Сахна саңлағы

МК РК 2014 M02 13
427
0
0
0

«Егемен Қазақстан», 13.02.2014 Қазақ сахнасының айтулы тұлғасы, аналар бейнесін жасаудың өлшеміне айналған, КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбира Майқанованың 100...

«Егемен Қазақстан», 13.02.2014

Қазақ сахнасының айтулы тұлғасы, аналар бейнесін жасаудың өлшеміне айналған, КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбира Майқанованың 100 жылдығы ел­ор­дадағы Ұлттық кітапханада аталып өтті.

Сыр өңірінен түлеп ұшқан сахна саңлағы өткен ғасырдың 30-жылдарынан қазақ театрының қалыптасуына өзіндік үлесін қосумен қатар, танып-біле алсақ Сәбира Майқанова үлгісін қалыптастырды. Оның тұңғыш рөлі Бейімбет Майлиннің «Майдан» дра­ма­сындағы Алтынай болса, одан кейінгі жерде М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, өзге де қаламгерлердің пьесаларындағы алуан түрлі бейнелерді сахна төріне шығарды. Ұлы әртістің Шыңғыс Айт­ма­тов­тың «Ана – Жер-Анасындағы» Тол­ғанай бейнесі  көргендердің көзайымына айналып, кейінгілердің «көрмедік-ау!» деген арманы болып қалды.

Осындай дара таланттың бүкіл бітім-болмысын жиылған жұртқа Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рымкеш Омарханова нақты дәйектермен жеткізді. Әсіресе, оның үзбей айтып жүретін «Өмірде ардың, адамшылықтың ізі ғана қалады», деген сөзін мысалға келтіріп: «Оны бүгін Сәбира Майқанова апамыздың өзіне қаратып айтсам артық болмайды», дей келіп, «Ана – Жер-Анадан» үзінді көрсетіп, «Баласының орнына теміржолды құшақтап қалған ананың соңы мен болайын» деген сөзбен ойын түйіндеп, көзіне жас ірікті.

Ал театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай «Сәбира кім?» деген сұрақты алға тартып, қазақ өнерінің үш арысы: Қапан Бадыровтай ақтаңгердің – 110, қазақ өнері мен киносының ақ кемесі Шәкен Аймановтың – 100, қазақ өнерінің ақжелкені – Сәбира Майқанованың 100 жылдығын биыл атап өту жайына тоқталды. «Биылғы жылды «Сәбиратану жылы» деп атасақ артық болмайды», деген уәжін алға тартып, Сәбирадай асылымызды орыстың белгілі әртістерімен салыстырып, «бүгінгі ұрпақтың бақыты – өз тарихын өзімізден бастау қажеттігін білетіндігі кеңес заманында біз алдымен өзгені айтып, одан кейін барып өзіміз туралы сөз қозғайтынбыз. Сәбира қазақ өнерінің символы, метафорасы», деді. Сыншы ол заманның әртістері өмірде де, өнерге де бірдей екенін айтып, бүгінгі әртістердің кейбірі дайын мәтіннің «құлы» екеніне,  жетінші қатарда отырған көрерменге дауысын жеткізе алмай жататынына өкініш білдіріп, Сәбираны тану үшін оның бүкіл өнер жолын, сахнаға шығарған рөлдерін саралай білудің, әсіресе, кейінгі жастарға аса қажеттігін алға тартты.

Профессор Сәулебек Асылхан Сәбира Майқанованың өзі Арқа төсіндегі Астанаға жетпегенмен рухы, өнері жеткенін тілге тиек етіп, данагөй, қамқоршы, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп ақиқатты айтатын адам қандай болады десе, Сәбира Майқанова еске түсетінін жеткізді. Ол кешегі кеңес дәуірінде әртістер көп нәрседен кем де қалмағанын, бір жылда 17 өнер иесінің пәтер алып, 12-сінің жоғары атаққа қолы жеткенін назарға салып, бүгінгі әртістердің, оның ішінде жастардың 30-40 мың теңгемен жанкешті жұмыс істеп жүргеніне мысалдар келтірді. Сатирик Көпен Әмірбек те Сәбира апамыздың жасандылықтан аулақ нағыз халықтық қасиеттерін таратып айтты.

Кеште Қ.Қуанышбаев атындағы Академиялық қазақ музыка театрының әртістері және Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері Сәбира Майқанова ойнаған  спектакльдерден үзінді көрсетіп, монологтар оқыды. Айтулы өнер иесінің сүйіп тыңдаған әндерін жастар бірінен кейін бірі әуелетті.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».

 

Оцените пост

0
Дальше