Оралда Халықаралық театр күніне орай өнер тарландары марапатталды

МК РК 2014 M03 28
309
0
0
0

ҚазАқпарат, 28.03.2014 Кеше Халықаралық театр күніне орай Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында мерекелік шара өтті. Театр ұжымы мен Ақ Жайық жұртшылығын мейраммен құттықтаған облыс әкімі...

ҚазАқпарат, 28.03.2014

Кеше Халықаралық театр күніне орай Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында мерекелік шара өтті.

Театр ұжымы мен Ақ Жайық жұртшылығын мейраммен құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аталмыш өнер ордасының қоғам өміріндегі маңызы зор екендігін атап көрсетті. Тәуелсіздік жылдары елімізде театрлар қатары көбейіп, олардың саны елуден асты. Жаңадан ашылған жиырма театрдың төртеуіне су жаңа ғимарат тарту етілсе, соның бірі - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры. Қазіргі кезде өңірде екі кәсіби театр, ондаған халық театрлары, қуыршақ үйірмелері жұмыс жасап келеді. Қазақстанда қазақ, орыс қана емес, ұйғыр, кәріс, неміс театрларының да болуы әр ұлттың өз өнерін дамытуына, ұлтаралық келісімнің нығаюына септігін тигізуде.

Отау тіккеніне жиырма жылдан асқан БҚО қазақ драма театрында да шеберлігі шыңдалған өнер тарландары мен жас таланттар аз емес. Салтанатты шара барысында сондай сахна майталмандары, атап айтқанда, театрға он жеті жылдан астам уақыт бойы басшылық еткен мәдениет саласының ардагері Құжырғали Төлеуішев, сондай-ақ ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сердеш Қажымұратов, Хорлан Шәмелова, Талиғат Жігерұлы сынды танымал әртістер алғысхаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Кеш соңында жұртшылық назарына А.Чеховтың шығармасы бойынша сахналанған «Бәстесу» қойылымынан үзінді ұсынылып, ол мерекелік концертке ұласты.

 

Оцените пост

0