Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
10:05, 20 октября 2014

Мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады.

Тіл – қай ұлтта, қай елде болсада қастерлі, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады.

Тіл байлығы - әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам өзінің ана тілін, мемлекеттік тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз бұрмалануына қарсы тұруы тиіс.

Алғашқы 1989 жылы 11 қыркүйекте қабылданған "Тіл туралы” Заңда "Тіл  - халықтың ұлы жетістігі, әрі оның ажырамайтын және бөлінбейтін белгісі”делінген. Ал бірінші баптың бірінші тармақшасында "Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады” деп жазылған.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев "Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” деген тұжырымдаманы қазіргі уақытта үнемі айтып келеді. Осының өзі Елбасымыздың мемлекеттік тілге деген үлкен құрметі деп білемін.

Біздің ана тіліміз - қазақ тілі. Қазақ тілі - мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тіліміз – ең басты байлығымыз. Менің пікірім әрбір Қазақстандық азамат оны білу керек деп есептеймін.

Қазақ тілі - халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі,- деп Жүсіпбек Аймауытов ағамыздың айтқанындай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде Мемлекеттік тілге, ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек. Себебі, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.

Тіл - ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы - оның ана тілі. Тіл - халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі - оның бақыты мен тірегі. Әрбір мекемеде мейлі ХҚКО-да болсын басшыдан бастап сол мекеменің техникалық персоналына дейін осы ұғымды есте ұстау керек деп ойлаймын сонда ғана біздің мемлекеттік тілге деген құштарлығымыз арта түседі.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі алпауытты елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз ол, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген, құрметтейтін ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайды. Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдері оның ішінде, өзіміз де жанұямызда ұл-қыздарымызға Қазақстанның халқы туралы, соның ішінде қазақ халқының тұрмыс-әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, тілін-мемлекеттік тілін білуі міндетті екендігін естеріне салып ал, білмегендерге түсіндіріп, үнемі бас қосқан көпшілік орындарда, жиындарда ортаға салып отыруымыз қажет деп ойлаймын, сонда ғана Мемлекеттік тіліміз, қазақ тіліміздің деңгейі жоғарғы сатылардан көрінеді демекпін сонымен қатар, Мемлекеттік тілді дамыту ісінде бұқаралық ақпарат  құралдары (БАҚ) алдыңғы қатардан табылып, бұл істердің игілікті болуы үшін  бір атаның баласындай үлес қосулары тиіс.

Тіл тағдыры - ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық Құрметті әріптестер. Әрбір адам өз ана тілін білуі және мемлекеттік тілін меңгеру міндетті. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, Мемлекеттік тілді дамыту үшін, бұл істе ала болмай, түгел болып кіріссек, көздеген мақсатқа тездетіп жетуге болатынына сенімдімін. Қазір ХҚКО ғимараттарында Тіл туралы, іс-жүргізу нормативтері, ХҚКО-дағы құжаттар айналымы  туралы  стенділер ілінулі тұрғандығын айта кеткім келеді, күнделікті жүргізіліп жатқан іс-қағаздар, өткізіліп жатқан семинар-кеңестер қазақ тілінде орындалуда міне осының өзі мемлекеттік тілге деген құрмет оны әрі қарай дамытуға қосып жатқан үлестер деп білемін және мемлекеттік тілге деген қамқорлықтың оны дамытудың белгісі деп ойлаймын.

Сөз соңында өзімнің баяндамамды Мемлекеттік тілді дамыту үшін бір қолдың саласындай-  бір ананың баласындай болып ат салыссақ демекпін Құрметті ХҚКО қызметкерлері! және Сұлтанмахмут Торайғыров ағамыздың мынандай өлең шумақтармен аяқтағым келеді:

Сүйемін туған тілді – анам тілім,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан,

Құлағыма сіңірген таныс үнін.

Көп Рахмет!!!

ХҚКО РМК-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының Байзақ аудандық бөлімінің атынан бөлімнің жетекші инспекторы Сағыныш Абашұлы Қынатов.

                     

Қазақ жазуы 1929 жылға дейін араб графикасын, ал 1929-1940 жылдары латын графикасын қолданған. 1940 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін орыс графикасын қолдануда.

Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі - әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі,  оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.

Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның ішінде қазақ халқының тұрмыс-әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін білуі міндетті.

Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.

Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз.  Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты  себепкер – ана тілі.

Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995ж.), "Тіл саясаты туралы” Тұжырымдамасы (1996ж.) және осыларға негізделген "Тіл туралы” Заң (1997ж.) республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді. Республикада мемлекеттік тіл ретінде бір ғана тіл – қазақ тіліне конституциялық мәртебе беріліп отыр.

Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің бірнеше алғы шарты бар. Атап айтқанда, сол тілді қолданушылардың санының жеткілікті болуы, табиғи және табиғи емес тілдік ортаның болуы, республиканың барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және ауызша әрі жазбаша түрде қызмет етуі сияқты сыртқы факторлардың болуы, сондай-ақ қазақ тілінің құрылым-жүйесі жетілген, лексика-фразеологиялық қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба және ауызша дәстүрі бар ұлттық тілдердің бірі ретіндегі ішкі тілдік факторлардың болуы – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді.

Мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметі қоғамдық өмірдің аса маңызды мынадай салаларында жүзеге асады: басқару, ақпарат, білім беру мен тәрбие  ісі (мектепке дейінгі мекемелер, бастауыш, орта мектеп, жоғары мектеп), ғылым мен техника (ғылыми-зерттеу мекемелерде); қоғамдық ғылымдар, жаратылыстану мен нақты ғылымдар, техникалық және қолданбалы ғылым, экономика салаларында, ғылымның жалпыға ортақ салаларында,  бұқаралық ақпарат құралдары саласында, іс жүргізу саласында; мемлекеттік, қоғамдық-саяси, мәдени мекемелер мен ұйымдарда; дене тәрбиесі, спорт, туризм, денсаулық сақтау мен емдеу мекемелерінде; қоғамдық тамақтандыру орындарында; өнер мекемелерінде (театр, кино); дипломатиялық қарым-қатынаста; әскери-патриоттық тәрбие және білім беру ісінде; шаруашылық жүргізу және ұйымдастыруда; өндіріс және өнеркәсіп орындарында; Қазақстан Республикасында өтетін республикалық, халықаралық құрылтай, конференция, мәжіліс, жиындар т.б.

Сонымен, қазақ тілі – дәстүрлі, тұрақты, қатаң тілдік нормасы бар, стильдік тармақтары сараланған, жалпы халықтық тілден ұлттық деңгейге көтерілген тіл.

Біздің ана тіліміз - қазақ тілі:

-        түпкі түрін сақтаған түркі туыстас байырғы тіл;

-        ежелден жазба мәдениеті бар тіл;

-        әдеби тіл, жергілікті тіл (диалекті), сөйлеу тілі, қарапайым сөйлеу тілі тәрізді формалары бар;

-        демографиялық тірегі мықты ұлттық тіл;

-        құрылым-құрылысы кемелденген тіл;

-        егеменді Қазақстан Республикасы өз қамқорлығына алған мемлекеттік тіл.

   

АНАМНЫҢ ТІЛІ –

АРДАҚТЫМ МЕНІҢ

(Әңгіме)

 

Анамыздың ақ сүтімен бойымызға

дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл

ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.

Б.Момышұлы

 

... Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз үшін парыз. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуде.

Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Ана сүті сіңбеген, бесік жырынан нәр алмаған ұлттық қасиет тана сүтімен кірмейді. Тілі мен дінінен айырылған ондай жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, көлденең көк аттының қолжаулығына айналады. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл тәуелсіздігін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс соның айғағы.

ХХ ғасырдың ұлы жемісі – қазақ халқы үшін Егемендіктің көк туы желбіреуі. Ата-бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз - ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Ұлттық мінез, ұлттық намыс, ана тілі жоқ жерде – ұлт та жоқ.

О, туған ана тілім! Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, қыран құстың жанары да сенде, назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара даланың  жазықтығы да сенде...

Халқымыздың аса бай рухани қазынасы – туған ана тіліміз. Ол – қазақ тілі.

Қазақ тілі - өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқан әуезділігі – шырқап салар әндей. Туған тіл біздің бірінші бақытымыз, бірінші ырысымыз, біз сондықтан "Ана тіліміз” дейміз. Қазақтар "Ананың тілі” деп ерекше құрметтейді. Басқа тілді білу - әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ асты етуге болмайды.

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте, – дейді талантты ақын Қадыр Мырза Әли ағамыз.

Анамның тілі – ардақтым менің. Адамның атасы, әкесі мен шешесі сенсің. Сен менің кішкентай кезімде әкем болып мойныңа отырғызып қуандың, ат үстінде алдыңа алып, мені көкке секірттің. Жел болып кекілімнен сипадың.

Тілім, ана тілім менің, адамзатымның тілі, сен менің анам болған кезіңде көкірегіңе жабысып, төсіңнен ақ сүтіңді емдім. Сен менің ағам, інім, әпкем, қарындасым, бауырларым болған кезіңде мен сені одан әрмен түсініп,  ұғынғым келді. Адамзаттың Абай мен Мағжан сынды асқар алыптарын туғызған, әкелері мен аналары болған ұлтымыздың тірегі сенсің, туған тілім. Бірақ, менің терім "туған тілім” сен үшін ғана төгілсін, менің өмірім сен үшін ғана өрілсін! Олай болса, ана тілімізді алдымен өзіміз құрметтейік, ардақтайық! Сонда ғана туған тіліміздің туы биіктерде желбіреп тұратын болады...

 

ІНЖУ-МАРЖАН

 

ҚАЗАҚ   ТІЛІ  ЖАЙЛЫ

АЙТУЛЫ ОЙЛАР

 

Қазақ тілінің таңғажайып кереметі жайында пікір айтушылар көптеп саналады. Олардың арасында өз ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымызбен қатар өзге жұрт өкілдері де баршылық. Әсіресе, ірі түркітанушылар мен саяхатшылардың ана тілімізге үлкен құрметпен қарап, ауыздарының суы құрып, тамсана жазғандары мәлім...

 

Радлов В.В. /ресейлік шығыс зерттеушісі/. Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таң қалдырарлықтай оралымды сөйлейді. Кез келгені, тіптен сауатсыздарының өзі, ана тілінде біздің Еуропада байқап жүргенімізден тек француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлей біледі.

Мелиоранский П.М. /1868 – 1906, шығыс зерттеушісі, профессор/. Қазақ тілін зерттеушілердің барлығы да бір ауыздан ең бай, ең таза түркі тілдердің бірі деп таниды.

Ильинский Н.И. /1822-1892, Қазан университеті, профессор/. Ертедегі түркілер тұрмысының көптеген іздерін өзінде сақтап қалған қазақ тілін мен ерекше ұнаттым. Қазақ даласы менің халық тіліне деген сүйіспеншілігімді мүлде қалыптастырды, оған мен тілдік зерттеу үшін нағыз таптырмайтын құжат ретінде қарай бастадым.

Бенцинг И. /түркітанушы/. Ғылыми, әдеби, тілдік және тарихи тұрғыдан қарағанда қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең әсем, өте бай тілдің бірі.

Малов С.В. /орыс ғалымы/. Қазақ тілі өзінің бейнелілігі, суреттілігі жағынан басқа түрік, немесе түркі тілдерінен әрдайым бөлекшеленіп тұрады. Қазақ өзінің ауызекі көркем  тілімен, айшықты әсем фольклорымен бұрын  да, қазір де даңқы шығып жүрген халық.

Саади А. /татар ғалымы/. Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық айтуымыз керек.

Янушкевич А. /поляк журналисі/. Қазақтардың ақыл-ой қабілетінің зорлығына барған сайын менің көзім жетуде. Қандай әсем сөйлейді. Кез келгені айтайын дегенін тез түсіндіре, қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс  бере біледі. Тіпті балаларының ақыл-есі де өте тез жетіледі.

Байтұрсынов А. Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат  тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айрылып қалуы мүмкін. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болып, жоғарыда айтылған талғау салтының шарты орындалған болады.

Әуезов М. Көген  көз қазағыма қаратып мінбе құрып, сол мінбеге шығарып: "Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!” – десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше болмақ: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасап келе жатқан асыл мұра сөзімізді арзандатып алмайық.

Жұмабаев М.  ... Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы - асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр.

       

Мемлекеттік тілді дамыту туралы бастамалардың бағын ашуда БАҚ-тар белсенділік танытса игі

 

АСТАНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Кеше Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі этникааралық келісімнің әлеуетін нығайту үшін мемлекеттік тілді одан әрі дамыту негізгі бағыттардың бірі екенін мәлімдеді. «Мемлекет барша қазақстандық­тар­дың қазақ тілін

біртіндеп үй­ре­нуі үшін барлық жағдайларды жасап отыр.

Енді Қазақстан халқы Ассамблеясы ел халқының мемле­кет­тік тілді меңгеруінің жалпы­ұлт­тық үдерісіне басшылық жасауы ке­рек. Ол үшін ешкімге қысым жаса­май және ешкімді төмендетпей, қажетті шаралар кешенін жүйелі де табанды жүзеге асыру қажет. ... Мемлекеттік тіл - ол халық бірлігінің негізгі факторы», деді өз сөзінде Н. Назарбаев.

Осы мәлімдемесі арқылы Президент еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтап, этносаралық қарым-қатынасты дамытуда маңызды рөл атқарып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясын ендігі жерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге белсене атсалысуға шақырды. Бұл институт осы уақытқа дейін мемлекеттік тілдің беделін асқақтату үшін қандай жұмыстар жасады, деген сауалға, ашығын айтайық, ауыз толтырарлықтай тұщымды жауап табу қиын. Елбасы тапсырмасынан кейін Ассамблея сілкініп өз елінде, өз жерінде тиісті тұғырына әлі қонбаған қазақ тілін дамыту ісіне белсенді атсалысады деген үміт мол.

Біздіңше жалпы қоғамды, өскелең жас ұрпақты Отанды сүюге, мемлекеттің әрбір құндылықтарын қастерлеуге, патриоттық рухта  тәрбиелеуде, сондай-ақ мемлекеттік тілді дамыту ісінде бұқаралық ақпарат  құралдары (БАҚ) алдыңғы қатардан табылып, бұл істердің игілікті болуы үшін  бір атаның баласындай үлес қосулары тиіс. Жоғарыдағы құндылықтардың барлығының төрінде Қазақстандағы мемлекет құраушы ұлт - қазақтардың ғасырлар бойғы алтын қазынасына айналған әрі қазіргі уақытты ұлтты ұйыстырып отырған - қазақ тілі тұр. Бұны, әсіресе, орыс тілді БАҚ өкілдері жете түсінсе дейміз. Алайда, өкінішке қарай, орыс тілді БАҚ өкілдерінің арасында мемлекеттік тіл - қазақ тілінің қоғамдағы орны мен рөлін жете ұғынбайтындар (мүмкін әдейі ұғынғысы келмейтіндер) әлі де болса баршылық сияқты. Елбасы әртүрлі деңгейдегі биік мінбелерден қазақ тілін дамыту туралы талай-талай тұщымды ойлар, пікірлер айтып жүр, жеке өзі бастамашы болып мемлекеттік тілді өркендету үшін қыруар шаруалар тындыруда. Қисынға салсақ, Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді дамытуға қатысты айтқан әрбір пікірін  ең алдымен БАҚ өкілдері терең түсініп, тұңғиығына бойлап, қоғамға жеткізіп, халықтың құлағына құюы тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл Қазақстанды - Отаным, қазақ тілін - мемлекеттік тіл деп мойындайтын кез-келген БАҚ өкілдерінің жазылмаған заңы, маңызды міндеттерінің бірі болуы керек еді.  Алайда, тағы да өкінішке қарай, бұлай болмай тұр. Олай дейтініміз, көбінесе орыс тілді БАҚ өкілдері  мемлекеттік тілді дамыту туралы қандай да болмасын маңызды мәлімдемелерге тым салқын қарайды, немесе қазақ тілінің тағдырына қатысты өткен жиындарда төбе көрсетпейді. «Баяғы жартас, бір жартас» болып тұра берсін деген пиғыл басым сияқты олардың арасында.

Тағы бір атап өтерлігі, Қазақстанда тұрып жатқан әрбір этнос мемлекеттік тілді білуі тиіс.  Елбасының сөзімен айтқанда, «бұл істің табыстылығы тек мемлекетке ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғамның белсенділігіне де байланысты». Бұл тұтас қоғамның ішінде БАҚ өкілдері де бар. Сондықтан да, орыс тілді БАҚ-тардағы әріптестерімізді қазақ тілін дамыту туралы айтылған әрбір бастамаға құрметпен қарап, соны адал жүрек, шын ниетпен жан-жақты насихаттауға, көрсетуге шақырамыз. Бұдан олардың бәстері артпаса, кеми қоймас.

Бұл күнде бір нәрсе айқын: қазақ тілінсіз Қазақстанның болашағы жоқ. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір Қазақстанда қазақ тілінің салтанат құратыны ақиқат және солай болуы тиіс. Олай болса, Қазақстанды ортақ Отаным деп білетін әрбір қазақстандықтың, мейлі ол қай этностың өкілі болмасын, қандай дінді ұстанбасын, қазақ тілін білуі шарт. Сонымен бір мезгілде өзін демократиялық және зайырлы мемлекет деп жариялаған Қазақстанда осында тұрып жатқан өзге де этностардың құндылықтарын дамытуға қашандағыдай жақсы жағдай жасалатын болады. Бұған Ассамблея сессиясында Н. Назарбаевтың : «Сонымен бір мезгілде біз Қа­зақстанда тұратын барлық этнос­тар­дың ана тілдерін, мәдени мұра­ла­ры мен дәстүрлерін еркін дамыту үшін бұдан әрі қарай да барлық жағдайды жасайтын боламыз», деген сөзі айқын дәлел. Олай болса, азаматтарының теңдігі мен еркіндігі қамтамасыз етілген Қазақстанда келешекте мемлекеттік тілді өркендете отырып, өзге де этностарды өгейсітуге жол берілмейтініне нық сенуге болады.  Сенім  - табыстың кепілі. Сондықтан, тағы да Елбасының сөзіне жүгінсек,  «біз қазақ тілінде сөйлеу қалауы әрбір қазақстандыққа таби­ғи нәрсе болуы үшін бәрін істеуге тиіспіз».  Бұйырса ол күнге де жетерміз. Тек бұл істе Қазақстандағы БАҚ өкілдері тілдік жіктелуге бөлінбей, қоғамның ащы дертін ашық айтып, ақиқаттан аттамай, белсенділік танытса игі болар еді.

«Қазақ» газетінің 1913 жылғы  нөмірлерінің  бірінде  ұлт  ұстазы Ахмет  Байтұрсынұлы  былай деп жазыпты: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. ... Мұнан былай да осы бетімізбен жүре берсек, ақтығында қазақ тілі азып-тозып, бірте-бірте тұтынудан шығып, әуелі қазақша жазу ұят көрінер, сонан соң қазақша сөйлеу ұят көрінер, онан әрі не болары белгілі. Оқыған жастарымыз қазақ тілінен жиренсе, қарттарымыз мың жасауға болмаса, қазақ тілі жан сақтайтын орын жоқ. Сондықтан бұлтақтамай осы бастан істің бетін тура жіберу үшін анықтап ашатын нәрсе мынау: қазақ тілін сақтау керек пе, болмаса русша болсын, басқаша болсын, сөйлеуге жараған соң бәрі тіл ғой, қазақ тілі жоғалса, жоғала берсін дейміз бе? Біздің газетіміздің таңбасы «Қазақ», яғни қазақтығымызды сақтау. Қазақтық әрине аты мен тілі жоғалмаса сақталады. Бұл айтқанымыз русша, я басқаша оқымасын деген емес, русша тілін де білу керек. Бірақ өз тілінен жиренбеске керек. Он жыл, он бес жыл еңбек етіп, қиналып рус яки әдеби тілдерді үйренгендерге өз тілімен жазуды үйрену қиын деп ешкім айта алмас».

Осы шағын ғана тұжырымнан ұлт үшін тілдің маңыздылығы, құдіреті қаншалықты екенін сезуге болады. Құдайға шүкір, тәңір сыйлаған тәуелсіздіктің арқасында жоғалып бара жатқа сөзіміз жардың басынан қайтып, жұртымыз жаһанданудың жалынына жұтылып кеткен жоқ. Бай тілімізде бұған дейін белгісіз болып келген талай құнды дүниелер, жауһар жәдігерлер жарыққа шығып, мәдени мұрамыз түгенделді. Кез-келген жерде қазақша сөйлеуден қымсынбайтын болдық. Тек бір қынжылтатыны, мемлекеттік тіл - қазақ тілінің мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың төрлерінде әлі күнге дейін құтты тұғырына қона алмай отырғаны, бизнестің тіліне айналмағаны.  Айта берсе, оның обьективті де, субьективті де себептері көп. Соған қарамастан, қазіргі таңда қазақстандық қоғамның алдында тұрған басты міндеттерінің бірі - қазақ тілін дамытуға барынша атсалысу болып отыр. Қазақ тілінің Қазақстаннан басқа дамитын, дәуірлейтін жері жоқ. Мемлекетіміздің таңбасы «Қазақстан» болғасын, оның басты тілі де - қазақ тілі болуы заңды нәрсе.  Жаңа айтып өткен  Ахмет  Байтұрсынұлы  өз мақаласында: «Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек», деген ой тастапты.  Рас, кешегі санақтың қорытындысы бойынша тарихи отанында жетпіс пайызға жақындап қалған қазақтардың ана тілі - қазақ тілінің сақталуына төніп тұрған бәлендей қауіп жоқ. Дейтұрғанмен, оны толыққанды мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруде тындырылуы тиіс шаруалар әлі шаш етектен. Ол баршамызға мәлім. Елбасы белгілеп берген қазақстандық қоғамның, оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды бағыттарының бірі енді осы - қазақ тілін дамыту болып отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», демекші, бұл іске «ала болмай, түгел болып» кіріссек, көздеген мақсатқа тездетіп жетуге болады.

     
0
28407
0