Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:41, 07 апреля 2014

Бағаңды басқалар берсін

Егемен Қазақстан, 08.04.2014

Жақында Ресейдің солтүстік астанасындағы Мария театрының жаңа сахнасында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының «Аттила» және «Бiржан-Сара» қойылымдары, ал ескі сахнасында Гала балет өткен болатын. Нева жағалауының әсерлі бояуы ескірмейтін естелікке түсті.

Ресей басылымдары бұл жайында жарыса жаңалықтар жариялап, шуақты лебізге толды. Есепке жүгінсек, мұнда 44 мақала және 18 теледидар сюжеті жарық көрген екен. «Ведомости», «Итар-Тасс», «Северная звезда», «Час пик», «Культурная столица», «Петербургский театрал», «Литературная газета» және «Опера ньюс», «Музыкальный Клондайк», «Музыкальный журнал» сияқты көптеген орыстың озық басылымдары қазақ-орыс мәдени байланыстары жайында жалықпай жазды.

Мысалы, «Аттила» операсы туралы «Российская газета»: «Петербургтік тіс қаққан кәнігі көрерменді солист ретінде өздерінің вокалдық деңгейлерін көрсете алған үш итальяндық (Аттила рөліндегі Роберто Талья­вини, Эционы ойнаған Клаудиа Сгура және Форестоны бейнелеген Лучано Ганчи) және араларындағы жалғыз қазақ қызы, Одабелла партиясын орындаған Жұпар Ғабдуллина ғана емес, сонымен қатар мұндағы хор мен оркестр де мойындата алды.

Хор дауысының нақтылығы, динамизмі, ашық­­тығы мен теңгерімділігі, пар­титураның ерекшелігін дәл ескеруі кім-кімді де бейжай қал­­дырмайды. Солистердің үнін тұншықтырмай, керісінше қосымша қолдап, қуаттандыра түсуімен көзге түскен ор­кес­­тр жинақылығымен, нақты­лығымен, саздылығымен қай­ран қалдырды.

Алдымызда – биіктерді мақсат еткен нағыз пассионарилер тұрғаны айдан анық», – деп жазды «РГ» басылымы (09.03.2014). Му­зыка сыншысы Александр Матусевич: «Спектакльдің музыкалық шешімі көрнекілігімен асып түспесе, ешкімнен осал соқпасын байқатты. Астанада Одабелла сияқты әншілердің болуы, қа­зақстандық жаңа театрдың болашағы жарқын екендігіне сенімділікті нығайтады» деп үн қосты «Музыкальная жизнь» басылымында (№3, 21.04.2014).

Ішіне 2 мыңнан астам адамды емін-еркін сыйғызатын Мария театрының көрермен залы балетқұмар қауымға лық толды. Балет сыншысы, өнертану ғылымының кандидаты А.Я.Ваганова атындағы орыс балеті Академиясының және Н.А.Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербург консерваториясы хореография кафедрасының доценті Ольга Розанова шара соңында «Музыкальный журнал» тілшісіне берген сұхбатында өз пікірін ашық білдірді: «Әйгерім Бекетаева қол пластикасы мен музыканы жүрекпен сезіне білудің ғажап үлгісін паш етті… Ал хордың қатысуымен орындалған «Қыпшақ биі» – керемет, ешбір көшірмесіз, ерекше көрініс. Бірнеше жұптың орындауындағы «Дон Кихоттан» Па-де-де жақсы ойластырылған, олар техникасымен де, өзіндік мәнерімен де ерекшеленіп тұрды. «Гопак» труппаның өте дарынды, керемет солистермен және кордебалетпен жасақталғанын көрсетті».

«Санкт-Петербургские ведомости» үш қойылым жайлы ауқымды мақала жариялады. «Бiржан-Сара» жайында басылым «Декорациясын Вячеслав Окунев әзірлеген Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» ұлттық операсы жоғары қойылымдық стиль үшін өте жоғары деңгейдегі тарту болып саналады. Оның тұсаукесері 1946 жылы 7 қарашада Абай атындағы опера және балет театрында сәтті өткен еді, содан бері үш рет редакцияланды.

Операның әсерлі сюжеті халық ақындарының айтысынан басталып, махаббат жырына ұласады. Алайда сол ғаламат ғашықтық қоғамның жадағай жат сынына ұшырап, қара ниетті Жанботаның тойына, Біржан қарсылығына қарамастан ессіз ғашық Ал­тынайдың қызғаныштан кек алуына әкеп соғады. Соңында қаза тапқан Біржан (Ахмет Ағади) тіріледі де Сарамен (Нұржамал Үсенбаева) қайта қауышады.

Жалпыхалықтық махаббаттың мәңгілік белгісі ретінде ақ киіммен алға озады. Режиссер Юрий Александров соңғы түйінді трагедиядан ал­шақтатып, өте жағымды рух­та аяқтауды жөн санады. Біржанның анасын ғажап ой­наған ерекше контральто иесі Дина Хамзинаның жоқтауы шынайы сезіммен орындалып, өн бойыңды езіп әкетеді» деп айрықша атап өтті («СПб ведомости», № 052 24.03.2014).

Ақпарат агенттіктері «Астана Операның» гастрольдік сапарын қорытындылай келе жоғары бағалады. Қос театрдың басшылары арасындағы мәдени алмасуды одан әрі дамыту жөніндегі екі жақты келісім жайында ерекше жазып жатты. Бұл туралы Мария театры мен «Астана Опера» театрының ынтымақтастық жө­ніндегі меморандумында көр­сетілген еді. Құжатты ұжым басшылары Валерий Гергиев пен Төлеген Мұхамеджанов қол қоюмен бекітті.

Мұнда театр ұжымдарымен және жеке әншілермен өзара тәжірибе алмасу шарасының жүзеге асатыны бөлек тармақпен жазылған. Іс жүзінде бұл үрдіс әлдеқашан бас­талып та кетті десе болғандай.

Осылайша «Бiржан-Сара» ұлттық операсындағы Біржан мен Сара партиясын Мария театрының солисі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Ахмет Ағади мен Қазақстанның және Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева тамаша жетістікпен орындады. Ал «Аттила» спектакліне орыс музыкасының майталманы Валерий Гергиев дирижерлік етті.

Жас «Астана Опера» театрының опералық және балеттік труппасы В.Гергиев шақыртуымен Ресей жерінде алғаш рет өнер көрсетіп, жер­гілікті көрерменнен лайықты бағасын алды. Тағы бір жа­ңалық, Валерий Гергиев басшылық ететін Мария театры биыл қазанда Астанаға гастрольдік сапармен барып, Рихард Вагнердің атақты тетралогиясы — «Нибелунг сақинасы» операсын қою туралы келісімге қол жеткізді», – деп хабарлады Итар-Тасс.

Жетіқара ҚОҢЫР.
АСТАНА

0
256
0