Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:34, 22 февраля 2014

Елбасы һәм Астана

1993 жылдың соңы

Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің сөздерінің бірінде Қазақстанның астанасын Алматыдан басқа қалаға көшіру туралы ойын айтып, көпшіліктің бұған деген реакциясын байқап көрген еді. Сол кезді өзі былай еске алады: «Мен осы ұсынысты айтқан уақытымда біраз адамдар мені «жаңылып кетті не шамалы шаршаған болуы керек» деп ойлады.

1994-тің басы

Нұрсұлтан Әбішұлы астананы көшіру жөнінде тағы да айтты. Бұл жолы да ұсыныс сәтсіз әзіл ретінде қабылданды. Бәрі күлді де қойды. Артынша ұмыт болды. Сонда да болса, елбасы бұл шешімін әбден зерделеп, пісіргендіктен өз дегенінен қайтпауға бекінді. Оның осы қадамын Норберт Винердің мына бір даналық сөзі шегелеген еді: «Армия офицері дәрежесіндегі адам ер жүрек болуы тиіс! Егер офицер әрбір әскери ұрыс кезінде, өзінен «Мен ер жүрек адаммын ба?» деп сұрайтын болса, онда ол офицер ма?!»

1994 жыл. 6-шы шілде

Елбасы Парламент сессиясының жалпы отырысында астананы Алматыдан республиканың орталығындағы Ақмола қаласына көшірудің қажеттілігін қисындық және мән-жайлық тұрғыдан негіздеп сөз сөйледі. Бұл шешімін депутаттар алдында 32 өлшем бойынша дәлелдеп берді. Оның ішінде әлеуметтік-экономикалық, климаттық, ландшафт, қоршаған орта тағы да өзге себептер болды.

Әдетте мемлекеттің бірінші басшысының сөзін залдығылар бірауыздан қол соғып қолдайтын еді. Бірақ бұл жолы олай болмады. Тыңдаушалардың жүздері тым салмақты. Мұны түсінуге де болатын. Өйткені депутаттардың алдында бұдан да өзге бүгін шешпесе болмайтын мәселелер үйіліп тұрған болатын. Оның үстіне олар қай жағынан болсын өздеріне жайлы Алматыдан қыстүгүні боран ұйтқитын, жазда шаң борайтын, масалары бармақтай қайдағы бір жапан далаға, желдің өтіне көшкісі келмеді.

Нұрсұлтан Әбішұлы осы күнді былай еске алады: «Мен бұл сөзімді туған күніме тураладым. Шынын айтқанда астананы көшіру туралы шешім Парламенттен осылай жеңіл өтіп кетеді деп күткен жоқ едім. Меніңше көптеген депутаттардың ұсынысымды  құптай қарауының себебі мынау: олар іс жүзінде бұл көш айтарлықтай ұзақ уақытқа созылады деп ойлады, білем. Астана толықтай Алатаудың етегінен өзінің ақырғы стансасы Ақмолаға 25 жылдан кейін, мүмкін 30 жылдан кейін қозғалар деп пайымдаса керек. Бірақ олардың бұл үміттері ақталмады. Ал шешімді кері қайтарып ала алмайсың»

Астаны көшіру идеясы. Елбасыға дейін

Blog post image

Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарып жүрген кезінде қолына Қаныш Сәтбаевтың баянхаты түседі. Ол хатта анау-мынау мәселе емес, Қазақ КСР-ның астанасын Қазақстанның географиялық орталығы Қарағандыға не Целиноградқа көшіруді ұсыныпты. Ардақты ғалым, ардагер қайраткер өз дәлелдерінің бірі ретінде осындай байтақ республиканың астанасы елдің әлдебір түкпірінде болмауы тиістігін келтірген. Оның үстіне арадағы қарым-қатынас сол уақытта нашарлап тұрған Қытай Халық Республикасымен шекара да тым іргеде тұрды. Осы елеулі хат Мәскеуге жіберілген екен. Ал, Мәскеудің жауабы: «Басқа істейтіндерің жоқ па?» бопты. Осылайша мәселе жабылған.

Кейін Хрущев таққа отырғанда осы мәселені өзі қозғапты. Егер Хрушев 1964 жылы «ұшып кетпегенде», ол ойға алғанын істейтін еді. Қуатты мемлекеттің бірінші адамының астананы көшіргісі келгендегі ниеті қаншалықты байыпты болғанын кім біліпті? Бірақ, Хрушев сырт көзге қарапайым әрі мылжыңдау көрінгенмен өз сөзін аяқасты еткізбейтін. Ол бұл тұрғыда табанды және істі кешеуілдеткенді жаны сүймейтін.

Бұл жоспарлардың барлығы Нұрсұлтан Әбішұлы үшін соншалықты жаңалық емес еді. Хрущевтың осындай ойы болғандығын ол бұрын да естіген. Әйтсе де, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы қадамдары кезінде бұл жайттар оған ой салды. Уақыт өткен сайын астананы көшіру идеясы елбасын өзіне баурай берді.

Солжиницынның күлкілі мақаласы

Blog post image

Кеңес Одағының ішіндегі көп шекара өз заманында тым еркін тұспалмен белгілене салынған. Бұл жайт егемендік шеруінен кейін іле-шала кейбір парасатқа бойлай қоймаған әрі жауапсыздау адамдардың онсыз да бар шекараны қайта қарау қажеттігі туралы тіл безеуіне апарып ұрындырды. Әрине, өз пайдаларын ғана күйттеген көзқараспен. Әсіресе, егемен алған посткеңестік елдерді Александр Солжиницынның «Ресейді қалай жайластырамыз?» («Как нам обустроить Россию?»)  деген мақаласы қатты алаңдатты. Солжиницынның күлкі тудырарлық жазбасына қарағанда қазақтардың ежелгі жері қазіргі Қазақстанның оңтүстік облыстарын ғана қамтиды екен. Осы қиялмен ол Қазақстанның солтүстік аумағын Ресейге қосып алуды ұсынды. Ол аз болғандай тұтастай Украина мен Белоруссияны славияндық негізде өздеріне біріктіре салмақ болды. Ал Қырымды нағыз орыс жері деп бөсті. Мұның барлығы сайып келгенде жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасындағы аумақтық тұтастыққа нұқсан келтіріп, елеулі зардаптарға соқтыратыны, түп негізі соғыс өртін тұтатуға шақыру екендігі сірә оны толғандыра қоймаған сияқты.

Жау-жағадан алғанда Жириновскийдің де осы сықылды көкімелері пайда болды. Ол «Ресейлік Қазақстан» арқылы алшаңдай басып, көктей өтіп, Үнді мұхитына етіктерін шаюды ұсынды. Мұның барлығы Қазақстанда орынды ашу-ыза, қатты қарсылық тудырды.

Осындай ұрандармен олар Қазақстанда тіршілік етіп жатқан орыстардың санасын улауға тырысты. «Астана саналатын Алматы сонау түпкірде, ал Ресей мен Мәскеуің міне тұр! Кеңес Үкіметі келмеске кетті»,-деп, онсыз да ертеңгі күндеріне күмәнмен қарап отырған орыс тілді халықтың сезіміне және сеніміне неге ши жүгірткілері келді. Әрине, Ресейге көшіп келіңдер дегенді меңзесе ештеңе емес қой. «Тұрған жерлеріңнен қозғалмастан, бізге қосылыңдар» деген арам пиғыл болатын. Егер өзге елдердегі этникааралық жанжалдардың болып жатқанын ескеретін болсақ, бұл жай ғана көку емес еді. Арты үлкен зардаптарға апарып соқтыратыны анық болатын.

Расымен солтүстік облыстарды Ресейдікі деу қаншалықты қисынға келеді? Мәселен, Дунай өзені бірнеше мемлекеттер арқылы өтеді. Ал оны басыбайлы бір мемлекет «менікі» деп айта алмайды ғой. Сол сияқты «Сібір» деген ұғым орысқа тиесілі екен деп, тұтас Солтүстік Қазақстан орыстыкі боп кетуі керек пе? Жоқ, әрине!

Осы және көптеген жағдаяттарды парасатты ойластыра отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы өз дегеніне жетті. Астананың Алматыдан Ақмолаға көшуін кешеуілдете беруге болмайтын болды.

Ақмола қалай күтіп алды?

1994 жылғы «Астананы көшіру» туралы жарлық қабылданғаннан соң Нұрсұлтан Әбішұлы Ақмолаға жиі келіп, мұндағы хал-ахуалмен танысып тұратын болды. Ал алда әлі мемлекеттік басқару органдарын көшіру жұмыстары тұрған еді. Әуелде Президент Әкімшілігі, Парламент және Үкіметті апару жоспарда болатын. Қызық болғанда, Алматыда қалып қойғысы келмегендей барлық министрліктер мен ведомостволар да өз беттерінше Ақмоладан ғимараттар тауып, оларды жөндеп, өз құрылымдарын жылжытуға кірісіп кетті. Бұл процестің қызу да, қарқынды сипат алғаны сондай, елбасының өзі оларды тоқтата алмай қалды. Шынын айтқанда ол қарсы болған жоқ.

Біріккен кеңестер мен жиындар күндіз-түнге қарамай өтетін болды. Ақмолаға қалай қоныстану мәселесі қаралды. Нендей ғимараттар салу керектігі айтылды. Ендігі мәселе инфрақұрылым. Ақмола ыстық су, салқын су, жылумен жабдықтаудан қағажу көріп тұр екен. Су кестемен беріледі, түнде тұрғындар киіммен ұйықтайды, суық қысқы түндер үрейіңді ұшырады. Тіпті облыс әкімінің өзі жұмыс кабинетінде пальтомен отыратын боп шықты. Ал жанында электр жылытқыш. Әкімнің жағдайы мынау болса, тұрғындардыкі...

Сонымен Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жігіттер, достар! Шегінетін жер жоқ! Кәне, осының бәрін жасайық! Ешқандай қорықпайық! Жұмыс істейік!»,-деді.

Бәрі осылай басталды. Астананың бойына қан жүгіріп, қозғалыс механизмі іске қосылды. Жұмыс қызып сала берді. Күндіз-түні бірдей жүрді. Қада қаққан машиналар гүрсілдетіп жатты. Қаптаған құрылысшылар, көтергіш крандар, құрылыс материалдарына толы құрылыс алаңдары у да шу. Ана жер, мына жерде құрылыс жылғалары пайда болып, олар бірте-бірте қуатты тасқынға ұласты. Ақмоланың бүкіл орталығы алып құрылыс алаңына айналды. Ал, Нұрсұлтан Әбішұлы 1994 жылдың өне бойына қаржы-қаражат іздеумен болды. Депутаттарға қайтадан жүгініп, Қазақстанда тұрғын үй құрылысын дамытуға тұтас 50 миллион доллар бөлдіртті. Қазіргі Астанадағы 9 шағын аудан нақ осы ақшаға салынды. Бұдан басқа елбасы шетелдік инвесторлардан 10 жыл мерзімге пайызсыз ақша алды. Нұрсұлтан Әбішұлы шетелге шыққан әрбір сапарында Астана туралы айтып, оның құрылысына инвестиция салу мәселесін қозғап жүрді. Осылайша өтемсіз инвестициялар есебінен аз да емес, көп те емес 200 миллион доллар жинады. (Ойлап қараңыз, өз бюджетімізден бөлінген 50 миллион долларға 9 шағын аудан салған едік. Салыстырыңыз! «Назарбаев абыройы» деген осы!) Оған Астананың көптеген сәулет құрылысы мен кешені салынды. Атап айтсақ: Астана-Бәйтерек, әкімдік ғимараты, жаңа Ақорда. Астананың құрылысына Катар, Сауд Арабиясы, АҚШ және Кувейт сияқты елдер бірінші кезекте тікелей өтемсіз көмек көрсетті. Елбасы АҚШ-қа барған сапарынының бірінде мұнай компанияларымен кездесіп, 11 миллион доллар жинап алған еді. Ол қаражатқа «Қазақстан спорт кешені» салынды.

Жалпы алғанда Астана құрылысын қаржыландыру 2 миллиард долларды құрайды. Соның 70 пайыздайы біздің өз инвестициямыз.

«Самал» шағын ауданы

Blog post image

Алматыдан қоныс аударатын мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасылары үшін шағын аудан салу керек болды. Сонымен құрылысқа қай жер оңтайлы келеді? Ұсыныс көп болды. Ақыры қазіргі «Самал» шағын ауданы орналасқан жер мейлінше қолайлы деп табылды. Бұл орынның таңдалуы біреулер үшін мұң боп шықты. Қарсыластар көбейді. «Ойбай болмайды! Бұл жер батпақ, қамыс, үйлер өзенге құлайды! Ғимараттар жерге батып кетеді, өйтеді де бүйтеді»,- десіп, қара аспанды қапылтты! Ал әкім мен сәулетшілер дегендерінен қайтпады! Оларға елбасы да қосылып, қолдау білдірді. Осылайша, елорда картасында Астананың ең бір көрікті, келбетті тұрғын шағын ауданы бой көтерді. Оған «Самал» деген әдемі де айшықты ат берілді.

Кейін Әділбек Жақсыбеков қазіргі Самал аумағына құрылыс салуға қарсы болғандардың шын себебін айтып берді. Бұл ара Ақмоланың барлық үлкен дәрежелі шенеуніктерінің ит қыдыртатын жері болып келген екен. Бірақ, дегенмен төрт аяқты хайуаннан адамның проблемасы маңыздырақ қой!

Ақмола атауын өзгерту керек!

Осы мәселе қайта-қайта айтыла берді. Оның атауының мағынасы жөнінде көптеген жорамалдар, тіпті қисынсыз тұспалдар айтылды. Ақмоланың орысшаға «белая могила» деп аударылуы баспасөздің сүйікті тақырыбына айналды. «Мен Ақмола атауынан ешқандай өрескелдік көрген жоқпын. Мәселен, Малайзия астанасының аудармасы «батпақ» дегенді білдіреді. Бірақ Куала Лумпур тұрғындары бұған арланып жүрген жоқ қой»,-дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Сонымен өзгертуге тура келді. Нұсқалар көп-тын. «Қараөткел», «Есіл», «Сарыарқа». Бірақ көкейге қонар емес. Ақмолаға жаңа атау іздеу елбасының әркез ойында жүрді. Сонымен не керек, бір жолы түнде, нақтырақ түнгі сағат екіде «Астана» деген атау ойына сап ете түсті. Астана дегеніміз астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады. Қысқа да нұсқа! Әуезді! Орысша да, ағылшынша да солай дыбысталады. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық рең бар. Астана! Бірақ бұл атауды қазақша пайдаланудың жаңылтпаш сияқты өзіндік ерекшелігі болғалы тұр. Мысалы, астанамыз Астана.

Бұл атауды жергілікті органдар, Үкімет жанындағы мемлекеттік ономастикалық комиссия, ең бастысы, жаңа астананың тұрғындары қолдады! Сонымен Астана Астана болды!

P.S. Бүгінгі елордамыздың еңсесінің биіктігі тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Аллаһ Тағаладан тілеген дұғасының жемісі! Оның табандылығы! Аллаһ елімізге тыныштық, береке, халқымызға бірлік, елбасымызға зор денсаулық пен қажымас қайрат берсін! Әмин!

Еркебұлан Ерлен

       
0
1118
0