Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
08:13, 13 мая 2010

Дарабоз

Blog post image


Қабанбай кесенесіне зиярат етіп келушілермен болған әңгімеден соң туындаған ой...

Мен – Әбдірахманның Камалы - найманмын, тумысымнан Қаракереймін, ұраным – Қабанбай! Сондықтан да қалың ойратқа қарсы дара шауып, қол бастаған дарабоздың ерлігін ұлықтау үшін бар ғұмырымды батыр бабамның өмірін зерттеуге, кесенесіне шырақшы болуға арнадым.

«Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле», - дейтін халқымыз қашаннан әулие -  әмбиелердің басына барып, тәу етуді, аруағына арнап, дұға бағыштауды сауапқа балайды. Көнеден жеткен дәстүр Қабанбай кесенесінде де күн құрғатпай жалғасып жатыр. Бір қуанарлығы, Арқаның ақ талқан боранына, аптап ыстығына қарамастан батыр баба басына тәу етіп келіп жатқандардың дені -  жастар. Қазақтың жігіттері мен қыздары. Және жай ғана зиярат етіп қайтудан бұрын, арғы тарихты, ата тарихын білсем, көкірегіне түйсем деп келгендер.

Биыл – Қаракерей Қабанбайдың қайтыс болғанына 240 жыл толады.

Blog post image

Батыр қайтыс боларының алдында : «Жиылып тегіс ас беріп, ту биені сойыңдар. Арқаға арнап бейіт соғып, орныма қойыңдар», деп өсиет қылған. Демек,  Арқада тудым деген – туған жерім деген сөз. 1728-1762 жылдар аралығында Есіл – Нұра бойы батырға құтты қоныс болған. 1771 жылы Арқада салынған кесене жиырмасыншы ғасырдың орта шенінде құлап қалған. Тек Астана Арқа төсіне қоныс аударғаннан кейін Елбасының тікелей қолдауымен Батырға лайықты зәулім кесене қайтадан бой көтерді.

Blog post image

Ал, «Алыс - туыс демеймін, мұсылман - кәпір демеймін, атымды кім атаса, соны қолдап жебеймін»  деген сөзді мен орысшаға тәржімалай алмай жүрмін. Мына соңғы төрт жолды айтқан кезде елдің бәрі кәдімгідей таңырқап қалады. Бірақ, менің ойымша  таңданатын түгі жоқ. Керісінше, Қабанбай батырдың аузынан шығатын сөз.

Енді, кейде бүгінгі жастар "Абылай заманының батырлары, Абылайдың үзеңгілес серіктері" деп жатады. "Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Қаз дауысты Қазыбек содан шыққан төрт тірек". Бұл ұлы Көмекей әулие Бұхар жыраудың айтып кеткені ғой. Міне қазақтың төрт тірегі. Бір нәрсенің басын ашып алған дұрыс секілді. Ешкімнің көңіліне келмеу керек." Абылай заманында" дегенге өзім онша қосыла бермеймін. Өйткені Абылай бабамыз Қабанбай мен Бөгенбай бабамыздың кенже балаларымен қатар, кіші балаларымен тұстас.Уәлихан  1781 жылдың тамызында патшайым Екатерина екіншіге жазған хатында: «Осы жылы мамыр айында жасы 69-ға толған шағында әкем Абылай дүние салды» деп жазған. Олай болса, Абылай 1712 жылы туған. Қабанбай, Бөгенбайлардан көп кіші. Әбілмансұр, негізі «Сабалақ» 1730 жылы алғаш рет «Аңырақай» шайқасында соғысқа қатысып, Абылай деген атымен көзге түсті. Енді Қабанбай да, Бөгенбай да, Шақшақұлы Жәнібек те, Қаз дауысты Қазыбек бабаларымыз да,оның аржағы Ханкелді бабамыз да, мысал үшін Тайлақ батыр, Жомарт батыр, Алдияр батырлар Абылай тумай - ақ қалың қалмақтың шабуылына қасқайып қарсы тұрып жүрген. Демек, Абылай заманы деп айтқан сөзде кейде сол заманды тарылтып жібере ме деген ойлар келеді. Кеңітпейді, кішірейтеді. Бір адамның басына әкеліп соғып қоюға болмайтын шығар. Өйткені жауды жеңген Абылай да емес, Қабанбай да, Бөгенбай да емес, жауды қазақ деген халық жеңді. Сондықтан біз Абылай заманы десек, Қабанбай заманы десек, Бұхар жырау заманы десек одан біз сол заманымыздың ауқымын кішірейтіп алатын сияқтымыз. Бұл бабаларымыздың өзін кішірейтіп алатын секілдіміз. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама қазақ халқының тарихындағы ең бір қасіретті ғана шақ емес, сонымен бірге қазақ халқының қаһармандығын көрсеткен. Қазақ деген халықтың қандай жау болса да төтеп бере алатынын көрсеткен. Қазақ деген халықтың басына күн туғанда бір ортадан табылып, жауға қарсы халық болып түгел соғысатынын көрсеткен. Жалпы бір сөзбен айтсақ, мынау Ақтабан шұбырында, Алқакөл сұлама жылдары - қазақ деген халықтың барлық болмысын, жаратылысын, менталитетін, тінін көрсеткен заман. Сондықтан осы кезеңді бір-ақ алған жақсы шығар. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама 23 жылы басталғанмен, біз оның аржағында да сонау 1638-40 жылдардан бастап қалмақпен соғысуды бастап кеттік қой. Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама жылдары не ел боп қалатын, не құрып кететін кезең еді. Біз осы кезеңнен бабаларымыздың арқасында өттік. Мен өз басым осы кезеңді Абылай заманы емес, керісінше қаһарман заман, халық батырларының заманы деп атағанды жөн көремін.

Ал, енді Қабанбай батырдың қазақ тарихында алатын орнын мен тек қана шежіре, аңыз – естеліктер ғана емес, алдымен тарихи фактілерге сүйеніп, зерттеуге тырыстым. Бізді жазба тарихы жұтаң, көбіне  шежіреге құрылған тарихы бар деп жатады. Шежіре еш уақытта толық болмайды. Шежіре дегеніміз тарихи факты емес, сондықтан кез келген шежірені біз талдауымыз керек. Тарихи тұрғыдан дәлелдеуіміз керек.

Қазақ тарихындағы тарихи тұлғалар туралы қисса – дастандардың ең көбі Қабанбайға арналған.  Қабанбай туралы мен білетін 18 дастан бар. Біреуі 1862 жылы жазылған. Қазан университетінде екен. Татарстанда, қол жетпей отыр. Омбыда Потанин жазбаларын көзіміз көрді. 18 дастан негізі 5 варианттан тұрады. Бұл өзі халқымыздың  фольклорына, ауыз әдебиетіне тән дүние. Дастанды әр жырау өзінше жырлап, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып отырған. Көбіне қиссаларда  қай жылдары және қай жерде екеніне байланысты батырлардың аттары өзгеріп отырады. Мысалы Көкшетаудың ақыны жырлап отырса - арғын. Ол енді мына наймандардың, шапыраштылардың кейбір аттарын ұмытып қалуы мүмкін. Таныс емес. Сондықтан өзі білмегеннен кейін өзінің атасын қосып жырлай береді. Ұмытқаннан кейде өзінің атасын Қабанбайдан, Бөгенбайдан кем көргісі келмейді. Осындай атам бар деп. Енді тарихқа үңіліп қалғанда ол Қабанбайдан 50 жыл бұрын өмір сүрген немесе 80 жыл кейін өмір сүрген адам болып шығады.  Мысалы бір қызық айтайын, бүкіл найманды Өкіреш шалдан тарады. Ұлы жүзді Бәйдібектен, бүкіл арғынды Ақжол биден таратады. Осы кісілер 14 ғасырда өмір сүрген. Ал Найман 6 ғасырдан бар. Сонда 800 жыл найман қайда кетіп қалд? Ал енді Үйсін, Қаңлы қытай тарихында 1 ғасырға дейін бар емес пе, сонда енді 14 ғ. Бәйдібек бабадан қалай туады? Әңгіменің түп-төркіні осында.

Тарихты айна – қатесіз түзу мүмкін емес, оны ғылыми тұрғыда дәлелдеу, түзу жолға салу – осы саланың басы – қасында жүргендердің, тарихшы – ғалымдардың еншісінде. Әлі де жан- жақты зерттеу керек.

Біз өткен жылы Өкіреш бабамыздың моласын тауып алдық. 3 миллион найманның атасы - Өкіреш найман.Маңында Қара найман, қызыл найман ауылдары  қатар жатыр. "Өкіреш қабырстаны" деп жазып қойыпты. Қазір басына белгі қоймақпыз.

Белгіні не үшін қоямыз? Зәулім кесенелерді не үшін саламыз? Оның бәрі де өткен тарихымыз, елдің ұлы тұлғаларының есімдері тасқа басылып, тарихтың төрінен мәңгілікке орын алсын деген ниетпен жасалатын шаралар. Және кейбір даналарымыздың әр елдің аумағында жерленгенінің өзі олардың бүкіл шығыс жұртына қадірінің қалай жоғары болғанын көрсетсе керек. Мысалы қазақ хандығын күшейту, бауырлас қазақ, қарақалпақ, қырғыз және өзбек халықтарының жоңғар – ойрат басқыншыларына қарсы әскери одағын құру шараларын жүзеге асыруға белсене араласқан үйсін Төле бидің кесенесі де Ташкенде бой көтерген.

Әңгіме мынада, біздің ата-бабамыз осынша ұлылықты бойына  қайдан сіңірді? Бұл қазақ деген халықтың тегінде, бүгінгі генінде бар, қанмен сіңген қасиет, осыны тұншықтырмау керек. Қабанбайдың арғы жағында Күлтегін, біздің эрамызға дейінгі  Ишбақай, Тарғатай, Тұмар, одан кейінгі Европаны табанына таптаған Еділ патша, кешегі Кенесары, інісі Наурызбай, одан бері қарай келетін Әбдіғапар, Кенесарының кегін алған жалғыз қазақ - матай Тәнеке. Батырлығы аңызға айналған Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов т.б. Сол ата – бабаларымыздың, батырларымыздың арқасында қол жеткізген тәуелсіздігімізді баянды ету мақсатында, қазақ деген елді, қазақ деген ұлтты әлемге мойындату жолында еңбек етіп жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Бұлардың бойына туған еліне деген сүйіспеншілік, ұлтына деген қамқорлық ата – баба қанымен, асыл тегімен дарыды. Қазіргі таңда ұлт көшбасшысы, президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының маңайында  Қабанбай ұрпағынан кім бар? Мысалы Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаев, қызметте 7 генерал бар. Үкіметтің ішінен Кәрім Мәсімов, Сауат Мыңбаев.

Бұрын батырларымен марқайған еліміз қазір осындай қайраткер азаматтарын мақтаныш тұтады. Бұны айтып отырған тағы бір себебім, Қаракерей Қабанбай батырдың еңселі ескерткішін  Талдықорғанға қойсақ деген ой болған еді. Сол ұсынысты жетісулық Керімжан Бижанов деген депутатымыз көтерді. Содан кейін ел боп, ұжым болып жұмылып кеттік. Сейдахмет деген ақсақалды сол ұжымның басына қойдық. Өткен жылы қаражат қол байлау болды.  Облыстың әкімі Серік Үмбетұлына, ыстық-суыққа көнген ақсақалдарға рахмет. Кәрім Мәсімов пен Сауат Мыңбаев қаржының бір жағын көтеріп кетті. 2008 жылы Қаракерей Қабанбайдың кесенесінің қасына көз тоқтататындай үлкен үй салынды. Соны көтеруге Қабанбайдың осы екі ұрпағы үлкен азаматтық жасады.

Осылайша біздің игі жақсыларымыз жөн-жоба көрсетсе, қане. Өткен жылы Қаракерей Қабанбай кесенесі қасына бір бөлмелі мұражай саламыз дегенді естіген депутат ақсақал Өмірбек Байгелді 44 мың долларға қазақ батырының қару-жарағын, сауытын әкеп қойды. Мың рахмет!

Ана жылы кесенеге немістердің отбасы келді. Кезінде өзімізден  кеткен екен. Қайта оралыпты. Солармен бірге сол жақтың немістері де келді. Солар "біз сіздерге таңғаламыз" дейді. "Қазақстан немістерінің өзбектің, қырғыздың немістерінен айырмашылықтары бар. Бәрі бір атаның баласы сияқты. Ұйымшылдық, қонақжайлық, ізеттілік деген қасиетер қанына сіңген. Сіздерден жұққан екен. Қазақты қосатын ата - бабалар екен ғой. Енді түсіндік. Мән бермеппіз" деп ағынан жарылды.

Біздің ұлттық идеология дегеніміз де осы  — біздің ата-бабаларымыз, олардың айтып кеткен аманат - өсиеттері, еліміздің береке – бірлігі. Мәңгілік ұлттық идеологиямыз – Қазақ елі болуы керек.

1
4533
3