Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
04:24, 02 апреля 2014

Военно-морские силы Вооруженных Сил Республики Казахстан были созданы 2 апреля 1993 года Указом Президента Республики Казахстан. Основной задачей Военно-морских сил ВС РК является защита неприкосновенности государственной границы, территориальной целостн

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштері Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 2 сәуірдегі Жарлығымен құрылды.

ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің негізгі міндеттері Каспий теңізінің қазақстандық секторында мемлекеттік шекараны, аумақтық тұтастықты, мемлекеттің тәуелсіздігі мен экономикалық мүдделерін қорғау болып табылады.

Орталықтан 2500 шақырым жырақ жатқан Маңғыстау өңірінде Аташ деген мекен бар. Қарт Каспийдің жағалауында орналасқан. Әскери-теңізшілердің тұрағы осында. Мынау Саға-Аташ пирсі. Теңізшілер жорыққа осы жағажайдан аттанады.

«Қазақстан» зымыранды-артиллериялық кемесі Қазақстан әскери теңізшілерінің сапында тұрған кемелердің бірі. Кеме бір-бірімен тығыз байланысты штурмандық, артиллериялық, электромеханикалық және байланыстық деп аталатын төрт жауынгерлік бөлімнен тұрады. Солардың бірін басқарушы штурман Нұрдәулет Қадиев:

– Кинода көркемдеп көрсетеді ғой, ал шын іске келген кезде бұл үлкен жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Сен бұл жерде бір өзіңе емес, бір ғана менің қателігімнің барлық экипажға зияны тиюі мүмкін. Сондықтан жатпай тұрмай әрқашан өз кәсібімді жетілдіруім керек. «Мен үйрендім, білдім» деген адамда болмау керек. Теңізші офицер болғандықтан мақтан тұту керек. Істеген ісіне сүйіспеншілік болу керек.

Нұрдәулеттің анықтап берген бағытына кемені бұратын тізгінші Тұмарбек Көшкінбаев. Ол кемені айлақтан шығарып, жүру жылдамдығын қадағалауға жауапты.

Кеме старшинасы Тұмарбек Көшкінбаев:

– Кеменің ең маңызды бөлшегі осы арадан басталады. Өйткені менің алдымда ашық теңіз көрініп тұрады. Кеме бағытында, кемеде қандай да бір қауіпті заттар болған жағдайда ең бірінші маған көрінеді. Мен сол арқылы кеме командиріне немесе вахталық офицерге баяндаймын. Ең маңызды болып саналатыны – рөл мен кемені бұру бағыты менің қолыма жүктелген. Айтылған бағыт бойынша кемені алып баруға міндеттімін...

Ауа-райы қалай құбылса да, кемеде түздің тірлігі тоқтамауы тиіс. Зәкірді түсіріп-көтеру, борттың тазалығы мен зымыранды-артиллериялық құрылғының қауіпсіздігіне боцмандар жауапты. Тыста 25-30 градус аяз. Оған ауаның ылғалдығы мен азынаған желді қосыңыз. Сонда да олар «қызметім қиын» деп көрмеген. Қанша қаталдық танытса да, керісінше теңізді аңсайды да тұрады. Қарт Каспий де қиқарлығын өзін шексіз сүйген ұлына көрсететін болар, бәлкім.

Боцман Қазыбек Ғаббасов:

Қыстыгүні көп теңізге шықпай қалған кезде, теңізді сағынасың. Теңізге шыққанда бір үйіңе қайтып келе жатқандай әсер аламын. Кезекті демалысқа кеткен кезде әскерилерде 40 күн ғой, 2 апта өткеннен кейін теңізге шығуды армандап тұрамыз.

Қазыбек Ғаббасовтың жұмысы кез келгеннің қолынан келе бермейді. Боцман болу үшін мықты денсаулық, темірдей төзім керек. Кемі 3 жыл арнайы дайындықтан өтуі тиіс. Арқанды орап, зәкірді тастауға не дайындық керек дерсіз? Бірақ оның да өз тәртібі бар. Орағанда шешуге ыңғайлы етіп жинап, шешкенде орауға ыңғайлы етіп тарату керек. Әйтпесе, кемені айлаққа қаңтару, қайта босату ісі орындалмауы мүмкін. Бұл дегеніміз я кеме жорыққа шықпай қалады, я теңізде қалып кетеді деген сөз.

Мынау кеменің жүрегі. Барлық механизмдер осы бөлмеде орналасқан. Кеме электрмен, жанар жағар маймен осы орталық арқылы қамтылады. Оның үздіксіз жұмыс істеп тұруы тиіс.

Электромеханик Жандос Күмісбек:

– Жеке құрамның өмірі осы бас қозғалтқышта деп айтуға болады. Егер де бас қозғалтқыш істен шықса, теңізде адам қалып қояды. Соғыс кезінде бас қозғалтқыш істен шығатын болса, кеме жүру мүмкіндігінен айырылады. Бізді жаудың қару-жарақпен атуы оңай болады. Өйткені кеме ортада тұрған нысана болып қалады.

Сондықтан Жандос Күмісбек жұмысына жанын салады. Кемеде электр энергиясы болмаса, байланыс қызметі бірден жұмысын доғарады. Ал, байланыс – орталық базамен қарым-қатынас орнататын жалғыз құрал. Мұнда да ұшақтағыдай, ұялы телефонды сөндіріп қойған ләзім. Қосулы болғанның өзінде ашық теңізде байланыс бола бермейді.

Мұндай қысылтаяң жағдайда оң шешім қабылдауды Жандос Ресейдің Пушкин қаласындағы әскери-теңіз инженерлік институтында оқып, меңгерген.

Асхананы кемеде «камбус» деп атайды. Юрий Сергачев кок-командир, яғни бас-аспаз. Аспазды мұнда «кок» дейді. Ол біріншіге балық сорпасын, ал екіншіге флот макоронын дайындап жатыр.

Кок командир Юрий Сергачев:

Флот макороны теңізшілердің ежелден келе жатқан дәстүрлі тағамы, әрі сүйікті асы. Балық сорпасы да жеңсік ас. Менің негізгі міндетім әріптестерімді дәрумендер мен минералдарға бай дәмді тағаммен тамақтандыру.

Бүгінде ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері толықтай жоғары сыныпты мамандармен жасақталған. ӘТК жыл сайын шетелдік теңіз оқу орындарының түлектерімен толығып отырады. Әскери теңізшілер Ресей, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея, Әзербайжан, Пәкістан елдерінде білім алады.

«Қазақстан» зымыранды-артиллериялық кемесінің командирі Бауыржан Мұратұлы:

– Әрине біріншіден жеке құрамды ойлайсың. Әр жеке құрам адамына жауаптымын. Әке-шешелерінің алдында, жанұяларының алдында. Сосын өзімнің мемлекет алдындағы парызым. Қызмет үшін барлық жағдайдың жасалуы, ұдайы теңізге шығу Мемлекет басшысы – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Әскери-теңіз күштерінің жеке құрамын сапалы дайындауға барынша көңіл бөлуінің нәтижесі деп білемін.

Қазақстан әскері басшылығының Әскери-теңіз күштерін қалыптастыруға бағытталған күш-жігері мемлекетімізде саны жағынан аз, ұтқыр, қазіргі заманғы қару-жарақ және техникамен жарақтанған Каспий теңізінің Қазақстандық секторында ұлттық мүддені қорғауға қабілетті Әскери-теңіз күштері құрылып жатқанын дәлелдейді.

ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Каспий өңіріндегі тұрақтылықты сақтаудың кепілі болып табылады.

Қазақстан

0
311
0