Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
00:33, 27 февраля 2014

Қысқы олимпиадада өнер көрсеткен батысқазақстандық шорттрекшілер енді әлем чемпионатына қатысады

Blog post image
ОРАЛ. ҚазАқпарат — Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев 26 ақпан күні Сочиде өткен қысқы олимпиада ойындарына қатысқан төрт бірдей шорт-трек шеберін қабылдады.

Облыс басшысы батысқазақстандықтардың Сочиде, әсіресе, эстафеталық жарыста табысты өнер көрсеткенін атап өтіп, алдағы додаларда сәттілік тіледі.

Еске сала кетейік, шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков бастаған мамандар бәйгеге қосқандар арасында Батыс Қазақстаннан Айдар Бекжанов, Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Инна Симонова болды. Олар жекелей сында онша көзге түспегенімен, құрамында А.Әжіғалиев, А.Бекжанов, Н.Жұмағазиев және қостанайлық Денис Никиша бар төрттік 5 мың метрлік эстафеталық сайыста финалда өнер көрсетті. Бастапқыда қытайлықтар мен голландықтар құлап қалып, Қазақстан құрамасы Ресей мен АҚШ спортшыларынан кейін үшінші орында келе жатты. Қола жүлде қол созым жерде тұрғандай болған. Өкінішке қарай, қазақстандықтардың қарқыны бірте-бірте бәсеңдеп, оларды бірлесе қимылдаған қытайлықтар мен голландықтар басып озды. Дегенмен кіл мықтының арасынан осындай додаға алғаш түскен қазақстандықтардың бесінші орынға табан тіреуінің өзі — үлкен жетістік. Бұдан төрт жыл бұрын Ванкувер олимпиадасына шорт-тректен жалғыз Айдар Бекжанов қатысса, биыл олардың қатары әлдеқайда көбейді.

Алдағы мақсат — бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізу. Батысқазақстандық шорттрекшілер Нұрберген Жұмағазиев пен Инна Симонова енді Канаданың Монреаль қаласында 14-16 наурызда өтетін әлем чемпионатына қатысады.

 
0
248
0