллаһу анһу фи Исагуджи» деген жолдарды оқыдым. Қолжазба 126 бет.

Сондай-ақ Эскуриал кітапханасынан Шымкент қаласының шығысындағы 12 шақырым жердегі ежелгі Исфиджаб — әл-Байда-Сайрам қаласында орта ғасырларда туылған екі ғалымның [Ала ад-динас-Сайрами — XIVғ.] мен Йахия бин Йусуф [Сайф ад-дин әл-Масри әл-Ханафи] ас-Сайрами — XVғ.] трактаттарының табылуын да үлкен оқиғаға балауға болады.

Ала ад-динас-Сайрами (Әли ибн Ахмед ибн Мұхаммед ас-Сайрами әл-Ханафи (?-1388) Орта Азиялық ортағасырлық Ас-Саккакидің «Мифтах әл-улум» атты трактатының бір бөлігіне 1342 жылы түсіндірме жазыпты. Көлемі 139 бет. Әр бет жолы 23 қатардан тұрады. Ал Йахия бин Йусуф ас-Сайрамидің (?-1429/1430 ж. қайтыс болған) дүниесі «Китаб Хашия әл-Мутаууал ли-шейх… Йахия бин Сайф ас-Сайрами» деп аталған. Сөйтіп оның Орта Азиялық кемеңгер Сағад-динат-Тафтазаниге қатысы бар.

Йахия бин Йусуф жоғырада айтылған Ала ад-динас-Сайрамидің інісі. Екеуі де Сайрамда туылған.

Кейбір деректерде оның аты-жөні Абд ар-Рахман ибн Йахия ибн Йусуф ибн Мұхаммед ибн Иса шейх аш-шуйих Адуд ад-дин ибн шейх аш-шуйух әл-аллама Сайф ад-динас-Сайрами әл-Ханафи деген ұлы да болғандығы айтылады.

Сондай-ақ оның есімі Әбу-л Аббас Таки ад-дин Ахмед бин Мұхаммед бин Мұхаммед бин Хасан Әли бин Йахия әл-Қустантини аш-Шумунни әл-Мисриге (1398–1468) байланысты да аталады. Деректерде аш-Шумуни дәріс алған ғұламалар ішінде Йахия бин Йусуф ас-Сайрами-де бар.

Әбу Насыр әл-Фараби әлемге белгілі болса, ал қазақ жерінің ежелгі шаһарларының бірі Сайрамнан шыққан парасат иелерін жұрт әдетте біле бермейді. Сол себепті-де осы ретте орайы келіп тұрған соң еңбектері Испанияның Эскуриал кітапханасынан табылған, XIV–XV ғасырларда өмір сүрген, ағайынды Сайрамилер мен олардың ойпаз, қайраткер ұрпақтары туралы да араб тіліндегі бұлақ көздеріне сүйеніп сөз ете кетейік.

Жалғасы бар

Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

http://e-history.kz/

0
794
0