Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
04:34, 03 марта 2014

«Мәңгілік Ел» ұғымы барлық ұлт өкілдеріне етене жақын — С.Погодин, БҚО орыс мәдениеті орталығының төрағасы

ҚазАқпарат, 01.03.2014

Blog post imageЕлбасы Жолдауында алға қойылған мақсат-міндеттерді орыс мәдениеті орталығының өкілдері де қалың бұқараға жеткізуге атсалысуда.

Бұл туралы БҚО орыс мәдениеті орталығының төрағасы Сергей Погодин мәлім етті.

Жолдауда Елбасы алдымызға қойған басты міндеттің бірі - «Мәңгілік ел» патриоттық актісін даярлау, деді Сергей Погодин. Мәңгілік ел болу - халықтың ғасырлар бойғы арманы. Бұл ұғым Қазақстанда тұратын, ата-бабалары ежелден осы жерді мекендеп, бір-бірімен мидай араласып кеткен әр ұлт өкіліне етене жақын.

«Жұмыла көтерсе, жүк жеңіл», дегендей, ел біріксе, алынбайтын қамал жоқ. Олай болса, таяудағы жылдары әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылсақ, ата-бабаларымыз армандаған Қазақ елі - мәңгілік ел болатыны сөзсіз.

Сондықтан біз басқа да ұлттық- мәдени бірлестіктермен бірге Елбасымыз айтқандай, «қазақстандықтардың алтын жетістігі» - бейбітшілік, келісім мен бірлікті одан әрі дамыта отырып, Мәңгілік ел орнатамыз деп нық сеніммен айта аламыз.

Бүгінде Қазақстандағы орыс ұлтының өкілдері өздерін еркін және жайлы сезінеді. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіне БҚО-дан да Ресейге қоныс аударушылар болмай қалған жоқ. Бірақ олардың саны басқа аймақтарға қарағанда аз.

Сонымен қатар көшіп кеткен оралдық орыстардың қайтадан оралып жатқаны байқалады. Жүргізілген әлеуметтік сауалдар көрсеткендей, орыс ұлты өкілдері еліміздің көпұлтты халықтарымен бірге Қазақстанды өз Отаны санап, оны өркендетуге үлес қосуда және өздерін, балаларын, немерелерін бақытты санайды. Қазақстандық орыстар Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатын толық қолдайды.

Біздің Нұрсұлтан Әбішұлы Ресей президенті Владимир Путин Орал қаласында болғанда «Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік және бір-біріне деген сенім жоғары деңгейде. Екі ел арасында шешілмейтін проблема жоқ», деген болатын. Оны В.Путин де қолдап, екі ел арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап айтты.

Облыста мекендейтін орыс ұлты өкілдерін Елбасы саясатын жүзеге асыруға жұмылдыру үшін Орал қаласында 2004 жылдың қыркүйегінде орыс мәдениеті орталығы қоғамдық бірлестік ретінде құрылған болатын.

Бірлестіктің жарғылық міндеті орыс халқының салт-дәстүрін, мәдениетін, ана тілін сақтау және жетілдіру болып табылады. Бір ерекшелігі, орталықтың мүшелері тек орыс ұлтынан емес, олардың қатарында татар, еврей, украин, беларус және басқа ұлт өкілдері бар.

Қысқасы, орталыққа орыстың өнері мен әдебиетін, әнін сүйетін, Елбасының еуроазия идеясына жақын адамдар келеді. Орталық басқармасының құрамында бес ғылым кандидаты және бір ғылым докторы бар. Жұмысымыз орыс руханиятының басты екі ділі - православие және орыс халқының салт-дәстүрін, өнері мен мәдениетін өркендетуден басталды.

Сондықтан орталыққа славян-дардың күнтізбелік барлық мерекелерін атап өтуге православиелік ғұрыптарды құрмет тұ-татын қариялар мен жас адамдарды тартуға көңіл бөлдік.

Біз салауатты өмір салтын нығайтуға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл орайда бізге Владимир Салов жетекшілік жасайтын Сара Назарбаева атындағы «ОЦИСАНА» орталығы үлкен көмек беруде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған барлық акцияларға қатысамыз. Мәселен, денсаулық олимпиадасына, футбол және шахматтан өткен жарыстарға белсенді атсалысып келеміз.

Біздің орталықтың «Скоморохи» балалар фольклорлық ансамблі оралдықтарға жақсы та-ныс. Оған №1 саз мектебінің ұстазы Светлана Абрамова жетекшілік етеді. Ансамбль жыл сайын халықтар достығы фестиваліне қатысады. Тек өткен жылы бұл ұжым қалада 20-дан астам концерт берді.

Орталық жанында бұдан басқа «Надежда» атты ардагерлердің вокальды ансамблі жұмыс жасайды. Жыл сайын «Қырық бесінші жылдың көктемі» атты кеш өткіземіз. Біздер Мәскеу және Ленинград қалаларын қорғауға қатысқан оралдықтардың тізімін жасақтап, оларды Жеңіс күні мерекесінде марапаттау жөнінде РФ-ның Оралдағы консулына табыс еттік.

Осының нәтижесінде әйгілі «Нормандия-Неман» француз эскадрильясының механигі болған Орал қаласының тұрғыны, соғыс ардагері Николай Ветровқа ІІ дәрежелі Александр Невский ордені табыс етілді.

Орыс мәдениеті орталығы Елбасының еуроазиялық идеясын дамытуда Ресейдің көршілес облыстарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Әсіресе, біздің облыс делегациясының Орынбор жерінде, соның ішінде Елек қаласында өткізген «Наурыз» мерекесінен алған әсеріміз күні бүгінге дейін есімізде. Сонымен қатар бірнеше рет Дондағы Ростовта «Шолохов көктемі», туысқан Татарстандағы «Сабантой» мерекелеріне қатыстық.

Орталық мүшелерінің жұмысы тек ұлттық мерекелерге ғана қатысумен шектелмейді. ТМД елдері институтымен, Самара орыс қауымдастығы, Саратов, Орынбор облыстарының ұлтаралық қатынастар жөніндегі комитеттерімен үнемі байланыста болып келеді.

«Өлкеміз байырғы салт-дәстүрлерге бай. Сондықтан тек орыс мәдениетін насихаттаумен шектелмейміз. Біздің өңір - Мұхит пен Дәулеткерейдің, Құрманғазы мен Динаның, Сейтек пен Ғарифолланың, Сәкен Ғұмаров пен Қадыр Мырзалиевтің Отаны.

Бұл топырақта Пушкиннің, Жуковскийдің, Дальдің, Тоқайдың ізі қалған. Біздің ұрпақ Абайды, Пушкинді, Брусиловский мен Төлебаевты, Жұбан Молдағалиев пен Тоқайды, Шевченко мен Шәкәрімді біліп, олардың әдеби-мәдени мұраларын жан дүниесіне сіңіріп өсуі тиіс.

Сондықтан да біз басқа ұлттық-мәдени орталықтармен тұрақты байланыстамыз. Мәдениет ошақтарында өтетін Абай, Пушкин оқуларына, Құрманғазы мен Мұхит шығармашылығына арналған кештерге қатысып, өз үлесімізді қосып келеміз. Еврей мәдени орталығына Рош-а-Шана, Песах және Йом-Кипур ұлттық мерекесін өткізуге тұрақты көмектесіп жүрміз.

Сондай-ақ Қазақстандағы кәріс ассоциациясының құрылға-нына 10 жыл және кәрістердің Қазақстанға қоныс аударғанына 80 жыл толуына арналған концертке біздің орталық мүшелері де қатысты. Қорыта айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамында Елбасы саясатын жүзеге асыруға сан ұлт өкілдерін жұмылдыра беретін боламыз.

Түпкі мақсат - Мәңгілік ел атанып, Қазақстанның әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің қатарынан ойып орын алуын қамтамасыз ету», деп түйіндеді ойын С.Погодин.

 
0
434
0