Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
14:43, 02 февраля 2014

Бомжының соңғы сәлемі.

БОМЖы Болаттың сәлемі.

Қазақ халқында ұлы ақынның аты беріліп, жетістіктерге қол жеткізген, ұлы ақынға аттас адамдар кем де кем шығар. Сондай жандардың бірі қазақ армиясының генералы А. Т. деген азамат менің жездем еді. Төменгі шеннен бастап сонау генералға жету екінің бірінің қолынан келе бермес іс. Талайлар тапырақтап полковниктен аса алмай қалады, кейбіреулер тіптен майорға мыжырайа жете жығылады, милисса болса тіптен сол «страшный сержант» кейпінде келешекке кете барады, сол шенге жетіп алып, қолды көрінгеннің қалтасына салып, қазынадан да алып, жүргіншіден де алып, жүргізушіден де қарпып, қарсы тұрғанды тарпып, беттерінен майы тамып, инспектор деген атаққа ие болып, қазаққа қара күйе болып, майпара болып, жайпара жапыра жеп, желіп жүре береді.

Жездеке сенің жеткен жетістігіңе әбден разымын, сенің атыңды, атағыңды мақтана айтып, талай жерде танауымды да кердім, түсінбегендерден таяқ жеп, тепкіні де көрдім. Сен генералсың, мен бомжымын, Генерал болғанда да теледидардан жиі көрсететін, көпке танымал тұлғалардың бірісің. Сен тірісің, мен запыран ішіп, нөмірмен көмілген далада қалған көп босқынның бірі болармын. Сен Астанада аспандап отырсаң, мен Алматының түбіндегі Боралдайда көмілген Белгілі Орнықты Мекені Жоқ бомжының біріне теңгерілермін. Егер артықтау айтылса мүмкін кешірерсің, егер қателессем ғапу өтінемін. Бірақ сеннен басқа менің базына айта алар адамым қалмады бұл жалған дүниеде.

Туған әпкем, сенің жубайың әкемнен қалған пәтерді араққа сатып жібересің, деп тартып алған жоқ па еді, әрине, олай болуы да мүмкін еді. Мен алқашпын, бала-шағамды тастап қаштым, енді далада тентіреп жүрмін. Еңіреп жүрмін, ботадай боздап жүрмін, жанжарамды анда-санда қозытып қозғап жүрмін.

Былтырғыға қарағанда біраз сабырланған секілдімін, көктемнен бері бір-екі рет қана қатты іштім, Астанаға кетемін деген ұстанымына сенген секілдімім. Ең бастысы адамдарға деген сенімім молайғандай, алдамасам, адамдар да ақырындап мені түсінуге тырысатындай көрінеді. Бар сенетінім Астанадағы жездем сен ғана, әпкемді айтпаймын, сені бір көрсем, киініп барып парадтағыдай бір көрінсем деп армандаймын. Есіңде ме, сен мені әскери училищеге түсіргенде мен қандай едім, сен қаншама көмектескеніңмен мен оқып кете алмадым. Мен сенің абыройыңа нұқсан келтірсем де, сен мені кешіре алдың. Мен сенің сеніміңді ақтай алмадым.

-Ол сондай тамаша адам, маған талай қол ұшын берген еді, әттең, кезінде арақты қоя алмадым,- деймін. Кезінде еркелікке салынбай сен жездем секілді Алматыдағы әскери училищені бітіріп, әскери жолды қуғанда бүгін кем дегенде капитан, немесе майор болып отырар едім ғой, арақ ішіп, бұзақылық жасап қуылып тындым. Ол өз істегенім, жіберген қателіктерімді түсінемін, әпкелеріме де өкпем жоқ, әкем менің қылығымды көтере алмай қайтыс болды дегендеріне де сенемін, туған ағам Жекен отыз жетісінде қайтыс болғаннан кейін, көтере алмай кетті ғой екі ұлынан айырылғанына. Бірі ерте ол дүниеге аттанса, мына мен ақымақ, аттандап, араққа тойып сайрандап жүрдім. Әкемнің жүрегі жайында ойламадым да, шешемді де ерте көрге тыққан мен деп айыптайды Рая мен Гуля. Сол өз істеген олқылықтарыма өзім жауап беріп жүрмін деп те тұжырымдаймын.

- Менің сізден құрметті генерал мырза сұрарым, егер де осы Өскенбаев Болат Өсербаевич, Қостанай облысы, Жангелді ауданында 1961 жылы 12- ші шілдеде дүниеге келген сіздің нақты балдызыңыз болса, жылы шырай білдіріп қарсы ала алмасаңыз да, соңғы бір өтінішін орындай алар ма едіңіз?. Егер құдай қолдап, Астанаға жете алсам жақсы, құшақ жаймасаңыз да, жылы көңілмен қарсы алуға тырысарсыз. Ал егер ондай туысым жоқ десеңіз, кешірім сұраймын, Келесі қысқа қарай не ауылға, немесе сол ауыл маңындағы Кришнаиттер тобына кірмек ойым бар, бірақ олар арақ ішкендерді ұнатпайды. Маған көмек берер адам саны да азайып барады, егер қысқа қарай жұмыс болмай қалса, далада қатып өлетін шығармын..

Кәрілік пен қыс байқалмай келеді емес пе, екі-үш вариантты дайындап, жасап қойған жобаларым бар, көктем шықты ғой, құдайға шүкір.

Түрмеден шыққандарға жұрттың көбі жылы шырай білдіргісі келмейтіні рас, түрмеден шыққанды құбыжық көреді жұрттың көбі. Бірақ, біз де адамбыз ғой, басқалар секілді адамзаттың баласы емеспіз бе, өмірден опық жегендерміз ғой, егер дұрыс түсінігі бар болған жандар, адал жолға түсуге тырысады емес пе. Мен де соның бірі болуға тырыстым, қаншама тырысқаныммен, нәтиже шығара алмадым ғой. Маған сенім білдірген жандар да көп болды бұл өмірде, тек олардың сенімін ақтау керек еді, сену қажет еді, оларға сенсең олар да сені алдамауға тырысады екен. Түрменің заңымен адам қоғамының заңы екі басқа, түрме заңы қатал боғаныме адал, ал қарапайым қоғамда көптеген арамзалар кездеседі екен. Талайдан таяқ жеп, талайдың малайы, құлы да болдым. Менің көргенімді басқа адамның басына бермесін, әсіресе, менің жалғыз ұлым менің жолымды қумаса екен.. Жылқы адасып үйірін табар,- демекші, менде өз үйірімді, өз туыстарыммен қауышқым келеді. Құрметті, генерал мырза балдызыңыз Болат та қатарға тұрып, туыстарына қосылғысы келеді, адам қатарлы өмір сүргісі келеді. Ол сізден көмек сұрап баруға намыстанады, әлі күнге дейін өз күшіммен өмір сүріп кетемін деген сенімдемін. Мен өз өмірімді өзгертемін деп талай талпындым, талай жан көмегін берді, тек Астанаға тартқан жол, сапарларым ең арысы Шумен аяқталды. Сіз ғана анда-санда аман-саулығымды біліп тұрдыңыз. Қаншама жыл бойы сізден келген сәлемдемені бейтаныс жігіттер әкеліп беріп тұрды, мені қалай табатындарын білмеймін, тек: Жездең берді,- деген қаражат талай арақ болып кетті емес пе.

Адасқанды айдалада тастап кеткеннен гөрі, жетектеп жолға шығарған қиын болса да, сауабы бар іс. Сауабы тиер іс қылу мұсылман қауымының бір парызы емес пе. Мен ешқашан қазақ тілінде түсінісіп сөйлесе алмадым, сол себепті, өмірімнің соңында, сәлемдемені қазақша жіберіп отырмын, егер сіздің балдызыңыз нақты Болат болса соңғы сөзіне құлақ салар деген сенімдемін.

Үмітсіз шайтан ғана демекші, үміттеніп аузымнан тастамайтын адамым болғаннан кейін осындай хат жазуға мәжбүр болып отырмын. Жүз рет жазылып, жүз рет жыртылды бұл хат. Менің кеудемде таңба болып басылған бұл сөздер, жатқа айт десеңіз сайрап айтып берер едім, әттең, енді кездесе алмайтын шығармыз, әлім бітіп барады...

Егер мен ол дүниеге аттанып кетсем, мені белгісіз адам ретінде жерлей салатын шығар, менің сізден соңғы өтінішім, әкем мен ағамның қасынан маған орын табылмасына сенімдімін, тек солардың қасына маған арнап бір тақта жазғыза алар ма едіңіз. Болат 1961 жылы 12 шілдеде туылған, қайтыс болған жылы 2009 деп. Мейлі менің сүйегім далада қалсын, немесе, мені ит-құс жесін, тек әкем мен бауырымның қасынан маған арнап бір ескерткіш тақта жазғыза салсаңыздар, әкемнің аруағы да риза болар ма еді, қос баласын қасына алып жатып...

Кешірші мені әкетай, мен сенің кенжең едім, талай түнді сенің молаңның басында жылап өткіздім, егер сендер Кеңсайда жатпағанда басқа жаққа қаңғырып кетер ме едім әлдеқашан. Ал мен кете алмадым, айналсоқтап жүрдім сендердің айналаларыңда...

Ал егер ондай туысым жоқ десеңіз ренжімеймін, кешірім сұраймын да, ғапу өтінемін.

Сандырақтап жатып Болат та жүріп кетті. Көктемнің шыққанына қуанып, дүкеннің қасынан жиған теңгесіне ішкен арағы у болды. Жұртқа көрінбейін деп Кіші Алматы өзенінің бойындағы лапасқа тығылған еді, не көмек сұрауға, не Чайкина мен Тәттімбет көшелерінің қиылысына еңбектеп жетуге әлі болмай, есі кірелі-шығалы үш күндей жатты. Тек көшедегі иттер келіп иіскеп кетеді: Ә, әлі тірі жатырмысың,- дегендей. Көптен тамақ ішпегендіктен, тұралап жатып таусылды соңғы демі.

Адам болып туып, өлгенде қасында тек иттер ғана болған бір бейбақ озды пәни жалғаннан. Туғанда өмірдің еркесі еді, дұрыс жолмен жүргенде елдің серкесі болар ма еді, тек келте ғана ғұмыр кешіп, серейіп жатты, мәйіті. Өмірінің басында адам баласын менсінбеген паң еді, соңында адамзаттан көмек сұрауға зар болып, шаң қауып, иттер ғана келіп, халін сұрап, бетін жалап, жалғыз тастамай, жанын жубатты. Иттер қасынан ұлып, шықпай қойғаннан кейін ғана адамдар келіп қарап, қарайып кеткен адам қаңқасынан осы көшедегі қаңғыбастың Қудайымен кездесуге аттанғанына көз жеткізді. Милисса шақырып, жасыл телешкеге тиетіп жіберді.

0
377
0