Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
00:37, 13 февраля 2014

АЙТПАҒЫМ ЖЕТСЕ БОЛДЫ ЖҮРЕКТЕРГЕ

Blog post image«Туған жер,сенде өсіп, сенен ұштық» деп ақын жырлағанындай, бүгінде Ақтөбе өңіріне танымал өнерпаз, сазгер болып танылған, «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген өнер қайраткері» Қайырғали Үсенғалиұлы Қожанбаевтың Индер өңіріне  өзі  басқаратын ұжымын таныстырып,  шығармашылық есебін беру бір арманы болып жүргендігін еститінбіз. Міне, сол бір перзенттік шуақты ойды осы қоңыр күздің қыркүйегінде іске асырудың сәті түсті.

Концертке дейін. Талай концерттерде болып, талай сахналардың төрінде көрермендерінің қошеметіне бөленген Қайырғали ағамызды «Борат» мәдениет үйінің бір бөлмесінде толқулы сәтінде оңашада кезіктірдік.

-Аға, концерттің бағдарламасын «Елге тағзым» деп атаған екенсіз, мұның мәнісін түсінгендейміз, бірақ өзіңіз не айтар едіңіз осы ретте?-деп өнерлі жанды сөзге тарттық. Дирижерлік киімін де әлі толық иығына толық іліп үлгермеген ағамыз  бұған не десем екен дегендей үнсіз қалып барып, өзіне тән жылылықпен сөзін бастады.

-Өз басым, ат қойып, айдар тағуға әуес емеспін. Шәкіртім Орал Қосайдың ұсынысын дұрыс көріп, солай атадық. Соңғы жылдары Батыс өңіріндегі облыстардың бір-бірімен түрлі тақырыптағы байланысы нығайып,өнер алмасулар жүргізілуде. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысының өнер қайраткерлері мен ұжымдары Ақтөбеде болып кеткен еді. Енді біз оған жауап сапармен Орал жеріне келдік. Бұл жер менің өзімнің туып-өскен, балалығым өткен Атырау мен Индерден қашық жатқан жоқ қой. Сондықтан ауылымның іргесіне келіп, соқпай кеткенімнің реті болмас деп, басшылармен хабарласып, арнайы концерттік бағдарламамен келуді ұйғардым. Сонау бір 1957 жылы елден кеткен қара бала кім болды, неге қолы жетті екен деп ойлайтын да шығар жерлестерім. Менің өнердегі жолым Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіргеннен соң Ақтөбеге келуімнен бастау алды. Осында келіп бірнеше өнер ұжымын ұйымдастырып, 1971-1990 жылдары аралығында музыкалық училищесін басқардым. Кейін облыс әкімі Имантаевтың қолдауымен құрылған осы А. Жұбанов атындағы  ұлт-аспаптар оркестрінің жетекшісімін. Училищенің де, оркестрдің атауын да ұстазым А. Жұбановтың есімімен атауды кезінде басшылардың алдына қойған өзім еді. Оркестрдің репертуарында халықтық, классикалық және осы батыс өңіріне танымал тұлғалар Қазанғап, Махамбеттің шығармалары, сонымен қатар өзімнің көптеген туындыларым орындалады. Олардың бірқатарымен осы концертте таныса аласыздар. Негізі 60-тың үстінде шығармаларым сахнада орындалып жүр. Бұл құраммен шет елдерге көп шыққан жоқпыз. Бүгінде мақсатымыз академиялық деген дәрежеге қол жеткізу болып тұр,-деді бізге жерлесіміз.

Концертте. Жүргізуші Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Орал Қосай Байсеңгірдің оркестрдің жетекшісі Қайырғали Қожанбаевтың өміржолын көрермендерге қысқаша таныстыруымен басталған концерт  А. Жұбановтың әсем әуен ырғағына құрылған «Би күйімен» ашылды. Онан соң Қ. Қожанбаевтың дирижерлік етуімен оркестр оның «Толғау», «Қос жебе», «Арнау» күйлерін төкті. Сондай-ақ домбырашы Т. Мұстафиннің орындаған «Серпін» күйі де көп көңілге жағымды естілді. Ақтөбелік оркестрдің орындауындағы атақты сазгер Н. Тілендиевтің өр мінезді «Махамбет» поэмасы да жаңа қырынан танылғандай болды.

Махамбет ақынның «Жұмыр-Қылыш» күйінің де тек өзіне ғана тән жігерлі үні көп көңілді серпілтіп өтті. Жерлесіміздің «Ақ Жайық», «Ағады Жайық, тербейді қайық» әндерін шырқаған өнерпаздар Қ.Қалуов пен М.Сапарова, А.Югай, А.Қарақұловтың өнерлері де көп көңілге жол тапты.Жалпы оркестрдің құрамындағы әнші, Ш. Қалдаяқов атындағы байқаудың бас жүлдесінің иегері М. Айтимов, домбырашы Ж. Асылханов, қобызшылар Д. Таубекова, Ж. Ошақбаева және тағы басқаларын дирижердің өзі де ерекше мақтан тұтты. Сонымен қатар жас дирижер, халықаралық сайыстардың жүлдегері М. Қабижанованың шеберлігіне көрермендер ризашылықпен қол соқты. Оның басқаруымен оркестр Қазанғаптың «Бозжорғаның бөгелек қағуынан» бастап, бірнеше шығарманы сәтті орындады.

Концерттің соңында. Құрылғанына 10 жыл толып отырған ақтөбелік үлкен оркестрді туған жеріне бастап келген Қайырғали Үсенғалиұлына жерлестері де зор қошемет көрсетіп, аудан басшылығы атынан аудан әкімінің орынбасары Ә. Балахметов сөйлеп, Алғыс хат тапсырып, иығына шапан жапты, алдағы уақытта да игі табыстар тіледі. Бұл дархан ризашылық пен сағыныш сезімдер тоғысқан сәтті біз «Айтпағым жетсе болды жүректерге» деген концерт жүргізушісінің көркем ойымен тұжырымдай жеткізгенді жөн көрдік. Перзенттік парыз бен қарыздың мәні де осындай игі қадамдар арқылы ашылады емес пе?!

СУЙЕУ ХАЛЫҚОВ,

Индербор кенті/

0
1008
0