Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
04:22, 19 января 2015

Әлемдік мұнай бағасының дауы. Қазақстан

Бүгінгі таңда әлемдік экономикадағы басты тақырып – мұнай бағасы, нарық және Ресей. Оған себеп алдыңғы жылдан бері «қара алтын» құнының төмендеп кетуі. Сарапшылардың бір тобы мәселені экономикалық жағынан қарастырса, енді бірі саяси шиеленіс нәтижесі деп қарауда.

2014 жылдың жаз айларынан бері мұнай бағасы өзінің төмендеуін бастады. Forex Club компания тобының сарапшысы Валерий Полховскийдің айтуынша АҚШ авиациясы қолдауымен Ирактың күрд қарулы күштері алдында ИЛИМ (Ирак және Леванта ислам мемлекеттері) экстремистік ұйымының сарбаздары басып алған бірқатар нысан мен территорияларды өз бақылауына алуда мұнайдың негізгі сорттарының бағасы қысымға ұшыраған.

Тамыз айында еуропалық Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 102,15 долларды құрады. Ал, америкалық WTI мұнайы 94,43 доллар көлеміне түсті.

Мұнайдың белгілі бір деңгейде құлдырауын мамандар Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың нәтижесі деп те болжап қойды.

Экономикалық сарапшылар мұнай бағасының 85 доллардан кем түспейтініне де уәде берген, алайда 90-ның үстіндегі мұнай құны қазан айында 89,99 долларға бір-ақ құлады. Артынша 90,5 долларға көтерілген «қара алтынның» жайы Тұманды Альбионның қор биржаларын біраз абыржытты. Дәл осы сәтте Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев бюджетті қысқарту болатынын  мәлім етті. Біздің мемлекеттік бюджетіміз тікелей мұнайдан түсетін табысқа тәуелді болғандықтан, мұнай бағасының 90 доллардан кем болуы мемлекеттік жоспардың орындалуына үлкен кедергі екені рас.

Blog post image

Алайда, қазақстандық сарапшылар экономиканың тұрақты дамитынын алға тартып, өз болжамдарын ұсынды.

Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым:

- Ресей экономикасы тұраласа, бізге де әсері айтарлықтай болады. Егер Ресей бағытындағы мұнай тасымалдайтын құбыр жабылса, онда экспорттайтын көлеміміз де қысқарады. Бюджетте мұнай бағасы үш түрлі нұсқамен қаралған. Біріншісі – оптимистік, екіншісі – пессимистік, үшіншісі – консервативті базалық нұсқа. Ең төменгі пессимистік нұсқада мұнай құны 65-70 доллар көлемінде деп белгіленген. Бұл мұнай бағасының құлауына даяр екенімізді көрсетеді.

Хакім Суербаев, химия ғылымының докторы, пофессор:

- Кеңес одағы кезінде Қазақстанның мұнай тасымалдайтын бір-ақ жолы болды. Ол Атырау – Куйбышев мұнай құбыры еді. Қазір Қытаймен арада мұнай құбырымыз бар. Бұдан соң Ақтау портынан Иранға, Парсы шығанағына мұнай тасымалдаймыз. Тағы бір үміт артып отырған жоба Баку-Жейхан-Тбилиси мұнай құбыры. Бұдан соң Қазақстан Қытаймен тағы бір ірі келісімге отырған болатын. Ол келісім бойынша Қытай толлинг жүйесімен өз мұнайымызды қайта өзімізге өңдеп жіберуі тиіс. Сондықтан бұл жерде Ресей арқылы мұнай тасымалдайтын құбырға ғана иек артып отырмыз деу қисынсыз. Демек бұл арада «экспорттық әлдеуетіміз төмендейді» деп анағұрлым қауіптене алмаймыз.

Дегенмен 9 қазан күні Brent маркалы мұнай бағасы 88,44 долларға тағы да төмендеді. 2014 жылға арналған бюджеті 95 доллар/баррель көрсеткішіне сүйенген Қазақстан үшін бағаның 90-нан кем түсуі айтарлықтай жақсы болған жоқ.Дәл осы тұста мемлекет басшысы Н. Назарбаев Үкіметке оптимистік және пессимистік бағытта 2 түрлі сценарий әзірлеуді тапсырды. Бұл сценарий бойынша пессимистік болжам 80 доллар/баррельге негізделген.

Қазақстанның жағдайға сәйкес шаралар қабылдағанына қарамастан, Лондондық қор биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы 84,63-тен 81,84 –ке құлдырады. Сол-ақ екен, бірқатар халықаралық сарапшылар экономикасы  мұнайға негізделген елдердің болашағына болжам жасай бастады. Қазақстан-Ресей нарығының жайын бақылап, бағдарлап отыратын Renaissance Capital ақпараттық қаржылық орталығы «мұнай бағамы 80 доллар болып түзілетін болса, Қазақстанның ұлттық банкі теңгені 15,5 пайызға құнсыздандырып, бір долларды 220 теңге етуге мәжбүр» деген болжамдарды да алға тартты.

Сол кезде Үкіметке 2015 жылы зейнетақы және мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына 30 пайыз үстеме қосу, бірқатар мемлекеттік төлемдерді өсіру туралы тапсырма берілген болатын. Үкімет басындағылардың күдіктенетін жайы бар, себебі сарапшылар мұнай бағасы 60 долларға түссе, Қазақстан 2009 жылғы дағдарысты қайта бастан өткереді деп дабыл қақты.

Мамандардың пікірінше, мұнай бағасының бұлайша күрт төмендеуі сұраныстың азайып, ұсыныстың көбеюіне байланысты. Мысалы, халықаралық энергетикалық агенттік алғашында «әлем бойынша тәулігіне 92,4 млн баррель мұнай тұтынылады» деп болжады. Артынан агенттік бұл деңгейді 1,3 млнға дейін түсірді. Ал мұнай бағамы 81, 84 доллар болған тұста агенттік бұл көрсеткішті 700 мыңға дейін түсіріп жіберді. Осылайша ұсыныстың артып сұраныстың төмендеуі мұнай бағамының күрт арзандауына әкеліп соқты. Қыркүйек айында нарыққа сатылымға шыққан мұнайдың көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 2,8 миллион баррельге артық болған. Мұнай өңдеуші елдердің барлығы шикі мұнай экспортын көбейтуді ғана қолға алған тұста, ұсыныстың азаятынына кепіл жоқ. Оның ішінде Қазақстан да шикі мұнай сатудың көлемін арттыруға ниетті екені рас.  Халықаралық сарапшылардың пікіріне қарамастан, ОПЕК (Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) мұнай бағасын ұстап тұру үшін өндіріс көлемін төмендетуді қарастырмайтынын мәлімдеді. ОПЕК мұнай экспорттаушы елдерге өндіріс көлемін төмендетуді тапсырмайтын болса, алдағы уақытта да мұнай бағасының төмендейтіндігі айтпаса да түсінікті жайға айналды.

Blog post image

Бір ғана қазан айында түрлі экономикалық пікірлердің басты себебіне айналған Brent мұнай бағасы қараша айында 83-85 доллардан 78,21 долларға дейін төмендеді,ал WTI маркасы 79-83 доллардан 76,76-ға құлдилады. Маусым айында ғана 115 долларды құраған мұнай бағасының 40 долларға дейін төмендеп кетуі мұнайды негізгі экономикалық «фортуна» санайтын Қазақстан үшін де, көршілес Ресей мен Араб елдері үшін де қауіпті жайтқа айналды.

Қыстың алғашқы күнінде мұнай бағасы 68 долларға түсті. Brent маркалы мұнай құны бір сағат ішінде бірден екі долларға арзандаған. Сауда-саттық барысында мұнайдың әр баррелінің құны 68,28 долларға дейін төмендегенде ғана, нарықта қара алтынға деген сұраныс қайта пайда болып, әр баррелдің құны 60 центке көтерілген. Соған сәйкес мұнай бағасы 68,7 доллар төңірігінде тұрақтаған.

Нәтижесінде, Қазақстандық теңге долларға шаққанда бағамын 0,29 пайызға жоғалтты. Алайда, шикізат бағасын белгілеуде қысым келтірмеу үшін теңге бағамын ақырындап алмастырып отырған Ұлттық банк, теңгенің белгіленген бағамы бюджет кірісін төмендететінін алдын-ала болжап қойған сияқты.

Желтоқсан айының соңында әлемдік мұнай бағасы 62 долларға арзандады. Мұнай бағасының тұрақсыздығынан Ресейлік  рубль бағамы да ретке келместен, өз мұнайларын 60 доллардан жоғары бағаға сатты.

Осы жылдың 13 қаңтар күні Brent маркасының әр баррелі ең төменгі рекордтық бағада 45,5 доллардан, ал WTI 44,5 доллардан сатылған болатын.  14 қаңтарда бұл көрсеткіш 46,67 долларды құрады.

Forex Club мамандары сол кездің өзінде бағаның бұдан әрі  төмендейтінін жеткізді.

Blog post image

Айта кетерлігі, Қазақстанның 2015-2017 арналған бюджеті мұнайдың әр баррелі үшін 80 долларға негізделген. Мұнай бағасының төмендеуіне байланысты, Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев бюджетке бірқатар өзгерістер енетінен мәлім етті. Белгілі болғандай, алдағы уақытта мұнайдың бір баррелінің құны 50 долларға бағаланбақ.  Осылайша 2015 жылға жоспарланған бюджет 1 трлн 3 млрд 600 млн теңгеге азайып, 3 трлн 155 млрд 900 млн-ды құрайды.

«Семірген» нарық,тарихты қайталау немесе бумеранг

Мұнай бағасының бұлайша тез төмендеп кетуін мамандар әр түрлі себептермен түсіндіруде.

«Семірген» нарық. Болжамдардың алғашқысы жоғарыда айтып өткендей, әлемдік деңгейде сұраныстың азайып, ұсыныстың көбейіп кетуі. «Араб көктемі» біраз тұралатқан Араб елдері естерін жиып, Таяу Шығыстың басты «фишкасын» көптеп өндіруді қолға ала бастады.  Ядролық бағдарламасына байланысты Иранға салынған санкция жұмсарғалы, парсылар елі енді сыртқы рынокқа қара алтынды молдап жібере бастады.Себебі Батыс елі мұнайға салынған эмбаргоны алып тастады.  Бұған дейін Иранның Жапония мен Еуроодақ елдеріне мұнай тасымалдауына тыйым салынған болатын.Ертеден белгілі, Иран экономикасының 90 пайыз кірісін газ бен мұнай құрап отыр. АҚШ бастаған коалиция әскерінен соққы жеп, әлемдік нарықтағы мұнайын арзандатып алған Ирак та жылқы жылының басынан бастап мұнайды экспорттауды қолға алды. Осылайша экономикалық әлеуеті жоғары саналатын Месопотамия жазығы аса ірі мұнай қорын әлемге таратуда. Осының бәрі мұнай көлеміне қатысты сұраныстың азайып, ұсыныстың көбеюіне әкеліп соқты. Оған қоса, АҚШ-тың энергетика министрлігі соңғы 25 жылдың ішінде бірінші рет стратегиялық қор ретінде сақтап келген мұнайын сататынын жариялады. Ал, бұл елдің стратегиялық қорындағы мұнайдың жалпы мөлшері 700 миллион тоннаға жуық. Сарапшылар мұны  Ресейге жасалған экономикалық қысымның бір түрі ретінде бағалады. Бұл арқылы АҚШ «экономикасы 100 пайыз мұнайға тәуелді Ресейді құрдымға кетірмекші болды» деген пікірлер айтылды.  40 жылдан бері мұнайды экспорттауға тыйым салып отырған Американың бұл қадамға баруының тағы бір себебі - сланс мұнайын өндіре бастауы. Америка тұтынушыдан өндірушіге айналып, әлемдік мұнай қорының 70 пайызын құрайтын батыстың «қара алтынын» саудаға шығарды. Айта кетерлігі, АҚШ тақтатас(сланцы) мұнайын өндіруде Сауд Арабиясын артқа тастады. Әлемдік нарықта жоғары көрсеткіштен ауытқымаған араб елі соңғы жылдары тақтатас мұнайын өндіруді жоғарылатқан болатын. Осылардың нәтижесінде халықаралық ұсыныс көлемі күрт артып, мұнай бағасы ең төменгі шекті деңгейге түсіп кетті.

Blog post image

Тарихты қайталау. Мұнай бағасы төмендеуінің екінші себебі ретінде саяси пікірлер де айтылып жүр. Ол Украина мәселесіне байланысты АҚШ пен Ресей арасындағы сес көрсету қақтығысы. Қырымды аннексиялаған Ресейге қарсы санкциялар. Экономикаға төнген қауіптерге қарамастан славян елі Батысқа қарсылық көрсетуін жалғастыра берді. Батыс Ресей мұнайына санкция жарияласа, саяси Кремль Ресей аспаны АҚШ ұшақтары үшін жабылатынын мәлім етті. Бұл жағынан алғанда Батыс үшін «аяқтан шалудың» оңай жолы мұнай бағасын түсіру болып табылады. Өйткені Ресей бюджетінің басым бөлігін мұнай мен газдан түсетін доллар құрайтыны белгілі. Сарапшылардың айтуынша, Ресей бюджетін толтыру үшін мұнай бағасы барреліне 104 доллардан төмендемеуі керек. Алайда, көрсетілген бағадан 80 долларға құлдилап кеттік. Ресейлік рубльдің құнсыздануы, инфиляцияның өршуі Кремльді күйзелтіп тұрғаны рас.

Сарапшылардың ойынша, Америка Сауд Арабиясымен келісе отырып, мұнай бағасын түсіруді бірге қолға алған. Бұлай болжам айтуға да негіз бар. Себебі, тарихта Мәскеуге ықпал ету үшін АҚШ-тың араб ханзадалары көмегімен мұнай бағасын құлатқан оқиға болған. 1985 жылдың 13 қыркүйегінде Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Ямани өздерінің мұнай өндіруді шектеу саясатынан бас тартатындығын мәлімдейді.

Осыдан кейін алты ай ішінде Сауд Арабиясының мұнай өндіру көлемі 3,5 есеге өскен, жыл соңында ол 6,5 есені құрайды, нәтижесінде баға да төмендеген.

Егер 1981 жылы мұнайдың бір баррелі 35 доллар болса, ол 1986 жылы 20 долларға барған. Бір жылда КСРО 13 млрд мұнай долларынан айырылған. Осыдан барып 1989 жылы КСРО құлады.

Қазірдің өзінде Еуропалық мемлекеттер Ресейге ивестиция салудан бас тартып жатыр. Көрші елдің басты мұнай компаниялары қаржы табу жағынан қиындықтарға ұшырап отыр. Ресейге күрделі салымдар құйған инвестор мемлекеттердің үлес салмағы: Германия – 20,2% (4001 млн доллар), Кипр – 11,8% (2327 млн долл), Ұлыбритания – 11,5% (2271млн долл), Швейцария – 6,8 (1349 млн долл), Франция – 6% (1184 млн долл), Нидерланды – 5,9% (1168 млн долл), АҚШ – 5,7% (1133 млн долл), Жапония – 2,2% (441 млн долл), Австрия – 1,9% (376 млн долл), Швеция – 0,7% (139 млн долл). Егер дәл осы көрсеткіштер өзгере беретін болса, Ресейдің экономикасын жарқын жағынан болжау қиын.

Blog post image

Бумеранг. Алдыңғы жылдың көктемінде Обамамен келіссөз жүргізген араб ханзадалары не үшін үнсіз отыр?! Тіпті, Орыс мемлекетін тұралатам дегеннің өзінде, Сауд Арабиясы да мұнай өндіреді емес пе?! Ал, арабтар үшін минимальді көрсеткіш 80 доллардан төмендеуі қауіпті. Алайда, «мұнайлы ел» міз бақпай бақылау үстінде. Оған бірінші себеп, Арабия мұнай өндірісінің екінші орынға түсуі. Бұрыннан әлемдік рыноктың төрін бермеген ел үшін екінші орын жақсы көрсеткіш емес. Бірақ, Батыспен әріптестікті бұзғысы келмейтін олар тыныш әрекет етуді ойластырған секілді. Себебі, күрделі технологиялармен өндірілетін АҚШ-тың тақтатас мұнайы әлемдік баға 60 долларға түскен бойда дағдарысқа ұшырайтыны анық еді. Эл-Риядтың бағаның төмендеуіне мән бермеу себебі осы ғана. АҚШ Ресейге тұзақ құрды. Қанжығасы майланбай да қалған жоқ. Алайда, бумеранг тәсілі де күшін жоймапты. Тұрақтана алмаған әлемдік баға 40 долларға дейін құлдилады. Нәтижесінде, 60 доллардан-ақ дағдарысқа ұшырайды деп есептеген арабтардың болжамы орындалды.  Бірнеше күн бұрын ғана Американың тақта тас мұнай мен газын өндіретін WBH Energy компаниясы өзінің банкротқа ұшырағанын жариялады. Компания 50 млн. доллар қарызға ұшыраған.

Алдағы уақытта мұнай бағасы 30-32 долларға дейін төмендейді деген болжам бар. Саяси қақтығыстардың экономикаға әсерінен әлемдік державалар жапа шегіп отыр. Болашақта нарықтың қалай өзгеретіні белгісіз. Алайда, бүгінгі нәтижелерге қарап жақсы болар деуге негіз бар. Себебі, АҚШ мұнайы банкрот болғанын жариялады, демек 700 млн-дық көлем «қара алтын нарығынан» шықты. Осыдан кейін сұраныс пен ұсыныс теңелетін болса, баға қайта көтерілуі әбден мүмкін.

   
0
2564
0