Бүгін 68665 әскери бөлімінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 25 жыл толуына орай интернационалист-жауынгерлердің қатысуымен атыстан ашық турнир өткізілді. Аталған шараға «Астана», «Батыс», «Оңтүстік», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының, Артиллерия және ракета әскерлерінің, Аэроұтқыр әскерлерінің және 68665 әскери бөлімінің құрамында бір-бірден интернационалист-жауынгерлер бар барлығы жеті команда қатысты. Олар өзара Калашников автоматынан нысана көздеуден шеберліктерін сынға салды.
Турнирге шақырылған құрметті қонақтардың ішінде ҚР Ауғанстан және аумақтық соғыстар ардагерлері одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов, Қазақстан десантшылары одағының төрағасы Владимир Советов, сондай-ақ Құрлық әскерлері сапында әлі де қызметтерін атқарып жүрген интернационалист-жауынгерлер болды. Әскери бөлімнің жеке құрамымен кездесуде сөз сөйлеген ардагерлер ұрпақтар сабақтастығы туралы өнегелі әңгіме айтып, сарбаздарды әскери антқа адал болуға шақырды.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар анықталып, бірінші орынды 68665 әскери бөлімінің, екінші орынды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының, үшінші орынды Артиллерия және ракета әскерлерінің командалары иеленді.
Анықтама үшін: 1979-1989 жылдары Ауғанстан соғысына 22 269 қазақстандық қатысты, олардың 924-і ұрыс даласында қалды.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі