Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
10:44, 05 апреля 2014

Несиені жарату үшін емес, баю үшін пайдалану қажет!

Blog post image

 

Банк қызметінің маңызы қазақ қоғамында артып отыр. Елімізде депозит салушылар да, несиені алушылар да т.б. банк қызметтерін пайдаланушылардың саны жыл сайын еселене түсуде. Батыстан келген бұл қызмет елімізге қаншалықты дендеп енді дегенімізбен, банк жүйесі туралы түсінік, жалпы қаржы сауаттылығы жағынан халқымыз ақсаңдауын қояр емес. Несиені белгілі бір жақсы мақсаттарға пайдалану үшін емес, жылтыр нәрсеге жарату үшін алатын тұтынушылардың басым бөлігі қарызын қайтара алмай қиналуда. Ең біріншіден, несие - өндірістік күштерді ынталандырып, ғылыми – техникалық прогресстің негізінде өндірісті кеңейту және капитал көздерін қалыптастыру үшін берілетінін көп адам біле бермейді. Нарықтың заңдылығы бойынша, несие арқылы капитал мен ресурстардың ағымы жүзеге асырылады және жаңа құн қалыптасуы керек. Ал, біздің мемлекетімізде мұндай процестердің жүзеге асуы өте баяу. Себеп, тұтынушылар несиені дұрыс жолға пайдаланбауы және ақшаны банк арқылы қалай көбейту керектігін білмеуі. Бұл да бір Қазақстан экономикасының дамуын тежеп отырған үлкен мәселе.

«Экономикалық сауаттылықтың халықаралық орталығы»       ҚҚ және тұтынушысы үшін бәрін істейтін Kaspi bank бірлескен түрде «Қаржы мәдениеті» атты ұлттық зерттеу қорытындысын жариялаған болатын. Зерттеу бойынша, еліміздегі әрбір екінші адам депозиттерді мемлекет кепілдендіретінін білмейтін болса, әрбір үшінші адам ақшасын матрастың астында сақтайды екен. Бұл дегеніміз, еліміздегі кейбір адамдар әлі де болса бір ғасыр артта өмір сүріп жатқанын білдіреді. Өйткені, «ақша»  бұл экономиканың басты құндылығы. Ақша қоғамға, халыққа, мемлекетке қызмет көрсетіп, пайдасын тигізуі тиіс.  Ал, матрастың астында жататын ақша кімге, қандай пайда алып келеді?

Депозитті салушылардың да, несиені алушылардың да банк жүйесі туралы таным-түсінігін жетілдіру үшін көптеген іс-шараларды атқару қажеттілігі туып отыр. Оның үстіне, бүгінде көрінген нәрсеге несие беруші банктер көбейіп барады. «Арманыңды дәл қазір іске асыр!» деп қойып ұялытелефон, компьютер, көлік т.б. барша тұтыну тауарларын, тіпті үйлену т.б. той үшін де несие беруге дайын. Ал, жуық арада тіс емдету үшін несие беретін банкті естігенімде жағамды ұстадым. Әрине, мұның бәріне оптимистік тұрғыдан қарайтын болсақ, орта және төменгі таптағы  халыққа жасалып жатқан жақсы қызмет болуы мүмкін, алайда, қарыз күліп келіп, жылап кететінін ұмытпау қажет. Банк психологиясын түсінбейтін қоғамда несиені осындай жылтыр нәрселерге ғана пайдалануы тым жиілеп барады. Бұл дегеніміз, экономикамыздың өскендігін емес, кедейдің одан сайын кедейленіп бара жатқанын білдіреді.

Еліміздегі байлардың басым бөлігінің өзін банк несиелерінен кетәрі емес. Алайда, бұлар өз бизнесінің әрі қарай дамытып, активтерін еселеп ұлғайту үшін несиені пайдаланады. Дегенмен, тірлігін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер өздерінің бизнес-жоспарын жақсылап түзіп, ашайын деп жатқан кәсібінен пайда көре алатындығына толықтай көзі жеткеннен соң ғана несие алуға болатынын кейбір сарапшылар ескертеді. Бұл сақтықты есепке алмастан, несиені алуға асығатындар – күйреуге асығатындар. Банк қызметін пайдалану - үлкен қаржы сауаттылығын және сақтықты қажет етеді. Несиені жылтыр нәрселерге жарату үшін емес, активіңді ұлғайтып, баю үшін пайдаланған жөн!..

 

Дінмұхамед Аязбеков

 
1
400
0