Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
11:32, 10 февраля 2014

Мейірімді болыңыздаршы

Алматының   ызғарлы  суығына  назданып  төрт  қыз  таксиге  міндік.  Үнсіздік. Бір мезетте ол да бұзылды.  «Қандай қиын...»- деді Әсел. Біз де оның ойымен қосылдық. Қосылмасқа шара жоқ, көзбен көріп, біліп келдік. «Олар ата-анасын  күтеді... Қолымдағы телефоныма қызықты. Сөйлесемін  дейді. Кіммен деп сұрасам, мамаммен дейді... Қалай жүрегің ауырмайды?!» - деп Нұрбике де қынжылды. Әркім өз тебіренісін айтып отыр. Бәріміз басқа әлемге еніп, сол әлемнен қайта орала  алмай келеміз. Ол – ата-анасы тастап кеткен жетімдер әлемі. Бұлай айтудың өзі қиын.  «Маған бәрінен балалар үйіне кірген кезде олардың мені  танымаса да, ентелеп кезексіз құшақтағаны батты. Олар мейірімді аңсайды»,-деді Шынар. Үздігіп-үздігіп бір ой бір оймен сабақтасып жатты. Сондай ойларды жетектеп Абай көшесін жоғары бойлаған  төрт қыз таксиде кетіп барамыз.

Таңертеңгісін тұрып, сыйлықтарымызды алып «Жанұя» балалар үйіне барған едік.  Олар бізді қатты қуанып қарсы алды. Амандасып, сәлемдесіп қолымыздағыға қызығып, жамырасып жоғарыға көтерілдік. Қуаныштарында шек жоқ. Оларға бір сәттік болсын қуаныш сыйлағанымызға біз де ризамыз.  Таласа, таңдаса әркім өз ұнағанын қолына алды. Назира атты қыз қолына екі ойыншық алып алыпты. «Екіншісін мен Димаға беремін», - деді. Кейде ойындары жараспай, балалықпен бір-біріне ренжіп жатса да,  тағдырластарының да қамын ойлай алатындығын  қаршадай 9 жасар қыздан түсіндім. ҚазҰУ-дың «Сұңқар» студенттер кәсіподағының атынан барған журналистика факультеті  студенттері мен А. Құнанбаев атындағы дарынды балаларға арналған №2 мектеп-интернаттың  оқушылары  қолдарымыздан келгенше сыйлық жасадық. Біз ғана сыйлық бермедік. Олар да өздері білетін әндерін, тақпақтарын айтты. Артынан бәріміз ойын ойнадық. Бәрін ұмытқан, күлісіп, жүгірісіп ойнап жүрген балаларға қарап біз де қуанамыз, жасыратыны жоқ сол қуанудың артында үлкен аяушылық бар. «Жанұя» балалар интернатының қазақ бөлімінде 80 бала тәрбиеленеді. 80 баланың 15 баласынан басқасының туыстары бар, ал 15 баланың  ешкімі жоқ. Балалар үйіне бізден басқа барып жататындар да бар екен. Қазақ жетімін жылатпаған халық қой.  Мұндай игі іс жалғаса берсе екен дейміз. Артынан балалар қағазға бізге деген тілектерін жазды. Біз оны өзімізге естелікке қалдырдық. Артынан білдім. Кейбір қыздардан балалар телефон номерін алып қалыпты. «Мен сізге звондаймын»,- депті ұялы телефондары болмаса да нәзік үмітпен.

Біз оларды қанша қуанта алдық десек те, ол жердегі балалар өмірі мүлде басқаша. Түсінігі, өмірге деген көзқарастары өзгеше. Өкпесі бар балалар алға суырылып шығу үшін бәріне дайын. Өмірлік бағыттары оң болса екен. Болашақтары не болмақ? Осы сауалға жауап таппай келе жатқанда, межелі мекенге де жеттік. Ағыл-тегіл зуылдап өткен машиналар, арлы-берлі өткен  халық. Өз тағдыры өзінде болған адамдарға  «МЕЙІРІМДІ БОЛЫҢЫЗДАРШЫ!»  деп  менің де айтқым  келді.

         
0
234
0