Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
02:37, 08 июля 2014

«АСПАН АСТЫНДАҒЫ ЕЛГЕ» САЯХАТ

2014 жылдың 18-30 маусым аралығында Назарбаев Университетінің профессор-оқытушылары мен студенттері Қытай елінде сапарда болып қайттық. Мақсаты – тарих қойнауынан достығымыз жарасқан көршілес Қытай елінің тарихы, жазу-сызуы, ғылым-білімі, мәдениеті, салт-дәстүрлерімен танысу, екі ел арасындағы достық қарым-қатынас жолдарын дамыту, әсіресе жастардың бір-бірімен танысып,  өзара достық қарым-қатынасын орнатуы болып табылады.

Blog post image

НУ делегациясы Қытай елінің астанасы Пекин, ірі мегаполис қалалары Шанхай мен Сианда болды. Сапар бағдарламасы өте тиянақты және жүйелі ұйымдастырылған. Бағдарлама - ресми деңгейдегі кездесулер, елдің ірі өндіріс ошақтары мен танымал жоғары оқу орындары, тарихи-мәдени орындарымен танысу және  студенттердің бірлескен достық форумдарын өткізумен сипатталды.

Blog post image
Сапар барысындағы ең маңызды оқиғаның бірі – делегация құрамының Қытай Халық Республикасының Төрағасы Син-Цзин-Пинь мырзаның қабылдауында болғаны.  Себебі бұл сапар Син-Цзин-Пинь мырзаның Назарбаев университетінің студенттері мен оқытушыларын арнайы қонаққа шақыруымен ұйымдастырылған болатын. Елбасы бізді ыстық ықыласпен қарсы алып, келген сапарымызға жылы лебізін білдірді. Төраға студенттерге Қытай елін тануға  қатысты мынадай халық  сөзін мысалға келтірді: «Қытай  елінің 3000 жылдық тарихын білгің келсе – Сиан қаласына, 2000 жылдық тарихы үшін – Шанхайға,  ал 1000 жылдық  тарихына   – Пекинге бару керек деген сөз бар.  Ендеше сіздер осы сапар барысында аталған үш қалада да болып, Қытай елінің тарихымен толық тәнті болыңыздар!». Сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы қарым-қатынастың жаңаша қарқынмен даму үстінде екендігін атап өтіп, осы достықтың әрі қарай дамуы мен өркендеуіне жастардың қосар үлесі мол боларын атап өтті.

Blog post image

Осы сапардың маған ғалым, оқытушы ретінде  ең бастысы – Қытай елінің жоғары білім беру жүйесімен танысу, ғылым мен білімді дамыту механизмі, қытайлық әріптестеріммен танысу және болашақ бірлесе атқарар жұмыстарымыз жайлы сұбхаттар маңызды өте  болды.  Осыған орай біз  Қытай елінің мынадай  танымал университеттерімен таныстық:  
•    Шанхай мемлекеттік шет тілдер университеті;
•    Шанхай саяси-құқық институты;
•    Пекин мемлекеттік университеті;
•    Цинхуас техникалық университеті (Пекин)
•    Сиан шет тілдері университеті
•    Солтүстік-батыс университеті (Сиан)

Шанхай университетінде профессор Ян Цзянь Вэньнің Қытай каллиграфиясының батыс бейнелеу өнерімен байланысы, әсіресе Сальвадор Дали, Пикассо шығармалары мен қытай иероглифтары  жайлы ой-толғамы қызықты болды.

Blog post image

Профессор Сюй Линь Қытай әскери өнері жайлы жалпы мәлімет беріп, оның қыр-сырын практикалық тұрғыдан меңгерту жаттығуларын көрсетті.  Қызығы ол жаттығуларды біздің студенттерге жасатып, артынан сыйлықтарын таратып, олардың кун-фу әскери өнеріне қызығушылығын оятты.

Пекин университетінің студенттері мен магистранттары «Аспан асты елінің» ұлттық салт-дәстүрлері, тағамдары, мерекелері, қытай жазуының ерекшеліктерімен жан-жақты таныстырды. Цинхуас университетінің провосты Чжан Ви мырза 65 мамандық бойынша  41.065  студенті бар осы оқу ордасының әлемдегі 50 мықты университеттердің қатарында екендігін, 10-20 жылдың ішінде 20 үздік университеттер қатарына кіру приоритетін, қазіргі ҚХР  Төрағасы Син-Цзин-Пинь мырзаның осы университет түлегі екендігін мақтанышпен  жеткізді.

Қытай елінің солтүстік-батысында орналасқан Шэньси провинциясының орталығы Сиан қаласында екі ірі  университетпен таныстық. Сиан мемлекеттік шет тілдер университетінің ректоры Лю Юелянь ханым бізді қошеметпен қарсы алып, бірлесе жұмыстар атқаруға лебізін білдірді. Осы оқу орнында білім алып жатқан  қазақстандық студенттердің хал-жағдайынан да хабардар болдық. Ал, Солтүстік-батыс университетінің  профессоры Чжан Цзи Линь Қытай империясының тарихына қысқаша шолу жасап,  әсіресе әлемнің 8-ші кереметі саналатын 7000-дай терракот жауынгерлері  мен аттары табылған алғашқы Қытай императоры Цинь Шихуанның кесенесі жайлы толықтай мағлұмат берді.

Blog post image

Сонымен, сапар барысында Қытай университеттерінің білім жүйесі, оқу бағдарламалары, оқу үрдісінің басты жетістіктері мен ерекшеліктері, ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және жүзеге асыру жолдары, халықаралық байланыс орнату жүйесімен таныстық. Әсіресе қытай тілі мен өзге шет тілдерді оқыту үрдісі жайлы ақпарат алынды. Болашақта тілдері оқытуда өзара әдіснамалық тәжірибе алмасу үшін бірлесе атқарылар жұмыстар бағыттары анықталды. Сонымен қатар, бірлесе ғылыми зерттеулер жүргізу және  Қытайдың белгілі ғылыми басылымдарында ғылыми мақалалар жариялау мәселелері де қарастырылды.

Әр адамың арманы әлемнің жеті кереметін көру болса, біз де осы арманға қол жеткізіп, әлемнің жеті кереметінің бірі – Ұлы Қытай қорғанын тамашаладық.  Қазіргі Қытай көне тарихи  құндылықтары мен  қазіргі заман ағымының  жаңаша ғимараттарын өзара үйлестіре дамытып, оны халық игілігіне жаратып отырғаны қуантарлық жай. Бір жағынан көнеден қалған – Шанхайдағы Юйюань шаттық бағындағы храмдар, Пекиндегі императорлар жабық қалашығы, Сиандағы қала қамалы мен император Цин Шихауанның кесенесіндегі терракот жауынгерлер  болса, екінші жағынан – жаңаша ЭКСПО-2000 ғимараты, Шығыс Інжу-маржаны телемұнарасы, автокөліктер мұражайы, т.б. атауға болады.

Blog post image

Blog post image

Жаһандану заманында ғылым мен білімнің даму арнасы кеңейіп, оны дамытуға бағытталған үлкен мүмкіндіктер аясы анықталады. Қазақстан мен Қытай арасындағы рухани келісім мен бірлесе даму бағдарын айқындауы екі елдің білім-ғылым саласының  өсіп-өркендеуіне де ықпал етері сөзсіз.  Көршілес Қытай елінің тарихы мен мәдениетінен, қазіргі экономикалық даму үрдісінен хабардар болған қазақ жастарының болашақ кәсіби ұмтылыстарына осы сапардың тигізер әсері мол.
Тағылымы терең «Аспан асты еліне» осындай керемет сапарды ұйымдастырған Назарбаев университетінің әкімшілігіне және делегация төрағасы Рахимов Бахтияр мен оның командасына үлкен алғысымды білдіремін.

Blog post image

 

Құсайынова Мейрамгүл, ассоц. профессор, Назарбаев Университеті Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі

1
1734
0