Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
4
08:20, 13 мая 2010

Найман шежiресi

Құран кәрімде «Мен сендерді шүбәсіз бір еркек пен бір әйелден жараттым. Біріңнен біріңді ажырату үшін ұлттар мен руларға бөлдім» деген сөз бар. Алла сөзі ақиқат. Демек, мені қазақ қылған Жаратушы ием. Найман руынан өргізген де Тәңірім Алла. Ендеше мен руымды жасырмауым керек. Найман еткен құдайға ризашылығымды білдіріп, айтып жүруім міндет.

Бүгін жастар мешітке көптеп келе бастады. Қуанышты, әрине. Десек те, Имам Ағзам мәзғабінен ауып кеткендер көбейіп барады. Біздің дәстүрлі исламнан айнып, салт-санамызға жат уахабтық жол ұстанушылар пайда болды. Олар қазақ тарихын, шежіресін ислам арқылы таратқысы келеді. Алайда ислам қазақ даласына 9-10 ғасырда ендей бастады ғой. Ал ғұндар, сақтар бұдан он бес ғасыр бұрын тарихқа енген. Жасырмау керек-отқа, жер-суға, айға, тәңірге табынғанбыз кезінде. Мұны сызып тастасақ  тарихымыз кенжелейді.

Жалпы, қазақта шежіре көп. Басқаны былай қойғанда наймандар жайлысы қаншама. Әр тайпа өз шежіресін жазып жатыр. Бұл іске өз кезінде қазақ жазба тарихының атасы Мұхаметжан Тынышбаев, Шәкәрім қажы, Ақтайлақ би бабаларымыз да із салып отырған. Тіпті Потанин де жазыпты. Алайда М. Тынышбаев пен Шәкәрім қажы аталарымыз шежірені ғылыми тұрғыдан тереңдеп зерттеуді мақсат етпесе керек. Естігендерін ғана жазып отырған сияқты. Содан ол шежірелер де жаңылыс кетеді. Басы Алтайда, тең ортасы Арқада, аяғы Ақтөбеде жатқан наймандарға аттары толық жетпегендей. Сондықтан өз басым шежірелерді назарға аламын. Оларды нақтылы дерек ретінде қабылдамаймын. Қосымша тарихи ақпараттармен дәл келсе – онда сөз басқа.

Мысалы, Шәкәрім қажы атамыз найманды мұсылмандық тек арқылы 16 ғасырда туғызады. Бұған ренжуге болмайды. Бұл шежіре ғой. Найманның 5-6, ғасырда Арық Бұқа, Семіз Бұқа хандары басқарған мемлекет екені тасқа жазылған. Алшақтық аттай бір мың жыл.

Ақтайлақ би атамыз бар найманды Өкіреш Шалдан таратады. Алайда Өкіреш Шал баба 14-15 ғасырда өмір сүрген данышпан. Тағы да жаңылыс. Сол сияқты Ұлы Жүз түп-түгел (Жалайырдан өзгесі) Бәйдібек әулие бабамыздан тарайды дейді Ұлы Жүз шежірешілері. Бұл да сенімсізбіз. Себебі Бәйдібек әулие атамызды шежірешілердің алды 6- ғасырда, арты 14 ғасырда туғызады. Дұрысы 14 ғасыр сияқты. Себебі кіші шешеміз Нұрила-Домалақ анамыз 14 ғасырда туғаны дәлелді. Ал үйсін, дулат Иса пайғамбардан бұрын, бүгінгіден 2000 жыл бұрын бар ғой.  Ендеше Ұлы Жүз шежірешілері де жаңылыс айтып отыр.

Осы себептен де шежірені малдану қиысқа алып кетуі мүмкін. Оған мойынұсынбау қажет.

Осындай қателіктерге жол бермеу үшін нақтылы тарихи тұлғаларымызды аңыздан аршып алу қажет. Ал, ол үшін тарихи деректер іздеуіміз керек. Әйтпесе, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Албан Хангелді секілді Ұлы Батырларымызды Ер Төстік, Ер Сайын, Ер Тарғын сияқты қиял-ғажайыпқа ұрындырамыз.

Біз Қаракерей Қабанбай батырды зерттеуге осы тұрғыдан-тарихи тұрғыдан ден қойдық. Аңыз, дастан, шежірелерді тарихи дәлдігі тұрғысынан талдадық. Сәйкес келетін, дөп түсетін тұстар да мол. Десек те аңыз бен шежіре нақтылы тарихтан көп кемшін.

1979 жылы «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» атты өте беделді ғылыми кітап жарық көрді. Редакция алқасы, дайындаушылар кілең академиктер, докторлар. Осы кітапта Қаракерей Қабанбай  батырды Арқада – Сарыбелге жерлепті. Мақала авторы, тұстасым ғалым Болатжан Абылқасымовты тауып алдым. Университетте қатар оқығанбыз. Мүтілім ұрпағы Шығыс Қазақстан, Семей, Жетісуда отырған Хан Батырдың жамбасы Арқаға тигеніне сенбейтінімді айтып, күмән келтірдім. Сол жолы Болатжан:

-         Өзің зертте. Көзің жетеді, - деді.

Бәрібір сенбедім. Менің бабам ұрпағы мекендеп отырған өлкеден солтүстік батысқа қарай бір мың шақырым жерде қалай жатыр? Алғашқы сұрақ осы болды.

Сөйтсем, ғалым қателеспепті. Қаракерей Қабанбай батыр туғанда да, өлгенде де найманның топ ортасы Арқа екен. Бабамыздың:

Арқаға арнап бейіт соғып,

От орныма қойындар.

деуін кейін, тарихи құжаттар арқылы түсіндік. Бұл құжаттарды алдыда ұсынамыз. Өздеріңіздің талқыларыңызға  саламыз. Осының біреуін ғана айтайық. Бейсенғали Садыхан шежіреші 1724 жылы Ақмолада, Нұра бойындағы қаракерей Ақымбеттердің ауылында наймандардың түселі өтті дегенді жазып кеткенін, ғалым ағамыз Зейнолла Сәнік жариялады. Жеті мәселе қаралапты. Бірінші мәселе: Жердің наймандікі екенін ақ патшаның мойындауы.

Осы шежіре дерегін Омбыдан таптым. Айна-қатесіз орыс тарихшылары жазып, қаттап, архивке өткізіпті. Бар найман съезд өткізу үшін Арқаға-Ақмолаға-Нұраға артынып-тартынып келмейді ғой. Арқа ол тұста Қабанбай атамыздың руының топ ортасы екені нақты көрінді.

М.Тынышбаевтың «Матайдың ұраны – Бөрібай. Ол 1740-45 жылдары Атбасар өңіріндегі Сарысу бойына жерленген» деп жазғаны бар. Ақмола өңірінің топономикасы найман-қаракерейлердің аттарымен толығып тұр. Мысалы: Дәулетбай, Шахаман, Шүңет, Ағанас, Жантеке, Жанбике, Ергөбек, Байгөбек, Кешу, Жолымбет, Мырзагелді, Әлі, Қожақұл, Байжігіт, Жанжігіт, Қалытон, Еспенбет, Есенгелді, Жапақ... т.б.

Дастандардағы атамыздың өзін Арқаға жерлеу тұрғысындағы өсиеті осылайша тарихи тұрғыдан дәлелдеуі қажетсінеді.

1851 жылы Омбының коллегиялық хатшысы Уфимцев былай деп жазыпты: «Ақмола қаласы өзі негізі қаланған 1832 жылы қаладан 25 шақырым жердегі, қыр үстіндегі қырғыздың (қазақтың) моласынан атын алады». Қаракерей Қабанбай батыр моласы көне-Ақ патшаның қара жолымен тұп-тура 25 шақырымда бой көтерген. Уфимцев осы ақпаратында «Улькун» деп атап көрсетеді. Ақмола өңрін көп зерттеген  Клара Әмірқызы апайымыз:

-         Бұл оңірде екі Ақмола болған. Ол – Қаракерей Қабанбайдың

үлкен Ақмоласы және Ұзын қыпшақ Нияз бидің кіші Ақмоласы, - дейтін.

Әкесі – Дарабоз қайтыс  болғанда Назым батыр:

Жиылып тегіс ас беріп,

Қайтқан жерін айтайын –

Есіл-Нұра арасы.

Ақ атанын шөгеріп,

Жатқан жерін айтайын -

Сарыбелдің сағасы, -

деп жоқтаған екен.

Бұған Дәулетбай батырдың келіншегі  Дарабозға қарата:

Есіл менен Нұраның

Арасына сыймаған

Қайран менің қайныағам, - дегенін қосыңыз.

Осы аңыздарды тарихшы ғалымдар Апполова мен Бекмахановалардың «18 ғасырдың 40-60 жылдары Арқада қауымдық жерлер бөлінді. Мысалы, Қабанбай батыр Есіл мен Нұра арасында көшіп жүрді» деген нақтылы деректерімен толықтырсақ Ұлы сардар-Қабанбайдың моласы қайда екені айғақталады.

Белгілі жырау Қыдырмолда атамыз 1931 жылы Ақмоладағы бабасының бейітіне үш күн түнегенін жазып қалдырған. Ол кезде Қаракерей Қабанбайдың кесенесінде Досан деген қария шырақшы екен. Ол кісінің аталарын 1858 жылы ел шығысқа көшкенде «Дарабоздың басына ие боласыңдар» деп қалдырыпты. Өздері Әлі –Садырбайдан тарайды.

Әр факті осылайша ғылыми талдау, деректерді  қайта-қайта салыстыру арқылы дәлелденуі қажет. Соңда ғана шындыққа жете аламыз.

4