Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
01:31, 24 января 2014

«Астана арландары» ресейліктермен жекпе-жекке шығатын боксшыларын іріктеді

«Астана арландары»

«Астана арландары» 1 ақпанда өтетін Бүкіләлемдік бокс сериясындағы кезекті турда ресейліктерге қарсы рингке шығатын боксшыларының тізімін жариялады.

Ең алғаш болып шаршы алаңға шығатын 49 келідегі Азамат Исақұлов ресейлік Белик Галановпен жұдырықтасады. Азамат WSB нұсқасы бойынша алғашқы жекпе-жегін өткізсе, Белик Галанов биылғы маусымдағы екінші жекпе-жегіне шығады.

56 келіге дейінгі салмақта Мейрболат Тоитовтың қарсыласы — Эдуард Абзалимов. Осы уақытқа дейін Мейрболат екі кездесу өткізіп, екеуін де жеңіспен аяқтаған. Ал Эдуард алғашқы кездесуін өткізбек.

64 келі салмақта «Арландар» намысын Асхат Уалиханов пен  Григорий Лизуненко шаршы алаңға шығады.  Асхат осыған дейін екі кездесу өткізіп, екеуінде де басым түскен. Қазіргі уақытқа дейінгі нәтиже бойынша Асхат өз салмағының №1-ші боксшысы.  Лизуненко бұл жарыстың рингіне алғаш шығады.

75 келіге дейінгі салмақта украиналық легионеріміз Сергей Деревянченко ресейлік Петра Хамуковтан емтихан алады. Сергей осы маусымдағы үшінші жекпе-жегін өткізсе, қарсыласы алғашқы кездесуін өткізбекші.

Жепе-жекті қорытындылайтын 91 келі салмақта жеңілістің дәмін татпаған отандасымыз Васили Левит ресейлік Алексей Егоровпен жұдырықтасады. Бұл Левиттің үшінші жекпе-жегі болса, Алексейдің дебют кездесуі.

2013 жылдың  қараша айында Санкт-Петербургте өткен алғашқы мачта «Арландар» 2-3 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Естеріңізге сала кетсек өткен турда «Арландар» Әзербайжандық « Baku Fires» бокс клубына 4-1 есебімен есе жіберіп алды. Ал «Russian Boxing Team» Полшаның «Hussars Poland» клубын 3-2 есебімен жеңген.

«В» тобының турнир кестесінде кубалықтар 18 ұпаймен 1-ші орында,  «Арландар» және «Russian Boxing Team» 13 ұпаймен екінші және үшінші орындарды бөлісіп отыр. Осы кездесуде жеңген клуб екінші орынға көтерілмек.

«Astana Arlans» пен «Russian Boxing Team» арасындағы жекпе-жек 1-ші ақпан күні сағат 19:30 да Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді, деп хабарлады «Аламан».

 

 
0
215
0