Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
09:31, 14 января 2015

Оңтүстік Қазақстан облысын мекендейтін қазақтың ру-тайпалары

Оңтүстік Қазақстан облысын мекендейтін

қазақтың ру-тайпалары

Қазақ халқын өзге ұлттардан ерекшелендіретін дәстүрлерінің бірі және қатаң генетикалық заңы – экзогамия. Яғни бір қауым мүшелері арасындағы некеге тиым салу, қан араластыруға (инцест) жол бермеу. Біздіңше, ата-бабаларымыз осы салтты тым ертеден-ақ қолға алса керек. Олардың кейбір жұптардан балалардың дені сау, ал кейбіреулерінен дімкәс немесе мүгедек болып туылатынына назар аудармауы, ойланбауы мүмкін емес. Өздерін «жылқы мінездес» деп айтатын, бүкіл өмірлері ат үстінде өткен аталарымыздың қан араластыруға жол бермеуіне жылқы да өз әсерін тигізсе керек. Ал жылқы ешқашан қан араластырмайды екен. Тай, ересек құнаннан дөнен шығып, «апа-қарындастарына» мекіренер жасқа жеткенде үйір егесі – кексе айғыр оны талап, теуіп-тістелеп үйірден қуады. Сондықтан ол басқа үйір іздеуге мәжбүр болады.Біздің дәуірімізге дейінгі 7 – 6 мыңжылдықтарда Солтүстік Каспий далаларында зороастризм діні таралған екен. Бұл дінді ұстанатындардың арасында туысқандар түгілі, әкесі қайтыс болса, баласы анасына үйленетін бір жабайы дәстүр болған. Одан кейін жерімізге тарала бастаған буддизм, христиан, манихейлік, тіпті ислам діндерінде де  жеті ата санамалау көрінісі байқала қоймайды. Мыңдаған жылдар ішінде жерімізге таралған осыншама діндердің ықпалына ұшырамаған қазақ халқының бірден-бір салты – ол осы жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі. XVІІ ғасырға дейін осы мәселенің қалай шешілгені біз үшін көмескілеу. Ал Тәуке ханның (1626 – 1718) тұсында жасалған Қазақ хандығының басты заңы «Жеті жарғыға» халқымыздың осы бір тамаша дәстүрі бір бап ретінде еніп, ресми түрде бекітілген. Осы кезден бастап әулеттің арасы жеті ұрпақтан асқанда бүкіл үш жүзге сауын айтылып, осы үш жүздің өкілдері қатысқан жиында оларға ресми түрде ру статусы беріліп отырған. Бұл дәстүрдің берік сақталуы ел ақсақалдары тарапынан қатаң бақылауда болған. Дәстүр бұзылған жағдайда үлкен дауға айналып, оны бұзған адамдардың арасы алшақтау болса, боз бие сойылып, ескерту айтылып, екі жасқа бата берген. Аралары тым жақын болса, кейде өлім жазасы тағайындалып, немесе кінәлілер елден аластатылған.

Қазақ жүздері туралы

Мемлекетті жүзге бөліп басқарудың қашан қалыптасқаны туралы ғылыми  зерттеулер көп болғанымен, тарихшы-ғалымдар бүгінгі күнге дейін нақты бір ортақ шешімге келген жоқ. Мысалы, Х. М. Адильгереев  («Қазақ халқының қалыптасу тарихы» 1951 ж.) Ұлы жүз  б.з.б. ІІ ғасырда үйсін одағының негізінде қалыптасты деген пікірін қытайлық қазақ тарихшысы Н. Мыңжани да қуаттайды. С.А. Аманжолов қазақ жүздерінің шығуын VІІ-ХІ ғасырлардың еншісіне жатқызса, Құрбанғали Халид, Ш.Уәлиханов, М. Тынышпаев секілді зерттеушілер Алтын Орда заманында қалыптасты деп есептейді. Ал, Н. Аристов, К. Данияров, К. Аманжолов секілді ғалымдар қазақ халқы ХVІІІ ғасырдың басында үш ордаға бөліне бастады деп санайды. Аталған ғалымдарда уақыт жағынан алшақтық болғанымен, олардың барлығы дерлік  қазақ жүздерін туыстық құрылым емес, басқару құрылымы деп есептейді.

Мәселен, В. Бартольд «Қазақ жүздерінің пайда болуына географиялық фактор әсер етті, табиғи-географиялық жағдайға икемделу және аумақтық оқшаулану жүздердің мәдени-шаруашылық ерекшеліктерін қалыптастырды», — деп есептесе, М. П. Вяткин «Жүздердің құрылуына табиғи-географиялық себептермен қатар саяси оқиғалар әсер етті, жекелеген ордалар ерекше саяси одақтар ретінде XVI ғасырдың аяғында қалыптасты», — дейді.

Жүзге кірмейтін рулар:

1. Төре -  өздерін Шыңғыс ханнан таратады.

2. Қожа - сунақ – Орталық Азия жеріне ең алғаш келген ислам дінін таратушы миссионерлер - арабтардан таратады.

3. Төлеңгiт – Ханның гвардиясы, жеке күзетшілері мен қызметшілерінің ұрпақтары  (негізінен соғыста қолға түскен тұтқындардың ұрпақтарынан құралған.)

Сонымен, Қазақ «жүздері» немесе  «орда», қазақ халқының үш рулық-тайпалық бірлестіктерінің ортақ атауы.

Дәстүрлі қазақ қоғамы үш жүзден тұрады: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз.

(Қосымшаларды қараңыз)

Қазақ жүздері

1. Ұлы жүз тайпалары

2. Орта жүз тайпалары

3. Кіші жүз тайпалары

1). Сарыүйсін

2). Шапырашты

3). Ошақты

4). Ысты

5). Албан

6). Суан

7). Дулат

8). Сіргелі

9). Қаңлы

10). Шанышқылы

11). Жалайыр

12). Шақшам

1). Арғын

2). Найман

3). Қыпшақ

4). Қоңырат

5). Керей

6). Уақ

1). Байұлы

2). Әлімұлы

3). Жетіру

Оңтүстік Қазақстан облысын ежелден мекендейтін тайпаларға аздап анықтама бере кетсек...

 

Востров В. В. Муканов М. С.

Родоплеменной состав и расселение казахов: (конец XIX - начало XX).- Алма-Ата "Издательство "Наука" Казахской ССР", 1968.

 

Ұлы жүз рулары негізгі халқын   таулы ауданда таралған Өгем, Қазығұрт, Түлкібас таулары мен Қаратаудың күнгейі осы Ұлы жүзге қарайтын Дулат, Сіргелі, Ысты, Қаңлы, Шанышқылы тайпаларының қазақтары құрайды.

Бұлардың ішіндегі ең көп сандысы дулаттар.

Дулат (Ұлы жүз)

Сыйқым

Жаныс

Ботбай

Шымыр

 

Облыстың шөл және жартылай шөлейтті аймақтарын Орта жүзге қарайтын Қоңырат тайпасының рулары мекендейді.

Облыстың солтүстік аудандарында Қоңыраттың Көтеншінің (шын есімі Құдайберді) ұлы деп аталатын рулары орналасқан. Ал, оңтүстік аудандарда Қоңыраттың Көктің ұлы деп аталатын бөлігінің тармақтары құрайды. .

Қоңырат (Орта жүз)

Көтенші (Құдайбердінің лақап аты)

Көктің ұлы

Санғыл

Байлар-Жандар

Манғытай

Оразкелді

Жетiмдер

Қарасирақ

Божбан

Тоқболат

Тiней

Құлшығаш

Құйысқансыз

Алғи

Жиенбет

Божбан

Борай

Жетімдер

Қоңыршұнақ

 

Қаракөсе

Ақболат

Қараша

Ноғай

Алтый

Қира

 

Қоқан хандығына дейін де, жүздеген жылдар емін-еркін алыс қашықтықтарға көшіп-қонып жүрген оңтүстік қазақтарына Ресей империясы тарапынан жасалған  қысым бұл процесстерді шектеп тастады.

1865 ж. Ресей үкіметі «Қазақ даласын басқару туралы Ережелердің» жобасын дайындау үшін «Дала комиссиясы» аталған комиссия құрды. Оның құрамына Ішкі Істер Министрлігінің, Әскери Министрліктің және жергілікті генерал-губернаторлықтардың өкілдері кірді.

1865 жылдың ақпанында Жаңа-Қоқан линиясы таратылып, орнына Орынбор генерал-губернаторлығының Түркістан облысы құрылды. 1867 жылғы сәуірде Түркістан облысы жеке бөлініп шығып, әкімшілік жағынан аймақ үшке - орталық, оң және сол қанатқа бөлініп басқарылды. Алғашында өлкенің орталығы ретінде Әулиеата қаласы қарастырылған. Бірақ, Шығыс Түркстандағы ұйғырлар мен дүнгендердің Қытай өкіметіне қарсы басталған  дүрбелеңі, орталық ретінде Қытай шекарасынан қашықтау Ташкентті таңдауға мәжбүрледі.

1867 ж. құрылған Әскери Министр Д.А.Милютин басшылық еткен  қазақ жері мен Түркстанды әкімшілік басқару реформаларының жобасын жасау бойынша комиссия құрылды. Нәтижесінде, 1867 ж. 11 тамызда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының Далалық облыстарын басқарудың уақытша Ережелері»  деген құжат өмірге келді. Дала комиссиясы жаңа болыстықтар мен ауылдардың әкімшілік жобасын дайындай отырып, дәстүрлі басқару институттарының саяси қаупін бір сәтке де естен шығармады. Орыс зерттеушісі А.К.Гейнс «Үкімет күштеріне қарсы тұрмас үшін, ең алдымен қырғыз халқының сайланбалы билігін біртіндеп жою, қырғыз халқын өз билеушілері мен рулық құрылысқа негізделген өмір салтынан ажырату қажет» -деп жазды.

Сонымен, 1867-1868 ж.ж. реформалардың  (Уақытша Ережелердің) ең негізгі мақсаты – қазақ жерін Ресейдің өзге де аймақтарымен ара-жігін білдірмей қосып жіберу үшін Ресейге бағынышты басқа ұлыстармен бір басқару жүйесіне біріктіріп, жергілікті атқамінерлердің ықпалын барынша әлсірету, оларды биліктен аластау,  рулық құрылысты  біртіндеп жойып, орыстандырып, шоқындыру болды.

1868 жылдың 11 маусымында Түркістан облысы Сырдария, Жетісу облыстарынан құралған Түркістан генерал-губернаторлығына бірігіп, орталығы Ташкент қаласы деп белгіленді. Түркістан Сырдария облысының бір қаласына айналып, Түркістан облысы «әкімшілік аймақ» ретінде күшін жойды.

Сырдария облысы Құрама, Ходжент, Шымкент, Әулие-Ата, Перовск, Қазалы, Жызақ уездерінен құралды.

«1867 жылғы заңға сәйкес, қырғыздардың  рулық құрылысын ыдырату мақсатында  ірі руларды бір басшының қол астына берудің қауіптілігі ескеріліп,  көшпелі тұрғындарды болыстықтар мен ауылдарға бөлу қарастырылды» -деп жазады Н.И.Гродеков.

1868 ж. Сырдария облысы әскери губернаторының пәрменімен Шымкент уезінде болыстық басқармалар ұйымдастыру бойынша комиссия құрылды.

Комиссия төрағасы - титулярлық кеңесші Е. Савенков, мүшелері - ротмистр Адеркас, сотник Герасимов, капитан Терейковский, аудармашысы прапорщик Сырттанов болды.

Бірнеше ай ішінде комиссия ауылдарды аралап шығып, 1869 ж. наурыз айында тексеру қорытындысын басшыларға тапсырды. (Тіпті, Шымкент уезін мекендейтін ең үлкен 2 тайпа Дулат пен Қоңыраттардың арасына қисынын келтіріп ―бірін асыра мақтап, екіншісін «басын жерге жеткізе тұқыртып» дегендей, «этнографиялық» сипаттама беріп, екі тайпаның арасына «шоқ» тастауды да ұмытпайды (ОҚО облыстық  мұрағаты). Жасыратыны жоқ, сонан бері 1,5 ғасырға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге сол «шоқтың» қызуына «жылынып», рушылдық өртін маздатып  жүрген ағайындар арамызда баршылық).

Осылайша, оңтүстік қазақтарының меридиан бойынша (Жазда солтүстікке қарай, ал қыста оңтүстікке карай көшу. Жаз айларында салқын аймақтарды (солтүстікті) жайлап, қысқа қарай жылы оңтүстікке қарай көшіп, сонда қыстау. Көшпеліліктің бұл түрінде малшының жылдық көшу қашықтығы кейде 1000 шақырымға дейін жетіп қалатын) көшіп-қонуы тоқтатылып, әрбір ру  Ресей билігінің жергілікті органдары бекіткен белгілі бір әкімшілік аймағына (болыстық) байланды.

 

Ресей империясының 1886-1892  жылдардағы Қазақстандағы жүргізген реформаларының басты  мақсаты Ресей мен Украина шаруаларын қазақ жеріне қоныстандыру болды.

1870 ж. бастап, қоныс аударушылар үшін «Жер қорын» ұйымдастырып, әр облысқа бір-бірден әскери топограф штаты беріледі. Алдымен  бірнеше экспедиция ұйымдастырып, қазақтар пайдаланатын жер нормасы мен болашақ орыс қыстақтарының орындары  белгіленді.

1874-1882 жылдарда облыста 6 шаруалар селосы құрылды. Ол келімсектерге 1867 жылғы «Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы уақытша ереже» мен 1868 жылғы «Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы» ереже бойынша 30 десятинадан жер беріліп, 15 жылға алым-салықтардан, әскери міндеткерліктен босатылды.

1891-92 жылдары ішкі Ресейде орын алған қатты құрғақшылықтың салдарынан  Қазақстанға қоныс аудару осы жылдары жаңа қарқын алды. Өлкеде 1891 жылға дейін 25 орыс қыстағы болса, 1891-1892 жылдарда  ғана17 жаңа поселке құрылды. («Статистический Ежегодник России» Издание МВД России -1913 г..Санкт Петербург 1914). Жалпы, осы жылдар ішінде Сырдария облысындағы поселкелердің ұзын саны 37-ге, шаруалардың саны 12 мың адамға жетті. Бұлар негізінен Түркістан-Шымкент-Әулиеата аралығындағы үлкен жолдың бойы мен Сырдария, Арыс, Ақсу, Бадам, Сайрамсу өзендер бойындағы шұрайлы жерлерге орналасты (2-қосымша).

Ал, осы жердің иелері байырғы тұрғындар облыстың  су шықпайтын таулы-тасты жерлері мен шөл және шөлейтті аймақтарға ысырылды.

1916 ж. 1 қаңтарында Сырдария  облысының аумағында ғана 190 келімсектер қыстағы болды.

Бұл селолардың барлығы қазақ руларынан тартып алынған жерлерге орналасты. Бұл өз кезегінде ру-тайпалардың бұрынғыдай бір жерге щоғырланбай, араласып кетуіне әсер етті.

Кеңес үкіметі орнаған соң, рулардың орын ауыстыруы 1928 жылы  қазақ халқын күштеп отырықшыландырудан басталып, арты 1929 ж. ұжымдастыруға ұласқан науқан  барысында орын алды. Енді, бұрынғы тау-тасқа ысырылып, шашырап кеткен қазақтар әулеттерімен жаңадан ұйымдасқан колхоздарға жинастырылды. Оның арты, 1932 - 33 ж.ж. ашаршылыққа ұласып, тұрғындардың үлкен бөлігі өзбек, қырғыз, тәжік жерлеріне қоныс аударып, босып кетті. Ашаршылықтан кейін, аман қалғандарының біразы өз ата-қоныстарына оралды.

Мысалы, архив деректеріне қарасақ, бір ғана Бадам (қазіргі Төлеби ауд.) ауданында 1930 жылдың соңында 104 колхоз болса, 1935 жылы оның 29 ғана колхоз қалды.

Ең соңғы өзгерістер 1939 және 1954 ж. Киров каналын салуға облыс аудандарынан тұрғындарды Мақтаарал ауданына көшіру болды. Олардың біразы, кейін өз мекендеріне оралғанымен көпшілігі сол ауданда қалып қойды. Бұл облысымыздағы ең соңғы көлемді ішкі миграция еді.

Оңтүстік Қазақстан облысы

Бәйдібек ауданы:

Мұнда негізінен  өздерін Ұлы жүз Бақтиярдан тарататын  Сіргелі тайпасының Байжігіт,  Батыр-Жайдақ,  Елібай-Жаңабай,  Қарабатыр, Қаракөңірдек,  Шалдар рулары мекендейді. Ішінара Дулат - Сыйқымның Алакүшік тармағы, Жаныстың Қыбырай тармағының өкілдері кездеседі.

Қазығұрт ауданы:

Ұлы жүз Бақтиярдан тарайтын Сіргелі тайпасының Айтбозым, Ақкөңірдек, Қаракөңірдек, Шалдар,  Қайшылы, Тутаңбалы (Тұтамғалы),  Дулат тайпасының Жаныс руына жататын Оймауыт, Бөгежіл, Шегір, Ақтай тармақтары. Дулат тайпасының Шымыр руының Темір, Көкірек тармақтары, Суан тайпасының Бағыс руы, сондай-ақ, өздерін Бәйдібек бабаның бәйбішесі Марау (Сарыбәйбіше) анадан тарататын Сарыүйсін руының өкілдері кездеседі. Қаңлы тайпасының Құмырсқа, Омыртқа, Еңке, Қаспан, Қараманас және т.б. тармақтары, Шанышқылы тайпасының Араншы, Сары, Көрік, Жолық және т.б. тармақтары едәуір. Бұл ауданда Орта жүз өкілдері тығыз орналасқан елді мекен жоқ деуге болады. Ал, Шарапхана ауылында Кіші жүз Алшын мен Жетіруға қарайтын Рамадандар бар.

Мақтаарал ауданы

Аудан халқының негізін Орта жүздің Қоңырат тайпасының Көктің ұлы деп аталатын тармағының Байлар, Жандар, Оразкелді, Тоқболат, Құлшығаш, Қаракөсе, Алғи руының  өкілдері құрайды. Ішінара нәубет жылдарда қоныс аударған Адай және 1939 және 1954 ж. Киров каналын салуға қазіргі Қазығұрт, Төлеби аудандарынан күштеп көшіріліп әкелінген  Сіргелі, Дулат тайпасының өкілдері мен қожалар кездеседі.

Ордабасы ауданы

Ордабасы ауданында Ұлы жүздің Сіргелі (Қайшылы), Ысты, Дулат тайпасынан тарайтын Сыйқым, Жаныс (Бөгежіл), Орта жүзден Қоңырат (Саңғыл), Қыпшақ, Найман рулары, төрелер бар.

Отырар ауданы

Отырар ауданында Қоңырат тайпасы басым:  Отырардың Темір совхозында - Қоңырат-Борай мен кіші жүз Тама, Темір стансасы - қоңыраттың Жетімдері, Қоғам - Божбан мен Маңғытай, Шәуілдір - жалпы қоңыраттар, оның ішінде қоңыраттың саңғылы көбірек, ал бұрынғы СССР-дің 60 жылдығы – Қоңырат- Борай, Сарыкөл – қырыққұрақ, яғни аралас, дарияның арғы беті - Қаракөл, Ешкіқора деген жерде Қоңыраттың Жетімдер, Маңғытай мен Саңғыл руларының өкілдері басым. Сондай-ақ, бұл ауданда қыпшақтар да бар.

Сайрам ауданы

Бұл аудандағы саны жағынан  ең басым ру Дулаттан тарайтын Сыйқым, сондай-ақ, Шымыр, Жаныс, Ботбайлар бар. Кепесарай ауылында Шапырашты,  Құтарыс ауылында Сарыүйсіндер бар. Жұлдыз, Қарабастау ауылдарында Арғындар. Ақсукент маңында біраз үй Кіші жүзге қарайтын Жағалбайлылар бар.

Сарыағаш ауданы

Сарыағаштың Дархан, Еңкес, Қарақалпақ, Көктерек, Абай, Қошқарата, Жамбыл жақтары Шанышқылылар мен Қаңлылар, Ошақты, Береке, Бірлік жағы Ошақты, Мұратбаев, Қызыләскер, Жалдама жағы қырық құрақ: Қатаған, Қоңырат, Қият тайпалары. Оразатада Дулат-Жаныс Бөгежілдер, Бесқұбырда аздап Сарыүйсіндер бар. Дарбаза, Жылға, Шеңгелді, Әлімтаудан Сырдың оң жағалауына дейін, Ақжар, Қапланбек, Дербісек жақтары Сіргелі, кей жерлерде Кіші жүз Рамадан, Орта жүз Қоңырат және қожалар қатарласа тұрады.

Созақ ауданы

Бұл ауданда саны жағынан басым рулар  Орта жүз – Қоңыратқа жататын Саңғыл – Маңғытай, ішінара Найман,  Кіші жүзге жататын Тама,

Құмкентте Ұлы жүз Сіргелі тайпасына жататын Тутамғалы, Баба-атада – Ыстының тармақтары Сүлгетай, Сәтек  рулары бар. Сондай-ақ жүзге жатпайтын төре мен төлеңгіт руларының өкілдері де баршылық.

Төле би ауданы

Төле би ауданы қазақтарының 80 %-ға жуығын Дулат-Жаныстың Жанту атасынан тарайтын Құдайберді (Әлібек бидің әкесі) бидің ұрпақтары құрайды. Сайрамсу, Қасқасу, Доңызтау, Бадам өзендерінің жоғарғы ағысын тегіс осы Құдайберді бидің 9 ұлынан тарайтын ұрпақ мекен етсе, Қазығұрт баурайында Шегірлер басым. Ақсу, Балдыбірек өзендерінің бойындағы Төңкеріс, Қаратөбе, Майбұлақ, Мәдени ауылдарында Сыйқым руының өкілдері тұрады. Сонымен қатар, аудан орталағы Ленгір маңайында ішінара Албан тайпасының тармақтары Қызықбөрік, Қоңырбөрік рулары кездеседі.

Түлкібас ауданы

Түлкібас ауданы ауданындағы басым тайпа өкілдері Дулат - Сыйқым. Сонымен қатар, Шымыр, Ботбай мен Жаныстың Байыс аталатын тармағының өкілдері бар.

Түркістан ауданы

Түркістан ауданында негізгі  рулары бойынша шоғырланып отырғандардан Теке, Шоқпарлыда Қаңлылар, Шорнақта Тарақтылар мен Алшын, Тамалар бар.

Шардара ауданы

Бұл ауданда ең көп таралған Орта жүз Қоңырат тайпасының Байдар-Жандар, Алғи, Құлшығаш рулары. Ішінара Арғын, Найман, Кіші жүз Адай руларының өкілдері бар.

Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстандағы өзбек қыстақтарында кезінде түрлі себептермен, сонда қоныстанып өзбектеніп кеткен қазақтар баршылық. Бізге анық белгілісі - XIX-ғасырдың  2 жартысында  шамамен әр 12 жыл сайын қайталанып жиі орын алған ауыр жұттар (1855-56, 1867-68, 1879-80, 1891-92 ж.ж.) малсыз қалған қазақтарды өзбек қыстақтарына қоныс аударып отырықшылыққа ауысуға мәжбүрледі.Олардың кейбірі әлі күнге өз руларын біледі. Тиісті насихат жұмыстары мен құжат ауыстыру жұмыстары жүргізілсе, олардың кейбірі қазақ болып жазылуға қарсы емес. Оған қосымша, ашаршылық жылдары өбек болып жазылып кеткен қазақтар да жетерлік. Генерал Сабыр Рақымов пен жасы келген шағында қайта қазақ болып жазылған түркстандық Кеңес Одағының Батыры Расул Есетов ақсақалды еске түсірсек жетіп жатыр.

Жақында  «Өзбек болып кеткен мың отбасының мұңын ұғар жан бар ма? (Еркебай Бүрлібайұлы, ҚР еңбегі сіңген қызметкер, тарихшы «Қазақия» 16.09.2014) деген мақала елді елең еткізді. Онда, қайта қазақ болып жазылғысы келетін азаматтар үшін бюрократиялық кедергілердің көптігі сөз болыпты.

 

Қорытынды:

«Руды білу міндет, руға бөлу індет!»

Сонау  Қола дәуірінің соңынан ХХ ғасырдың 30 жылдарына дейін көшпелі тұрмыс салтын ұстанған халқымыздың өмірінде рулық қауым басты роль атқарды. Ата тергеп, ру сұрастыра келе жеті және одан да арғы аталарын тарату арқылы — қазақтың тарихи жадын сақтады.

Үйге қонған құдайы қонақтың руын сұрастырудың басты міндеті, бір туыстық ілік немесе құдандалық жақындық іздеу еді. Осы арқылы - «қарға тамырлы қазақ» деген біртұтастық символы пайда болды. Кейде, тіптен, «Сұрастыра берсең, құдай қосқан қосағың да қарын бөле болып шығады» деген мәтел осыдан қалған.

Қылмыскерлер үшін түрме салмаған қазақ баласы үшін ең ауыр жаза рудан аластатылу еді. Өзге ру-тайпа өкілдеріне қарсы жасалған қылмыстары үшін бүкіл әулет-ру жазаға тартылып отырды. Жесірді жылатпау, жетімді қаңғыртпау, қылмыскерді жазалау секілді ізгілікті-тәрбиелік жұмыстың барлығы осы ру-тайпалық  жүйенің арқасында жүзеге асты. Қоғамның ең әлсіз мүшелері - жетімі мен жесірін қорғай алмау, телісі мен тентегіне  тиым сала алмау — бүкіл рудың бетіне түскен шіркеу ретінде қабылданды.

«У ішсең руыңмен» деп, қылмыс жасаған адамның мал-мүлкі жоқ болса, билер соты тағайындаған жазаны, яғни салынған құнды әулет-ру төледі.

Технологиялар қарыштап дамып, нарықтық қатынастар өмірімізге дендеп өткен кезеңде, яғни бүгінгі күні -  руды білу қазақ баласы үшін тек қан тазалығын сақтау үшін ғана қажет!

 

Өмір Шыныбекұлы – тарихшы,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пайдаланылған әдебиеттер.

  1. М.Тынышпаев. История Казахского народа. 178 б. Алматы,1993.
  2. Шежіре: қазақтың ру тайпалық құрылымы. А. 1991
  3. Шәкәрім. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. А., 1991.
  4. «Бәйдібек баба-алып бәйтерек». Ұрпақтар шежіресі. «Өнер» б-сы. А.2004 ж.
  5. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы.
  6. Н.И.Гродеков  «Киргизы и каракиргизы Сыр – Дарьинской области. Том первый.   Юридический быть, Ташкент  Типо-литография С.И.Лехтина -1889.)
  7. «Статистические сведения Сырдаринской области»,  Состав туземного народонаселения по племенам.  По сведениям 1870 года).

10.  «Статистические сведения Сырдаринской области». 1870-1913 г.г.

11.  «Статистический Ежегодник России» Издание МВД России -1913 г..Санкт Петербург 1914.  И.И.Гейер. «По   русским селениям Сырдаринской области», (Письма с дороги) «Туркестанские ведомости» басылымы, Ташкент,1893 ж.

12.  Н. А. Северцов. «Путешествия по Туркестанскому краю и исследование горной страны Тянь–Шаня, совершенные по поручению Императорского Русского географического общества доктором зоологии, членом Императорского Русского географического и других ученых обществ Н. Северцовым». — СПб., 1873..

13.  «Обзор Сырдаринской области за 1892 г.». Приложение к  всеподданнейшему отчету военного губернатора.Ташкент. Типо-литография С.И. Петухова – 1894 г.

14.  Е.А.Александров«Из жизни степных уездов Сыр-Дарьинской области» Туркестанские ведомости №17 1885 г..

15.  Б.Исакеев «Киргизское восстание 1916 г.». Киргизиздат,1932 г..

16.  «Сельскохозяйственный обзор Туркестанского края за 1914 и 1915 гг.»

17.  Родоплеменной состав и расселение казахов Автор: Востров В.В.,

18.  Муканов М.С. Издательство: Алма-АТА Год издания: 1968

19.  Қазақ шежіресі Дайындаған жазушы Жарылқап Бейсенбайұлы. 1994 ж.

 
0
28261
1