Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
04:22, 11 мая 2014

«Жетімін жылатпаған елміз»

Білім және ғылым министрлігі берген мәліметке сүйенсек, соңғы 3 жылда ата-анасының қамқорынсыз қалған балалардың саны сиреген. Қазақстанда шалыс басып, кейін бауыр еті баласынан бас тартпақ болған аналарды райынан қайтарып, көмек қолын созатын «аналар үйі» ашыла бастады. Аналар үйінің тұрғындары керек-жарақтармен және азық-түлікпен тегін қамтамасыз етілген. Бұл әлеуметтік жобаны кәсіпкерлер қолдап отыр.

Жүрегі мұз әке. Бауыры қатты ана. Нәтижесі – жанары жасты жетімдер. Жарық дүние есігін аша салып, тағдыры тәлкекке түскен тастандылар. Бірінші сәуірде Алматыдағы қоқыс жәшігінен нәресте табылды. Араға 13 күн салып дәл осы оқиға Астанада қайталанды. 16 жастағы бейбақ өз шаранасын пакетке орап, күл-қоқысқа тастаған. Бейкүнә бала емханаға жеткізілді. Ал қорғансыз күйде қоқыс ішінде жүрегі тоқтайтындары қаншама!

100 сәбиге арналған Астана қаласындағы мамандандырылған сәбилер үйінде қазір     80-ге жуық нәресте бар. Тастанды тағдырларға тамаша жағдай жасалған. Оларды мұндағы күтуші-аналар өгейсітпейді. Мәпелеп, маңдайынан сыйпайды. Ас-суын беріп еркелетеді. Жаялығын ауыстырып, ұйқысын күзетеді. Алайда туған ананың ақ сүті де, туған ананың мейірімі де бөлек. Осыны ескерген еліміздің қалталы азаматтары «Аналар үйін» ашуды былтырдан бастады. Бүгінде олардың саны 15-ке жеткен. Сол 15 үйде тағдырдың ащы дәмін ерте татқан 16 мен 25 аралығындағы жас босанған 140 келіншек өмір сүріп жатыр. «Аналар үйі» басшылығының айтуынша, бұл шаңырақта жезөкшелікпен айналысқан, ішімдікке салынған, нашақорлыққа тұсалған әйелдерге орын жоқ.

Шолпан Құдайбергенова, «Аналар үйі» директорының орынбасары:

- Бізге қарапайым, жай ғана қиын жағдайға ұшырасып қалған, барар жері жоқ,
баласынан сондай себептермен бас тартуға мәжбүр болып отырған қыздар түседі.

Мұндағы тастанды тағдырлардың тарихы бір-біріне ұқсас. Бәрінің де әке-шешесі, туған-туысы бар. Көбісі ауылдан қалаға нәпақа іздеп, білім қуып келгендер.
Сүйдім-күйдім деген жігіттер жеме-жемге келгенде уәдеден тайқып шыға келген. Бойына бала біткен бейбақтар күнәсін ата-анасына айтудан жасқанып, жүре
берген. Атын жасырған аналардың бірі – павлодарлық. Жасы 25-те. Некесіз өмірге
әкелген алты айлық қызы бар.

- Ол бала керек емес, алдырып таста деді. Роддомға барар кезде не істерімді білмедім, мамаға айттым, ол үйге келме, көзіме көрінбе деді.

Көргенсіз еркектің кесірінен жанары жастанған тағы бір ана –қызылордалық. 3 айлық қызы бар. Ай-күні жеткенде, тығырыққа тірелген ол «Аналар үйі» қамқорлығына алған.

- Күйзеліп, қатты қиын жағдайға ұшырадым. Баламды қимай, әбден жылаған күндерім болды. Қазір енді өткізбеймін.

Орталықтың мақсаты да осы еді. Сүрініп кеткен қыздарды қиын сәтте қолдау, ананың баласына бауыр басуына жағдай жасау. Тірі жетімдердің санын сирету.

Шолпан Құдайбергенова, «Аналар үйі» директорының орынбасары:

- Екі-үш ай күйзелетін сәттері болады. Ана балаға үйреніп, сүтін беріп емізгеннен кейін ана баласын тастамайды.

Еліміздің жомарт кәсіпкерлері қаржыландыратын бұл жобаның жақсылығын сәбилер үйінің басшысы да сүйсіне айтты. Сенат депутаты да қос қолдап құптады.

Светлана Жалмағамбетова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Біз осындай жағдайда бірден ата-ана құқығынан айырмауымыз
керек. Ондайлар толып жатыр.

Гүлнәр Құлышева, Астана қаласындағы мамандандырылған сәбилер үйінің бас дәрігері:

- Сол үйлердің нәтижесін айта кетейін. 2013 жылдың жарты жылдығында 100-ден астам анасы мен баласын сақтап қалды. Ол дегеніміз мамандандырылған балалар үйіне 100-ден астам бала түскен жоқ.

Әкесі керексіз еткен нәресте мен сол жауапсыз әке жылатқан қыз «Аналар үйінде» 1,5 жыл тұрады. Ішкен-жегені де, жатқан-тұрғаны да, киім-кешегі де бәрі су тегін. Денсаулықтары да күні-түні тәжірибелі медбикелердің бақылауында. Ал психологтар стресс алған келіншектерге қиындыққа жұтылмаудың жолдарын оқытады. Алдағы уақытта оларды жұмыспен қамту мәселесі де қарастырылуда. Басшылардың айтуынша, бір ана мен балаға 150 мың теңге жұмсалады айына. Кәсіпкерлер қолдауымен оларды жұмыспен қамту жайы да қарастырылмақшы.

Астана қаласындағы мамандандырылған сәбилер үйі өз шаранасын қоқысқа тастап кететіндер мәселесін алдын алу үшін Вэбибокс жасап жатыр. Бэбибокс дегеніміз — ауруханалардағы арнайы терезелер, ол жерлерге баласынан бас тартқысы келетін әйелдер анонимді түрде тастап кете алады.

Гүлнәр Құлышева, Астана қаласындағы мамандандырылған сәбилер
үйінің бас дәрігері:

- Егерде тастайтын жер болмаса, кішкентай нәрестелерін алып келіп салады. Бөпені салған кезде ар жағынан дәрігерлеріміз шығады. Далаға тастап кеткеннен гөрі осы жылы жерге әкеп қойса, өзіміз қамқорлығымызға алар едік.

2011 жылы елімізде 36 мыңнан астам жетімек болса, 2013-те олардың саны 33 мыңға түскен. «Аналар» үйі жобасы бұл цифрды одан әрі төмендетуге себі болары сөзсіз.

 
0
562
0