50 жылдық үзілістен кейін «Айсұлу» операсы көрермендермен қайта қауышты

МК РК 2014 M03 30
287
0
1
0

ҚазАқпарат, 29.03.2014 «Бүгінгі «Айсұлу», қазіргі заманғы қыздардың жиынтық бейнесі, сонымен қатар, өмірде махаббат пен арман, мақсат тоғысқан жерде дұрыс шешім қабылдаудың жарқын үлгісі». Бүгін...

ҚазАқпарат, 29.03.2014

«Бүгінгі «Айсұлу», қазіргі заманғы қыздардың жиынтық бейнесі, сонымен қатар, өмірде махаббат пен арман, мақсат тоғысқан жерде дұрыс шешім қабылдаудың жарқын үлгісі». Бүгін Алматыда Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен «Айсұлу» операсынан алған әсерін, осы туындыны жазған композитор Сыдық Мұхамеджановтың қызы Ләйла Мұхамеджанова осылай жеткізді.

Оның айтуынша, бұл операның тәрбиелік мәні өте зор. Бүгінгі бойжеткендер де сахнадағы Айсұлу секілді алдарына нақты мақсат қоя біледі. Соған жетуге барынша күш салады. Мінезді, қайсар келеді. Бірақ қалай болғанда да, Айсұлу секілді махаббатқа адал болулары тиіс.

«Опера түсінуге өте жеңіл, XXI ғасырдың жастарына өте лайықты бейімделген. Бұл комедиялық опера енді сахнадан түспей, ұзақ уақыт көрермендердің көзайымына айналары сөзсіз», - деді опера және балет театрының халықаралық байланыс бөлімінің менеджері Әсел Мұсинова.

«Премьера өте жоғары дәрежеде өтті. Майра Мұхамедқызы өз образын тамаша сомдап шықты. Бұл көптен бері қойылмай жүрген дүние еді. Мұны халыққа өте жақын спектакль деп санаймын. Бұл қойылымды әр айда бір рет болса да қойып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені оның музыкасы, тақырыбы бүгінгі күнмен астасып жатыр», - деді Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Пернебек Момынұлы.

Көрермендердің қайсысы болмасын, «Айсұлу» операсына Сыдық Мұхамеджановтың жазған әндерінің, романстарының енгізілгендігін өте жоғары бағалады. Бұл жөнінде осы операның қоюшы режиссері, ҚР еңбегі сіңген әртісі Мұрат Шалабев: «Біз Сыдық ағаның әндерін, романстарын естіп өстік қой. Енді осы операны қазіргі заманға бейімдеп шығарған соң,  оған ағамыздың сол белгілі әндерін, романстарын енгізсек қалай болар екен деп, театр ұжымымен ақылдастық. Содан бірауыздан енгізуді ұйғардық», - деді.

Ал басты рөлді сомдап, көрермендердің көзайымына айналған атақты опера әншісі Майра Мұхамедқызы бүгінгі «Айсұлудың» бейнесін көрсете білудегі көздеген мақсатын ортаға салды:

«Мен қазақ қыздарының нәзіктігін, әдемі еркелігін, сонымен қатар тазалықты, махаббатты, адалдықты қорғай білетіндіктерін шынайы көрсеткім келді. Енді біз мұсылман халықпыз ғой, салт-дәстүрге баймыз. Сондықтан осы образда мен қазіргі қазақ қыздарына: «алға қойылған мақсатқа қалайда жете білумен қатар, тазалықты, шынайы махаббаты қорғай білсе екен, дәстүрден аттап кетпесе екен» дегім келді».

«Айсұлу» комедиялық операсы екі актіден тұрады. Кезінде пьеса ретінде «Беу, қыздар-ай» деген атпен белгілі болған. 1964 жылы композитор Сыдық Мұхамеджанов оған опера жазды. Оқиға желісі 1950 жылдардағы тың игеру науқанын қамтыды. Бірақ қазіргі таңда тың көтеру мәселесі өз маңыздылығын жойған соң, қазіргі көрермендерді тарту, қызықтыру мақсатында, қоюшы режиссер кейіпкерлер қатарын сақтай отырып, оқиға желісін бүгінгі күнмен ұштастарған. Оқиға Алматы қаласында, сұлулық байқауының айналасында өрбиді. Сол байқауға қатысу - басты кейіпкер Айсұлудың арманы. Бірақ сүйген жігіті Серке бұған үзілді-кесілді қарсы. Айсұлу болса алған бетінен қайтпайды. Сол себепті екі ғашықтың арасында реніш пайда болады. Көп ұзамай Айсұлу байқаудың жеңімпазы атанады. Сәйкесінше, оған көз салушы жігіттер көбейді. Серке осы жерде өзінің қателігін түсініп, Айсұлудың арманын, шешімін лайықты бағалап, онымен қайта табысуды армандайды. Адал достары Серке мен Айсұлуды қайта қосу үшін, жан түршігерлік әдіс ойлап табады. Яғни, «Серке, махаббаттан құса болып көз жұмды» - деп, Айсұлуға қаралы хабар жеткізеді. Айсұлу етегі жасқа толып, Серкені жоқтайды. Өзін кінәлайды. Ботадай боздап келіп, Серкенің кеудесіне гүл шоғын қояды. Бірақ Серкенің гүлге аллегриясы бар. Шыдай алмай түшкіре бастайды. Айсұлу өзінің алданғанын түсінеді. Бірақ Серкемен қайта қосылғанына бақытты!

 

Оцените пост

1