Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
07:44, 10 апреля 2014

SMS-шабуылдан бері банктердің жағдайы қалай өзгерді?

Ұлттық банк қазақстандық екінші деңгейлі банктерінің депозиттік базасы жайлы мәліметтерді жария етті. Биылғы жылдың ақпан айында sms-шабуылға ұшыраған үш банктен салымшылар кері алған салым көлемі шамамен 169 млрд теңгені құрады. Осы үш банк депозиттерінің жылыстауы келесідей: "ЦентрКредит Банкі" - 14,7%, "Kaspi Bank" - 16,8%, "Альянс Банкі" - 30,9%.

Blog post image

kaspi bank депозиті көрсеткішінің төмендеуі 16.8% құрады. Бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес болжанған көлемнен 20-30%-ға төмен. Қазіргі кезге дейін салымдардың үштен бір бөлігі немесе 35% қайтып келіпті. Осы жайлы kaspi bank төрағасы:

Михаил Ломтадзе: "Біз күн сайын депозит өсімін байқап отырмыз. Жаңа клиенттермен қатар дүрбелеңге ілескен клиенттеріміз де қайта келіп жатыр. Наурыз айында салымдардың кетуі 22%-ға, 16.8%-дан 12.9%-ға төмендеді. Ал, сәуір айының бірінші аптасында кері қайтуы 35% құрады."

Банк сарапшыларының пікірінше салымдардың негізгі бөлігі алдағы 3-4 айда қайта оралады.

ЦентрКредит Банкінің салымдары да шамамен үштен бір бөлігінде қайта оралыпты. Бұл жайлы банктің Қазынашылық департаментінің директоры:

Тимур Габасов: "Ағымдағы жылдың наурыз айының өзінде жағдай тұрақтанды. Жеке тұлғалар қатарындағы салымшылар депозиттерден алынған ақшалай қаражаттың үштен бірін қайтарды. Заңды тұлғалардың ағымдағы шоттарындағы қалдықтардың және депозиттердің көлемі айтарлықтай өсті."

Осы үш банктің арасында смс-шабуылдан соң ең қатты  соққы алған Альянс Банкі секілді. Себептері бірнешеу:

Біріншіден, аталған шабуыл салдарынан депозиттік салымдардың үштен бірі (30,9%) жылыстады. Яғни, шамамен 50 млрд теңге.

Екіншіден, банктің ашық валюталық позициясының салдарынан ақпан айындағы девальвация банкті 6,5 млрд теңге шығынға ұшыратты.

Осындай жағымсыз оқиғалар нәтижесінде банк капиталының дефициты орын алды. Сол себепті Альянс Банк қайта капиталдандыру үшін несиегерлерінен 165 млрд теңге сұратып жатыр.

Альянс банктің экономикалық капиталын, өтемпаздығын және табыстылығын қалпына келтіру үдерісі басталып кетті. Басты қаржылық жәрдемді несиегерлер мен "Самұрық-Қазына" қоры көрсетпек. Ал қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратов банктің біршама акцияларын иемденіп, ірі қатысушы мәртебесіне ие болды.

Жалпы алғанда, банктер күтпеген шабуылға лайықты төтеп берді. Салымшылардың сұраған қаражаттарын неғұрлым жылдам жеткізуге барынша тырысты.

Мұнда басқа бір күрделі мәселе байқалып қалды. Ол - қазақстандықтардың қаржылық сауатсыздығы!

Смс-хабар жетісімен, көптеген адамдар ақпараттың шынайылығын тексерместен депозитеріндегі ақшаларын шешуге ұмтылды. Мемлекеттің жеке тұлғалардың салымдарына 5 млн теңгеге дейін кепілдік беретіндігін білмегендер (әлі де білмей жүргендер) қаншама. Бұдан қазақстандықтар біраз қаржылық сабақ алған секілді.

0
598
0