Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
2
02:14, 18 марта 2014

Көлік қызметі көңілімізден шықпай жүр

Blog post image

Соңғы уақытта қаламыздағы қоғамдық көліктердің мәдениеті жиі сынға алынатын болды. Қала халқының наразылығына қоғамдық көліктердің бірнеше кемшілігі себепкер. Мысалы, автобустардың белгіленген уақыттан кешігіп келуі, бір бағыттағы маршруттардың жарысып жүруі, автобус кондукторларының мәдениеті, белгіленбеген аялдамаларда 3-4 минуттап тұруы.

"Алматы транспорт" порталының мәліметіне сүйенер болсақ, автобустардың жүру кестесі мұнтаздай тәртіппен реттелген. Ал, шын мәнінде қоғамдық көліктердің қозғалысын күнделікті автобус күткен адам ғана білер. Жұмысына үйінен қала орталығына автобуспен қатынайтын Алматы қаласының тұрғыны Айнұр Асанбаева ханымның пікіріне құлақ түрсек:

-         Бір аптаның ішінде жұмысыма мен кем дегенде екі рет кешігіп баратын шығармын. Қайта шағын ұжым болғандықтан, басшылар бұған түсіністікпен қарайды. Таңертең ертемен лықа толған автобуста қысылып баратынымыз аздай, кешке қарай автобус жүргізушілердің өзара жарысында жанымызды шүберекке түйіп отырамыз.

Иә, автобустың өз кестесі бойынша жүрмейтіні ғана емес, проблемалардың бұдан да көп екенін күнделікті қоғамдық көлікпен қатынайтындардың пікірін есту барысында білдік. Айлық жол жүру билетін қолданатын студент Жанат Мырзабекова:

-         Мен үшін автобустың өз уақытында келмейтіні жаңалық емес. Қажет болса бірнеше автобус ауыстырып үлгеруге тырысамын. Сол үшін де жол жүру билетін алғанмын. Ал бұл ісім кондукторларға мүлде ұнамайды. Жол жүру билетін көргеннен-ақ, тегіннен тегін орын алып келе жатқандай жақтырмаушылықпен бас-аяғыңа қарап өтіп, түсіріп тастағанша асығады.

Осындай қарама-қайшылықтардың себебін нақты муниципалды автобус әкімшілігінен сұрап білгенді жөн санап, хабарласқанымызда:

-         Біз автобус жүрісін үнемі қадағалап отырамыз. Кейбір кемшіліктерді түзетуге жұмыс жасап жатырмыз. Алматының 2 миллион халқының барлығының көңілінен шығу мүмкін емес! – деген жауап алдық.

«Жол мұраты – жету» ғана емес, өркениетті заманда қызмет көрсетудің бұл түрі мәдениет талабына сай болғаны дұрыс емес пе?! Алматыдай мегаполисте жолаушылар үшін басты көлік саналатын автобустың қатынауы мәдениет деңгейіне сай келмейді. Осыны реттеу механизмін қолға алатын іскер басшылар, қала әкімдігі тым болмаса айына бір рет автобусқа мініп, өз көзімен көрсе екен деген ой келеді...

 
2
388
0