Ұрылар мен құрылар қайдан пайда болды?

Серікбай Смағұлұлы November 3, 2008
1743
3
2
0

Жапон халық ертегісі Ұрылар мен қарылар қайдан пайда болды?  Ерте ерте ертеде, алғаш дүние жаратылған кезде барлық Құдай атаулы жер бетінде жиналыпты.Бұлар жәндіктерді, балық пен ұлуды...

Жапон халық ертегісі

 

Ұрылар мен қарылар қайдан пайда болды?

 

Ерте ерте ертеде, алғаш дүние жаратылған кезде барлық Құдай атаулы жер бетінде жиналыпты.Бұлар жәндіктерді, балық пен ұлуды, хайуанаттардың түр-түрін жаратыпты. Ең соңында Құдайлар кеңесе келе «өзімізден аумайтын Адамзат деген жаратылыс иесін жасайық» деп ұйғарыпты.

Құдайлар дуылдаса отырып, сазды илеп, балшықтан адамның бірнеше бейнесін жасап, оны кептіру үшін күн көзіне қойыпты. Кенет жаңбыр жауады. Құдайлар улап-шулап, саз мүсіндердің аяқ-қолдарын бүктеп, жәшікке салады. Саз мүсіндер бүлініп, иқы-жиқы кейіпке түсіпті. Мүгедек жандардың дүниеге келуі де дәл осыдан басталған екен...

Адам баласы жаратылған соң, оны желеп-жебеп жүретін Құдайды нақтылар кезде Аспан Құдайы мен Теңіз Құдайының арасында талас туады.

- Жер бетінде Адамды тарату керек деген бастаманы басқа емес, мен көтердім емес пе?! - дейді Аспан Құдайы.

- Жоқ, сол Адамға тіршілік рухын - жанды салған басқа емес, Теңіз Құдайы!

Аспан Құдайы мен Теңіз Құдайы осылайша ұзақ дауласыпты.

Даудың бітімі болған соң, Аспан Құдайы қураған екі ағашты алып келіп, мынадай ұсыныс айтыпты:

- Қанеки, мына қураған ағаштарға қайсымыз гүл бітірсек, сонымыз Адамның иесі болайық. Қураған ағаштарды жастығымыздың астына жастап ұйықтайық. Таңертең кімнің ағашы гүлдеп тұрса, сол Адамның иесі де болады.

Сөйтіп, Аспан Құдайы мен Теңіз Құдайы бір-бір ағаштан басына жастанып ұйқыға кетіпті. Түн ортасында Аспан Құдайы көзін ашып қараса, жастығының астындағы қураған ағаш сол қалыпты, ал Теңіз Құдайының жастығының түбінен әдемі гүл көрінеді. Аспан Құдайы асқан ептілікпен ағаштарды алмастырып қояды да, қайтадан ұйқыға кетеді.  

Таң ағарып атқанда Аспан Құдайы көрпесін түріп, тіл қатты:

- Міне, менің жастығымның түбіндегі ағаш гүлдеп тұр. Енді Адамның иесі мен боламын!

Сонда Теңіз Құдайы ауыр күрсініп былай депті:

- Менің жастығымның астындағы ағаш қана гүлдеуі керек еді. Өйткені, менде ылғал бар еді ғой. Сусыз гүлдеген ағашты бірінші рет көріп тұрмын... Демек, Адамзаттың өмірі де аса қайшылықты, түсініксіз болады. Енді бұл дүниеде ұрылар мен қарақшылардың сан түрі пайда болады. Енді әділетті адамдар емес, тек ұрылар мен қарақшылар ғана байитын болады. Адамзат бір-бірін қырып жойып, түтіп жеп, бірін-бірі тонайтын болады. Олар төңкеріске, қопаруға, бұзуға бейім тұратын болады. Жасампаздықтан гөрі жойымпаздыққа көбірек ұмтылады. Әй, әттесі-ай...

Ол осыны айтты да Теңізіне кетті. Содан бастап Аспан Құдайы Адамға иелік ететін болыпты. Теңіз Құдайының болжамы да айна- қатесіз жүзеге асып келеді дейді...

                                                    Жапон тілінен аударған

                                                    Шарапат Жылқыбаева  

«Жас Алаш» газетінен

   

 

Оцените пост

2

Комментарии

0
жапондардың ертегісі тіпті ертегіге ұқсамайды екен.
0
Жалпы шығыс халқы астарлап сөйлейді, солардың бірі қазақтар.
0
о аматерасу! тікелей жапоншадан аударған ба?
Показать комментарии