Алматыда «Астана Опера» театрының тұңғыш гастрөлі басталды

МК РК 2014 M02 4
209
0
0
0

Егемен Қазақстан, 04.02.2014 Алматының мәдени өміріндегі айтулы оқиғаның бірі – «Астана Опера» театрының алғашқы гастрөлі болып тұр. Елордадағы ең еңселі өнер ордасының сыртқа сапары отандық...

Егемен Қазақстан, 04.02.2014

Алматының мәдени өміріндегі айтулы оқиғаның бірі – «Астана Опера» театрының алғашқы гастрөлі болып тұр. Елордадағы ең еңселі өнер ордасының сыртқа сапары отандық мәдениеттің Меккесіндей болған Алматыдан басталуы да кездейсоқтық емес. Астаналық Опера театры шет мемлекеттерде ұлтымыздың атын шығарып, салтанат құрмас бұрын, осыдан 80 жыл бұрын Алматыда ұлттық опера және балет өнерінің уығын қадап, керегесін керген қазақтың бір кездегі айтулы ұл-қыздарының аруағына бас иіп, батасын алуды жөн санапты.

Мына ғажап сәйкестікті қараңыз, бір күн артық-кемі жоқ, тура сегіз ай бұрын  «Астана Опера» театрын құру туралы құжатқа қол қойылған. Ал алдағы күндері Алматыдағы Абай атындағы Мемлекеттік акаде­миялық опера және балет театры 80 жылдығын атап өткелі отыр. Сондықтан да Алматыда жеті күн  бойы сахнада салтанат құратын «Астана Опера» театрының алғашқы баспасөз мәслихатын да тарихи сәтке жатқызуға әбден болады. Алғашқы гастрөл, алғашқы кездесулер… Елордадан тыс жердегі тұңғыш көрермендер мен сұхбаттар.

Сонымен, әлемдегі ең жас опера театрының директоры Төлеген Мұхамеджанов оңтүстік астанада өткен баспасөз мәслихатында гастрөлдік сапардың жай-жапсары туралы жан-жақты әңгімеледі. Сирек болатын мұндай баспасөз мәслихатын БАҚ өкілдері де сәтті пайдаланып, әріптестеріміз опера қойылымдары, балет өнеріне қатысты сауалдардың тиегін ағытты.

Ал Алматыдағы байырғы опера театры – қарашаңырақ өнер ордасы да жол білетіндігін танытып, елордадан келген өнер ұжымына ұлттық бекзат өнердің айтулы тұлғаларының тарихи портреттерін тарту етті. Біздің әсершіл көңілімізде қайта тумас бұл бейнелер алыстан қол бұлғап, әрқайсысы ұрпақтың өнердегі ендігі ұлы бастамаларына қолдау көрсетіп, бата беріп тұрғандай көрінгені рас. Осыдан кейін «Астана Опера» театры мен Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры Мәңгілік әріптестік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Әрине, баспасөз мәслихатында «Астана Опера»  театрының Алматыға алып келген қойылымдары туралы да сөз болды.

– Біз үшін бұл сапар сынақпен тең, себебі, алдында Қазақстанмен қатар шетелде өтетін үлкен гастрөлдер тұрған «Астана Опера» театры үшін бұл үлкен қадам, – деді Төлеген Мұхамеджанов.

Гастрөлдік бағдарламаның бірін­ші күні, яғни бүгін Ресейдің халық әртісі Юрий Александровичтің қойы­лымындағы  қазақ операсының маржаны – «Біржан-Сара» ұсыны­лады. Ал 5 ақпанда көрнекті композитор Сергей Прокофьевтің «Петя мен қасқыр» симфониялық ертегісі жас кө­рермендерін қуантса, осы кү­ні кешке «Астана Операның» сим­фониялық оркестрі концерт береді. 6 ақпанда көпшілік назарына ғаламат-концерт ұсынылмақ. Хор өнерін сүйетін халайық 7 ақпанда Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Ержан Дәуітов жетекшілік ететін «Астана Опера» камералық хо­рының концертін тамашалай алады.

Сол сияқты, театрдың балеттік труппасы әлемдік хореографияның хас үлгісі – «Ромео мен Джульет­та­ны» Шарль Жюдтің қойылымында сахнаға алып шығады. Әлемдегі ең жас балет труппасының қары­мын тамашалауға асыққандар бұл мүмкіндікті жібермеуі тиіс. «Ас­тана Опера» театры гастрөлінің афи­ша­­сын­дағы спектакльдер тізімін 10 ақ­панда Ресейдің халық әртісі Бо­рис Эйфманның қойылымындағы «Ро­ден» балеті түйіндейді.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.

 

Оцените пост

0
Дальше