Қазақстанда су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бекітілді

2014 жылы 4 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің №786 Жарлығымен Қазақстанның 2014 – 2020 жылдарға арналған су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.

2014 жылы 4 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің №786  Жарлығымен Қазақстанның 2014 – 2020 жылдарға арналған су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. (Бағдарлама мәтіні ҚР ҚОСРМ ресми сайтындаhttp://www.eco.gov.kz/new2012/KK/activity-of-state-authority/strategy/3880-97/gos-prog/ )

Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатерінің бірі – болжамдалып отырған су тапшылығынан туындаған мемлекетіміздің су ресурстарын басқарудың жаңа саясатын тұжырымдау қажеттігі туралы айтылған. Осыған байланысты Үкіметке су саласын дамыту жөніндегі ұзақ мерзімді бағдарлама әзірлеу  тапсырылды.

Мемлекеттік бағдарламаның стратегиялық мақсаты – су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру арқылы Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Бұл бағдарлама Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарынның, басқа мемлекеттік бағдарламалардың, аймақтардың даму бағдарламаларының, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының мақсат-міндеттерімен үйлестіріліп дайындалды.

Мемлекеттік бағдарлама үш негізгі бағыт бойынша іске асырылмақ:

  1. Суды үнемдеу және су ресурстарының көлемін ұлғайту бойынша шараларды жүзеге асыру арқылы халықты, қоршаған ортаны және экономика салаларын су ресурстарымен кепілді түрде қамтамасыз ету.
  2. Су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру.
  3. Сулы экологиялық жүйелердің сақталуын қамтамасыз ету.

Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бері су ресурстары жөніндегі алғашқы бағдарлы құжат екендігін атап өту қажет. Бұған дейін қабылданған «Ауыз су» және «Ақ бұлақ» салалық бағдарламалары сумен қамтамасыз етудің тек бір тармағы – ауыз сумен қамсыздандыру мәселелерін қарастырған болатын.

Жаңа мемлекеттік су ресурстарын басқару бағдарламасында сумен қамтамасыз ету мәселелері еліміздің орнықты дамуы мен «жасыл» экономикаға көшуі аясында белгіленген мақсат-міндеттері ескеріліп, кешенді түрде қарастырылған. Мәселен, бағдарламада белгіленген мақсатты индикаторлардың бірінде қоршаған ортаны сумен қамтамасыз ету мәселелерін халық пен экономика салаларын сумен қамсыздандыру мәселелерімен бірге қарастырылған. Бұл Қазақстанның орнықты және теңгерімді әлеуметтік-экономикалық даму траекториясымен жүргізілуін қамтамасыз ететін маңызды фактор.

Бағдарламаның сараптамалық бөлімінде еліміздің су қауіпсіздігі үшін негізгі сын-қауіптер белгіленіп отыр. Климаттың өзгеруі, көршілес елдердің трансшекаралық суларды алуын ұлғайтуы, суды ұтымсыз пайдалану (су ысырабының көрсеткіштері 50-60% жетеді) салдары түзелмей, жағдай жағымсыз сценарий бойынша өршісе, 2040 жылға қарай Қазақстандағы су ресурстарының тапшылығы жылына 12 км3 құрайды. Сондықтан да, әлемнің 30 дамыған елдері қатарына қосылу стратегиялық мақсатын ұстанған Қазақстан су ресурстарын басқарудағы мемлекеттік саясатты жүргізудің жаңа тәсілдемесіне көшеді.

Алдымен бағдарламаның басты бағыттары бойынша ең тиімді бастамалар іске асырылмақ.

Мемлекеттік бағдарлама су ресурстарын ұтымды пайдалануды ынталандыру механизмін іске қосады. Мысал үшін, ауыл шаруашылығы саласында су тұтыну мөлшерін азайту үшін өсірілетін дақылдар құрамы өзгертіліп, ауыл шаруашылығы алқаптары мен суландыру инфрақұрылымының жағдайы, қолданыстағы суару тәсілдері, ауыл шаруашылығын жүргізу практикалары зерттелмек. Сонымен қатар инфрақұрылым қалпына келтіріліп, жер өңдеу мен суарудың заманауи технологиялары енгізіледі.

Бағдарламада трансшекаралық өзендер суларының әділетті негізде бөлінуіне бағытталған шараларды іске асыру қарастырылған. Бұл шаралар қатарында келіссөз жүргізетін топтарды күшейту, болжамдар құрастыру, келіссөздер жүргізу стратегиясын дайындау, трансшекаралық сулардың мониторингі инфрақұрылымын құру, трансшекаралық сулар бойынша келісімдерді бекіту жұмыстары бар.

Ішкі су ресурстарын реттеу су инфрақұрылымын жетілдіру және қалпына келтіру бойынша мемлекетіміз үшін маңызы зор жобаларды іске асыру жолымен жүргізіледі.

Сонымен қатар, бағдарламада  су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру, сондай-ақ, тарифтік саясат пен саланы реттеу бойынша кешенді іс-шаралар  қарастырылған.

Мемлекеттік бағдарлама ұсынған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде елімізде жылына 9,5 км3 су үнемделуін күтуге болады. Олардың алғашқы 2,6 км3 (немесе 2040 жылға болжамдалған су тапшылығының 21%) су тарифтерін өсірмей, өзін өзі өтейтін шараларды жүргізу арқылы үнемделмек. Тиісінше, өзін өзі өтейтін шаралар су тарифтерін өсірумен қатар жүргізілген жағдайда, үнемделген су мөлшерінің де ұлғаюына себеп болады.

Қарастырылған шаралардың іске асырылуы нәтижесінде 2020 жылға қарай Жалпы ішкі өнімнің бірлігіне жұмсалған су 2012 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 33 пайызға азаяды. Бұл қабылданған мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсатты индикаторларының бірі.

Бағдарламада көзделген барлық бағыттардың іске асырылуы қомақты қаржының жұмсалуын талап етеді. Оларды жүзеге асыру үшін қажетті қаржы ресурстары республикалық және жергілікті бюджеттерден, тарифтік төлемдерден, сыртқы несиелер мен гранттар, сондай-ақ, жеке инвестициялар есебінен жинақталады. Қарастырылып отырған бастамаларды іске асыруда қаржыландыру көздері мен олардың үлестері біркелкі болмайды.

2014 – 2040 жылдар аралығындағы қаржыландырудың бағаланған есептік мөлшері 8,2  трлн. теңгені құрайды. Оның 5,4 трлн. теңгесі республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінсе, қалған 2,8 трлн.теңге бюджеттен тыс көздерден тартылмақ.

Қазіргі уақытта ҚР қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Елбасы Жарлығына сәйкес әзірлеген мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары мемлекеттік органдарда келісуден өткізіліп жатыр.

ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметі

 

http://www.eco.gov.kz/new2012/KK/2014/04/3126-234/

 

Оцените пост

0