Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
03:51, 18 ноября 2014

Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филол. ғ. к. А.Әбдірәсілқызының «Дін мен дәстүр діңгегі» атты мақаласы

«Айқын» Республикалық газеті. Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филол. ғ. к. А.Әбдірәсілқызының «Дін мен дәстүр діңгегі» атты мақаласы

Дін тазалығын өздерімен ғана байланыстырып, радикалды шетін көзқарастарды насихаттап жүрген, қазақтың дәстүрін дініне қарсы қойып, мұсылмандығын жоққа шығарғысы келетін ислам атын жамылған ағымдар  дәстүрлі құндылықтарға сына қағып жүрген қазіргі жат ағымдардың ең қатерлісі. Радикалды ағымдардың бұл бағыттағы әрекеттері мың жыл бойы халықтың өзімен бір жасасып келген, тұрмысына, санасына, болмысына сіңіп, рухымен тұтасып кеткен дінді қол жетпес күрделі дүниеге ұқсатып, қилы-қилы тәпсірмен түсіндіріп, халықтан қасақана алыстату үдерісінен көрініс табуда. Исламға дейінгі жетістіктерді жоққа шығару, халықты дінсіздікке шақырып жүрген «тәңіршілдік» ағымы туралы жалған дақпырт тарату, қазақ салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын терістеу, қабір зияраты әдебін Аллаға серік қосу күнәсімен байланыстыру, кеңестік кезеңді рухани тұлдыр дәуір ретінде таныту – осының барлығы қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді, ғұламалар жүрген жолды мансұқтап, қазақ руханиятының күре тамырын қырқуға бағытталған астыртын арандатушы әрекеттер болып табылады.

Радикалды ағымдар идеологиясының алдын алу жолдары олардың өз әдістемесіне сәйкес қалыптасуы қажет. Кез келген жаңа діни ағым қоғамдағы қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Рухани ізденістердің дәстүрлі арнаға бағытталуы және ұлттық құндылықтар аясында дамуы қоғамның рухани жаңғыруына серпін береді. Ал оның радикалды идеологияға арбалуы тұлға болмысының құлдырауынан бастап, ішкі тұрақтылық пен мемлекет тұтастығының бұзылуына дейін алып келетін қауіпті салдарларға соқтырады. Сондықтан біз үшін уақыт сынынан өтіп, ұлтты қа­лыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады. Радикалды ағымдардың ауыз салатыны дәстүрлі құндылықтар болғандықтан, алдын алу жұмыстарының ең белсенді әрі ықпалдысы – дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту болмақ.

Бұл орайда ұлт бойындағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдалана білудің маңызы зор. Жан мен ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылық­тарымызға оралу, оларды кеңінен наси­хаттау арқылы радикалды идеологияның таралуына тосқауыл қоюға болады. Дін саласындағы уәкілетті құрылым – Дін істері комитеті өзінің барлық іс-шара­ларында, ақпараттық-насихат топтарының жұмыстарында дәстүрлі діни танымды танытуға, түсіндіруге жіті назар аударып келеді. Комитет тарапынан ұйымдас­тырылған бірнеше жүздеген іс-шаралар циклі ақпараттық ағарту мақсатына бағытталып отыр. Мектеп қабырғасынан бастап жоғары оқу орындарына дейін оқытылып жатқан «Дінтану негіздері» пәніне қатысты жұмыстар –  өз алдына бір сала.

Дегенмен, Елбасымыз атап көрсеткен «дәстүрлі құндылықтарға негізделген діни сана қалыптастыру» мәселесі бір ғана мекеменің қолынан келетін іс емес. Ол – бүкіл халықтың жұмыла көтеретін жүгі әрі бойында ұлтына деген сүйіспеншілігі бар әр азаматтың абыройлы міндеті. Өйткені күнделікті тіршілікке тереңдей еніп, тұрмыстық және тәжірибелік сипат алған жағдайда ғана діни сана жалпыхалықтық деңгейге көтеріледі. Тарихымыздың та­ғылымына назар салсақ, бір шындыққа көзіміз жетеді: Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабыл­дайды. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, бола­шағымыздың кепілі. Ал дәстүрлі құн­дылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақ­тандырушы негізгі факторлардың бірі.

Дін мәселесі – рух мәселесі. Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн. Діннің рухани әлеуетін мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды тү­гендеп, мызғымас құндылықтар қалып­тастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құн­дылықтардың негізінде де дәл осы – діннің рухани мәнін терең түйсініп, қапысыз сіңіру, бейнелі түрде айтсақ, руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған жөн.

Дін мен дәстүрлі құндылықтардың байланысы терең тамырлы. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мә­нері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Бір сөзбен айтқанда дін – рухани мәдениет феномені, ол қоғамдағы кез келген феноменнен анағұрлым бай, маңызды және ықпалды.

Ислам ілімі бойынша адам баласының бүкіл іс-әрекеттері үш топқа бөлінеді: ибадат, муамалат, ахуалу-шахсия. Ибадат (ғибадат) діндегі бүкіл ғибадат-құлшы­лықтарды қамтиды, ол толығымен сенім негіздеріне қатысты болады. Ал муамалат (мәміле) қаржылық, сауда-экономикалық, еңбек және басқа да қоғамдық қаты­настарды, ахуалу-шахсия (жеке бас жағ­дайлары) отбасылық және жеке басқа қатысты басқа да азаматтық хал-ахуалдарды қамтиды. Ислам ілімінде бұл аталғандар ақида, фикһ және ахлақ салаларына жіктеліп қарастырылады. Соның ішінде соңғы екеуі – фикһ және ахлақ толығымен рухани-моральдық құндылықтарға не­гізделеді. Демек, дін тек сеніммен ғана емес, рухани құндылықтармен де тығыз байланысты. Сондықтан да қазақ «иманды» деп барлық адами ізгі қасиеттерді бойына жинақтаған рухани деңгейі жоғары тұлғаны айтады. Мұхаммед пайғамбардың: «Мен көркем мінез-құлықтарды кемелдендіру үшін жіберілгенмін» деген хадисі де рухани-моралдық құндылықтардың діндегі ерекше орнын айғақтайды.

http://aikyn.kz/articles/view/61140


0
1383
0