Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:18, 09 февраля 2014

Балықов Манарбек туралы «Өткен жоқ өмір бекерге...» өмірбаян-эссе

Хасен Зәкәрия

Өткен жоқ өмір бекерге...

(өмірбаян-эссе)

Еңбегі мен атағы облыс көлемінде, тіпті республикалық деңгейде жақсы мәлім азамат, Ішкі істер министрлігінің Үздік қызметкері Балықов Манарбек 1998 жылдың 12-желтоқсанында Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бастығының №706 бұйрығымен құрметті еңбек демалысына шықты.

Ол кім еді?.. Осы уақытқа дейін кім болып келді, алдағы өмірде кім болып өтпек?.. Қолыңызға алған кітаптағы жазбалар осы сауалдарға нақты да тиянақты жауап қайтаруға септесетін болады.

Осы бір орта ғана бойы бар, қарапайым жігіт ағасын бір көрген адамның оған көңіл қойып, елпілдей жөнелмесі анық. Бірақ, сәл де болса пікір алысып, тілдесе қалған жанның оның бойында кімді болмасын ырқынан тыс бағындырып, ығына көндіріп алатын өзгеше бір қасиет бар екенін аңғара бастайтыны сөзсіз. Ал мұның өзі туа біткен қайсарлықтың, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан әскери тәртіп пен жалықпай тірнектеп жинаған білімнің, сонымен бірге көпті көріп, талайды бастан кешкен сұңғылалықтың бір адамның бойында тоғысуының нәтижесі екенін әркім біле бермейді.

Blog post image

Милиция қатарында бүкіл өмірін өткізген, соның жалақысымен бала-шағасын асырап, ертерек зейнеткерлікке шыққанын олжа санап жүргендердің көп екені белгілі. Ондайлардың ішкі істер қызметіне әуел бастан осындай есеппен орналасатыны да ешкімге құпия емес. Әйтеуір топ көбейтіп, қауіп-қатерден, артық даудан аулақ жүріп-ақ зейнетке шыққандардың талайын білеміз. Шығып алған соң «мен бүйткенде, мен сөйткенде» деп кеудесін ұрғылайтындардың неше түрлісі  қасымызда жүр.

Ал Манарбек Балықов туралы олай деп ешкім де айта алмайды. Осы  қызметті жан-жүрегімен қалап, нағыз сақшы боламын деп бел буып келген жас жігіт егде тартып, ардагер болғанша сол антына адалдығынан тайған жоқ. Манарбектің айтқанынан қайтпайтын бірсөзділігін, ымыраға көнбейтін, «бармақ басты, көз қысты» сыбайластыққа жол бермейтін  табандылығын ұнатпайтындар көп болды, әрине, дегенмен оның адалдығы мен әділдігіне бас игендердің де аз емес екендігіне жұрт куә. Оған әлі күнге дейін көшеде жолыққан таныс атаулының «Мәкелеп» құрақ ұша сәлем беріп жататыны айғақ.

Біреу мансап биігіне қолында билігі, қалтасында қаржысы бар ағайын-туыс, жұрағат-жекжатының қолдауымен, енді біреулер есепқойлығы мен ептілігінің арқасында шығып жатады. Ал тағы бір жандардың кездейсоқ сәттіліктің жемісін көретіні бар.

Манарбекке осы аталғандардың қай-қайсысы да шапағатын тигізіп көрген емес. Тынымсыз түлек өмірде әлдеқандай табысқа жетіп, беделді биікке көтерілсе, ол бұған жұмыс десе жанын аямайтын еңбекқорлығымен, ешқашанда бұғып қалуды білмейтін белсенділігімен қол жеткізіп отырды. Өзгелерден де соны талап етіп, балаларын да осыған тәрбиеледі.

- Мен өзім 1947 жылдың 15-тамызында Күршім ауданының Қойтас ауылында дүниеге келіппін, - деп бастады өмірбаянын Манарбек аға. - Мені жалғыз жүріп жеткізген анам Айымбүбі (жұрт Шөкей деп атайтын) 1906 жылы туып, бақиға 2007 жылы 101 жасында өз қолымнан аттанды. Ол кісі колхоздың үздік жұмысшыларының бірі болды. Кезінде Сталиннің өзі қол қойған «Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалімен де марапатталған. Үйде үш бала болдық, апайым Қазиза 1935 жылы туған, ағайым Қазбек 40-шы жылғы еді.

Менің үш жасымда үйіміз Шірікаяқ пен Төсқайыңның (Буденовка) арасындағы Теректі деген кенішке көшіп келіпті. Апайым Нұрсадықов Қанаш деген азаматқа тұрмысқа шығып, бізді жанына көшіріп алған екен. Ол жерде ашық кен орнынан руда қазылып, ауыр жүк машиналарымен Шірікаяққа тасылады.

Мен осы Теректіде 1-класқа оқуға бардым. Орысша мектептің 1-ші класынан 6-шысына дейін бір бөлмеде оқимыз, бір мұғалім сабақ береді. Сөйтіп, ел қатарлы сауатымды аша бастадым.

1956 жылы Теректі кеніші жабылып, біз Шірікаяққа көшіп келдік. Мен     1-класқа қайта бардым. Мұнда Сатушева Вера Федоровна деген кісі мұғалім екен, «қазақ мектебіне беріңдер» - деп мені алғысы келмеді. Шешем жетелеп ауылсоветке апарды. Жақыпбаев деген төраға бар еді, ол кісі «Оқытасыңдар!» - деп бір-ақ кесті де, мен мектепке қабылдандым. Дегенмен, қырсыққан мұғалім емтиханда кедергі жасап, көшірмей тастады.Blog post image

Келесі күзде қайта келіп, өзімнен үш жас кіші балалармен оқи бастадым. Класс жетекшім Бабакина Руфия Никитична деген әйел еді, ол кісінің алдыңғы әйелден өзгешелігі - барынша көмектесіп, шынайы қамқорлық жасаумен болды. Орысшаны меңгеріп, біртіндеп жақсы оқып кеттім. Сөйтіп, сегізжылдықты да тәмамдадық.

Сегіз класты бітірген соң Күршімге шақырылып, әскери комиссариат арқылы ДОСААФ мектебіне жүргізуші (шофер) оқуын оқуға аттандым. Ағам Қазбек ол кезде кеніштің (рудник) қалған мүлкін күзететін ведомстводан тыс күзет мекемесінде істейді, динамит қоймасы, фабрика, базис қоймасы дегендер бар, соларды күзетеді. Бұл жұмыс орны жабылған соң Қазбек 1961 жылы құрылған «Высокогор» ет-сүт совхозына жұмысшы болып орналасты.

Сол уақытта Шірікаяқта СПТУ-115 деп аталатын кәсіптік-техникалық училище ашылып, ағайым совхоз атынан оқып, механизатор мамандығын алып шықты. Бұл кезде апайым да осында болатын, Қанаш жездем орман шаруашылығында ағаш кесуші болып жұмыс істейтін.

Сол кезде Шірікаяқтың дүрілдеп тұрған шағы еді-ау, шіркін! Кеніш кезінде осы ауылда 12 мың адам тұрды. Қазір алты-ақ үйі бар Шірікаяқты сондай болып еді десең, кім сенер екен?..

Мен жүргізуші мамандығын алып, Шірікаяққа қайта бардым. Алдымен ұстаның көмекшісі болып, алты ай жұмыс істедім. Осы уақытта тәтем, ағам үшеуіміз бөлек үй алып, «Степная, 6» деген мекен-жайдан орын тепкен  болатынбыз. Аға - тракторшы, мен - ұстада, әжептәуір ақша тауып, тіршілігіміз түзеле бастады. Осы кезде маған бір автомобиль тиіп, кәдімгі шопыр болдым. Содан жаз шығып, маусым айы туғанша мәшине айдап жүрдім.Blog post image

1966 жылдың 13-маусымында әскерге алындым. Дәл сол кезде Ташкентте  қатты жер сілкінісі болып, қаланың тас-талқаны шыққан-ды. Үйдегілер сонда әкететін болар деп ойлаған екен, бірақ мені Қиыр Шығысқа, Тынық мұхит жағалауына алып кетті. Советская гавань деген қалаға түсіп, тамыз айында ант қабылдадық. Содан 4 жыл 2 ай теңізші болып қызмет еттім.

Ант қабылдаған бойда Тынық мұхит флотынан бір эшелон адамды тыңға көмекке жіберетін болды. Сөйтіп, Ақтөбе облысының Комсомол ауданынан бір-ақ шықтық. Бір-бір мәшинеге мініп, астық тасуға атсалыстық. Осы жұмыста жүргенде қараша айын орталай беріп, тізеден қар жауып қалды да, бізді Домбаровка деген стансадан эшелонға тиеп, Қиыр Шығысқа қайта әкетті.

Осы төрт жылдық қызметінде тумысынан пысық-ширақ, орыс тіліне жетік Манарбек ағамыздың тұрғыластарының алды болғаны шындық. Қандай тапсырма жүктелсе де шапшаң әрі тыңғылықты орындайтын киіктің асығындай қазақ жігітін командирлер де жақсы көріп, сыйлайтын еді.

1970 жылдың тамызында әскери борышын абыроймен өтеп қайтқан Манарбек қыркүйек айынан бастап Шірікаяқ учаскелік ауруханасындағы жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істей бастады. Онысы -ағаш қорапты ГАЗ-51 автомобилі болатын. Бұдан соң еті тірі, сауатты жігіт Шірікаяқ орта мектебінде бір жыл бойы еңбек пәнінен сабақ берді. Сол кезде ынта-ықыласының молдығымен көзге түскен талапты азамат Павлодар облысындағы Красноармейск ауыл шаруашылығы техникумына оқуға жіберілген еді. Бұл оқу орнын бітірген адам совхозда техник, механик, ұйымдастырушы (управ) болып жұмыс істей беретін. Манарбек ол жерде де өзінің қабілетті шәкірт екенін көрсете білді. Оған 1972 жылдың   23-желтоқсанындағы №50 бұйрықпен берілген Мақтау грамотасы айғақ.Blog post image

Осы техникумда оқып жүрген кезінде Манарбек өзінің бала кезден оймен ұғысып, жүрекпен түсінісіп жүрген құрбысы Қабылова Әйгерім деген бойжеткенмен қосылып, өз алдына шаңырақ көтерді. Бұл 1973 жылдың жаз айы болатын. Өскемен пединститутының жаратылыстану факультетіндегі биология-химия бөлімінде оқитын Әйгерім жоғары оқу орнын 1974 жылы тәмамдайтын еді. Бітірген уақытта басы бос болса, қыздарды жолдамамен басқа жаққа жіберетін үрдіс бар еді ол кезде. Сол себепті асығу қажет болып, нәтижесінде жаңа бір отау тігілді.

Совхоз жолдамасымен оқығандықтан, аталған техникумды үздік бітірген Манарбек оқуын тәмамдап, Шірікаяққа қайта оралды. Келе қызметке орналасқан ол совхоз бойынша күрделі процестерді реттеу инженері болып жұмыс істей бастады.

Совхозда үш жыл жұмыс істеген Манарбек Балықов 1977 жылы аудандық партия комитетінің жолдамасымен аудандық ішкі істер бөліміне ауыстырылады. Содан 1982 жылға дейін Күршім ауданы бойынша аға мемлекеттік автоинспектор болып еңбектенді.

Бұл жауапты жұмыста да Манарбек өзінің аса қабілетті қызметкер екендігін дәлелдей білді. Осында істеп жүргенде Құрмет грамотасымен марапатталып, «Үздік ГАИ инспекторы» атағын алғаны соның айқын айғағы.

Әрдайым алдан көрініп жүрген М.Балықов Ростов облысының  Новочеркасск қаласындағы ГАИ басшы құрамының білім жетілдіру мектебіне жіберілді. Старшина шенімен барған ол бұл мектепте 6 ай оқып, кіші лейтенант атағын алып қайтады. Әрдайым көздеген жерден көрініп отырған талапты жасты курс бастығы Ф.Чукарин өзінің орынбасарлығына тағайындаған екен. Сөйтіп, Манарбек курстағы алты топта оқитын 150 адамға басшылық жасай бастайды. Сол кезде алған төмендегі марапаттың М.Балықовтың тағы бір жаңа қырын ашып тұрғаны даусыз.

Қ Ұ Р М Е Т    Г Р А М О Т А С Ы

Онымен командирлік міндетті өте жақсы атқарғаны, оқу процесін ұйымдастыруға көрсеткен көмегі, оқу топтарын лайықты тәртіпте ұстап, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласқаны үшін милиция кіші лейтенанты Балықов Манарбек марапатталады.

Мектеп бастығы  милиция подполковнигі Н.А.Тархов.

№90 бұйрық, 17-маусым, 1978 жыл. Мөр басылған.

Аталған мектепті бітіріп келген М.Балықов аудандық автоинспекция бөлімшесінің бастығы болып тағайындалды. Қол астында Биекенов Кәкен деген жалғыз инспекторы бар ол аудан көлемінде тәртіп орнатуға бел шеше, ынтамен кіріскен-ді.

- Ол кезде ауданда 6 совхоз бар, - деп еске алады бүгінде Манарбек аға. – Осы совхоздардың әрқайсысында 100-120 автокөлік бар. Басқа мекемелер өз алдына. Осы күнде кісі басса да қарсы жақ кешірім арыз жазса, босатып жібереді. Ал ол кезде қаз-тауық бассаң да жол-көлік оқиғасы болып есептелетін.Blog post image

Іс жүргізу папкасының өзі ғана 37 еді. Соның барлығын өзім жүргіземін. Ал ол кезде ГАИ-ды Мәскеу мен Алматы тексеретін. 1979 жылы жұмысымызды сол кездегі Қазақ ССР мемлекеттік автоинспекциясының бастығы Б.Коряковцевтің өзі келіп тексерді. Егжей-тегжейлі, шұқшия тексеру жүргізіп, оның қорытындысына қатты риза болған ең үлкен бастығымыз бір «Жигули» көлігін сыйға тартып, бір стационарлық постың жобасына рұқсат берді (қазіргі Күршімнен Өскемен бағытына шыға берістегі ГАИ посты). Осы сыйдың бағасы 120 мың сом болып шықты. Мұның барлығына сол кездегі облыстық ГАИ бастығы полковник Ю.А.Егоров, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы подполковник Ә.Ахметжановтар куә.

Осыдан соң лейтенант М.Балықовтың үлкейтілген фотосуретінің аудандық партия комитетінің алдындағы Құрмет тақтасында, облыстық ГАИ басқармасында, Ішкі істер министрлігінде екі жыл бойы ілулі тұрғанын көнекөздер әлі ұмытқан жоқ.Blog post image

1980 жылдың жазында Манарбек Балықов пен аудан қорықшысы (егерь) Павел Ташлаков қорықшының өтініші бойынша бірлескен рейд жасаған болатын. Төсқайың ауылының солтүстік жағындағы Аршалы деген учаскеге келгенде олар тыйым салынған кезеңде ешқандай құжат-рұқсатсыз құр атып жүрген бір топ браконьердің үстінен түсті. Екі ГАЗ-69 автомобилімен келген тәртіп бұзушы топтың ішінде Күршім ауданының прокуроры В.С. Ярошевич, Высокогор совхозы директорының орынбасары Б.И.Ковальчук, Сергеевка (қазіргі Қайнар) ауылының қорықшысы И.Воробьев, аудандық соттың жүргізушісі В.Вегерин, прокурордың жүргізушісі А.Головановтар бар екен. Олардың жолын бөгеген П.Ташлаков прокурорға:

- Валерий Сергеевич, мынауыңыз ұят емес пе? - дегені сол еді, анау:

- Қыртпай аулақ жүр, алжыған қақбас! - деп дүрсе қоя берді. Мынаның өздерін ит пе, кісі ме деп елемегені жынына шындап тиген Манарбек пистолетін қабынан суырып алды да прокурорға кезенді.

- Қолыңыздағы мылтықты беріңіз, қорықшының талабын орындамасаңыз мен қару қолдануға мәжбүр боламын! - деді ол қатқыл да әмірлі үнмен.

- Әй, ГАИ, сенің мұнда не жұмысың бар? Әлде, мені аңдымасаң жолың болмай ма? - деп енді прокурор лейтенантқа шүйліге бастады.

- Сіз мұнда құс болып ұшып келген жоқсыз. Ал астыңыздағы мініп жүрген мемлекет көлігі ГАИ-ге тікелей қарайтын мүлік, - деп жауап қатты анау да міз бақпастан. Мынаның ештеңеден тайынбайтынын аңғарған прокурор амалсыздан мылтығын П.Ташлаковқа тапсыруға мәжбүр болды. Қорықшы сол арада барлығына бірдей акт жасады. Бірақ, кейіннен бұл актінің аяқсыз қалғаны өкінішті.

Осыдан соң аудан прокуроры В.Ярошевич П.Ташлаковтың үстінен музейдегі аңдар мен құстардың тұлыптарын заңсыз жасады деген сылтаумен іс қозғайды. Бірақ, оларды жасау жөнінде аудандық атқару комитетінің шешімі бар-ды, сол себепті прокурор қорықшыға ештеңе істей алмады.

Соңынан «Казахстанская правда» газетіне белгілі журналист А.Розановтың «Қорықшыны ауыздықтау» (Укрощение егеря) деген мақаласы шығып, сонымен бұл дау тыйылған екен.

Манарбектің ГАИ бастығы болып жүрген кезіндегі қаталдығы мен әділдігін сол тұстағы жүргізушілер қауымы жырдай ғып айтады. Мәселен, шопырды жүргізуші куәлігінен айыру – оның бала-шағасын жеп отырған нанынан айырғанмен бірдей. Өйткені, ол осы төрт дөңгелектің арқасында нәсібін айырып, еңбекақы тауып жүр. Және мәшинеге әбден үйреніп алған адамның басқа жұмысқа ауысқысы келмейтіні белгілі.

«Рульдегі мас адам – қылмыскер!» - деген орыс нақылы қате айтылған сөз емес. Апаттың көпшілігі, кісі басып кету деген сияқты сұмдықтың дені осы ішімдіктің кесірінен болып жататын, әлі де болып жатқан қасірет. Ал ішіп алған жүргізушіге жалпақшешей жұмсақтық жасасаң, осы қылмысқа өзіңнің де қатысты болғаның. Ал тым қазымыр болып, бірер жүз грамм ішкен шопырдың барлығын куәлігінен айыра берсең, қарғыс арқалап, «жауыз» атанатының тағы даусыз. Манарбек сондай бір шектен шыққан оқиға болмаса, сүрінгеннің барлығына қырғидай тиген жоқ. Жеңіл-желпі қызулықпен қолға түскендерді ол өз бетінше жазалап, ұмытпастай етіп жіберетін еді. Бұдан соң әлгілер Балықов десе, айнала қашатын, бірақ, көңілдеріне кек алмайтын. Осындай жайлардың біразын әңгімелей кетсек, оқырманға қызықсыз бола қоймас деген ойдамыз.

- Қаладан келіп жұмыс істеп жүрген бір автокранның шопыры мас күйінде қолға түсіп, машинасын милицияға әкеліп қойғыздым, - деп естелік айтады Манарбек аға. -  Түннің бір уағы болған соң, құжаттарын ертең рәсімдей жатармын деген оймен үйге қайтып кеткен едім. Таңертең келсем, кезекшілікте сол кездегі өрт сөндіру бөлімінің бастығы Нұрғалиев Сәрсенбай отыр екен. «Машина қайда?» - десем, «Білмеймін» - дейді жап-жай. Сөйтсем, бұлар мән бермегендіктен, әлгі шопыр ерте келіп, мәшинесін айдап алып кетіпті. Сарыөлең жақта электр бағандарын қойып жүргенін білетін едім, соны іздеп қараңғы түсе жолға шықтым.

Раздольное ауылына таяу жердегі көпірдің жанында тұрсам, бір ГАЗ-53 автомобилі Бесжылдыққа қарай кетіп барады екен. Бір сағаттай уақыттан кейін әлгі көлік Раздольныйға қайта қайтты. Тура тас жолдың үстінде тосып алдым да, көліктен түсуін сұрадым. Бір таныс жүргізуші екен, амал жоқ, түсті.

- Іштің бе? – деп сұрадым.

- Иә.

- Бесжылдыққа түн ішінде араққа бардың ғой?

- Иә.

- Әкел правоңды!

Ананың түсі қашып кетті. «Аға, ешкім көріп тұрған жоқ қой, бір жолға кешіріңізші», - деп жалына бастады.

Екеуіміз каналдың жағасында тұрғанбыз. «Шешін!» - деп бұйрық бердім. Ол түсінбей, бетіме аңтарыла қарады.

- Осы каналдан ары қарай он, бері қарай он рет малтып өтесің. Правоңды сонда қайтарамын, - дедім. Әлгі амалсыз суға түсті. Түннің ортасы, су суық. Жеті-сегіз рет өткен соң шаршап, ішкиімінің резеңкесі ұстамай, мантырай бастады. Мен жүргізуші куәлігін мәшинесінің орындығына тастай салдым да, көлігіме қарай беттедім.

Артынан елдің бәріне түндегі оқиғаны жар сала айтып, риза болып жүргенін естідім. «Енді бітті, праводан айырылдым» - деп ойлаған едім, өзі шара қолданды да, жайыма жіберді», - деп мәз болыпты ол.

Тағы бірде Сарыөлең бағытымен келе жатқан М.Балықов Төретоғанда жол шетінде тұрған ЗИЛ-130 автокөлігінің үстінен түсті. Жақындай берген ГАИ машинасын байқай сала әлгінің шопыры көлігін тастап, далаға қарай қаша жөнелді. Тани қойды, Дарствен ауылында тұратын Хасенов деген жүргізуші екен. Ол сол бетімен талай жерге ұзап кетті. Манарбектің оны қуып жүретін уақыты жоқ еді, мәшиненің тромблерын ағытып алып, аязды күн болғандықтан, суын ағызып тастады да жөніне кетті.

Ертеңінде жұмысқа келсе, кешегі шопыр есік алдында зыр жүгіріп жүр екен. Жалпылдап сәлем беріп, лыпыл қағады.

- Кеше неге қашып кеттің? - деді автоинспектор зілденіп.

- Кеше сіз ашулы болдыңыз, бүгін ашуы тарқады ғой деп келіп тұрмын, - дейді әлгі ыржиып. Өзі де күліп жіберген Манарбек: «Мә, енді қолға түссең, аяйды екен деп ойлама!» - деді де тромблерын ұстата салды. Мұны естіген әлгі шопырдың әйелі артынан әдейілеп келіп алғыс айтты. «Енді рульде жүріп ішпеймін, ұят болды» - депті анау үйіне барған соң.

Высокогор совхозының жүргізушілері Б.Ережепов пен Г.Сют-кин-зи Пугачевтан ағаш тиеп әкеле жатып, «Ресторан» деп аталатын бұлақтың  басында бір жартыны бөліп ішіп тұрады. Дәл сол кезде үстерінен Биекенов Кәкен түсе қалған екен. Ол ағасы болып келетін Болатқа тимей, Сют-кин-зидің куәлігін алып қояды. Біраздан соң жолыққан М.Балықовқа Сют-кин-зи болған жайды ренішпен баяндайды. Манарбек әдейілеп барып, Б.Ережеповтің куәлігін сыпырып алады.

Ертеңінде кеңсеге келсе, К.Биекенов Сют-кин-зиге протокол толтырып жатыр екен. Манарбек «Мә, мынаны да кірістір!» - деп алдына Болаттың куәлігін тастай салды. Анау сасып қалып, бастығының бетіне қарай берді.

- Тегінде, - деді Манарбек зілді үнмен, - ондай жағдайда куәлікті алатын болсаң, екеуінікін бірдей ал. Әйтпесе, екеуіне де тиме!

Соңынан әлгі шопырлардың тәртібін ұжымдары қарап, өздері шара қолданған екен.

Тағы бірде Төретоғанда келе жатқан М.Балықовқа бір топ әйелді бақшаға жұмысқа әкетіп бара жатқан орман шаруашылығының автобусы жолығады. Тоқтатып, куәлігін сұрағанда әлгі Т.Оразбаев деген жүргізуші ұмытып, үйде қалдырғанын айтады. Қашқалақтай берген шопырға жақынырақ келген инспектор арақтың иісі мүңкіп тұрғанын сезе қойды.

- Ішіпсің ғой!

- Аздап ішіп едім, - деп күмілжіді анау.

- Шешін!

- Неге? Мына әйелдерден ұят қой...

- Мынанша адамның тағдырын ойламай, арақ ішкенде неге ұялмадың?!

Амал жоқ, жүргізуші шешінді. «Түс мына суға!» - деп бұйырды ГАИ бастығы. Анау түсті. Уақыт қазан айының орта шені, он минуттай тұрған соң соры қайнаған шопыр дірілдей бастады. Мұны көріп, жаны ашыған әйелдер «Болады енді, ішкен арағы тарап кетті», - деп шулай жөнелді.Blog post image

- Жарайды, шық судан, ертең правоңды алып, ГАИ-ге келесің! – деген автоинспектор көлігіне қарай бет алды. Ертеңінде келген автобус жүргізушісі шын көңілімен ұялған сыңай білдіріп, кешірім сұраумен болды. Оған бұл жолы кешірімнің берілгені рас.

М.Балықов бұдан соң КСРО Ішкі істер министрлігінің Киев қаласындағы БХСС қызметкерлері басшы құрамының білімін жетілдіру жоғары мектебіне оқуға жіберіліп, оны да үздік бітіріп қайтты. Бұл 1986 жыл болатын. Осы жылдың қыркүйегінде қоғам мүлкі үшін жаны күйетін тынымсыз Балықов Қойтас ауылындағы комсомол-жастар бригадасында қырылған тоқтыға қаулы шығарған еді. Комсомолдарды соттауға болмайтындықтан, қарамағандықтың салдарынан  шығын болған малды совхоздың мойнына қоюға күш салған.

Аудандық партия комитеті тағы шу көтерді. Осының алдында Вознесенка ауылында көктемде суық өткендіктен ауырып, тамыз айында қырылып қалған бұзаулар туралы акт жасап, совхозды өлген малды төлеуге мәжбүр еткені бар-тын. Ол жайлы Шығыс Қазақстан облыстық телевидениесі хабар көрсетіп, газеттер сын мақала жариялаған болатын. Осының бәрі сол кездегі бірінші хатшы Фрунзе Елғазыұлы Жақсылықовтың ықпалындағы басшыларға жақпады. Олар жатпай-тұрмай арыз жазып, облысқа шағым жасап, мазасыз милиционерді маңайдан кетіруге күш салумен болды.

Республикалық «Ленинская смена» газетінің 1984 жылдың                        30-қарашасындағы санында үздік инспектор М.Балықов туралы арнайы материал жарияланып, фотосуретімен берілген болатын. Ол материал да Мәкеңнің жеке мұрағатында сақтаулы екен. Соны біз оқырман назарына қаз-қалпында ұсынғанды жөн көрдік.

 

Қызметін ар-ұяттың өлшемі деп санаған

ОБХСС... Бұл әріптерді естігенде кейбіреудің бойын діріл билейді. Социалистік меншікті талан-таражға салушылықпен күрес жөніндегі милиция бөлімдері әрдайым халық байлығы күзетінде. Олар қашанда адал, ұрлық-қарлыққа төзбейтін адамдардың қолдауына сүйенеді. Біз бүгін Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Қазақ ССР БХСС бөлімінің «Үздік қызметкері» атағын жеңіп алған милиция офицері Манарбек Балықов туралы әңгімелемекпіз.

- Сен мұныңмен нені дәлелдегің келіп жүр? Немене, сенсіз біз өзімізде кемшілік бар екенін білмейді деймісің?...

Аға лейтенант М.Балықов аудан басшыларының мұндай реніштерін жиі естиді. Олардың тыным таппайтын, қай кезде де кемшілік, олқылық атаулыны қазып, жариялап жүретін осынау жас жігітті жақтыра қоймайтыны рас. Мәселен, жақында мынадай оқиға болды...

Өскемен телестудиясы  мал қыстатуға дайындық туралы рейд жүргізіп, қыстақтардың әзірлігін тексерген болатын. Бұл комиссияның құрамына офицер Балықов та шақырылған-ды. Ол ынталана келісіп, келеңсіздіктің мол жерлерін түсіруге өзі мұрындық болып жүрді. Нәтижесінде он минуттық көрсетілім өзінің нақтылығымен, шыншылдығымен өте өзекті болып шықты. Көгілдір экранда – есік-терезесі жоқ бұзау қоралар, шатырын жел ұшырып кеткен, батпаққа батқан сиыр қоралар. Мыңдаған көрермендердің алдында маңызды науқанға жете көңіл қоймайтын басшылардың атына сын айтып жатқан шопандар, малшылар мен сауыншылар...

Бұл сын кемшіліктерді жоюға себепкер болуға тиіс қой. Жоқ, аудан басшылары өре түрегеліп, ОБХСС аға уәкілі М.Балықовты кінәлауға кірісті. Жөнделіп үлгермеген нысанға тілшілерді алып барған сол ғой, әйтпесе, іздеген жанға мұндай олқылықтар қай ауданнан болмасын табылады...

Телестудия Күршім ауданына екінші мәрте рейд жасады. Бұл жолы да көптеген келеңсіздіктер қалқып шығып, малшы қауымға ешқандай қамқорлықтың жоқ екендігі айқын көрсетілді.

- Мұның не сенің? – деп шүйлікті аудан басшылығы тағы да. – Өзіңнің осы қылығыңмен бізді бүкіл облысқа масқара қылдың ғой!

Аға лейтенант ештеңе дей қоймады. Қол астындағы жұртқа әкіреңдеп, айтқанын істетіп қана үйренген жандарды дауласып жеңе алмайсың. Бірақ, Манарбек Балықов өз ісінің дұрыстығына сенімді болатын.

...Жас кезінде Манарбек малшы да болды, қой бағуға да жәрдемдесті, шофер болып та жұмыс істеді. Ауылшаруашылық техникумын тәмамдаған соң Шірікаяқ ауылына қайта оралып, механик болды. Бастапқыда жас маманға көп ешкімнің құлақ түре қоймағаны рас. Бірақ, комсомол мүшесі Балықов ақыл айтуды ғана емес, қолмен істеуді де білетін еді. Совхоз фермасы жанында механикалық сауу, автоматты суару және қиды механикалық тәсілмен шығару құрал-жабдықтары жататын еді. Оның бәрі шашылып, тат басып, ешкімге керексіз болып қалған-ды. Қоймай жүріп жөндеген Манарбек ақырында осы техниканы іске қосты. Көмекшілер де табылды, үш жылдан кейін Высокогор совхозының сүт фермалары аудан көлеміндегі ең механикаландырылған телімдерге айналды. Ет-сүт өндіру жоспары артығымен орындала бастады.

Механик Балықовты шаруашылық басшысы етіп тағайындап немесе жоғары оқу орнына жіберген жөн болар ма еді? Бірақ, ол жұрттың алдында жүріп, қылмыспен, келеңсіздікпен күрескенді артық көрді. Сөйтіп, милиция қатарынан орын алды.

Біз онымен аға ГАИ инспекторы болып жүрген кезінде танысқан едік. Инабатты да сұңғыла азамат тәртіп бұзушылармен күресте ымырасыз екен. Ал оның әділдігі жайында талай жүргізушіден естігенмін. Бұл өзіне қарасты учаскеде тәртіп орнатып, жол-көлік оқиғалары санын азайтуға ықпал жасаған милиция офицеріне берілген жоғары баға деп ойлаймын. М.Балықовқа «Қазақ ССР үздік жол қозғалысы инспекторы» атағының екі мәрте берілуі әсте тегін емес.

Милицияға жұмысқа алынған сәттен-ақ Манарбек Балықов мынадай ақиқатты ұғынған болатын: қылмысты ашып қана қоймай, алдымен сол қылмысқа барар жолды кесу керек. Теріс жолға түсуі ықтимал адамды тоқтату қиын, бірақ, қажет. Қылмыстың алдын алуды ол өзі ОБХСС-тің аға уәкілі болып тағайындалған кезден бастады, дүкендерді, сауда базаларын аралады, алдын алу бағытындағы әңгімелер өткізді. Күршімде жұрттың бәрі бірін-бірі біледі. Балықовтың келуі біреулерді әбігерге салды, енді біреулерді сескендірді, ал үшінші біреулер «енді тәртіп орнайтын болды» - деп қуанды.

Аз уақыт ішінде Балықов пен оның көмекшілері социалистік заңдылықты бұзу оқиғаларының бірқатарын анықтады. Олардың көбі мал шаруашылығы саласына қатысты еді. Кей совхоздарда мал өлімі жасырылып, комиссия келгенде басшылар мен малшылар басқа малшылардан қой, сиыр әкеліп жауып, олқылықты білдірмей жүретіні анықталды. Мұндай келеңсіздіктерді М.Балықов оңай ашатын еді, өйткені, кезінде өзі де осы салада тер төкті ғой. Сонымен бірге ол халық бақылаушылары мен  жасақшылардың көмегіне сүйенуге тырысты. Бірте-бірте Балықовқа тәртіп орнатуды сұрап, өтініш айтатындар саны көбейе түсті.

Аудан аймағын қақ жарып мол сулы Күршім өзені ағады. Одан егістік алқаптарды бойлай түрлі каналдар бөлінеді. Өкінішке орай, осы тіршілік нәрі дұрыс пайдаланбағандықтың салдарынан көңілдегідей пайда әкелмейді. Су пайдалану, агротехника шаралары үнемі бұзылады. ОБХСС аға уәкілі бұл жайға да жіті назар салды. Сөйтсе, су бөлетін шлюздің қызметкерлері тікелей міндеттерін орындаудың орнына күндіз-түні СССР-дің Қызыл кітабына енген қызыл балықты аулаумен айналысатын көрінеді. Браконьерлер қылмыс үстінде ұсталып, сотқа тартылды, сөйтіп, көлемді мөлшерде айыппұл төлеуге мәжбүр болды.

...Манарбек Балықов қызметтен қол үзбей Өскемен құрылыс-жол институтын тәмамдады. Енді ол инженер-автомобилист мамандығына ие болады. Төрт баласы бар Манарбекке «жанжалға кірісіп нең бар, текке жауыңды көбейтесің» - деп ақыл айтатындар көп, бірақ ол тыныштық пен әрекетсіздікті қатар қояды, сондықтан да заң бұзылған жерде әрекетсіз отыра алмайды. Бұл қиын-ақ нәрсе, бірақ, қажетті шара.

 

А.Розанов, «Ленинская смена» газетінің арнаулы тілшісі.

Күршім ауданы, Шығыс Қазақстан облысы

(Орысшадан аударған Х.Зәкәрия)

 

1986 жылдың қыркүйек айында Манарбек Балықов қалалық ішкі істер бөлімінің социалистік меншікті талан-таражға салумен күрес бөлімінің (ОБХСС) бастығы болып Лениногор (қазіргі Риддер) қаласына ауысады. Осы қызметте 1989 жылға дейін тер төккен М.Балықов онда да өзінің қанына сіңген тынымсыздығымен, ым-жымды білмейтін турашылдығымен көзге түсіп, лайықты марапаттарға ие болды. Төмендегі мадақ - солардың бірі.

 

Жолдас БАЛЫҚОВ Манарбек

Жедел қызмет барысындағы табыстары үшін және БХСС қызметінің құрылғанына 50 жыл толуына байланысты Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің

Қ Ұ Р М Е Т   Г Р А М О Т А С Ы М Е Н

марапатталады.

Ішкі істер министрі  Г.Князев (қолы, мөрі)

12.03. 1987 жыл.

 

М.Балықов қызмет істеген жылдары Лениногор қалалық БХСС бөлімі  алдыңғы үш орыннан төмендеп көрмеген екен. Оның бұл еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 1989 жылы дәрежесі өсіп, Лениногор қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалғаны - осының бір дәлелі. Бұл кезде Манарбектің шені майор болатын.

Қай қызметте болса да өзінің алғырлығымен, тынымсыз ізденгіштігімен, жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарайтын тиянақтылығымен көзге түсіп жүретін М.Балықов 1992 жылы облысқа шақырылып, сол кездегі полковник шенімен Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасының тыл жағынан қамтамасыз ету бөлімінің бастығы болып тағайындалды.

Сол уақытта алған мына бір марапаттарын оқырман назарына ұсына кетудің артығы жоқ деп білеміз. Ал бұлар жайлы толық әңгімені алдағы беттерден оқитын боласыздар.

 

Ұлы Абайдың 150 жылдығын мерекелеу кезінде қүқық тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтік борышын лайықты орындағаны үшін милиция полковнигі Манарбек БАЛЫҚОВ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің

Қ Ұ Р М Е Т    Г Р А М О Т А С Ы М Е Н

марапатталды.

Министр генерал-лейтенант Б.Баекенов

1995 жылдың 4-қыркүйегі.  №364 бұйрық.

(2 мың теңге қосымша сыйлық бар).

Ұлы Жамбылдың 150 жылдық тойында тәртіп сақтауды үздік ұйымдастырғаны үшін милиция полковнигі М.БАЛЫҚОВ «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

06.09.1996 жыл. №300 лс бұйрық.

Ұлы Абайдың ЮНЕСКО деңгейінде өтетін дүбірлі тойында қоғамдық тәртіптің ойдағыдай болуы үшін бүкіл республика аумағынан үлгілі, тиянақты деген милиция бөлімдері шақырылып, Қазақстанның елдігін, мәдениетін күллі әлемге паш ететін осынау айтулы шараға атсалысуға тиісті еді. Шығыс Қазақстаннан баратын арнайы топқа басшылық жасау полковник Балықовқа жүктеліп, олар межелі уақытта Қарауылға аттанған болатын. Құрамында 50-ден астам әртүрлі техникасы, милиция қызметкерлері, аспаздар, дәрігерлері бар 200 адамдық колонна көздеген уақытта Абай еліне аман-есен жетіп, өздеріне бөлінген жерге лагерь орната бастады.

- Бізге бір айтақыр алқап бөлініпті, - деп еске алады бүгінде Манарбек аға сол күндерді. - Әрі ол жер тура Ішкі істер министрлігінің штабы орналасқан үлкен шатырдың қарсы алдында екен. Сегіз қанат киіз үй тігіп, айналдыра әскери шатырларымызды көтере бастадық. Әр шатырға 20 адамнан орналасатын болды. Шатырлардың маңдайларына нөмір жазылып, онда қай бөлімшенің орналасқаны, жауапты адамның кім екені тегіс көрсетіліп қойылды. Асхана - бір бөлек, медициналық пункт өз алдына жеке орналастырылды. Қызмет көрсету тобы бір шатырға жайғасты.

Киіз үйді ерекше әшекейлеп, маңдайына Елтаңбамызды ілдік, Көк туды асқақтата желбіретіп қойдық та, маңдайшаға «ШҚО Ішкі істер басқармасы» деп жазылған тақтайшаны бекіттік. Телефон орнатылған саңырауқұлақтың (грибок) түбінде күндіз-түні күзетші тұратын болды.

Осындай әбігерлермен жүріп қатты шаршаған мен ұйықтап жатқан едім, түнгі сағат екіде күзетші оятып, сыртқа шығуымды өтінді. Сөйтсем, сол кездегі ішкі істер министрі Б.Байекеновтің орынбасары Ақынбеков деген полковник лагерлерді аралап жүр екен. Мен алдына жетіп барып, рапорт бердім. Ол кісі мені қолтығымнан алып, өз мекен-жайымызды көрсетуімді сұрады. Екеуіміз бәрін аралап шығып, дәретханаға дейін бардық. Ол жерді де барлық талапқа сай жабдықтаған болатынбыз. Сыпырғыш, хлорға дейін жеткізіліп, барлығы орын-орнына қойылған-ды. Ерлер мен әйелдердің барар жерлері бөлек. Осының барлығын көзбен көріп, ризашылығын білдірген орынбасар шатырына қайтты.

Таңертеңгі сағат тоғызда бәрімізді кеңеске шақырған министрдің орынбасары біздің лагердің өзгелерден артықшылығы көзге ұрып тұрғанын баса айтты.

- Қанша облыс келіп отырсыңдар, - деді ол менің әріптестерімнің әрқайсысына шаншыла қарап, - ешқайсыңда көңіл толар тәртіп жоқ. Қазір бәріміз жиналып, Шығыс Қазақстаннан келген делегацияның орналасқан жеріне барамыз.

Айтты, бітті... Барлық облыстардан келген колонналар басшылары жұп жазбай жетіп, біздің лагерді аралап көрді. Кейбірі сүйінгендіктерін жасыра алмай, таңдай қақса, енді біреулері тырс етпестен шыға берді.

- Міне, нағыз тәртіп осындай болады, - деді министрдің орынбасары. – Барлығың бірдей үлгі алыңдар! Келесі жылы Ұзынағашта Жамбыл бабамыздың 150 жылдық тойын өткізетін боламыз. Соған полковник Балықовты әдейілеп тұрып шақыртамын...

Айтқанындай болды, келесі жылы Ұлы Жамбылдың мерейлі тойына баратын колонна тағы да М.Балықовтың жетекшілігімен аттанды. Ал Манарбектің ол сыннан да сүрінбей өткенін тәптіштеп жатудың қажеті шамалы деп білемін.

...Зейнетке шығып, «уһ» деп арқаны кеңге салғанына бір-ақ апта болған.  Бір күні бұрынғы милиция полковнигін әйгілі «АлтайАлтын» артелінің президенті Г.В.Струтовскийдің өзі іздеп келді. Сонау ОБХСС қызметінде жүрген кезден емен-жарқын араласқан Геннадий Васильевич келе сала Манарбекке қолқасын ашық айтты.

- Манарбек Балықұлы, - деді ол, - біздің жұмысты жақсы білесің. Артельде еңбек еткісі келетіндер көп. Кадрлар да жеткілікті, бірақ, көрінгенге сеніп тапсыруға болмайтын қызметтер бар. Соның біріне өзіңді лайық көріп отырмын. Мен саған сенемін, сондықтан тізе қосып, бірге жұмыс істеп көрелік.

Сөйтіп, М.Балықов Қазақстан Республикасының «Алтын-Алмас» акционерлік қоғамына қарасты «Алтай» алтын қазушылар артелі» акционерлік қоғамының режим және шашау шығармай сақтау жөніндегі вице-президенті қызметіне тағайындалды. Бұл 1999 жылдың қаңтар айының басы болатын.

Алтын өндірісінде

БХСС қызметінде жүргенде талай рет тексеру жасап, құжаттарын қадағалап, аралас-құралас болған артель жұмысын Манарбектің тез арада меңгеріп, дөңгелентіп ала жөнелгені шындық. Оның қылтың-сылтыңды білмейтін турашылдығы, не нәрсеге жауапкершілікпен қарайтын тиянақтылығы басшылыққа бірден ұнап, сенімдерін арттыра түсті. Ал жұмыс уақытында арақ ішіп, тәртіп бұзғандармен ол көп сөйлеспейтін. Соның нәтижесінде артельдегі біраз босаңсып қалған тәртіп аз уақыттың ішінде жолға қойылып, шаруа ширай бастады.

- Сонау кеңес өкіметі кезінде геологтар бұл аймақты егжей-тегжейлі зерттеп, картаға түсіріп қойған, - деп түсінік берді бізге Манарбек ағамыз. – Бірақ бұл карта үнемі дәл келе бармейді. Ал оның сәйкеспейтін тұстарына келгенде бірталай құжаттар жасалып, әлгі алтынсыз жерлер есептен шығарылып отырады.

Алтын өндірісінде жеті жыл бойы мінсіз еңбек еткен Мәкеңе біз «егер құпия болмаса, алтын қалай алынады, ол қалай тасылады, сол туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берсеңіз қайтеді?» - деп қолқа салған едік.

- Ә, оның қазір ешқандай құпиясы жоқ, - деді де ол әлденені есіне түсіргісі келгендей, сәл ойланып қалды. Бір кезде ыңғайланып отырып алды да, бұл саладан хабары жоқ қай адамға болмасын тосын жаңалық болып табылатын осынау жайдан әңгіме шертуге кірісті.

- Алтыны бар жердің алдымен бетіндегі майда топырағы сыпырылып алынады, - деп бастады сөзін Манарбек аға. – Содан соң малта тасты қабат сыпырылады. Бұл қабат тек бір жағына қарай, құмға жеткенше сыпырылады. Қазу жұмыстары басталарда жасалған шартқа сәйкес кейін осы бірыңғай үйіліп қойылған малта тас жайылып, үстіне қара топырақ төгіліп, тегістелуі керек. Ал оның үстіне ағаш егілетін болады. Бұл маңызды шараға аудандық әкімдік, орман шаруашылығы, экология маманы қатысып отыруға тиіс.

Алтыны бар құм жиналып, «прибор» деп аталатын құрылғыға жеткізіледі. Арнаулы насос айдаған су 10 атмосфералық қысымның тегеурінімен ұрғанда  артық-ауыс заттар шайылып ұшып кетеді де, құм сумен араласып, төмендегі төңкеріп қойған конус сияқты бөлшек арқылы оған киіліп тұрған «лоток» деп аталатын астауға түседі. Ал осы лоток-астауда 45-60 градус көлбеу орнатылған трафареттер тұр. Оның астында резеңке кілемшелер (коврик) бар. Осы жұмысқа жауапты адам әлсін-әлсін «лотоктың» шетінде тұрған брустарды алып, трафареттің бетіндегі малта тастарды сырғытып, алып тастайды. Ал бір жерден саңылау табылса, «прибор» бірден тоқтатылады. Себебі, алтынның ысырап болуы ықтимал. Трафареттерді жоғарыдан төмен қарай алып отырады. Лотоктың ұзындығы 10-12 метр, ол қиғаш, бір жағына қарай еңіс қойылған. Одан сырғып шығып жатқан тастарды арнайы қойылған бульдозер аулаққа итеріп тұрады. Осы лотоктың өзі екі пломбымен бекітілген, бұл нөмірі қатаң түрде тіркеліп жазылған пломбының бірін учаске бастығы қояды, ал екіншісі - алтын қабылдайтын кассаның пломбысы.

Резеңке кілемшедегі ұсақ тастар көсеу сияқты арнайы құралмен сыпырып алынып отырады. Соңынан кілемшелерді лотоктың төменгі жағынан «головка» деп аталатын бөлікке соққылап, сумен жуады. Сонда олардағы заттардың барлығы әлгі «головкаға» түседі. Сол кезде құм-тасымен, алтынымен бірге бәрі шелекке құйып алынады. Ал шелектегі қойыртпақ зат комиссияның қатысуымен аузы берік бұралатын контейнерлерге құйылады. Қақпағы мен корпусында ілмектері бар осы контейнерлер әлгі ілмектерден сым темірмен байланып, екі жерден пломбы салынады. Ал мұның барлығы   минут, секундына дейін журналға мұқият жазылып, куәлар қол қояды. Бұл уақытта прибордың маңына ешкім жақындауға тиіс емес. Анадайда карабинін серт ұстаған күзетші тұрады. Ал қабылдаушылар тегіс пистолетпен қаруланып жүреді.

«Қабылдау өткізілді» деген үш дана түбіртек жазылып, оның бірі алтын қабылдайтын кассаға келеді. Бірі приборда қалады. Ал бұл нөмірленген  квитанциялар қатаң түрде есептеліп отырады. Қабылдауға баратын адамдар арнайы киім киеді. Бұл киімнің қалтасы жоқ, жағасы мен жеңі, балағы резеңкелі, тұйық болып келеді.

Бұдан соң әлгі адамдар алтын қабылдайтын кассаға кіріп, қаруларын өткізеді. Осы арада бұл шаруаны аяғына дейін жеткізетін бөлме бар. Онда вибратор тұр. Краннан су ағызылып, ерсілі-қарсылы солқылдап тұратын үстелге манағы контейнердегі қоймалжың зат салынады. Сол жерде барша құмы жуылып, алтын арнайы қойылған ыдысқа түседі.

Әлгі үстелге ең соңғы алынған алтын жайылып, біркелкі ағып тұрған су астында қолмен ақырғы қиқымдардан тазаланады. Бұдан соң таза алтын ылғалдан әбден арылуы үшін электрмен жұмыс істейтін қуыру (обжарная) пешіне қойылады. Осы жерде алтын қатаң белгіленген уақыт ішінде кептіріледі. Ал сәл кеппей, ылғал кетер болса, қалаға апарып, микронды таразымен өлшегенде салмағы жетпей қалуы мүмкін.

Ал әлгі арада алынған алтынды жауапты үш адам кезекпен өлшейді. Өлшегенде олар бірінің жазғанын бірі көрмеуге тиіс, әрқайсысы шыққан салмақты қағазға жазады да аударып тастайды. Квитанция жазатын адам гирлерді тізіп отырып, миллиграмға дейін есептеп, әбден көзі жеткенде ғана әлгі салмақты қағазға түсіреді. Бұдан соң алтын целлофан қапшыққа, содан соң кенеп қапшыққа салынады. Қапшыққа алтынның қай прибордан алынғаны, комиссия мүшелерінің аты-жөні, салмағы түгел мұқият жазылып салынады. Бұл қапшық та екі пломбымен бекітіледі. Пломбының бірі алтын қабылдайтын кассанікі де, екіншісі бас геологтікі. Осыдан кейін қапшық контейнерге салынып, сейфке тоғытылады. Сейфтің сыртына алтын қабылдайтын касса мен учаске бастығының пломбысы салынады. Сейфті бұдан кейін алтын қабылдайтын кассаның кезекшісі қабылдап алады. Ал бұл кассаға артель президенті Г.В.Струтовскийдің өкімімен бекітілген санаулы адам ғана кіре алады.

Тәулігіне қанша алтын алынып жатыр - бұл ақпарат рация арқылы құпия шифрмен Өскемендегі президенттің офисіне күніне екі рет: таңертеңгі 9.00-де және кешкі 16.00-де жөнелтіліп отырады екен. Бұл шифрды Г.Струтовский мен М.Балықов қана біледі.

Өздері қажет деп тапқан уақытта «Казцинктің» афинаж цехы (алтынды қабылдап, балқытатын цех) «жеткізіңдер» деген нұсқау береді. Мұның бәрі шифрмен айтылады. Қойтастағы артельден ешкім білмейтін, М.Балықовтың өзі белгілеген уақытта тас-түйін қаруланған, броньды кеудеше киген үш адам алтынды Өскеменге алып жөнеледі. Алтынға көз тігетіндердің аз емес екендігі белгілі, сондықтан аттанар уақыт М.Балықовтың қалауы бойынша ойда жоқта тағайындалады және олардың қай уақытта шығып кеткенін ешкім аңғармай қалады. Онда аман-есен жеткен соң (осы уақытқа дейін қастандық, шабуыл дегендер болған емес) барлық сенім қағаздары, актілері, басқа да құжаттары сақадай сай вице-президент (М.Балықов) 4 күзеттен, ең соңында тыр жалаңаш тексеру құрылғысынан өтіп, басқалармен бірге арнаулы киім киеді. Техникалық бақылау бөлімінің бастығы, цех бастығы, балқытушылар, режим бастығы түгел кассада тоқайласады. Алтын контейнерден алынып, басқа ыдысқа салынады. Одан соң барлығы бірдей шұқшия тексеріп, оның сапасын анықтайды. Алдыңғы жазылған квитанция бойынша алтын электронды таразымен шыт жаңа қайтадан өлшенеді. Ал одан әрі алтынның балқытылуы, шлагының алынуы, сапасының әбден нақтылануы - өз алдына жеке бір күрделі үдеріс (процесс).

Осы аса жауапты, стратегиялық маңызы зор шаралардың барлығына Манарбек ағамыз бастан-аяқ қатысып отырды. Және ол бұл кез келген адамның маңдайына жазыла бермейтін жауапкершілігі мол қызметті жеті жыл бойы мінсіз атқарды.

- 2003 жылдың жазында біздің артельге облыс орталығындағы ҰҚК департаментінен екі полковник келді, - деп еске алады М.Балықов. – Олар «Алматы облысындағы қара базарда қолға түскен ұрылардан тәркіленген алтындағы таңба сіздердің пробаларыңыз болып шықты, демек, артельде алтын ұрлау фактісі бар» - деген әңгіменің шетін шығарды. Жауап ретінде артельдің вице-президенті әлгі екеуін жоғарыдағы процеске қатыстырған екен. Олар мынадай құпиялылыққа естері кете таңырқап, жағаларын ұстайды. «Жоқ, бұл жерден алтынның ұрлануы мүмкін емес екен», - деп шынымен мойындаған оларға Манарбек Қойтастан басқа Үшбұлақ маңындағы Қиынбұлақ деген жердегі «Самсунг», Алтайдағы «Платопокровская» атты Третьяковтың артельдері бар екенін айтып, бағыт-бағдар береді. Онда барған екі полковник олардың алтынды жабайы түрде, «АлтайАлтындағыдай» тәртіптің нышаны да жоқ қарадүрсін тәсілмен өндіріп жатқандарын көріп, шынымен үрейленіп қайтыпты...

Жеке-дара сөйлесе, автор сөзінің жалаң, нанымсыздау болып шығуы әбден мүмкін ғой. Сол себепті мен Манарбек ағамыздың бірге жұмыс істеп, дәмдес-тұздас болған, көп уақытты бірге өткізген әріптес, сырлас таныстарымен жүздесіп, олардың М.Балықов туралы пікірлерін білуге талаптанған едім. Алдымен бүгінде Өскемен қаласының «Күленов» кентінде тұрып жатқан бір кезде атағы КСРО-ға танымал болған «АлтайАлтын» артелінің президенті Г.В.Струтовскиймен әдейілеп барып жолығып, кең отырып әңгімелестім. Қартаң тартып, албаты жүріп-тұрудан қалған Геннадий Васильевич мені ежелгі танысы ретінде қуана қарсы алып, шешіле әңгімелесті. Көрген-түйгені, білетіні көп қария талай сырдың тиегін ағытып, мені де әжептәуір ақпаратпен «жарылқап» тастады. Сөз М.Балықов жайына ауысқанда ақсақал бірден байсалды қалыпқа еніп, әңгімені қысқа да нұсқа қайырды.

- Манарбек Балықұлын осынау жауапты жұмысқа ат-түйедей қалап шақырып алған өзім, - деді ол нық үнмен. – Басқа кісі табылмай қалған жоқ, әрине, бірақ маған оның темірдей тәртіпті жақсы көретін тиянақтылығы, екі сөйлемейтін бірбеткейлігі мен адалдығы ұнайтын. Онымен жұмыс істей жүріп, мен қателеспегенімді айқын ұғындым. Вице-президенттік қызметті жеті жыл бойы атқарғанда Манарбек бір жерден ши шығарып көрген емес. Ақшаға, алтынға қызығып немесе бас пайдасы үшін біреуді жарға итеру деген ол үшін жат қылық. Ал тәртіпке немқұрайды қарағандармен, жеңіл мінезді жолбикелермен Манарбек көп сөйлесіп жатпайды. Мен өз басым ол  жүрген жерде темірдей тәртіп болатынына кәміл сенгендіктен, артель жаққа көп алаңдай бермейтінмін. Ал Балықов сол сенімді ақтай білді...

Мәкеңнің қазіргі кезде қызмет атқарып жүрген жері де асқан жауапкершілікті талап ететін кәсіпорын. «Самай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қауіпсіздік қызметінің күзет филиалының директоры И.Г.Немцев әріптесі туралы мынадай пікірді ортаға салды.

- Мен Манарбек Балықұлын милиция қатарында қызмет істеп жүрген сонау жастық шағымнан жақсы білемін. Онымен таныс-біліс болғалы отыз жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында көзім жетіп, көңілім сенген жай мынау: Манарбек елгезек, еңбекқор жан. Өзі де жанын аямайды, өзгелерден де соны талап етеді. Оның басты қасиеті – екі ойлы болып, толқып тұрғанды білмейді, ойына не келсе де ірікпей айтып салады. Қадалған жерден қан алатын табандылығымен қатар кімге болсын көмектескісі келіп тұратын жанашыр мінезі де көпке ұнайды.

Ал Мәкеңмен қызметті Лениногор қалалық БХСС бөлімінде істеп жүрген кезде бірге бастаған Ермұхамбет Ахметовтің айтқаны да алдыңғы ағаларының пікірлерінен алшақ кеткен жоқ.

- Ол кезде Манарбек аға - бастық, - дейді Е.Ахметов, - мен инспектормын. Ә дегеннен ұғысып, аға-іні болып кеттік. Мәкеңнің тәрбиесін алғанымыздың арқасында талай табыстарға қол жеткізіп келеміз. Өзім де полковник шенімен зейнеткерлікке шықтым. Бірақ, Манарбек ағамыздың алдында әлі күнге сонау жас лейтенант кезіміздегідей лыпылдап тұратынымыз шындық.

Ол кісі қатал, қатал да болса - әділ, тәжірибелі де қамқор адам болып есімізде қалды. Және сол мінезінен әлі күнге айныған жоқ. Бізді Мәкең шыншылдыққа, ұқыптылыққа баулыды. Қысылған шақта жәрдемін де аяған емес. Сондықтан да оның алдында мәңгі қарыздармыз!

Міне, бұл - Манарбек Балықовпен ұзақ жылдар бойы істес болып, бірі басшылық еткен, енді бірі бағынышты болған мінез-құлқы да, тәлім-тәрбиесі де, тіпті ой-пиғылы да бөлек жандардың ортақ пікірі.

Отбасы - ошақ қасы. Өмірдегі ең басты тиянақ.

- Мен өзім 1951 жылдың 22-маусымында Шірікаяқ ауылында дүниеге келдім, - деп бастады әңгімесін Манарбек ағамыздың өмірлік серігі, адал жары Әйгерім Манапқызы. - Соғыс кезінде еңбек армиясында болған әкем Қабылов Манап сол ауылда қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берді. Ол кейінірек Сарыөлеңде де ұстаздық етті.

Ал анам, көпке әйгілі ұстаз болған Бибінұр Ибатолдақызы география мен тарих пәндерінен дәріс берген болатын. Ол кісі кезінде Самар өңіріндегі Жаңажол ауылында ағасы соғысқа аттанған соң, 11-класта оқып жүріп бала оқыта бастаған екен. Алматының ЖенПИ-ін бітіріп келген соң әкем екеуі бас қосып, отау көтерген. Біз ата-анамыздан бес бала едік. Манас бауырым 1952 жылы туған, Абай - 55-ші жылғы, Мардан 57-ші жылы туса, кенжеміз Мақат 1959 жылы өмір есігін ашыпты.

Blog post imageМанарбек екеуіміз 2-кластан бастап бірге оқыдық. Мәкең бала күнінен тентек болды, бірақ маған сол уақыттан-ақ қамқорлық жасай бастағаны шындық. Өзге балалардан қорғап, ешкімге тиіскізбейтін еді. Класс болып саяхатқа шыққанда сөмкемді көтеріп, өрге, тасқа шықсам, қолтығымнан демеп, көп көмек көрсететін.

Бертін, екеуіміз үйленуге бел буғанда ата-анам қарсы болды. Ол түсінікті де еді, ертең кім болары белгісіз жетім баланы менсініңкіремегендері рас. Дегенмен, мен айтқанымнан қайтпадым да, әке-шешем ақыры көнді.

Өзіңіз білесіз, Манарбек әскерде теңізші болды. Мен оны 4 жыл тостым. Бұдан соң мен институтқа түстім де, ол мені 4 жыл тосты. Мен 4-курсты бітіргенде үйленіп, өз алдымызға үй болдық. Сонда алғашқылардың бірі болып екі үй тойды бірігіп жасаған еді. Той өткен соң мен Өскеменге, Манарбек Павлодарға оқуымызды аяқтауға аттандық.

Blog post imageОқуды тәмамдаған соң Шірікаяққа оралып, сондағы В.И.Ленин атындағы орта мектепте биология мен химиядан сабақ бере бастадым.

...Жас отбасы сол кезде даяр үй болмағандықтан Манарбектің Қазбек ағасымен бірге тұра бастаған-ды. Ол кісінің өзінің 5 баласы бар. Шешелері Шөкей апа бірге. Сабақ даярлауға да қолайсыздық көп болатын. Дегенмен, «көңіл сыйса, бәрі де сыяды» деп тату-тәтті тірлік кешіп жатқан еді бұлар.

Бір жылдан соң Манарбекке совхоз маман кадр деп телефоны бар пәтер берді. Содан бастап олардың тұрмыс жағдайы да біртіндеп жақсара бастаған болатын.

Осынау тату да тәрбиелі, зиялы отбасында төрт бала дүние есігін ашып, еліміздің бір-бір белді азаматы болып жетіп келеді. Әңгіме осы жанұя жайлы болғандықтан, оларды оқырман қауымға тиянақтап таныстырып кеткеннің артығы бола қоймас.

Ата-ананың тұңғышы, ерке қызы Бақыт өмірге 1974 жылы келді. Ол Өскемен құрылыс-жол институтының автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы факультетін бітірген соң әкесінің жолын қуып, милицияға қызметке орналасқан болатын. Қылмысты іздестіру бөлімінің инспекторы Бақыт Манарбекқызы заңгер мамандығын Алматыда оқып меңгерсе, кейіннен СДИ-дың экономика факультетін тәмамдады. Бүгінде ол Ішкі істер департаменті ішкі қауіпсіздігінің аға инспекторы қызметін атқаруда. Бақыттың ұлы Абзал ШҚМТУ колледжінің 3-курсында бағдарламалық қамту факультетінде білім алып жатыр.

Ал ұлдың тұңғышы Талап 1975 жылы туған. Ол алдымен Лениногор орман техникумының механика факультетін тәмамдаған болатын, кейіннен құрылыс-жол институтының жол қозғалысын ұйымдастыру факультетін бітірді. Әскерде шекара күзетінде болып, соңынан келісім-шартпен сонда қалды. Қазір ол аға лейтенант шенімен №5518 әскери бөлімде взвод командирі болып қызмет етуде. Петропавловск қаласындағы ҚР Ішкі істер министрлігі Жоғары әскери училищесінде біліктілігін арттыру курсында болып, сол оқуды үздік грамотамен бітіріп келді. Талаптың үш баласы бар, Рүстем - 13-те, Томирис 5-ке толды, ал кішкентай Венера 1 жаста. Оның зайыбы Маржан ШҚМУ филология факультетін аударма  ісі мамандығы бойынша бітірген, қазір «Қазақтелеком» облыстық дирекциясында кеңейтілген қызмет орталығының қызмет көрсету бойынша маманы болып еңбектенуде.Blog post image

Одан кейінгі Мерхат та Лениногор орман техникумының механика факультетін бітірді. Бұдан соң жоғары білім алу мақсатында құрылыс-жол институтына түсіп, одан автомобиль және автомобиль шаруашылығының инженер-механигі мамандығын алып шықты. Ол Күршім шекара отрядында келісім-шарт бойынша қызмет атқаруда. Қазіргі кезде Алматы байланыс институтында өз қызметіне сай білімін жоғарылату мақсатында оқуын жалғастыруда. Мерхаттың зайыбы Әсем жоғары білімді эколог, сақтандыру компаниясында қызмет істейді. Ұлы Қуаныш 12 жаста, қызы Зарина - сегізде.

Манарбек пен Әйгерімнің кенжесі Әлфия 1980 жылы туған. Ол ШҚМТУ-дың кеден ісі факультетін бітірген. Үздік оқыған түлекті ондағылар өздерінде ұстаз болып қалуға үгіттеп, талапты қыз қазір сол университетте аға мұғалім болып қызмет істеп жүр. Кейіннен экономика факультетін тәмамдаған Әлфия Манарбекқызы өткен жылы экономика ғылымының кандидаты деген ғылыми атақ қорғады. Оның жұбайы Болат «Қазақтелекомда» ішкі аудит бастығы қызметін атқарады. Ұлдары Даниялдың туғанына тоғыз ай болды.

Дүниеге төрт бала әкеліп, тәрбиелеп өсірген Мәкең мен Әйгерім жеңгейдің бүгінде немере сүйіп, арқа-жарқа тірлік кешіп, бақытты ата мен әже болып отырғаны рас. Немерелерінің қысы-жазы аталарының үйінен шықпай, қашан барсаң шуға, көңілді дуға толтырып жатқанын көргенде көңіл төрінде «өмірдің бақыты да, байлығы да ата-ананың үмітін ақтап, сенімінен шыққан ұрпақта екен ғой» деген қанағатты ой бас көтереді. Ал мұның қапысыз ақиқат екендігіне ешкімнің күмәні бола қоймас.

Туысқандар,

тату боп, ешқашанда суыспаңдар!

- Өмірдегі ең негізгі арқа сүйер тірегім, әрине, алдымдағы апайым Қазиза болғаны рас, - дейді Манарбек аға. – Ол кісі барып тұрған қажырлы да қайсар, бейнетқор адам еді. Жездем Қанаш екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірді. Әкенің орны бөлек дегенмен, бала өсірудің бар бейнеті ананың мойнына артылатыны белгілі. Сол ұрпағын қажымай-талмай мәпелеп, дұрыс тәлім-тәрбие беріп өсіруде апайымның еңбегі ерекше болды десем, асыра айтқандық бола қоймас. Бұл еңбегі мемлекет тарапынан да өз бағасын алды. Кеңес өкіметі кезінде «Батыр ана» атанып, Алтын жұлдыз тақса, Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасының «Алтын алқасымен» марапатталды. Бар баласының үй болғанын көріп, немере-шөбересін сүйіп, тағдырдың маңдайына жазған қызығын көрді деп айта аламын.Blog post image

Ал осы 10 жиенімнің ішінде, басқаларының көңіліне келмесін, өзімнің тәлімімді алып, жетелегеніме еріп, біршама жақын жүргені - Әділбек. Оны мен ешқашан жиенім деп атаған емеспін, «інім» деймін, ол да мені «аға» деп атайды. Бүгінде аудандағы аса жауапты бір мекеменің директоры болып отырса да алдымда зыр жүгіріп, «ағалап» тұратын Әділбектің бір қасиеті – жетелегенге ере, айтқан ақылыңды қаз-қалпында жүзеге асыра білетіндігі дер едім. Әйтпесе, не қолынан түк келмейтін, не жетелегенге ермей, жігеріңді құм қылатын қыңырлар аз ба?..

- Әділбектің зайыбы Әсия да оңынан жолыққан жақсы жан болды, - деп әңгімеге араласты Әйгерім жеңгей. - Ол Шірікаяқта менен дәріс алған  өзімнің шәкіртім болатын. Оған үйленемін дегенде Әділбекті біз шын көңілмен қостап, ақ тілеуімізді білдірген едік. Әсия жақсы оқыған, ақылды қыз болатын. Нәтижесі жаман емес, қазір олар Күршімдегі «мынау» деген отбасының бірі. Әділбектің өз басы өте қайырымды болды, бауырларына да, қайын жұртына да көп жақсылық жасады...Blog post image

Қазиза апайының екі қызы - Айгүл мен Розаға Манарбек ағаларының «көп балалы отбасынан шыққан балалар» деп жоғары оқу орнынан жолдама алып бергенін жұрт біледі. Содан ол екеуі Өскеменнің СДИ-ы арқылы Мәскеудің МАДИ атты оқу орнына түсіп (Мәскеу автомобиль жолдары институты), оны жақсы оқып бітірді. Қазір екеуі де үйлі-баранды, Айгүл кәсіптік мектепте компьютерлік бағдарлау пәнінен (программирование), ал Роза ШҚМТУ-да осы пәннен сабақ береді.

Мәкеңнің Қазбек ағасынан 5 бала қалды. Олар шеттерінен талапты болып,  тегіс жоғары білім алды. Қазбек ақсақал 2000 жылы дүниеден өтті. Ал оның зайыбы Майра Солтанқызы мінезі кең, аса бір жақсы адам еді. Әйгерім екеуі абысын болып, бір үйде тұрғанда ешқашан ыдыс-аяқ сылдырлап көрмеген екен. Мұның өзі «абысын тату болса - ас көп» деген нақылдың айқын көрінісі емес пе. Майра жеңгей 2005 жылы бақилық болды.

Манарбектің өз анасы Шөкей апамыз Смағұл деген кісінің жалғыз қызы болыпты. Ол кісі 100 жастан асып барып, ақыл-есі бүтін күйде марқұм болды. Әжеміздің мерейтойында арнайы мақала жазып, аудандық, облыстық газеттерге жариялағанымызды жұрт әлі ұмыта қоймаған болар. Төменде сол мақаладан үзінді келтіріп отырмыз.

...2006 жылдың тамыз айында Шөкей (Айымбүбі) Смағұлқызы асқаралы биіктен бой көрсетіп, тура 100 жасқа толды. Ерке өскен жалғыз қыздың маңдайына өзінен он жас үлкен Құптияр деген азаматқа тұрмысқа шығуды жазған екен. Ол кісі кеңес өкіметі белсенділерінің бірі болды да, сонау аумалы-төкпелі кезеңде апамыз таршылық көрген жоқ. Өкінішке орай, Құптияр соғыс бастала салысымен майданға аттанды да, сол күйі хабар-ошарсыз кетті. Жастай жесір қалған Шөкей апамыз қайтадан тұрмысқа шығуды ойына да алмай, Қазиза, Қазбек, Манарбек атты үш баласын өзі өсіріп-жеткізді.

Blog post image

Қартайған шақта көз жанарынан айырылған анасын кіші ұлы Манарбек  қолына алған болатын. Шөкей апа соның қолында тұрып, барлық немере-шөберелерін өзі тәрбиеледі.

Үлкен ұлы Қазбек пен келіні Майраның өмірден озғанына талай уақыт болса да, әжей оларды жиі еске алып, аттарын атап отыратын-ды.

- Әй, Манарбек, - дейтін еді ол кейде әлденені есіне түсіріп. - Осы, Қойтастағы Зада, Қорықпастар бар ма?

- Жоқ, - деп жауап қайтарады ұлы. – Олардың көзі кеткелі жиырма жыл болды.

- Ойбой, - деп басын шайқайды әжей. – Бұлардың ішіндегі ең мықтысы мен болған екенмін ғой...

Шынында да Шөкей апамыз - сүйегі асыл адам. Жүзге толып отырса да әлі күнге санасы сергек, сөзі ширақ. Көзі көрмегенмен, ешнәрсені ұмытпағандығына қайран қаласың. Менің аты-жөнімді сұарап білген бойда шешемнің өмір тарихын қолмен қойғандай етіп баяндай жөнелген әжейге таң-тамаша болып, қарап тұрып қалғаным рас. «Оның бәрін қайдан білесіз?» - дегенімде:

- Қайдан білгені несі, шешең бала күнінен біздің Қазизамен бірге өсті емес пе, - деп осының бәрі күні кеше ғана болғандай, анық жауап берді. Ал Қазиза шешей мен менің анамның өмірден өткеніне де біраз жылдың жүзі болып қалған еді.

Әжемізді тамырын тереңге жіберген мәуелі бәйтерекке теңеуге болады. Бүгінгі күні ол кісі үш баласынан 19 немере, 32 шөбере, 4 шөпшек сүйіп отыр екен. Тұтастай бір ғасыр ғұмыр кешкен бақытты адамның қуанышына шын көңілімізбен ортақтасып, әжеміздің алда да ұрпағына жөн сілтеп, ақыл-кеңесін айтып, олардың таусылмас қызықтарын бірге тамашалай беруіне тілектестік білдірдік.

Хасен Зәкәрия

20-тамыз, 2006 жыл. «Дидар» газеті

Қойтаста тұрған селебе Ахметқалидың бәйбішесі Зейнеп Құптиярдың қарындасы, сондықтан одан туған Ерәлі, Мүбәрак (Укән), Бақтый, Жақсылық пен Тілеубектер Манарбек ағамызға жиен болады.

- Құптияр атамның қара шаңырағы, қара қазаны түгелдей солардың қолында қалған, сол себепті олар менен қырық серкеш даулай алмайды, - деп күледі Мәкең. - Ерәлінің балаларының ішінде менің тәрбиемді алып, соңымнан ергені - үшінші ұлы Қадылбек. Сәл тентектеу дегенмен, ол менің тілімді алып, жүр деген жағыма жүрді. Содан жаман да болған жоқ. Қадылбек өзімді әлі күнге сыйлайды, сондықтан да оған разымын.

Ал оның үлкен ағасы Машатбек Зырянда дүниеге келген. Ол туғанда Манарбекке ұйқас болсын деп атын Машатбек қойыпты.

Осылай дей келе Манарбек аға Ерәлі ақсақалға байланысты тарихты қозғап, аса бір өкінішті әңгімені ортаға салып өтті.

...Қазіргі Қойтастың жоғарғы жағындағы Мысықтас деген жерде сонау соғыстың алдындағы кезеңдерде жеке колхоз болған екен. Колхоз болған соң оның азды-көпті малы бар. Әйелдер сиыр сауып, майын мемлекетке өткізеді. Әр келі май, әр ожау сүт қатаң есептеулі, басшылар шаш ал десе, бас алады.

Сол сиыр табынында асыл тұқымды бұқа жүреді екен. Өзі де бір ерекше кесек, сүзеген жануар болса керек. Бір күні әлгі бұқа сауыншы әйелдерге ұмтылып, қауіп төндіргенде Манарбектің атасы Балық қария таяғын көтеріп, арашаға жүгіреді. Долырып алған асау бұқа оны бұйым құрлы көрмей, найзадай мүйіздерімен шаптан іліп алып, бір-ақ лақтырады. Балық ақсақал сол жарақатынан оңалмаған күйі көп ұзамай қайтыс болады.

Сол кезде небәрі 14 жастағы Ерәлі намысқа шауып, қатты ширыққан екен. Жақсы көретін нағашы атасын сүзіп өлтірген жауыз бұқадан кек алуды көздеген ол бір күні қораға кіреберісте тығылып тұрып, екі аша айырды жүгенсіз кеткен хайуанның  қолтығына сұғып кеп алады. Бірақ, айырын қайта суырып алуға шамасы келмей қалса керек, ауыр жараланған бұқа өкіріп-бақырып басы ауған жаққа кетеді. Арам өлген бұқаның қолтығындағы айырды танып қойған басшылар «қоғам малына қастандық жасаған дұшпан» деп он төрттегі Ерәліні соттатып жібереді.

- Сотталып жүріп Зырян жаққа барған Ерәлі өзінің өмірлік серігі болған Гүлсара тәтемді тауып алды, - деп күледі Манарбек аға. - Демек, істі болғанының оған пайдасы да тиді...

Ал Әйгерім апайдың төрт бауыры да Өскемен құрылыс-жол институтын бітіріп, тегіс жоғары білім алған екен. Әсіресе Манас ынталы, талапты да еңбекқор болыпты. Ол ПМК-2404 кәсіпорнында мастер болып жұмыс істеді. Бурабайдың, Маралдының мектептерін салған бригадаға жетекшілік жасады. Өмірден ерте кеткен Манастың қызы Дәмелі бүгінде Алматы қаласында тұрады, балалы-шағалы жан. Марданнан Жанна деген қыз қалды, ол да Алматыда, банк жүйесінде еңбек етеді. Ал Мақаттың қызы Гүлфия Манапова бүгінде Атырауда, «Қазмұнайгаз» компаниясының құрамындағы шетелдік фирмада жетекші маман.

Өзіне нағашы саналатын қауымнан Манарбек ағамыз Маралды ауылында тұрып, көп жылдар совхозда бас зоотехник болып қызмет істеген Бүкбаев Қасым қарияны ілтипатпен ауызға алып отырады. Ол кісі бүгінде Өскеменде тірлік кешіп жатыр.

- Балық атам екі әйел алған адам еді, - дейді Мәкең, - бірі кенегестің қызы болса, екіншісі - өтейден. Сол себепті менде нағашы жұрт - екеу.

Қасым аға жастау кезімде қолтығымнан демеп, астыма ат мінгізіп, балаларыма төлге ен салдырып дегендей, шынайы ықыласымен бауырға тартқан адам болғандықтан, жаныма өзгеше жақын. Әлі күнге дейін жақсы араласып, сыпайы сыйласып тұрамыз.

Қасым Сағидолдаұлы Маралиха совхозында 19 жыл бас зоотехник болып қызмет істеді. Ал оның ұлдарының ішінен әкесінің жолын қуған ешкім шыққан жоқ, қайта сыйлас ағалары - менің жолымды қуып, үш ұлы бірдей милицияда қызмет істеуде. Үлкен ұлы Мұрат - полковник, Марат - капитан, Қанат - ол да капитан. Қанаттың келіншегі - милиция майоры.

Тағы бір нағашымыз - Совет Немеренов. Ол кісі де кезінде көмек беріп, жақсы сыйласқан азамат. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді», - дегендей, әр тиынды санап жұмсайтын студент кезімде 30 сом беріп, «жарылқағаны» шынында да ұмытылмайтын жай.

Ал қайнағам Тоқтағанов Сәлімбек те жанашыр, пейілі кең адам болды. Новочеркасскіде оқып жүргенде сол кездегі құнды ақшамен 30 сом  аударғанын қалай ұмытайын? Кенже қызым Әлфия туарда қойшыларды өзі аралап жүріп, «Әйгерімнің қалжасы» деп тайыншадай семіз қой әкеліп бергені де сол қамқорлықтың бір көрінісі емес пе.

Ал шынайы ақылшы болып, қолтықтан демеген құдам Хайруллин Рашат Саматұлының орны бір бөлек. Көлік алғанымда шын көңілімен қуанып, көрімдігін ұсынып дегендей, бар  пейілін салғаны - сол жақсы көргенінің айғағы деп білемін. Сондай-ақ, Қойтастағы беделді қариялардың бірі болған ағайымыз Қабылмәжінов Бөкенді де есіме ілтипатпен аламын. «ГАЗ-69» атты мәшинені жөндеп-құрап жүргізіп, мініп барғанымда «Ой, қарғам-ай, сенің  көлік мінгенің қандай жақсы болды!» - деп 700 сом ақша ұстатқаны, «Әйгерім менің келінім емес, қарындасым. Оған ат мінгіземін!» - деп тай жетектеткені қалайша естен шықпақ?!

Ал 1999 жылы «Алтайалтынға» келгенімде Қисарин Шәукен ағамыздың  әдейілеп келіп:

- Мен жақын ағаңның бірі боламын. Шырағым, бұдан былай араласып тұрайық! - дегені де есімнен шыға қоймас. Содан кейін Қисариндер әулетімен арамызда шынайы сыйластық қарым-қатынас орнаған болатын. Бұл сыйластық әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр.

 

Достың орны бір бөлек

Кейбіреулер дос пен жай жолдастың ара-жігін ажырата қоймай, «менің досым көп» деп күпініп отырады. Негізінде, адамда дос көп болмайды. Мүлде досы жоқ адамдар да аз емес. Дос деген сөз - ұлы атау, биік ұғым. Ол - шаттықта шын пейілімен қуанышыңа ортақтасса, қиындықта салмаққа иығын қатар төсеп, әрдайым жаныңнан табылатын абзал жан. Ал тоқ күніңде үйіңнен шықпайтын, басыңа іс түссе маңайыңа жоламай кететін «көлеңкелерді» дос түгілі жолдас деп атауға болмайтынын талай адамдар ұғына бермейді.Blog post image

Қазақта мынадай бір ғибратты әңгіме бар. Бір белгілі де беделді адам үлкен қызметке тағайындалады. Маңайындағы топырлаған, «көкелеп-ағалаған» шоғырды көріп жүрген адамдардың бірі одан:

- Отағасы, сіздің досыңыз көп пе? - деп сұрайды. Сонда анау:

- Бұл сауалыңызға қызметтен түскеннен кейін жауап берейін, - деген екен.

Сол айтпақшы, алдың жүріп тұрған, қолыңда бір нәрсе бар кезде сені жағалап, ағалап, қонаққа шақырып маза бермейтін қулардың сәл қиындыққа душар болсаң, қарасын да көрсетпей кететіні жалған емес. Сондықтан, нағыз дос пен есеп достың айырмашылығын дер кезінде аңғара білсек құба-құп!

Манарбек аға өзінің нағыз достары ретінде атап отырған азаматтардың талай сыннан сүрінбей өткен, қызықта да, қиындықта да қатар жүрген жандар екенін жан-тәнімізбен ұғынғанымыз рас. Мәселен, сонау Шірікаяқтағы кездерден  жақсы араласқан, әлі күнге дейін іргелері бөлінбеген сырластары Рақымбаев Теміржанды, бүгінде қала маңындағы Ермаковка ауылында тұратын, дос үшін барын салатын, ашық-жарқын қарапайым азамат Белгібаев Жаңалықты, Өскемендегі «Монетный двор» кәсіпорнының директоры Туғанбаев Фаридті ол жылы лебізбен атап, жиі әңгімесіне қосып отырады. Бұлардың арасындағы сыйластықты ешқандай бақай есепке құрылмаған, әлдеқандай пайданы көздемейтін шынайы достық деп пайымдадық.Blog post image

- Біз үйленгенде Насыров Асуат деген досымыз күйеу жолдас болған-ды. Содан бастап араласып, бір-бірімізді риясыз пейілмен сыйлайтын болдық. Әлі де сәлеміміз түзу, көңіліміз кіршіксіз. Ол қазір «Агропромобъединение» бірлестігі бастығының бірінші орынбасары болып қызмет істейді, - деп қосып қойды Манарбек Балықұлы.

Манарбек ағаның өткен өмірінде Есенбаев Қайдар Сығайұлының да алатын орны ерекше. Екеуі ұзақ жылдар бойы милиция қатарында бірге қызмет істеді. Бір-біріне сүйеу, демеу болып, жақсы араласты. Осы сыйластық қазіргі кезде де жалғасын тауып келеді.

Асылдар аз ба, жанын да қияр дос үшін,

Соларға, тағдыр, өкінбей өтер ғұмыр бер! - деп ақын жырлағандай, достықтарыңыз ғұмыр бойы үзілмесін, абзал ағалар!

 

Мектепте жүргенде достарменен...

Шірікаяқтан бастап білім алғанда бірге оқыған, жақын араласқан кластастарының ішінен Манарбек аға бірқатар достарын өзгеше бөле-жара  атап отырады. Олардың ішінде Ульбрихт Людмила Петровна да бар.

- Оның қыз күніндегі фамилиясы Щербакова, - дейді Мәкең. - Қазір осында, Беспалов көшесінде тұрып жатыр. Ал марқұм Сатова Надежда Петровнамен (Дмитриенко) тіпті жақын араластық. Ол кісінің алғаш салық инспекциясы құрылғанда бастық болып, көп шаруалар атқарғаны күршімдіктерге белгілі.Blog post image

Милицияда бірге қызмет істеген Рақымжанов Мырзағұл Күлетайұлы бүгінде Өскеменнің Сол жағалау кентінде тұрады. Әлі күнге жақсы араласамыз. Мырзекеңнің зайыбы Людмиланың ұлты орыс. Ол кісі мешітке барып, мұсылмандықты қабылдап, Маржан деген ат алған. Олег деген ұлдары, Оксана атты қыздары бар.

 

Манарбек ағаның саяжайы

Мәкеңмен жақын араласып, оның үйінде, саяжайында болған үлкенді-кішілі таныстардың ағамызды «Мичурин» деп атайтыны әсте тегін емес. Манарбек Балықұлының әскери қызметте қандай болса, қара жұмысқа да сондай төзімді әрі тиянақты екендігіне сан мәрте көз жеткізген болатынбыз. Ал оның өскемендіктер «Понтон көпірі» деп атайтын аймақтан орын тепкен саяжайын көрген адамның еріксіз таңдай қағатыны сөзсіз. Мұндағы алуан түрлі жеміс ағаштарын, жидек бұталары мен көкөніс атаулының барлығын Манарбек ағамыз бір-бірлеп өз қолымен еккенімен қоймай, әлі күнге дейін жас баладай мәпелеп, күтіп-баптаумен келеді. «Баптай білсең – жер жомарт» дегендей, сол еңбегіне орай мұндағы өсімдік атаулы жақсы гүлдеп, күз келгенде мол өнімді төгіп тұрады. Әйгерім жеңгей де бұл шаруаның қыр-сырын жетік меңгерген жан деп батыл айта аламын, қайнатпа, тосап (варенье) атаулының түр-түрін, тұздалған жемістің сан сұрыбын жеткілікті етіп даярлап, балалары мен немерелерінің қысқы азығына қосымша сыбаға етіп тартуға әзір отырады.

- Осының барлығы солар үшін ғой, - дейді жеңгей ағынан жарылып. - Әйтпесе, Манарбек екеуімізге қанша тамақ керек? Жаз шықса болды,  немерелеріміз түгел саяжайға жетеді. Күзге дейін өзіміз де осында тұрып, ересектеу балалардың көмегімен жеміс атаулыны күтіп-бағамыз. Саяжай – аянбай тер төгуді қажет ететін жер әрі нағыз демалыс орны. Қаладағы пәтердің күн ыстықта қайнап кететіні белгілі. Ал бұл жерде көлеңке мол, үй салқын. Қаланың у-шуынан аулақ, оңашалығының өзі не тұрады? Балалардың, тіпті ересектердің жуынуына, салқындауына қажетті су жеткілікті, монша бар, қысқасы, нағыз шипажайдың өзі!

Манарбек ағамыз бұл жерді игеруді 1993 жылы бастаған екен. Тастақ, тақыр жерге көп ешкім қызыға қоймаған сыңайлы. Ал Мәкең тап осы жердің ыңғайлы әрі жемісті боларына нық сеніпті.

- Әр жеткізгені 18 мың теңгеге бағаланатын 6 мәшине қара топырақ әкеліп төккенде мен ерігіп жүрген жоқ болатынмын, - дейді Манарбектің өзі. – Одан соң 10 мәшине көң төгіп, оны топырақпен араластырып, өңдедім. Осы шаруаның барлығын өз қолыммен атқарғаныма жұрт куә. Біртіндеп жеміс ағаштарын отырғыза бастадым. Қазір мұнда алманың 6 сұрыбы (сорт), шие, таңқурай, тошала, қарақат, құлпынай, екі түрлі өрік өсіп тұр. Біраз жерге картоп саламыз. Қысқасы, терді ерінбей төгер болсақ, бүкіл Балықовтар әулетіне жетерлік ырыс бар бұл жерде. Төгіп те, оның жемісін теріп те жүрміз.

Ал мұндағы ауданы 6 x 4,5 метр болатын жылыжайды айтпай кетудің реті жоқ. Қар ери бастаған шамада Әйгерім жеңгейдің үйде өсірген өскіндері (рассада) саяжайға жеткізіліп, жылыжайдан орын тебеді. 20-мамырда бұл өскіндер жердегі жүйекке егіледі. Күтімді өскіндер тез жетіліп, шілде айында алғашқы жемісті татудың да сәті түсе бастайды.

Ағамыздың саяжайында екі-үш рет болған менің де кәдімгі шипажайдан ешбір олқы түспейтін осынау жайқалған алқапқа қайта барғым келгенін несіне жасырайын. Манарбек Балықұлының қарағайдан қиып салған моншасы, балаларға арналған хауызы, құбырмен сарқырап ағып тұрған салқын суы, төңіректегі құлпырған өсімдік атаулының иісі мен жемісінің  жанға шынымен дәру боларына күмән жоқ. Оған Әйгерім жеңгейдің шынайы ықыласымен жайған берекелі дастарқаны, бақша өнімдерінен даярланған алуан түрлі дәмдері қосылып, жаныңды ұмытылмас әсерге бөлейтіні - қоспасы жоқ шындық.

Манарбек ағаның бақшада бел жазбай жұмыс істегенін көргенде  халқымыздың «Хас жақсының белгісі - әрі мырза, әрі құл» деген нақылы еріксіз ойға оралады. Полковник Балықовтай жоғары мансап иесі болып, жүздеген адамға басшылық еткенді қойып, бес-алты кісіге нұсқау беріп, бастықсымақ болған кейбір даңғойлардың өздерін әлдекімге санап, тіпті өз үйінде күрек ұстауға арланатынын ойласаң, жоғарыдағы нақылдың қапысыз айтылғанына көзің жете түсетіндей. Қалай болғанда да Мәкеңнің қарапайымдығы мен еңбекқорлығын сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың айтулы бір қыры деп білгеніміз жөн.

 

Аңшылық құрған – ғанибет...

Манарбек Балықұлының аңшылыққа құмарлығын, Алтайдың қойнау-қолаттарында ол шарламаған қуыс жоқ екенін естіп жүретінбіз. Мылтық атудың кәнігі шебері, айтулы мерген екендігінен де хабарымыз бар-тұғын. Жайлаудағы қалың жынысты шатқалдарды жалықпай аралап, аю, бұлан, бұғы  сияқты ірі аңдардың талайын жыққанына куә болғандар да аз емес.Blog post image

Сөйтіп жүріп, аңды рұқсатсыз аулап, аяусыз қыратындарға сан мәрте тосқауыл қойғанын да жұрт жақсы біледі. «Өзі атып жүріп, өзге жұртқа қалай тыйым салады?» - деген сауалдың әр көкейде бас көтеруі заңды ғой, бұл сұрақты мен Мәкеңнің өзіне қойған болатынмын.

- Мен ес білгелі аң аулап келе жатырмын, - деп мүдірместен жауап қайтарды Манарбек аға. – Бірақ, ешқашанда аңды еріккеннен аулап, жөн-жосықсыз қыруға жол берген емеспін. Тіпті, бетіме облыс көлемінде жан қарай алмайтын сонау Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, милиция полковнигі болып жүрген кезімде де аңға заңсыз шығып көрген жоқпын. Мен аңшылыққа әрдайым облыстық аңшылар қоғамының рұқсатымен, арнайы лицензия сатып алып бір-ақ шығатынмын. Және ешкім көріп тұрмаса да өмірі артық аң атып, табиғат қаскүнемі атанып көрмеппін. Бұл – менің өмірлік, адамгершілік принципім. Оны бұзғаным – адамшылық қасиетіме нұқсан келтіргенім деп білемін.

Аңшылықта жүргенде түрлі оқиғаларды бастан кешесің. Кейде атқан аңың жығылмай, қанын сорғалатқан күйі тау-тасқа, қалың тоғайға сіңіп кететін кездер де болып тұрады. Ондайда кейбір аңшылар қиынсынып, қайтып кетеді де, жазықсыз жануар иен далада арам өледі. Өз басым ешуақытта жаралы аңды тастап кеткен емеспін. Не қиындық көрсем де қалмай жүріп індетіп, адал бауыздап алып қайтамын. Ал жол-жөнекей аң мен құсты орынсыз қырып жүрген тасжүректерді жолықтырсам, олардың әрекетіне шамам келгенше тосқауыл қоюға, тіпті жазаға тартуға тырысатынмын. Және бұл мақсатыма жетіп те жүргенім рас.

Манарбектің бұл сөзі негізсіз емес. Оған дәлел ретінде мына бір оқиғаны баяндай кетсек, біраз нәрсенің айқындала түсері даусыз.

...Мәкеңнің Ішкі істер басқармасындағы шаруашылық қамту қызметі бөлімінің бастығы қызметін атқарып жүрген кезі еді. Кезекті демалысын алған соң Күршім өңіріне барып, табиғат аясында демалып қайтуды межелеген милиция полковнигі бірер марал атуға лицензия сатып алып, жолға шыққан болатын. Төсқайың (бұрынғы Буденовка) ауылында тұратын қорықшы Қабдолла Сауқабаевты ертіп алып, екеуі шалғайдағы Қараоба қыстағын бетке алған-ды. Жол-жөнекей Қабдолла жақсы көретін ағасына  браконьер аңшылардың көбейіп кеткенін баяндап, мұңын шақты. Тірегі мықты қулардың қорықшыны тыңдамайтынын, әсіресе әскери қызметтегі жоғары шенділердің көзге де ілмейтінін жыларман болып айтты.

Атқа мінген екеуінің бір белден асып түскені сол еді, «іздегенге – сұраған» дегендей, алдарынан үш белдеулі (мост) «КамАЗ» автомобилі шыға келді. Машинаны белгі беріп тоқтатқан Манарбек өзінің куәлігін көрсетіп, кабинада отырған әскерилердің көліктен түсуін талап етті. Олар бес адам екен. «Бұл не бассыздық?» - деген сауалға ортада отырған майор:

- Ал өзің неғып жүрсің? - деп қарсы сұрақпен жауап қатты. Манарбек бүкіл құжаттарын алып шығып, рұқсат қағазды, жолдаманы әлгілердің алдына жайып салды да, олардан дәл осындай қағаздар көрсетуді талап етті.

Жоқ нәрсені жонуға келмейді, әрине, аналар күмілжи бастады. Қазбалап сұраған Манарбек офицерлердің Семейден Күршімдегі әуе қорғанысы бөлімін (локатор) тексеруге келгенін білді. Шаруаларын аяқтаған соң иен-тегін байлықтан өз сыбағаларын ала кетуді жөн санаған болса керек. Бұдан әрі сөйлесіп тұрудың қажеті жоқтығын аңғарған полковник Балықов «өзімізден зор ешкім жоқ» деп еркінсіген әумесерлердің қолындағы үш мылтықтың ұңғысын суырып алып, дүмдерін өздеріне қалдырды. Бұл аналардың ертең «біздің қаруымызды тартып алып, өзі пайдаланды» деп айтпауы үшін қолданылған шара болатын. Қаруды аудандық аңшылар қоғамы басқармасының бастығы В.П.Ташлаковқа апарып тапсырмақ еді, Қабдолла «аналар ертең солярка, бензин беріп, қайта алып қояды» деген соң бұл ойынан айныды. Тиісті қағаздарды толтырып, әлгі заттарды айғақ ретінде сол кездегі аудан прокуроры Оразхан Тұрысбаевтың қолына табыс еткен Манарбек заңды белден басқан озбырлардың лайықты жазаларын алуына осылайша орынды ықпал жасаған болатын.

- Аңшылыққа мен өзім бала күнімнен құмар болдым, - деп сыр шертеді Манарбек аға. – Қар жауғанда қоян, түлкінің ізін барлап, тұзақ, қақпан құруды үйрендім. Сегізінші оқып жүргенде түлкінің баласын ұстап алып, асырамақ болғаным да бір қызық оқиға.

Әскерден оралған соң қолыма он алтыншы калибрлі ескі мылтық түсті. Сонымен құр атып, аңшылық құра бастадым. Біртіндеп бұл бағыттағы тәжірибем молая бастады. Бертін, милиция қызметінде жүрген кезімде Күршім аудандық ерікті аңшылар қоғамы басқармасына мүше болдым. Ол кезде бұл қоғамның мүшелігіне сайлайтын еді. Қоғам аңшылықтың заңға, тәртіпке сай болуын қадағалайтын ұжым ретінде танылған болатын. Жыл сайын сайланатын басқармаға мен қатарынан тоғыз жыл сайландым.

Ол тұста осы қоғам көптеген мәселелердің оң шешімін табуына елеулі ықпал жасайтын еді. «Техминимум» деп аталатын шара атқарылып, қаз-үйректерге ұя салатынбыз, ағаштың бүрінен бейнек-сыпырғыш байлап, сай-салаларда әдейілеп жасалған сөрелерге көп мөлшерде іліп қоямыз. Бұл қар қалың жауып, жайылым тарылған шақта елік, марал, бұлан сияқты жабайы аңдардың қорексіз қалмауы үшін жасалатын амал еді.

Аңшылықтың қызығымен қатар қауіп-қатерінің де аз болмайтыны түсінікті. Албаты адамның аңшы бола алмайтыны да дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Бұл кәсіпке бойұрған жан ең алдымен төзімді болуға тиіс. Сонымен бірге оның көкейінде арамдық, ашкөздік болмауы керек. Саятшы адам даланың аңы мен құсына қанталаған жыртқыш көзбен қарамай, қашанда қанағатшыл  болуға міндетті.

Қауіп демекші, Манарбек ағамыздың да бірде төніп тұрған ажалдан аман қалғаны бар. Талай оқыс жағдайды бастан кешіп жүрген адам болса да дәл осы жолы құдайдың оны бір қатерден қаққаны рас.

- ОБХСС-те істеп жүрген кезім, - деп еске алады сол бір кезеңді Мәкең. – Мен тағы да аңға шығып, «ГАЗ-69» маркалы көлігіммен Маралдының арғы жағындағы Күркелі деген жерде отырған белгілі аңшы Петро Несторовтың омартасына дейін бардым да, сол кісіден ат сұрап мініп, одан жоғары орналасқан осы аймақтағы ең шеткі омартаны бетке алып, аяңдап кетіп бара жатқанмын. Бір уақытта әлдекім айқайлағандай болды, бірақ қағас естіген шығармын деп көңіл қоймадым. Көлденең судан өтуге елу метрдей жер қалғанда «Манарбек» деген ащы дауыс шықты да, мен жалт қарадым. Қарасам, Петро шал қара атына жайдақ мінген күйі далақтап шауып келеді екен. «Не болды?» - дедім абыржып. «Самострел» - деуге шамасы әрең келген қарт алдымды орай тоқтады. «Үлгердім-ау, әйтеуір» - дей берді ол.

Сөйтсем, әлгі судан өте шыққандағы қалың шыршаның арасындағы жалғызаяқ соқпаққа омарташы төрт мылтық құрып, өздігінен атылатын етіп қойған екен. Себебі, бір аю омартаны талқандап, неше мәрте ойран салып кетіпті де, соның жолын кесу үшін шал әлгіндей айла-шарғы жасаған екен. Мұны білетін әйелі мен кеткен бағытты байқап қалып, ат іздеп бір жақтан келген шалына ойбай салған екен. Ол атқа жайдақ міне салып, құйғытқан күйі жетіп үлгерді. Қарт бір минут кешіккенде менің әлгі аранға ұрынатыным сөзсіз еді. Бірдей тиген төрт дара оқ неңді қояды, талқаным шығып қала бергендей екенмін.Blog post image

Айтса айтқандай, суішкілігі бар екен ағамыздың. Омарташы қария атын таба алмай келсе, немесе оның бәйбішесі бір алаңғасарлау жан болса, бүгінде біз осы өңірде Манарбек деген адамның тірлік кешкенінен бейхабар болар ма едік, кім білсін? Құдайдың көзі түзу пенденің тірліктегі сапарының ұзақ болатыны рас қой.

Өмірде алуан түрлі соқпақты басқан, жақсылықты да, жамандықты да бір кісідей бастан өткізген, бірақ, қандай өткелге жолықса да өз ұстанымынан таймаған осынау бір киіктің асығындай шағын, шағын да болса шымыр денелі ағамыз бүгінде алпыс беске толып, ақылгөй абыздардың жасына жетіп отыр. Бір қараған адамның оны алпыс бесте деп ойламайтыны да рас, Мәкең әлі күнге сергек те ширақ, зерек те өткір қалпынан айныған жоқ. Қоғамға пайдалы жұмыстан қалмаған қартаң қызметкер әлі күнге ұжымда сыйлы, отбасында қадірлі. Кейінгі буын әріптестері оны өнеге тұтып, әркез ақыл-кеңес сұрап отырады. Ал өз кезегінде Манарбек Балықұлы қолынан келген жақсылығын ешкімнен аяп көрген емес. Талап қойғыш, табанды, бірақ, қашанда әділ әрі адал азаматты жақсы көріп, құрметтейтін жандардың аз емес екенін көріп, сезінген сайын оның өмірді текке өткізбегеніне, артында тұтастай тарих болар із қалдырғанына илана түсесің. Иланған сайын оған деген ізетің мен құрметің арта түседі. Мұның өзі жұмыр басты пенденің маңдайына Тәңірі жазған үлкен сый екендігіне ешкімнің дауы болмаса керек.

 

Мамыр-қараша, 2012 жыл.

0
2230
1