«Аяққа тұрам» деп ақсағандар

akzheleng 2014 M04 17
455
0
0
0

Мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсіп, кәмелеттік жасқа толған қыз-жігіттердің басым бөлігі ата-анасына тәуелді болмай, өз қаражатына, өз табысына өмір сүргілері келетіні белгілі жайт.

Мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсіп, кәмелеттік жасқа толған қыз-жігіттердің басым бөлігі ата-анасына тәуелді болмай, өз қаражатына, өз табысына өмір сүргілері келетіні белгілі жайт. Әлі оқу орнын бітірмеген студент жастардың істейтін жұмыстары саусақпен санарлық және бұл жұмыстар үшін татымды жалақы алмайтындары да көпке мәлім. Ал, өз бетіммен көп табыс табамын деп жиі шалыс басып жататындардың жайы көпке сабақ болмай келеді.

Қытай елінде жасырын есірткі саудасымен айналысқан деген күдікпен қамауға алынған Ақжарқын Тұрлыбай есімді 20 жасар қыздың жайы біраз адамды елең еткізгені рас. Ақпарат көздеріне сүйенсек, Туыстарының сөзінше ол Гуанчжоу қаласынан Малайзияға жеткізілетін тауарға курьерлік қызметпен кеткен. Бұл жұмысты Ақжарқынға құрбысы ұсыныпты. Көлемді табыс табамын деп кеткен Ақжарқынның  тағдыры осындай жаламен қыл үстінде тұр. Өкінішісі, ешкім көмек бере алмайды...

Иә, «қайтсем де өзім тырмысып тірлік жасауым керек» деп, өзбетінше әрекет жасағысы келетіндер аз емес. Оған мысал жетерлік. Түнімен кафелер мен мейрамханаларда даяшы боп, ыдыс жуушы, күзетшілік пен промоутерлік жұмыстар атқарып, сабаққа келе алмай, келсе де қалғып-мүлгіп отыратын студенттер ата-анама салмақ салмаймын деп оқу ақысы мен киім-кешегін өзі табуға талпынғандар. Бұлар – бәріміз білетін таза еңбектің жолына жүргендер.

Алайда, жан ауыртпай көп ақша тапқысы келетіндерге ойластырылған заманауи экономикалық жүйе – желілік маркетингтер. Қарапайым халықтың тілінде бұл – «пирамида». Оңай жолмен көлемді ақша табатындығымен де тартымдылау көрінетін мұның бірінші қадамы кішігірім салым салудан басталып, артынан адамдар ерту, осы жүйеге тіркеумен жалғасады. Бұл жүйе косметика, дәрілік өнімдерді жарнамалап сатудан бастап, туризм қызметіне дейін қамтиды.

Желілік маркетингпен айналысып көріп, оның еш пайдасы жоқ екеніне көз жеткізген Арман Байжасаров былай дейді:

«Студент қоғамның белсенді тұлғаларының бірі болғандықтан желілік маркетинг мамандары үшін нәтижелі жылжушы объект. 1 немесе 2 курс оқитын студент әлдебір танысының арқасында желілік маркетинг насихатшысы болып шыға келді дейік. Ол не істейді? Ертең бәрі жақсы болып кететініне, болашақта өзін бай адам ретінде елестеткендіктен, соған сенгендіктен барын салады. Әрине белгілі бір дәрежеде пайда да табады. Бірақ ол пайдасы оның ары бері, қала ішінде жүріп – тұруы үшін жол шығындарымен, қажетсіз, қайталана беретін семинарларға қатысумен, үгіт жүргізу үшін керекті құрал – жабдықтарды сатып алумен кетіп қалады. Яғни не плюс емес, не минус емес. Нөлдік деңгей. Осылайша бұдан пайда жоқ екендігін, жай уақыт өлтіріп жүргенін түсінем дегенше 1-2 жыл уақыт өтіп кетеді. Сөйтіп одан бас тартады. Әлгілердің жоғалтатын ештемесі жоқ, кеткен адамның орнына жаңадан оқуға келіп жатқан 1-2 курс студенттері дайын тұр».

Ал әлі де осы желілік маркетингпен айналысып жүрген Айша Хамзаева:

«Желілік маркетинг бойынша жұмыс жасағаныма 1 жыл болды. Тапқан табысым өзіме жетеді. Ең бастысы ата – анамның қалтасына қарап отырмай, жақсы табыс табудамын. Бұл жүйені көбі құптамайды. Бірақ батыста қазір бәрі осы жүйеге көшкен. Біздің елде әлі толық дамымаған. Өз есебін білмей ақшасын оңды солды шашатындар, банкротқа ұшырап, қаралап жатады. Ол дұрыс емес. Әр нәрсені өз есебімен жасаса ұтылмайды деп білемін», - дейді.

Қарама-қайшы пікірлердің әрқашан болатыны – заңдылық. Осыған орай, психолог маманмен де кеңесуді жөн көрдік.

«Албырт студенттер өздерінің қиялдарындағы «байлыққа» тез жеткісі келеді. Ал, бұған кіру оңай, шығу қиын. Осы кәсіпті басқарып отырғандардың барлығы адам психологиясын терең зерттеген білікті психологтар екенін айта кетейін. Көп күш-қуат жұмсап, аяғында ешқандай пайда таппаған жастар психологиялық күйзеліске бейім келеді.Осы жерде оларға «қол ұшын беретін» келесіп топ дайын тұруы мүмкін, ол – әртүрлі діни ұйымдар мен секталар. Мұндай сәттерді әрине, ата-ананың қатаң бақылауында болғаны дұрыс». – дейді, білікті психолог-маман Перизат Қожабек.

Әрине, ата-анаңа көмектесуге, өз аяғыңа тұруға деген талпыныс – мақтауға тұрарлық. Дегенмен, мұндай қадамдардың әрдайым жақсылыққа алып келе бермейтінін де ескеру керек!

Оцените пост

0
Дальше