Алаш жұрты ақынын ақтық сапарға шығарып салды

МК РК 2014 M01 28
228
0
0
0

Айқын, 27.01.2014 Қазақ жұрты көзі тірісінде аңызға айналған аяулы ақын, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованы ақтық сапарға шығарып салды. 23 қаңтар күні Фариза-жүрек тоқтағалы ақынын жоқтаған...

Айқын, 27.01.2014

Қазақ жұрты көзі тірісінде аңызға айналған аяулы ақын, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованы ақтық сапарға шығарып салды. 23 қаңтар күні Фариза-жүрек тоқтағалы ақынын жоқтаған елде есеп жоқ.

Ал кеше Алтай мен Атыраудың арасындағы аза тұтқан ел ақынын Жер-ананың қойнына тапсырды.

Ақынымен қоштасуға келгендердің қарасы көп болғаны сондай, қараға да, ханға да ұзын-сонар кезекке тұруларына тура келді. Биліктің биік мінберіндегі Премьер-министр Серiк Ахметов, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдiхалықова, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев, Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов, Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед, Парламент депутаттары да келді.

Елiмiздiң көрнектi мәдениет және өнер қайраткерлерi, жазушылар мен ақындар да төрт көзі түгел жиналды. Ауыл-аймақтан ат арылтып жеткендері де бар. Қара халықтың арасында астаналық немересін бағып отырған ақ жаулықты аналар да көп. «Фаризамызбен қоштасуға келдік» дейді көздеріне жас алып. Ақынмен қоштасу өтіп жатқан залда қобыз үні боздап тұр.

Қара жамылған халқына ойлы көзбен қарап тұрған ақын портреті. Құдды ақын апа өлмегендей. Кімді жоқтап тұрсыңдар дейтін сияқты. Түсінген жанға Фариза-жүрек тоқтағанымен, Фариза-өлеңнің ғұмыры мәңгілік қой. Мұны қоштасуға келгендердің өзі айтып жатты. Қара жамылған халыққа жолдаған Мемлекет басшысының көңіл айту хатын Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед оқып берді.

«Халқымыздың аяулы да ардақты ақын қызы Фариза Оңғарсынованың дүниеден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыларыңа ортақтасып, көңіл айтамын, – деп басталады Президенттің көңіл айту хаты. – Фариза Оңғарсынқызы ұлттық поэзиямызға өзгеше леп әкелген ерекше дарын иесі еді.

Оның талантынан туындаған нәзік те отты жырлар әр-дайым халқымыздың жан жүрегін еріксіз баурап алатын. Ақын өлеңдерінен оның өзіне тән өр мінезі, өршіл рухы, адам жанының терең қалтарыстарына жіті үңіліп, соны таңғалдырарлықтай шеберлікпен аша білетін қуатты талант тегеуріні айқын сезіліп тұратын.

Сондықтан да Қазақстан халқы ақиық ақын, тамаша журналист, көрнекті қайраткер қызын ерекше қадірледі. Оның қоғамға сіңірген еңбегі тәуелсіз еліміздің жоғары мемлекеттік наградаларымен атап өтілді.

Халқымыздың өзіне көрсеткен зор сенімінің арқасында ол ел Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Ақынның есімі ұмытылмайды, оның шығармалары әрдайым халқымызбен бірге жасай береді деп сенемін. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәнатта болғай».

Одан кейін сөз алған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Фариза ақын үшін туған елдің рухани тірегі мен талғамды тілегі қымбат болғанын баса айтты. Егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі мен қарымды күресін еске алды.

«Өз басым ел өміріне араласып жүрген азамат ретінде де, Фариза апамыздың жанына жақын інісі ре-тінде де, ол кісінің шапағатына ерекше бөленіп, мейірімін көп көрдім.

Сондықтан да Фариза Оңғарсынқызының қоғамды жори білетін, адамды тани білетін ерекше бір қа-сиетін айтқым келеді.Ол – аналық абзалдығы мен ерекше өзіне ғана тән абыздығы. Міне, кәусардың көзі әулие десе, ақынның өзі әулие.

Олай болса, Фариза Оңғарсынқызы ел есінде, ұрпақтардың жадында алып ақын ретінде де, рухымызды дүр сілкіндірген ұлылардың санатында тарлан тарихымыздың қанатында тұрған тұлға ретінде мәңгі сақталады» деді.

Қазақстанның Халық жазушысы, Фариза ақынмен бір жылдың төлі саналатын, әдебиетке де қатар келген ағасы Әбіш Кекілбаев та тебіреніп сөз тиегін ағытты. «Біреуіміз жел-тоқсанның басында, біреуіміз соңында туыппыз. Әдебиет табалдырығын да бірге аттап-пыз.

Бір-біріміздің жазғандарымызды оқитынбыз. Оның жазғандарын өзім жазғандардан бетер қуанатынмын. Алған асуларына, шыққан шыңдарына ерекше тамсанатынмын. Шынында да, ол кемел ойшыл, керемет суреткер, ұлы ақын еді.

Мәңгілік пен шексіздіктің ақар-жақар шыңдары мен құж-құж жартастарында дағдармай, шұқшия шүйлігетін. Елеусіз, ескерусіз ештеңе тастамайтын, шырқыраған шындық пен арқыраған сұлулықты паш ететін. Ол жазған әрбір шығарма жарық көрген бойда халық жүрегіне барып шық ете қалатын төте жол табатын.

Оны үлкен де, кіші де, кәрі де, жас та, еркек те, әйел де бірден бауыр басып, арқасынан қағатын, маңдайларына тигізіп, төбелеріне көтеретін. Оның шығармашылық жолы құрметке толы болды. Сол жолынан таймай, мәңгілікке халқының қошеметімен аттанды» деді сөз зергері ақын жайында ағынан жарылып.

«Өзінің алмас қылыштай өткір өлеңдерімен танылған Фариза достары мен жолдастарына келгенде жаны жұмсақ, мейірі мол, құрметі жоғары еді. Фаризаның екі жылдан бері сыр-қатымен жан алысып, жан берісіп күрескенін білесіздер, көңілін сұрай барған сайын таңғалып қайтатынмын. Соңғы кезде қуыршақтай болып қалды ғой, сонда да өзі туралы емес, елді сұрап, ағайын-жұрттың жайын білгісі келіп тұратын.

Фариза қайтыс болардан 4-ақ күн бұрын барған едім, бір құрбысымен әңгіме айтып қыран-топан күліп отыр екен. Көзі оттай жанып тұрған еді. Ол ауырып жатса да сыр білдірмейді, не деген алып күш, не деген құрыш қайрат деп таңғалатынмын.

Ол өлімді де осылай қасқая тұрып қарсы алды» деген К.Сағадиевтің сөзін жалғаған Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов «Фариза ақынның өлеңі адам санасын шынықтырушы еді» деді. «Фаризаның жырлары арқылы талай қазақтың мінезі түзелді. Ол балаларға арналған баспасөзде ұзақ жыл басшылық етті.

Сондағы негізгі мақсаты – ұлттың сапасын көтеру, ұлттың қасиетін арттыру. Парламентте де осы ұстаныммен еңбек етті. Ана мен баланы қорғау туралы заңды шығаруға бастамашы болды. Қайда жүрсе де ұрпағын ойлады» деді.

Ақынның қазасы қазақ даласының шекарасынан асып, қалам ұстаған қауымның қа-бырғасына батты. Бұған шетелдерден келіп жатқан жеделхаттар легі дәлел. Айта кетерлігі, ақынның туған жерінен жүзге тарта туған-тумасы мен жерлестері келді.

Олардың атынан Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сөз алды. «Фариза апамыз біздер үшін, ағайындар үшін аса биік ақылшымыз, қамқоршымыз еді. Қолымыздан келгенше қызмет жасасақ та, жанын арашалап қала алмадық.

Бүгінгі қаралы күнге еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым, белгілі адамдар, жанашырлар, ағайындар келіп отыр. Астана қа-ласы әкімшілігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан апамызбен қоштасу рәсіміне келіп отырған баршаңызға ағайындар атынан ризашылығымызды білдіреміз. Қадамдарыңызды сауапқа жазсын» деді.

Ақын Серік Тұрғынбекұлы арнау өлеңін оқыды.
«Айта алмай бір-біріне ақыл құрап,
Қамығып қайран елің жатыр жылап.
Өледі бұл дүниеде адам ғана,
Өлмейді ешқашанда ақын бірақ...» дейді ақын інісі. Иә, бұл күні ақынын ел қимай-қимай ақтық сапарға аттандырды.

Оцените пост

0
Дальше