Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
22:45, 16 января 2014

Батыр. Елдар. Дегдар

«Егемен Қазақстан», 17.01.2014

Blog post image...Жау тоқтатудың орнына, жау жоқ жерде жау шақыратын батырлар да көп болған, дау тоқтатудың орнына дау шақыратын да билер көп болған. Әшейінде құлақ тыныш отырғанда өзі килігетін билер емес, құлақтан маза кетіп, арың төгіліп бара жатқанда сөз бастайтын ділмарлар керек. Ең дұрысы сөзді де, қолды да бастатпауға тырысатын, елдің тыныштығын, ағайынның амандығын сақтайтын елдарлар керек.

Екі жолбарысты соңына ерткен, өзі үшінші жолбарыс сияқты болып, айбынын асырған жау түсіретін батыр Жәнібектің бүгінгі ұрпақ үшін қадірлі болатындығы, кісінің тағдырын бір ауыз сөзбен шешкен би Жәнібектің біз үшін қадірлі болатындығы, ең алдымен, сол батырлығымен, сол билігін елдарлыққа жұмсағандығы – дейді Жәнібек тархан жайлы «Асыл сөз» баспасынан жарық көрген «Шақшақ Жәнібек Қош­қар­ұлы» деген жаңа кітапта дегдар Әбіш Кекілбайұлы.

Қазақстан Республикасы Мә­дениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маң­ыз­ды түрлерін басып шығару бағ­дарламасы» бойынша «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тұ­сында қабырға қайысып, тілерсегі майысып, тентіреген ел жерінен ауып, қайыңды сауып, қиналған тұста қол бастаған батырлардың бірі, сөз бастаған шешеннің бірі, қаһармандығы Бұқар, Тәтіқара жыраулардың төгілген жырларына арқау болған Шақшақ Жәнібек батырдың 320 жылдығына орайластырып Жетпісбай Бекболатұлы құрастырған бұл кітапта батырдың өмірі, оның шыққан тегі, жасаған ерлік істері жайында мол мағлұмат беріліпті.

«Ел ұстасаң кек ұстама», «Би­лік айту оңай, біліп айту қиын», «Ой­ласып кессең қол ауырмай­ды», «Байлықтың байламы – бір­лік», «Ханның қайырымы – шек­сіз, халықтың қайраты – шек­сіз», «Туған жердің торғайы да сүйкімді» дегендей күні бүгінге дейін Шақшақ Жәнібек айтыпты деген қанатты сөздерімен, толғап та тура айтар кесікті де ке­сім­ді ойымен, ел тағдырына бойла­са тереңге кетер шешімімен, ел қорғаса найзасының қуаты қақы­ратып сөгер қабырға, айбынды ер­лік ісімен халқының жадында жат­талған батыр баба есімі жи­нақ­ты парақтай отырғанда бұрынғыдан да биіктеп, еңселене түседі.

Кітаптың бірінші бөліміне «Шақшақ Жәнібек және оның уақыты» деген Өмірзақ Жолым­бетовтің деректі хикаяты берілсе, екінші бөлімінен Иманжан Жыл­­қай­дарұлы мен Серікбай Оспан­­ұлының Шақшақ Жәнібек тура­лы дастандары орын алыпты. Ал соңғы үшінші бөлімде Ғафу Қайыр­беков, Сабыржан Шүкірұлы, Болат­бек Әлденұлы, Сұлтанғали Оспа­новтың батыр жайында жаз­ған көңілге ой түйдіріп, сананы селт еткізіп, жаныңа ерлік пен ел­дік­ті қадірлеудің қаншалықты үлгі болатындығын көрсеткен ойлы мақалалары жинақталыпты. Сонымен қатар, бұл жинақта батыр­ға қатысты құнды мұрағат дерек­теріне де орын берілген екен. Қарап отырып, бір батыр тұл­ғасының биіктігін ғана бағалайтын емес, тұтастай дәуірдің, саясаттың, тарихтың қалай айналғандығын көрсететін құнды құжаттардың кітаптың мазмұны мен мәнін де аша түскенін аңғарасың.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».

 
0
259
0