Хоккейшілеріміз бір саты төмен сырғыды

Kazsport agent 2014 M02 27
164
0
0
0

Сочи Олимпиадасынан кейін Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы бүкіләлемдік рейтингті қайта түзді. Ерлер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа рейтингте бір саты төмен сырғыды, деп...

Сочи Олимпиадасынан кейін Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы бүкіләлемдік рейтингті қайта түзді. Ерлер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа рейтингте бір саты төмен сырғыды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.  

Жаңа рейтинг 2014 жылғы Олимпиада ойындары мен соңғы төрт әлем чемпионатының (2010-2013 жж.) қорытындылары негізінде түзілген. Енді бұл рейтинг мамыр айындағы әлем чемпионатынан кейін қайта жаңартылады.

Ерлер арасындағы Қазақстан құрамасы бір саты сырғып, 17-орынға орналасты. Біздің хоккейшілерді 16-орыннан ығыстырған – Словения құрамасы. Олар Сочи Олимпиадасында тәп-тәуір өнер көрсетіп, ширек финалға дейін жетті. 12 команданың ішінде 5-8 орындарды бөліскен төрт құраманың бірі болды.

Біздің құраманың жаңа түзілген бүкіләлемдік рейтингтегі ұпайы – 2900. Словения 17-орыннан 14-орынға көтерілді. Көш басында – Швеция құрамасы. Олар Сочи Олимпиадасында финалға шыққандарының арқасында бірінші орында қалды. Олимпиада чемпионы атанған Канада хоккейшілері екі саты жоғарылады.

Жалпы, біздің құрамаға дейінгі 16 орынға мына елдердің хоккейшілері орналасқан:

Швеция (4000 ұпай), Финляндия (3905), Канада (3840), Ресей (3840), Чехия (3760), АҚШ (3705), Швейцария (3555), Словакия (3485), Норвегия (3350), Латвия (3295), Германия (3260), Франция (3065), Дания (3050), Словения (3045), Беларусь (3030), Австрия (2985).

Ал әйелдер арасындағы бүкіләлемдік рейтингте Қазақстан қыздары 2110 ұпаймен 15-орында тұр. Сочи Олимпиадасынан кейін олар да бір саты төмен ығысты. Көш басында – Канада арулары (2960 ұпай).

Өкініштісі, кейінгі жылдары қарқындарын үдеткен Азиядағы басты бәсекелестеріміз хоккейші қыздарымыздан ұзап барады. Атап айтқанда, қазір Жапония 9-орынға, ал Қытай 14-ші орынға көтерілді.

 

Оцените пост

0