Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
03:56, 04 февраля 2014

Бесіктен безініп не ұтпақпыз?

Blog post image

«Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам»
Бауыржан Момышұлы

Балаға бір ай толғанда ауруханаға апарып көрсету міндет саналады екен. Сол үрдістен қалыспай, мен де баламды ала бардым. Екі айында екпе аласыңдар деп ескерткен медбике қолыма бір қағаз ұстатты. Сөйтсем, екпе алу үшін екінші балалар ауруханасына алдын ала қаралып, рұқсат алу шарт болып шықты. Бардық. Қаралдық. Невропатолог, хирургтан тез өттік деп қуанғаным сол еді, 3 кабинетте қатарынан тізіліп отыратын ортопедтерде кезек тіптен көп екен. Көп күтіп, кірдік-ау әйтеу… Баламның аяғын маманымыз ары қарады, бері қарады. Қарады да, «Бесікке бөлейсің бе?»- деп тосыннан сауал тастады. Қазір баласын бесіке бөлейтін адам кемде-кем ғой, мен кеудемді мақтаныш сезімі билеп, «Иә» деп қуана жауап қайтардым. Сол – ақ екен, әлгі ортопедтің жүзі суып, дауыс көтере маған ұрса бастады. «Бесік зиян!» – деді. «Бесікке бөлеме!» – деді. «Бала баққың келмесе балалар үйіне өткіз!» – деді. Көзіме жас келіп тұрып қалдым. Үндемедім. Бізді узиге жіберді, ары сүйреді, бері сүйреді. Бірақ баламның аяғында еш ақау жоқ болып шықты, әрі бесіктің де зияны жоқ екенін іштей сезіп тұрмын. Сөйтіп үлкен бір ой жетегінде қалдым. Қазақ «Төрінде бесік тұрса төре де басын иеді» деген екен кезінде. Ал бүгін төре түгіл, үйге келген медбикелер де сол бесікпен арпалысатын болды. Бесіктің зиянын дөп басып түсіндіре алмай әлек болады да жатады. Алайда бүкіл қазақ бесікте өсіп жаман болып шыққан жоқ емес пе?! Мен де баламды бесіктен айырмадым. Айырғым да келмеді.
Мұхтар ағамыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – деп бекер айтпаса керек. Тал бесіктен жер бесікке дейін ілім ал деп те бабаларымыз өсиет қалдырды емес пе?! Тоғыз ай тар құрсақта жатып-ақ тәрбие нәрімен сусындайтын бөбек жарық дүние есігін ашқанда ананың ақ сүтінен тәлім алса керек. Тәрбие басы да сол тал бесік емес пе? Ал өмірінің алғашқы жылын бесікте өткізгеннің несі айып?!
Оқуы жоқ болса да, тоқығаны көп қазақтың кемеңгерлігі таң қалдырарлық қой. Мысалы, бабаларымыз шала туған балаларды бөрікке салған екен. Себебі оның температурасы құрсақтың температурасымен пара пар екендігін бүгінгі медицина ғылымы дәлелдеп беріп отыр. Яғни тымақ сол кезеңдердегі медициналық кювездің рөлін атқарған деуге толық негіз бар. Ал памперске келер болсақ…
Дәрігерлердің айтуынша, памперс жас баланы «түнгі энурез» ауруына апаратын бірден бір жол екен. Бала памперске үйреніп кетсе, кейін өзінің дәретін өздігінен игере алмайтын көрінеді. Соның салдарынан баланың жүйке жүйесі нашарлап, неврологиялық ауруларға шалдығады деседі.
Бесікте жатқан бала ауру-сырқаттан ғана емес, тіл көзден де аман болатынына өз басым қатты сенемін. Кеңес заманынан қалған ұғымдардан оқшауланатын кез келді емес пе? Қашанғы бесіктен безініп, қазақылықтан қашпақпыз?! Әбіш Кекілбаев: «Бағалай білмегенге бақ қонбайды!» – деді емес пе?! Ұлттық құндылықтарымыз бен ерекшеліктерімізді бағаламасақ, ұлтымыздың басына бақ қайдан дарымақ?!

Білгенге маржан.

Желдің өтінен, жердің сызынан, аптаптың лебінен қорғайтын бесіктің құрылысын біліп жүргеніміз абзал.

1. АРҚАЛЫҚ немесе АРЫС. Ұзындығы 70-75 см. Ұстап тұруға ыңғайлы бесіктің ең үстінде орналасқан жұмыр бел ағаш.
2. БӨГЕН. әрленіп, морға қыздырылып, жонылып, қыртысын сыртына қарай иген бесіктің екі басы.
3. ЖАҚТАУ. Ол төртеу болады. Екі үлкен жақтаудың ұзындығы арқалықтың ұзындығына тең, қос бөгеннің аңғарларын керіп тұратын екі қысқа жақтаудың ені бесік енімен бірдей болады.
4. ШАБАҚ. Бұл да төртеу. Екі бөгеннің аяқтарын қосып тұратын ұзын жақтауларға біркелкі қашықтықта көлденең қашалып бекітілген бесік еніндей тақтайша.
5. САБАУ. Ол екеу болады. Екі бөгенді қосып тұратын екі ұзын жақтаудың астына түсетін, бесік ұзындығына тең жұмыр ағаш.
6. ТАҚТАЙ. Бесіктің түбегі орналасатын, төсек салынатын ортасындағы тақтай.
7. ШҮМЕК. Бесіктегі баланың кіші дәреті үшін қойдың асық жілігінен бір басы тесіліп, екінші басының төменгі жаны ойылып жасалған түтікше.
8. ТҮБЕК. Сәбиді бесікке бөлегенде жаялығы былғанып қалмас үшін бесіктің ортасындағы тақтайды тесіп орнататын алмалы-салмалы киіз қалта.

0
1474
0