Ұлтшылдар ма, ұлтбұзарлар ма?

Камал Абдрахманов 2014 M05 18
819
0
4
0

Қазақ егемендік алғалғы- ширек ғасырға жуық уақытта бір принцпті берік ұстанып келемін. Ол- шамам жеткенше қазақ халқын құрыштай біріктіруге, тұтастыруға ат салысу, әр қазақты- жалғызым деп білу...

Қазақ егемендік алғалғы- ширек ғасырға жуық уақытта бір принцпті берік ұстанып келемін. Ол- шамам жеткенше қазақ халқын құрыштай біріктіруге, тұтастыруға ат салысу, әр қазақты- жалғызым деп білу, «қазақпын» дегенге бауырым деп қарау. Өз блогімде өткен жылдары «Қазақпын десе- қандасың», «abai.kz» порталында «Қаракерей ме, қарақытай ма?» атты тақырыпты мақалаларымда ойымды айттым. «Ұлтшылдық» деген ұғымды қазіргі кезде өшің кеткеннен кегіңді алуға немесе біреуге қарадай тиісуге айналдырып бара жатқаны жанға батады. Тіпті, ешқандай арсыздықтан да тартынбайтындар пайда болды. Соның бірі интернеттен көзіме түскен «Старая правда о новом премьере» деген Кәрім Мәсімов туралы мақала.

Принцпінде, басшыларды сынау, кемшілігін бадырайтып бетіне басып отыру өте дұрыс шаруа. Қазақ әлімсақтан- ақ «Сын түзелмей- мін түзелмейді» деген. Ел тізгінін ұстап отырғандарды әмісе тезге салып, тізе батырып отыру қажет. Сонда олар жұрт бар екенін күнделікті еске алып отырады. Бірақ, осы мақаланы оқып отырып, шошынған тұсым көп.

1897 жылы орыс патшасы алғашқы халық санағын өткізіпті (Первая Всеобщая перепись населения Российской империи 1897 г. (Губернские итоги)  Т. Т. 1- 89, СПБ 1903- 1905). Сонда 4 миллион 89 мың қазақ тіркеліпті. Өзбек жерінің тұрғындары 3 миллион 853 мың. Мұның бар- жоғы 535 мыңы ғана өзбек деп жазылып, қалғандары хиуалық, бұқаралық, сарт, қыпшақ тағы басқа болып жүр. Азайтып отырған жоқпын. Қағазға түсуі солай. Сонда өзбек ұлтынан қазақтар 8 есе көп. Арада жиырма жылдан соң 1917 жылы М. Тынышбаев қазақтарды 5 миллион 930 мың деп тізімдейді. Оның ішінде Ұлы Жүз 1 миллион 170 мың, Орта Жүз 2 миллион 720 мың, Кіші Жүз 2 миллион 040 мың, Қазақстаннан шетте 950 мың деп көрсетеді. Есептесек, жиырма жылда 1 миллионға жуық немес 25 пайыздай өсіппіз. Осы қарқынмен жүре берсек бүгінгі күні ең азы 25- 27 миллион қазақ болуы тиіс. Ал бары 11 миллионның маңы. Бұл қалай сонда? Рас, отызыншы жылдарғы аштық Арқаға ауыр соқты. Қанша қазақ аштан қырылғанын әлі толық білмейміз. Өзбек, қытай, орыс жағалап, бас сауғалап кетті нан іздеген қауым.

Бірақ, жоғарыдағы қазақтың өсіміне сүйенсек өзбек қанша өссе де бүгін 10 миллионға жетпеуі керек еді. Алайда өзбек бүгін 27 миллион, жұдырықтай жұмылған, балталасаң бөлінбейтін ұлтқа айналған. Сонда бұлар қалай өсті?

Талдасаң ғажап жағдайларға тап боласың. Кеңес үкіметі келген 1917 жылдан соң өзбектің ұлтшыл- патриоттары халық санын көбейтудің ең тиімді тәсілін қолға алды. Өзбектің әр зиялысы, әр патриоты, әр ұлтшылы қыпшақ аталған- қазақтарды, хиуалық аталған- қоңыраттарды, сарт аталған- тәжіктерді, бұқаралық аталған көшпелі өзбектерді (қазақ десе де жөн), тәжіктерді  сағат сайын, күн сайын, апта- ай сайын жатпай- тұрмай, шаршап- шалдықпай  өзбектендіру жұмысымен жоспарлы түрде шұғылданды. Арада 100 жылдай уақыт өтіпті. Қазір бұрынғы қыпшақ, сарт, қоңырат, бұқаралықтарды басын алам десең «өзбекпін» деп кәлләсін жаңғырыққа салады. Ар жақтарын әбден ұмытып, тұтасып кеткен, өзбек екендіктеріне кәміл сенген. Тіпті, алпыс жыл бұрын ғана өзбекке өткен қазақ аудандарының қазақтарының қаншасы өзбек атанып жүргенін бір құдай ғана біледі.

Ал осы уақытта біз не іс атқардық? Қанша өзбекті, тәжікті, ноғайды қазақтандырдық? Осындай мысал білесіз бе?

Білмейсіз. Мен де білмеймін. Біз бәрін керісінше жасаймыз. Интернетте Д. Қонаевті- татар, Ғ. Мүсіреповті, Махамбетті- түркімен, Бибігүл Төлегенованы- ноғай, тіпті, арғын, найман, жалайыр, албан, қыпшақтың жартысы қарақытай деп жүр кейбір «ұлтшылдарымыз». Масқарасы, осы сөздерді көптің бірі емес, «мен пәлешебаймын» дегендер айтады. Ол аз болса төре, қожа, төлеңгіт, сунақ деп жырым- жырымбыз. Ана өзбекте Шыңғысханнан тарайтын кешегі Өзбек ханның, Шәйбеннің, Әбілхайыр, Камареддин төрелердің ұрпақтары біздегі Жошы ұрпағынан әлдеқайда мол. Бірақ, бірі де «төреміз» демейді. Олардан қожа дегенді атымен естімейсің. Міне, өзбектің озған жері. Айта берсең үйренер жеріміз. Ал біз не істеп жүрміз?

Кәрім Мәсімов туралы мақаладан ол бұрын Премьер- министр болып тұрғанында немесе қазіргі кезде атқарып жатқан жұмыстарын талдаған, кемшіліктерін көзін шұқып көрсеткен, жонынан таспа тілген жалғыз ауыз сөз таппадым. Бар мақала атасы- Қасымның, әкесі- Қажымханның, Кәрімнің өзінің паспорттарындағы «қазақ» деген сөздерді жоққа шығаруға, қазақпыз дегендерді қазақ емес етуге арналыпты. Ар жағынан- Қасым Мәсімовтен бастаған болыпты. Қасым марқұм 1914 жылы туған екен. Тұп- тура 100 жыл. Айналайын- ау! Бір ғасыр! Содан бері қазақпыз дегендерді ұйғыр  деп не шұқылап отырсыңдар? Әлде, иманды болғыр Қасым марқұмның кіндігін кесіп пе едіңдер? Кәрімнің балалары да қазақ деп куәлік алып жүр ғой. Ендеше, осы мақаланы жазғандардың көздегені не?

Өздерін шыныммен- ақ ұлтшылдармыз, патриоттармыз деп есептей ме? Мұндай болса өзбек патриоттарының жүз жыл бойы істегенінің мыңнан бірін істеңдерші. Ұлтшыл адам өзбектердің ұлтшылдарынан үлгі алсын.

Адам бір өтірікті бастаған соң тоқтай алмайды- ау деймін. Мен мақала авторларын танымаймын, алты- аласым, бес- бересім жоқ. Кәрім де менің қазаныма ас салып беріп отырған жоқ. Олардан да, бұлардан да алып- бергенім, тәуелділігім жоқ. Зейнеткер- бейтараппын. Балаларым да үкіметтің қызметінде істемейді. Кәрімнің әкесі- Қажымханмен Қабанбай батыр кесенесінде 2003 жылы таныстым. Жөнін сұрап едім «Найман- матайдың ішіндегі Кенже- Сақаймыз» деді,  шешесі- Эленорамен Алматыдағы бір той үстінде таныстым- Керекудің уағы екен. Мақала авторлары бұларды да ұйғыр деп бірақ қайырыпты. Уақ қашан ұйғыр болып еді?  Өстіп те адамды жеккөрінішті етуге бола ма екен?

Қазір қайдам, Кеңес үкіметі тұсында КГБ- ға жұмысқа тұру әркімнің арманы болатын. Оның оқуына таңдаулылар ғана түсетін. Қызметіне әбден сұрыпталған, еш күдік туғызбайтындарды жеті атасын тексеріп барып алатын. Оқуға түсу үшін ұйғыр Кәрім қазақ болды деу не сандалыс? Кеңес үкіметі сенің паспортыңды өлмей өзгертпейтін. Бүгінгі былық ол тұста болмайтын. Кәрімнің әкесі немесе атасы ұйғыр болса бұл жағдай КГБ- ның назарынан тыс қалуы мүмкін емес еді. Себебі, ол кезде Қасым ақсақалдың кім екенін білетіндердің көзі тірі емес пе еді?  Қайтіп өтірік айтарсың. Бүгін білмеймін, ол кезде КГБ- ның назарынан еш нәрсе тыс қалмайтын, КГБ- ны алдау мүмкін емес- ті. КГБ Кәрімнің ұлтын білмепті деу таза лағығандық, кешегі күннен хабары аз бүгінгі жұртты адастыру. КГБ жердің жеті қат астын білетін, ол ұйғыр болса маңайына жолатпайтын.

Мақала авторларының барлаушыны құбыжық көретіні несі екен? Бала кезде бәріміз барлаушы болып ойнадық, ұмтылдық емес пе. АҚШ- тың екі Президенті, гүржінің Шевернадзадесі, орыстың Путині барлаушы емей, кім? Не шүйлігетіні бар, несі жаман?

Енді осы мақалалардан ең шошынған жерімді айтайын- мақала авторлары аруақ аттапты. Марқұмдарды қорламақ болыпты. Өлісін құрметтеп, жәбірге бермеген қазақ деген халық едік. Ал мына мақалада сонау ҮІІ ғасырдан бергі тарихтан белгілі матай руының белді бір қызы Нұрбану ананы қорықпай «ұйғыр» депті. Қолдан жалған құжатсымақ жасап салыпты. Оның қып- қызыл өтірік екені соқыр көзге көрініп тұр. Құдай- ау, аруақ атады деп қорықпай ма? Нұрбану ана атақты қобызшы, көктен жын түсірген қазақтың соңғы күйшілерінің бірі Молықбай жарықтықтың тайпасынан. Анау жылдары Кәрім Ақсудағы ата жұртына барып Қасым атасы мен Нұрбану апасына ас бергенде Қасымды да, Нұрбануды да көзімен көргендер дастархандарға симай отырды. Марқұм Нұрбану ананың аталастары да, аналастары да көп жиналды. Сол кезден бастап Мәсімовтердің әулетін біраз зерттедім. Қасым ақсақалдың көзін көрген, туған құдасы 95- тегі Қиақбай ақсақалмен ұзақ әңгімелестім. Қасым атаның қолынан құлақ жеген, Кәрімнің әкесі Қажымханның құрдасы, үй арасында үй жоқ, тел өскен Сейдахмет Шүрегеевпен әлденеше ақылдастым. Бәрі бір ауызды. Бұлар білетін Қасым- қазақ, Нұрбану қазақ, найман- матай.

Мақалаларды жазушылардың бар ой- ниеті Кәрімді елге жеккөрінішті ету екен. Бірақ ит терісін басына қаптамақ екенсіңдер қызметіндегі кемшілігіне тиісіңдер. Баға анау, шарықтап барады, экономиканың не болып бара жатқанын көріп отырмыз. Үкіметтік ұжымдардағы жемқорлық бастан асады. Осыларды қатаң бақылауға ал, жемқорлықты тый десеңдер, бір жақтарыңнан біз де қосылар едік. Онсыз аз қазақты кескілейтін пысықтықтарыңа нағыз ұлтшыл, ұлт қамын, ұлтының көбейуін аңсаған азаматтар қосылмасы анық. Өйткені мақала авторлары ұлтшылдардан гөрі ұлтбұзарлаға көбірек ұқсайды. Олардың жанын жеп отырған қазақтың бірлігі емес Премьер- Министрдің орны.  Айналайын- ау, біліктілігіңді, біліміңді, білгірлігіңді көрсетіп, жұрт көзіне түсіп, сол орынды тартып алсаң кім қой дейді.

Кәрімнің орнына таласады екенсіңдер қазақты бөлшектейтін пасық тәсілден аулақ жүріп таласыңдар. Ұлты мен мұртына тиіскендерің ұсақтықтарыңның ғана айғағы. Ал, әлдеқашан о дүниелік болған ата мен ананың аруағына ұрыну бір де бір қазақ баласы мақұлдамайтын сорақылық. Осындай мінезбен Премьер- Минстрдің орнын көздесеңдер жетісіппіз. Мәдениетті, әдепті ортада жеке басқа ұрыну көргенсіздіктің, дөрекіліктің, бейшаралықтың, айтар аргументің жоқтықтық белгісі. Абай айтпақшы «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос».

 

Камал Әбдірахман.

 

Оцените пост

4