Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
12:34, 10 марта 2014

Жұмысы жемістінің – өмірі келісті

Қыз, ару, келіншек, әйел деген ұғымдар қазақ халқының тұрмысында қашанда маңызды болып табылады.

Өйткені, дүниеге ұрпақ алып келу, оған мәнді тәрбие беру, өз шаңырағының жалауы, отбасының ұйытқысы бола білу әрқашан әйел қауымымен тікелей байланысты. Ал, қазіргі ақпараттық кеңістіктің дамыған заманында нәзік жанды аруларымыз қоғамның барлық салаларында да өзінің өзектілігін жоғалтпаған.

Бүгінде тіпті нәзік жанды аруларымыздың Қарулы Күштер қатарында қызмет етуі ерекше мақтанарлық жайт. Егеменді еліміздің Қарулы Күштерінде  ер азаматтарымызбен қатар иық тіресе әскери қызметті өтеуде ерлік танытып жүрген аруларымыздың саны аз емес. Олар өз алдарына қойылған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруда әрқашан бастамашылық танытып жүреді.

Солардың қатарына Құрлық әскерлері Әскери институты еуропа тілдері кафедрасының әскери қызметкері кіші сержант Маржан Мырзабекованы ерекшелеп айтуға тұрарлықтай.

Мемлекеттік қызметтің маңызы қашанда жоғары екенін түсінген Маржан Мақсұтқызы Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін жоғары нәтижемен аяқтап, өзінің алғашқы еңбек жолын Қорғаныс министрлігінің Әскери институтында бастағанды жөн көреді.

Француз ғұламасы Жан Жак Руссо өзінің бір елеулі еңбегінде “Ең зор ізгі ерліктерді Отанға деген сүйіспеншілік туғызған” деп атап өтеді. Осындай ғұламаның ойын өмірлік серік ете білген Маржан Мақсұтқызы өз мемлекетінің білім беру ісіне белсене атсалысады. Алғашында жай азаматтық қызметкер болып, кейіннен оқытушылық қызметті, яғни курсанттарға ағылшын тілін үйрете бастайды. Егеменді еліміздің болашақ әскери аудармашыларын дайындап, оларға қажетті білім беріп, тәрбиелеуде  өз тарапынан тынбай еңбек ете бастайды. Жас маман ретінде шетел тілдерін оқытудың әдістемесін зерделеуде өзінің әріптестерімен өзара ой алмасып, тәжірибе жинақтай бастайды.

Әскери аудармашыларды дайындайтын шет тілдерінің әскери институты кейіннен Құрлық әскерлерінің Әскери институтының құрамына өткеннен кейін өз қызметін ары қарай жетілдіре түсу мақсатында, Маржан Мақсұтқызы әскери қызметке өтуге шешім қабылдап, әскери қызметкер атанады. Әскери қызметті өтеудің алғашқы күндерінен бастап әскери қызметтің қыр-сырын және оның мәні мен мазмұнын жетік түсінуге үлкен мән бере бастайды. Алайда, әскери қызметті өтеу үлкен жауапкершіліктен, асқан төзімділік танытудан тұратынын әсте назардан тыс қалдырған емес. Осылайша, әскери қызмет пен оқытушылық қызметті қатар ұштастыра жүріп, 2011 жылы АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында орналасқан Тілдік әскери институтында өз білімін шыңдап қайтады.

Институттың қоғамдық жұмысына да белсене араласып жүреді. Мемлекеттік мерекелерге орай ұйымдастырылған түрлі мерекелік іс-шаралар мен түрлі байқауларда мың бұрала би билеп, салиқалы өнер көрсетуде әрқашан бастама танытып жүреді.

Жалпы бәсекелестіктің қарыштап дамыған заманында халықаралық тілдерді меңгеру мен заман талабына сәйкес лайықты білім алу және оны кәсіби тұрғыда шыңдап отыру, өз ісінің шебері болу, мәдени аралық қарым-қатынас пен өзара ынтымақтастық негіздерін білу маңыздылығын жете түсіне білген  Маржан Мақсұтқызы өзінің білімін әрқашанда тереңдете түсуге талпыныс танытып жүреді.

Егеменді еліміздің өркениетті елдермен терезесін тең ұстап, Қарулы Күштері қатарында қызмет жасап жүрген осындай ару қыздарымыз көп бола берсін, Отанына деген шексіз қызметтері оңынан болғай деген тілек айтамыз!

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі


0
1028
0